Материалдар / Қазақстанның Ресейге қосылуы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қазақстанның Ресейге қосылуы

Материал туралы қысқаша түсінік
9-11 сынып оқшылыларына арналған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
03 Қаңтар 2018
6022
5 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


«Қазақстанның Ресейге қосылуының тарихнамалық мәселелері»


  1. Мәселеге қатысты негізгі тұжырымдамалар.


Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру үрдісінің тарихнамасы өзінің өрістеу барысында ұзақ және мейлінше күрделі жолдардан өтті. Соған қарамастан, осы күрделі мәселеге қызығушылық пен ықылас білдіру мүлдем азайған жоқ, керісінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері кең етек ала түсті.

Барлық зерттеліп жатқан тарихнамалық кезеңнің барысында мазмұны мен бағыты бойынша бір-біріне ұқсамайтын теориялар мен тұжырымдамалар зерттеліп отырған мәселеге әр түрлі деңгейде өз ықпалын тигізді.

Орыс тарихнамасында Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодан болуының үш негізгі себептері ерекшеленеді: сыртқы саяси себеп (қазақтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер), ішкі саясаттағы келіспеушілік (өзара қақтығыстар), Әбілқайыр ханның жеке мүддесі.

Қазақстанның Ресейге қосылу барысын көрсетуде М. Тевкелевтің өкілдік міндетін атқарудағы қиыншылықтары аталып көрсетіледі, ол қазақ даласына келісімен Ресейге бодан болуды қабылдау мәселесінде қазақ сұлтандарының бірлігінің жоқтығына душар болды. Орыс тарихнамасы шынайы жағдайды егжей-тегжейлі ашпайды, қазақтардың Ресейге бодан болуы тек қана М. Тевкелевтің күш салуы арқасында қабылданды делінеді. Бұл мәселені тек қана П. И. Рычков пен А. И. Левшин тыңғылықты түрде ашып көрсеткен.

Қазақтардың бодандыққа өтуінің алғашқы он жылының нақтылы сипаттамасы барлық еңбектерде тізбеленіп, әсіресе, Әбілхайыр мен Абылай хандардың тарихи рөлдері баса көрсетіледі. ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысында ғана патша үкіметі өз билігін күшейту үшін шаралар қолданғаны айтыла келіп, патшалықтың реформалар жүргізуінің дұрыстығын негіздейтін дәлелдер келтіреді. Бірақ Орта жүзді жаулап алу кезеңі аздап көрсетіліп, мұның өзі Ресейдің Орта Азияға одан әрі жылжуының заңды қадамдары ретінде бейнеленеді. Сондықтан осы кезең туралы зерттеулерде ортаазиялық хандарға қатысты Ресейдің жаулап алу әрекеттері бірінші қатарға шығады. Жалпы алғанда, Орта жүз Ресейге өз еркімен қосылған болып көрсетіледі.

Революцияға дейінгі авторлардың еңбектерін, негізінен, бағыттары мен теориялары бойынша жіктеуге болады. Мәселен «Табиғи шекаралар» теориясы бойынша, Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияға қарай жылжуын арий нәсілін қалпына келтіру және тарату үшін адамзат тарихын дамытудағы табиғи құбылыс деп түсіндіреді. Осы теориясымақты жақтаушылар Ресейдің отаршылдық әрекеттерін жазықта орналасқан орыс мемлекетінің кеңеюге ұмтылысы деп, этнографиялық және географиялық факторлар ретінде көрсеткісі келеді. Олар Еуропаның шығысында тарихи халық мәртебесі орыстарға ғана берілген дегенді дәлелдемек болады.

Ежелден бері Ресей тарихнамасында орыс ұлтының ерекшелігі туралы шовинистік көзқарастарды насихаттайтын бағыт орын алған. Бұл бағытты жақтаушылар дала тұрғындарымен тату көршілік қатынастарға тек қана қарудың көмегімен қол жеткізуге болатынын атап көрсетеді.

Кең тараған келесі бағытта қазақ халқының мәдени даму сатысының төмендігі айтылып, Ресейдің жаугершілігін «өркениеттік миссиямен» байланыстырады. Авторлар өз жұмыстарында еуропалық өркениеттің маңыздылығын ерекше атап көрсетеді және оны шығыс өркениетінен жоғары қояды.

