Материалдар / Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі туралы М.Қозыбаевтың еңбектері
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі туралы М.Қозыбаевтың еңбектері

Материал туралы қысқаша түсінік
студенттерге керек
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Мамыр 2021
368
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Тарих – ұлы ұстаз. Әрбір ұлттың тағдырына қатысты кез-келген өміршең идеяның із-түзсіз жоғалып кетпейтіні ақиқат шындық болса, ал алаштық идеяның ұлтжанды, елім, жұртым деген азаматтардың әруақытта ойында болып, қазақтың ұлт ретінде бірігу, тұтасу, халықтың басын қосу идеясына айналғаны да рас.

Себебі, Абылай заманында сыртқы жауларына қарсылық білдіріп, олардың қауіп-қатерінен басын арашалау үшін басы қосылған қазақ, Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «Бас-басына би» болып, тоз-тозы шыға жаздады. Осылай жүргенде замана сыңайы өзгерді. Еуразия даласында атой салған көшпелілер мүшкіл халге түсті, бірнеше мыңжылдық үстемдік аяқталды, енді отаршылардан таяқ жейтін заманға келдік.

Ресейге бодан болумен бірге Алаша аты да ұмытыла бастады. Себебі, ХХ ғасырдың басында «Алаш» қозғалысы  тарих сахнасына шыққанда, 1867-1868 жылдардағы жаңа низамнан кейін бүкіл қазақ даласын отаршылдардың бөліп алып, билеу саясатының әбден күш алған кезеңі болатын. Оған қоса жергілікті аймақтардағы орыс шенеуніктері мен  әскерилерінің қазақты ру-руға бөліп, болыстыққа таластыруы, ең шұрайлы жерлерге Ресей мұжықтары - келімсектерді орналастыруы сияқты ұлттың ұйысуына кедергі келтірер саяси-әлеуметтік шараларды қоссаңыз, отаршылдардың жоспарының ауқымды болғанын көз жеткізесіз. Міне, осы отарлық саясат, «Алаш» идеясын ту еткен «Алаш» қозғалысын Ресей империясының әрекетіне қарсылық ретінде дүниеге алып келді.

Осындай алмағайып, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кезеңде халықтың басын біріктіріп, қосатын күшті серпіліс қажет болды. Осындай серпілісті «Алаш» идеясын ұлт-азаттық қозғалысы ретінде таныта білген, оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханов ұсынды. Бұл идеяны Әлихан Бөкейханов Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрді. Соның бір айғағы 1910 жылы жазылған «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап көрсетеді. Ұлттық мұратты ту етіп, қазақ даласын Алаш рухына бөлеу үшін, «Алаш» қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейхановтан жан-жақты білімді, ерен ерікті, мұқалмас қайратты талап етті. Сондықтан да 1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында «Алаш» атауына тереңірек тоқталып, «Алаш» атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаша» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» [1], - деп жазады.

Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан Бөкейханов қазақ халықының басын біріктіруге кедергі келтіріп отырған бірнеше тұжырымды алға тартады:

Бірінші: алты алаш­тың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмауы.

Екінші: сол кезеңде қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес еді. Сондықтан, «Қалың қазақты өзін-өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол - заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу» болып табылатындығын айтады. Осы тұста алаш жетекшісі: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [1], - деп ашық атап көрсетті .

Үшінші: «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісісі» («отечественник») деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:

Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын, Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, – дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісісі мағынасында», – деп атап көрсетті. Осы ойды айта отырып, қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан Бөкейханов «Алаш» идеясын ұсынады. Осы идеяның зор нәтижеге, жеңіске жеткізетіндігіне сенім білдіреді.

Төртінші: «қазақ ұлтшылдығы – ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу» деп насихаттады. Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті және осы үлкен сынды абыроймен орындай алды.

Өз заманының мүмкіндіктерінің ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, Әлихан Бөкейханов сынды «Алаш» жетекшісінің ұлт-азаттық ұраны сол дәуірдің оқыған, талапты, талантты жастарын баурап алды, алашшыл азаматының соңынан ертті. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткері - Әлихан Бөкейхановтың идеяларын қолдап, онымен бірге қимыл жасады. Оның себебі, «Алаш» қозғалысының ең ұлы мақсаты - ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен «Алаш» қайраткерлерінің пәрменді еңбегі, «Алаш» зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында былайша көрсетеді: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» [2, 27].