Либералдық бағыттың өкілдері Ресейдің жаулап алуына қатысты қазақ халқының өз көзқарасына көңіл аударады. Тұрғылықты халықтың тарихын, тұрмысын және шаруашылығын зерттеу қажеттілігі туралы мәселе көтереді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерінде отарлау саясатына баға беруде сын көзбен қарау орын алып, көбінесе қазақтардың Ресейге бас ұруының мәжбүрліктен туындағаны аталып көрсетіледі.

30-жылдардағы «қосылу» туралы зерттеулерде «шексіз жауыздық» тұжырымдамасы жарыққа шықты. Зерттеушілер патша үкіметінің Қазақстанды жаулап алғанын, мейірімсіз отарлау саясатын және оның кері зардаптарын атап көрсетеді. Алайда бұл мәселелер жеткілікті деңгейде терең зерттелмеген. Бұл тұжырымдаманы қалыптастыруға, негізінен, сол жылдардағы орын алған таптық көзқарас әсер еткен.

Бұдан кейін, 40-жылдардың басында, Қазақстанның бодандықты таңдау себептерін Ресейге немесе Жоңғарға сілтеп көрсететін «ең аз жауыздық» тұжырымдамасы дами бастайды. Ресей қазақ халқының өрлеуіне мүмкіндіктер туғызды деген ұғым негізделеді. Бодандықты қабылдаудың ерікті түрдегі сипаттамасы жоққа шығарылады, алайда, «жаулап алу» терминінен бас тарта бастайды. Сырттан төнген қауіп – Ресейге бас ұрудың негізгі себебі деп тұжырымдалады.

50-жылдары бұрынғы тұжырымдамадан бас тарту белең алады және Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік-экономикалық және саяси байланыстарын алға тарта отырып, бірінші қатарға «тарихи себептерден туындау» тұжырымдамасы қалыптаса бастайды. Мұнда қалың халық бұқарасының мүдделілігі атап көрсетіледі. Бұл тұрғыдан қазақ және орыс халықтарының өзара қатынастарындағы өрлеу сәттеріне баса назар аударылады.

«Қосылу» проблемасының дамуының келесі кезеңі қосылудың ерікті түрде болғанын негіздеумен сипатталады. Осылайша отарлау саясатының келеңсіз зардаптарын бүркемелей отырып, оның кертартпалығына қарамастан, Ресей империализмінің өркениеттілігі формуласын дамыту байқалып, ол Ресейді бөлшектеу: патшалық, кертартпа Ресей және алдыңғы қатардағы мәдениетті, еркін ойлы Ресей идеясының пайда болуына ықпал жасады. 1980 жылдардың басында бұл тұжырымдама өзінің шырқау шыңына жетті.

1990 жылдардың басында Қазақстанның Ресей құрамына кіру мәселесінің тарихнамасында екі түрлі көзқарас қалыптасады: тек қана жаулап алу және бастапқы кезде бодандықты ерікті түрде қабылдау, одан соң әскери күштің көмегімен қосып алу.

Сонымен, Қазақстанның Ресейге қосылуы әрқашан тарих ғылымының басты назарында тұрды. Әр кезең тарихшыларының осы үдеріске орай өзіне тән көзқарасы мен бағасы болды. Тұжырымдамалық көзқарасқа идеологиялық факторлар да ықпал жасады. Әрине, бұл мәселенің тарихнамасына шынайы талдау жасау үшін оны да ескеру керек. «Қосылу» туралы тұжырымдаманы білу оның зерттелуі қазақ қоғамының тарихын нақты қалпына келтіру ұшін қажет.

Бұл мәселеге қатысты жасалған тарихнамалық шолу алты негізгі тұжырымдамалық көзқарасты атап көрсетуге мүмкіндік берді: ХҮІІІ-ХХ ғасырдың басындағы орыс зерттеушілерінің қосылу тұжырымдамасы (революцияға дейінгі орыс тұжырымдамасы), «шексіз жауыздық» формуласы пайдаланылған тұжырымдама; «ең аз жауыздық» теориясы, «қосылудың тарихи себептерден туындауы», «өз еркімен қосылу және оның прогрессивтік маңызы», бастапқы кезде бодандықты ерікті түрде қабылдау, одан соң әскери күштің көмегімен қосып алу.

Тұжырымдамалар

Ресейге бас ұру себептері

Бодандықты қабылдаудың барысы мен сипаттары

Отарлық саясатқа берілген баға

Хандардың рөліне берілген баға

Қосылудың зардаптары

1. Революцияға дейінгі орыс тұжырымдамасы

Сырттан төнген қауіп, руаралық қақтығыстар, Әбілхайырдың жеке мүддесі

Жалпы ерікті түрде

жағымды

Дифферен-циалданған көзқарас

Жағымды баға

2. «шексіз жауыздық»

Ақсүйектер-дің биліктернің күшейтуге ұмтылысы, халық бұқарасының қозғалысын жаншу қажеттілігі

Жаулап алу

Қалыптан тыс сынау көзқарасы

Хандардың іс-әрекеттеріне теріс қарау

Қазақ халқының тұрмысының нашарлауы

3. «Ең аз жауыздық»

Сырттан төнген қауіп, хандық биліктің құлдырауы

Еріктілік-ті жоққа шығару, ақсүйек-тердің халық бұқарасының пікіріне қайшы іс-әрекеттері

Саясат Қазақстанды саяси құлдыққа апаруға ықпал жасады

Әбілхайырдың жеке шамданушылығын атап көрсету, Абылайдың саясатын көрегендік деп бағалау

Қазақтар-дың өмір сүруінің нашарла-уы

4. «Қосылудың тарихи себептерден туындауы»

Қауіпсіздік-ке төнген қатер, әлеуметтік-экономика-лық, саяси байланыстар оқиғалардың барысының алдын алған

«Қосылу терминін, еріктілікті атамай қолдану ақсүйектер үшін- байи түсу, халық үшін-қауіпсіздікті қамтамасыз ету»

«Бейбіт жаулап алуға» бағыттал-ған саясат

Бастапқыда хандардың іс-әрекеттеріне берілен ұстамды сипаттама, кейіннен Абылайды сынау, оған Әбілхайырдың даналық саясатын қарсы қою

Жағым-сыз зардаптар белгіле-неді, бірақ «тарихи мүмкін-діктер» көзқарасы тұрғысы-нан «қосылу-дың маңызды-лығы көрсеті-леді»

5. «Өз еркімен қосылу және оның прогрестік маңызы»

Қазақстан мен Ресейдің тарихи байланыста-ры, қалыптасқан жағдай

Халық бұқара-сының толық қолдауы-мен еріктілікті бекіту

Отарлау саясатын бүркеме-леу

Әбілхайырдың көрегендік саясаты дәріптеледі

«Қосылу-дың» алға басу салдарла-ры негізделе-ді

6. «Бастапқы кезде бодандықты өз еркімен қабылдау одан соң жаулап алу»

Сыртқы саяси жағдайдың күрделілігі, әскери көмек алуды қалауы

Ресей құрамына кіру әр түрлі сыртқы саясат пен ішкі жағдай-ларда өткен

Жүргізілген саясат қазақ қоғамының дәстүрлі қалпын толығымен өзгертті

Хандардың саясаты қалыптасқан жағдайдан туындаған

Жағым-сыз және жағымды салдар-ларға шынайы талдау жасау қажеттілі-гі


  1. Мәселенің ғалым-зерттеушілердің зерттеуі.