Осындай ұлтын ұйыстырар идея іздеп, оны бүкіл Еуразиялық мемлекеттердің көшбасшысы, тарихи символы, қазақтың бірінші ханы Алаша ханнан тауып, «Алаш» ұғымын алға тартқан тұста, «Алаш» ұғымы мыңжылдықтар мен ғасырлар шаңына көміліп қалмай бізге қалай жетті? деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Осы сұрақ төңірегінде ой толғар болсақ, қазақ тарихының ең шешуші кезеңдерінде дала кемеңгерлері бұл ұлы тұлғаға, дара мемлекеттік символға аса көңіл бөліп, жаңғыртып отырғанға ұқсайды. Алаш идеологы Әлихан Бөкейханов та осы үрдіс пен сара жолдан аттап кетпей, осы соқпаққа түсіп, ата-бабалар ізімен халқын бостандыққа сүйрегісі келді және халқын бостандыққа алып барар жолды Алаштан іздеп, тапты. Ендігі жерде Әлихан Бөкейханов заманына дейінгі «Алаш» ұғымының тарихынан сөз қозғар болсақ, ол былайша өрбиді. Қазақ халқының сонау сақтар дәуірінен, содан кейін түрік әлемінен бастау алған тарихы бар. Сол деректер мен бүгінгі күнгі зерттеулерде «Алты алашты» құрған тайпалардың түп атасы иісі қазаққа мәшһүр Алаша (Алаш) хан есімімен тікелей байланысты айтылып жүр. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздардан да кездестіреміз.

Дегенмен, осы жерде айта кететін бір жайт, ғылымда Алаша хан, Алаш хан туралы пікірталастар әлі бір шешімге келген жоқ.

Алаш (ежелгі түрік сөзі — бауырластар, қандастар, туыстар) - көне заманда, түркі халықтарының жігі ажырамаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым, тарихта кездесетін ең көне атаулардың бірі.

Моңғол-татар-қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы деректер көп кездеседі. Мысалы, Кеген тас жазуында (б.з.б. 4 ғ. шамасында) «Қаған алты бөріг алаш(а) ерті» деген жолдар, ал Алтай тауының Сібір жағында (Тува) Алаш атты өзен, Алаш атты тау сілемдері әлі күнге дейінбар. Кеген тас жазуындағы “алты бөріг” (“алты қасқыр”) деген сөздің “алты алаш” (үйсін, қаңлы, қырғыз, хақас, татаб-татар, сяньби-ғұн тайпалары) мағынасын беретіні жөнінде ғылыми болжамдар бар. Алаш туралы аңыздарда мал-мүлікке жеке меншік болмаған кездегі қауым тұрмысының сілемі байқалады. «Алаш - алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп келетін сөздер осыған меңзейді. Алаш атауы түрікмен, қырғыз, қазақ, ноғай т.б. халықтардың көне ескерткіштерінде кездеседі және бүгінгі күнге дейін сақталған.

Қазақ халқының басын құрайтын ежелгі тайпалардың көпшілігі Оғыз қағанға бағынғанын ескерсек, «Алты Алаш» деген ұғымды оғыздың алты ұлына ерген ел деп те түсінуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда Алаш деген ортақ түріктік атау Алтын Орда (Қыпшақ мемлекеті) ыдырағаннан кейінгі кезде қайтадан жаңғырған бауырлас түрік халықтарының басын біріктіру ұраны, ортақ атауы да болған деп топшылауға болады

Кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан есімімен байланыстырылады. Оның аты ІХ ғасырдың туындысы «Қорқыт» дастанында айтылады. Орта ғасырлар мұраларындағы Алаша хан – 14 ғасырдың 2 жартысы мен 15 ғасырдың 1 жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі ретінде беріледі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Осындай деректің бірі Сыпыра жыраудың «Тоқтамыстың қоштасу сөзі» өлеңінде ханның бейқамдығы сыналып, өткен күн өкініштері былайша толғанады:

Ей, жігіттер, шоралар!

Он сан ноғай бүлгенде,

Саназар батыр жауынан,

Жаралы болып келгенде,

Алаш ата алаш болғанда,

Алаша хан болғанда... [3, 18].