Кеңестік тарихнамада Қазақстанды отарлаудың басталуы оның Ресейге «қосылуы» тұрғысынан пайымдалды. Кейбір авторлар мәселенің экономикалық жағына да, саяси себептеріне де мүлде тереңдеп бармай оны тек қана сырт жағынан қарап, қосылу кездейсоқтан болды деп санады. Басқа біреулері отаршылдардың мүдделерін жақтап, патша өкіметінің, патшалық Ресейдегі үстем таптардың қазақ халқына қатысты «құқықтары» мен «міндеттерін» іздеп табуға тырысты. Олар империялық идеяларды ашықтан-ашық уағыздап, байырғы халықты тек қана жабайылар деп білді, сөйтіп олардың сан ғасырларға созылған дербес және мәдени дамуын мүлде ескермеді. «Біздің Орта Азия жерлерін алуымыз әсте де оп-оңай басып алу мен атышулы жеңістерге деген бір ғана қарбалас құлшыныспен жасалған жоқ, – деп баяндалады бір құжатта. – Біз Шығысқа өркениеттің болмай қоймайтын табиғи заңымен беттеп барамыз: білімді халық жабайылармен ешқашанда қатар өмір сүре алмаған және алғашқылары қолында күш-қуаты барын сезінсе, соңғыларына олардың арасында мемлекет пен қоғам туралы жалпы адамзаттық ұғымдарды сіңіру үшін жол салушылар жіберіп отырған. Біздің даңқты әскерлерімізді Орта Азиядағы осындай жол салушылар деп санау керек екені даусыз».

КСРО ыдырағаннан кейін, тәуелсіз мемлекеттер пайда болған кезде де империялық ойлауды көрінеу және жасырын жақтаушылар Ресей отаршыл, империялық держава болған жоқ дегенінен айнымай келеді.

Қазақстанның Ресейге «қосылуының» жекелеген мәселелері жөнінде қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин және олардың пікірлестері өз ойларын айтқан.

Ш. Уәлиханов ұлы державалық шовинизмге қарсы шықты, ал шовинизмді мейлінше жан сала қорғаушылар Шығыс халықтарының екінші сортылығы туралы, мемлекеттілік пен державашылдыққа таңдаулылардың құқығы туралы еуроцентршіл идеясымен қаруланған еді. Қазақтардың дүниежүзілік өркениет тарихында алатын орнын анықтай келіп, Ш. Уәлиханов кейбір ресейліктердің қазақ көшпелілері туралы «мал сияқты тұрпайы варварлар» деген сияқты түсініктерін үзілді-кесілді теріске шығарды. Ғалымның пікірінше, оның бабалар тұрмысын бейнелейтін рухани мұрасының, әдет-ғұрыптарының, Гомердің поэтикалық аңыздары сияқты тарихи қадір-қасиеті бар. Ол «халықтың өткендегі тарихи және рухани өмірінің толық көрінісін» бере алады.

Ш. Айтматов отарлау кезінде халық ділінің өзгергенін көрсетті. Бұрынғы ұлылық – батырлар заманы келмеске кетті. Құлдық психология, надандық, рухани бейшаралық құлқы жеңіске жетті.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы отаршылдыққа қарсы қарулы күрес сәтсіздікке ұшырап, Қазақстан империяның әкімшілік-аумақтық бөлінісінің бір бөлігіне айналған, империя ауқымды шабуылға шығып, шет аймақ халықтарын орыстандыру жүріп жатқан кезеңде ұлттың прогресшіл көреген қайраткерлері (Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин және олардың пікірлестері) тауқыметтің ең ауыры туған халқын ағарту ісін өз мойындарына алуға мәжбүр болды.

Отандық тарихнаманың алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің есімдерімен байланысты орасан қалың қабаты кеңестік тәртіп басқарған ұзақ жылдар бойында мүлде игерілмей келген еді. Қазақстанның Ресей құрамына кіру проблемасы ең алдымен Ә. Бөкейхановтың еңбектерінде мейлінше толық және тұтас көрініс тапты. Автор «Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени табыстары» деген еңбегінде «қосылу», «өз еркімен» деген терминдерді мүлде қолданбайды, керісінше, «жаулап алу», «бағындыру» деген терминдерді қолданады, Кіші және Орта Ордалар қазақтары «оңүстіктегі жаулар Горькая шебіне дейін тықсырғандықтан, орыс билігін тануға мәжбүр болды» деп атап көрсетеді. Бұл тақырыпты жалғастыра келіп, Ә. Бөкейханов ХІХ ғасырдың үшінші ширегіне дейін «барлық қазақ рулары біртіндеп орыс билігін мойындады» деп атап өтеді.