Осы жырды шығарушы Сыпыра жыраудың «Тоқтамыс жырын» алғаш бастырған П.М.Мелиоранский өзінің алғы сөзінде Сыпыра жыраудың қыпшақ даласының көп хандарын көрген көне ақыл иесі болғанын, ал Тоқтамыс ордасында ол 1393 жылы ең соңғы толғауын айтқаны туралы дерек келтіреді. Бұл мәліметті негізге алсақ, Сыпыра – 1213-1393 жылдар арасында өмір сүрген ноғай-қазақтардың атақты жырауы және өзіне дейінгі Алаша хан есімін есіткен тұлға деуге болады.

Бұл орайда Саққұлақ би шежіресін, Ә.Диваевтың, Г.Н.Потаниннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышбаевтың ел арасынан жинаған аңыз-әңгімелерін, күнделік жазбалары мен ғылыми мақалаларын атаған жөн. Олардың бірінде – Алаш(а) алапес болып туған бала, екіншісінде - алашаға отырғызып көтерген хан, үшіншісінде - Ұлытаудан асырып тастаған баланың әскербасы болғаны, төртіншісінде - қалмақты қорқыту үшін “Алаш” сөзін ұран еткені айтылады. Соның қай-қайсысы да Алаштың хан болғандығын, қара халықты соңынан ертіп, айбарының асқандығын дәріптейді. Жоғарыдағы аңыздарға этнологиялық көзімен қарағанда, Алаша хан бейнесінің өте көне замандарға қатысты екенін аңғарамыз. Қалай дегенмен де Алаша хан туралы аңыз кең-байтақ қазақ даласының қай түкпірінде болса да белгілі. Осы жерде айта кететін бір жайт, қай қазақтан сұрасаңыз да ата-тек шежіресін сол Алаша хан заманына дейін алып барады, аңызда көрсетілгендей, қазақтың үш жүзге бөлінуі де ел түсінігі бойынша Алаша хан заманынан өз бастауын алады.

Ал, ескі шежіре деректерінде Алаш атауы қазақ халқының синонимі ретінде келтіріледі. Мысалы, Қадырғали Жалаири өз еңбегінде қазақтың орнына Алаш атауын қолданады. Шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады.

Алаша есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын көне жазбаларда да кездеседі. Жазба деректері туралы сөз болғанда Рашид ад-динге мойын бұрмай кетуге болмайды. ХІV ғасырдың ортасында парсы жерінде жазылған «Жамиғ-ат тауарих» шежіресі жалпы адамзат тарихынан ғана сыр тартып қоймайды, сонымен бірге түрік-моңғол этностарының ең көне бастауларын аңыздар мен жазба деректерге сүйене отырып тамаша баяндайды. Көп жағдайда Рашид ад-диннің жазбалары қазақ шежіресінің мәліметтерімен қабысып, дәлелденіп жатады. Оның бір себебін ұлы тарихшының өзі де баяндайды. Оның айтуынша, түрік-моңғол халықтарына қатысты көп деректерді ол белгілі шежірешілерден, соның ішінде атақты Болат-чиңсаннан алған. Солардың ішінде қазақтар мен Яфет пен Алаша хан [4, 28] туралы деректер де кездеседі.

Әбілғазы Бахадүр ханның «Түрік шежіресі» жоғарыда айтылған деректерді толықтыра түседі. Ол да өзінің алдындағы тарихшылар сияқты түрік халықтарының шежіресін Таураттың аңыздарынан бастайды, бірақ сәті түскен жерлерде ел аузында сақталған түркі халықтарының өз деректерін де қосып жібереді. Әбілғазының айтуы бойынша, Алаша хан Яфеттің алтыншы ұрпағы (ата санағанда): Яфет – Түрік – Түтік – Елшехан – Диб Бакуй – Киік хан – Алаша хан өрбиді деп көрсетеді. Әбілғазы Алаша ханның ел билеген заманы және Татар және Монғол есімді екі егіз баласы туралы аңыздарды да өз еңбегіне арқау еткен [5].