Ә. Бөкейханов еңбектерінің ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстан тарихын бағалау үшін де маңызы баға жетпес. Ә. Бөкейханов былай деп жазды: «ХҮІ ғасрыдың екінші жартысынан бастап солтүстіктен жаңа халық – славяндар келе бастады; олардың мәдениеті сол кездегі Қырғыз өлкесі билеушілерінің мәдениетінен жоғары болатын, сондықтан жергілікті халық өз өлкесіндегі үстемдікті келімсектерге беруге тиіс болды».

Орыстардың өлкені отарлауын Ә. Бөкейханов екі кезеңге: мұнда ерікті отарлаушылардың пайда болуына және олардың ізімен үкімет жасақтарының кел бастауына бөледі. Ә. Бөкейханов өзінің Қазақстан тарихы және жер пайдалану нысандарының дамуы мәселелері жөніндегі еңбектерінде өлкенің солтүстік-орталық және шығыс бөліктерін жаулап алу мен отарлауды бөлек алып қарастырады. Сөйтіп Ә. Бөкейхановтың пікірінше, Қазақстанның империя құрамына кіруі отарлау (ерікті түрде және үкімет арқылы) мен жаулап алудан тұрады. «ХҮІІІ ғасырдың аяғында Қырғыз өлкесі көшпенділерінің едәуір бөлігі орыстардың билігін мойындап, орыстар шегінде көшіп жүрді. ХІХ ғасырдың басынан бастап үкімет жаулап алынған өлкені нығайту жайын ойластырды». Ә. Бөкейханов өзінің барлық зерттеулерінде «жаулап алу» деген ұғымды қолданып, сол арқылы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастарының барысында қалыптасқан күрделі өзара қатынастарды сипаттайды.

Ә. Бөкейханов орыстардың Орталық Азиядағы ерекше өркениеттілік миссиясы туралы негізсіз тұжырымдамасын ашықтан-ашық әшкереледі. «Өлкені бағындырған соң, – деп жазды ол, – орыстар мәдениетті жұмысқа көше алмады, өйткені бастапқыда жаулап алу тек қана баю мақсатымен жасалды және алғашқы жаулап алушылар мәдениет рөлін атқаруға мүлде дайын емес болатын. Олар адамгершілігі алғашқы қауым адамдарынан аспаған, өткендегі өмірі күмәнді, дөрекі, надан адамдар еді; рас, осының бәрі бола отырып, олар бұратаналардан жетілгендеу болып шықты, бірақ оларды бағындырған соң, саналы түрде бейбіт мәдени жұмысқа көше алмады; олар тіпті табиғаттың бай тартуларын ақылмен пайдалануға немесе өздерін өз еңбегімен асырауға күш-жігер жұмсаған жоқ. Керісінше, олар баюдың неғұрлым жеңіл басқа әдісін – бағындырылған бұратаналарды талап-тонау мен табиғи байлықтарды талан-тараж ету жолын таңдады».

Автор еріктілердің ендей кіруіне империяның мүдделі болғанын нақтылай келіп, еріктілер мен үкіметтік отарлау үрдісін ажырағысыз бірлікте қарастырады. Біріншіден, ол орыс отарлауының ішкі өміріндегі проблемаларды жоюға мүмкіндік береді.

1917 жылдан кейін отандық тарих проблемаларына ден қою арта түсті. Бұл тұрғыда көптеген еңбектер ішінен Т. Рысқұлов, Х. Досмұхамедов, П. Г. Галузо, С. Меңдешев, Ғ. Тоғжанов еңбектері мен басқа еңбектерді атап өту керек.

П. Г. Галузо Ресей мен Қазақстан серіктестігінің тең құқылы еместігін атап көрсетіп, империяның өзге өлкелерді «қосып алуға» өте мүдделі екенін атап айтқан болатын. П. Г. Галузо отаршыл империя теоетиктерінің агрессияға бейбіт тон жамылдырып, өркениетті сипат беруге неліктен тырысқанын түсіндірді. «Отар Түркістан» («Орыс патша өкіметінің Орта Азиядағы отарлау саясаты тарихының очерктері») деген кітабында ол былай деп жазды: «Пашалық Ресей әскерлерінің қазақ даласына ендеп кіруі ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында-ақ басталған болатын. Орыс патшалары елге ентелей әрі толассыз дерлік сұғына түсті, алайда былайша айтқанда, біраз жалтақтай отырып жылжыды...».