Жоғарыда баяндалған Алаша хан туралы аңыз деректерінің тағы да бір тамаша дәлелін Құрбанғали Халидтің «Таурих хамса» еңбегінен табамыз. Оның жазуынша, «Алаша хан – жалпы хандардың бабасы, монғол – татардың атасы», яғни шежіреші Алаша ханды Еуразия көшпелілерінің ең алғашқы билеушісі деп атап көрсетеді. Осы тұжырымына дәлел ретінде Құрбанғали Халидов қазақтың тарихи фольклорына жүгінеді:

Алаш, Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ, қалмақ, ноғайлар,

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Жайқұн көлдей бай болған,

Еділ, Жайық, Оралға,

Ортан көлдей жайылған [6].

Осы деректерге сүйенетін болсақ, Алаша хан заманы аталатын уақыт өте ерте заман, жазба тарихтың болмаған уақыты, алтай тіл семьясына жататын халықтардың (түрік, монғол, мәнжүр, корей, жапон) әлі де ірге ажыратпаған кез деген ой қорытынды жасауға болады.

Тарихтағы мұндай персонификациялау, яғни тарихты жеке тұлғалардың өмірімен байланыстырып баяндау ақиқатқа қарсы емес және біздің төл дәстүріміз болып табылады. Қазақ жыл межесін есепке алмайды. Қай заманды айтса да адаммен байланыстырады, тіпті Орталық Азияның басқа көшпелі елдерінің тарихы да жекелеген атақты хандары мен ру көсемдерінің қызметі арқылы баяндалады. Сондықтан қазақ мемлекетінің тарихы Алаша ханнан бастау алады деп біз аңыздар мен шежіреге сүйеніп айта аламыз. Әрине, бұл, дегенмен, өте көне заман, қазақша айтқанда «атам заман». Аңызға этнологиялық тұрғыдан қарасақ, Еуразия даласындағы мемлекеттік нышандар Ұлы даланы мекендеген алтайлық және үндіевропалық тайпалардың ішінде қалыптасқанын көрсетеді. Оның таралу және қолданылу ауқымы Қазақстанның далалық өлкесін, Шығыс Еуропа жазығын, Солтүстік Кавказ және Каратеңіз Солтүстік жағалауын қамтиды.

Дей тұрғанмен, «Алаш» қазақ мемлекетіне мықты іргетас жасап берді. Өте күрделі рулық құрамы бар қазақ халқы үшін Алаша хан таптырмас негіз болды. Сондай-ақ, Алтын Орда дәуірінде ноғайлы ұлысы (суперэтнос) құрамында «алаш» қауымының болғанын біз бірталай ортағасырлық тарихи шығармалардан кездестіреміз. Солардың ішінде аса бір назар салатын еңбек - Масуд бен Усман Кухистанидің ХҮІ ғасырдың алғашқы жартысында жазылған «Тарихи Абу-л-хайр-хана» деп аталатын дүние. Осы еңбектегі біздің тақырыбымызға ең керек мәселе жас Әбілқайырдың Дәшті – Кыпшаққа ие болу тарихы мен Әбілқайырдың осы соғыста тұтқынға түсіп, ақыр соңында Алаш қауымының сұлтаны атануы. «Тарих и Абу-л-хайр-ханида» айтылатын «юрт Алаша бахадура-», «Алаш бахадур и его аймак» [7] ұғымдары тікелей алаш еліне қатысты деп білеміз. Алаш тек дала көшпелілеріне ғана тән этносаяси ұғым болғандықтан оны Масуд Кухистани да, осы шығарманы орысшыға аударған шығыстанушы С.К.Ибрагимов те бастапқы күйінде пайдаланғанға ұқсайды.

ХХ ғасыр басында қазақ тарихы туралы тамаша еңбек жазған өлкетанушы А.П.Чулошников қазақтың тарихи аңыздарын зерттей отырып, тарихи аңыздарды үш топқа бөліп қарастырады: 1. «қазақ» атауына байланысты; 2. қазақтардың шығу тегін арабтар мен Мұхаммед пайғамбар есімімен байланыстыру; 3. қазақтардың шығуын Алаша хан есімімен байланыстыру. А.П.Чулошниковтың «...наконец, легенды и предания, просто и бесхитростно повествующие о происхождении своего народа, не связывая его с правоверным мусульманством и не пытаясь отыскивать какой-либо особенный смысл в собственном его наименовании. Они-то, по большей части упоминающие об одной и той же мифической личности Алача, первом казахском хане, и есть наиболее ценные для нас, так как в них нашла свое выражение действительно древнейшая народная традиция о своем далеком прошлом...» [8], - деген пікірі құнды және фольклористика ғылымында қазір ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.

Ауыз әдебиетінің үлгісі «Қамбар батыр» жырында: «Тамашаға жиылсын, Алты Алаштың баласы», ал Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқанында: «Он сан Алаш баласын, жұмсап бір тұрсың қолыңмен», Махамбеттің: «Алты сан Алаш ат бөліп, тізгінін берсе қолыма» өлеңдерінде Алаш сөзі қазақ атауының баламасы ретінде беріліп, қолданылған. «Атамыз - Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. Соның дәлелі ретінде ХХ ғасыр басында қалыптасқан «Алаш қозғалысы», «Алашорда», «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады.

Сондықтан да ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері­нің алдына қойған ауқымды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұлт жақсылары мен жайсаңдарына ғана емес, қалың бұқараға да түсінікті, сана-сезімі мен жүрегіне ұялайтын идея қажет болғанда, «Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың осы ретте қайта тауып, халқына ұсынған ұғымы «алаш» болғанын жоққа шығара алмаймыз.

Әлихан Бөкейханов алты алашын ру-руға не жүзге, бай не кедейге, білімді не надан, текті не қара деп жік-жікке бөлген емес. Ол қазағын біртұтас, біріккен ұлт ретінде көргісі келді, соған жетеледі. Осы жолда бар ғұмырын сарп етті, оның айғағы ретінде мынандай фактілерді келтіруге болады: 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, отаршыл патшалық самодержавие тұсында және одан кейінгі кезеңде бір Әлихан Бөкейханов 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болады. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп еткен. Осындай бір басына нәубет келсе де, ұлтын ұйыстыруды мақсат тұтқан аяулы азамат қазақ халқының сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысын басқарып, тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғанының өзі көзсіз ерлік. Өйткені, Әлиханның көздегені қазақ жұртын ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатынына сендіре алғаны еді.

Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы - қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет идеясын құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендіре алған осындай идея мен Әлихан Бөкейханов бастағандай тп бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. «Алаш» азаматтары сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы - тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алуда. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты - ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында екенін мойындауымыз керек.

Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мәселеде Алаш зиялыларының сан-салалы мұрасынан, олардың ерен іс-қимылдарынан алар тағылым мол. Сондықтан да Алаш қозғалысына өткен дәуірдің тарихы ретінде ғана қарамай, оны бүгінгі заманымызбен үндес өміршең көзқарастар жиынтығы ретінде бағалап, яғни бүгінгі тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатқандығына мән беріп, одан өрісті өнеге, ғұмырлы ғибрат алғанымыз ләзім.

Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген қазақ ұлдары аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің ең қастерлісі - Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру.  Алаш идеясы - ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани олжасы Қазақстанда айрықша орынға қоя білу керек. Сонда ғана ұлттығымызды әлемге әйгілейтін, жасампаздығымызды жаһанға жариялайтын тұрпатымыз бен тұлғамыз айқын көрінеді. Тағылымды істі аманат ретінде қабылдау - алаш баласының әуелгі қасиеті, дәстүрлі жоралғысы десек, Алаш жолы, Алаш қайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту жолы - бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстаным екенін естен шығармағанымыз абзал.



Пайдаланған әдебиеттер:


1«Қазақ», №7,1913

2 Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.- Астана: Елорда, 1999

3 Сейфуллин С. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары. – Алматы, 1931

4 Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.1.-кн.1, М.-Л., 1952. Пер. с персидского Л.А.Хетагурова и О.И.Смирновой. Ред. и прим. Проф.А.А.Семёнова. Ввод. статья И.П.Петрушевского

5 Әбілғазы. Түрік шежіресі. Көне түрік тілінен аударған Б.Әбілқасымов. Алматы, 1991

6 Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: /Бес тарих/. Ауд. Б.Төтенаев, А.Жолдасов. Алматы, 1992

7 Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий: в 2-х томах. 2-е изд. (на стереотипе). Москва, 1960

8 Чулошников А.П. Очерки истории казак-киргизского народа. Ч.1.Оренбург, 1924


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!