Орта Азия шекарасындағы орыстардың агрессиялық саясаты жөнінде келтірілген бейбітшілік сүйгіш сипат беру Ресейдің алысты көздейтін агрессиялық жоспарларын қарастыра отырып, Орта Азияға аяқ басқанда, өзінің отаршылдық басып алушылық жөніндегі батыс еуропалық бақталастарынан, ең алдымен Англиядан қатты қорыққандығын көрсетеді.

Орта Азияға қарай ілгерілеуді біз ұлы державалардың «олжа бөлісу жөніәндегі» «империалистік жарыс» ағыстарының бірі деп қарастыра аламыз. Әрине Ресейдің крепосник-помещигі ең алдымен отарды өзі үшін басып алды, бірақ шынына келгенде бұл отарларды Ресейдің өнеркәсіп капиталы үшін де басып алу болатын.

П. Г. Галузо Ресейдің «отаршылдық табыстары» тарихын Орталық Азияның барлық аймақтарымен өзара тығыз байланыста алып қарады. Ол Қазақстанның империя құрамына кіруі: біріншіден – халықтарды саяси дербестіктен айырудың; екіншіден – экономикалық жағынан кіріптар етудің; үшіншіден – дүние жүзін болашақ отарларға бөлу жөнінен орыс-ағылшын бақталастығының салдарынан болды деп есептейді. П. Г. Галузоның сіңірген еңбегі — ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің Қазақстандағы отаршылдық үстемдігі көрінісін ашып көрсету және ұлт-азаттық қозғалысы проблемасын ғылыми тұрғыдан қою болды.

Х. Досмұхамедов Ресейдің жаулап алушылық саясаты қазақ жерін Азияға ендей кіру кезінде алғы шеп ретінде пайдалану болды деп есептеді. Ол Әбілқайыр және ру ақсақалдарының шағын тобы патша өкіметімен сөз байласуға барып, елді бодандық алуға мәжбүр етті деп есептеді. Х. Досмұхамедов қазақтардың Ресей мемлекетіне бағыну актісіне халықтың негізгі бұқарасының қатыспағанын келіссөз үрдістеріне Кіші жүз бен Орта жүз руларынан біркелкі өкілдер болмағанын мысалға келтіре отырып дәлелдеді.

М. Әуезов «Әдебиет тарихы» деген кітабында (А,1927) былай деп атап көрсеткен: «Қазақ елін орысқа бағындыруға зорлаған себептер көп. Бір жағынан қалмақтар сияқты елдің тізесі батқан жаулығы болса, екінші: Орта Азия хандықтарының қысымшылығы, үшінші: орыс үкіметінің қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы, осымен бірге тағы бір зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштік күшейіп, бірін бірі жауламақ үшін әрқайсы кез келген жұрттан көмек іздеп, қазақ елін әр айғырдың үйіріне сіңіруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тіршілігі бір шымшытырық мезгілге жеткенде, орыс үкіметінің шеңгелі қомағайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кіргізіп әкетіп бара жатты.

Орысқа бағыну, елдің алдында ұсынған сыбағалы табақтай болып, еріксіз бой ұсындыруға айналды».

Қазақстанның Ресейге қосылу проблемасы Т. Рысқұловтың тарихи мұрасында да көрініс тапты. Қазақстанның жалпы Ресей бодандығына өтуі тұрғысынан қарастыра келіп, ол «бағындыру», «қазақтарды жуасыту», «жаулап алушы күш» деген терминдерді қолданған. Ол жазған «патша өкіметінің отаршылық саясатында» екі кезең: ХҮІ ғасырдың аяғынан бастап – казактардың, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап – шаруалардың отарлауы болып көрсетіледі. «Өздері ілгері жылжыған жолында орыс өкіметі жаңадан жаулап алған аудандарда дереу бекіністі мекендер тұрғызып, оларға казактар мен келімсек шаруаларды қоныстандырып отырды».

Т. Рысқұлов қазақ жүздерінің Ресей бодандығына өту себептерін бірінші кезекте Қазақстанның сыртқы саяси жағдайымен байланыстырады. Оның сыртқы саяси жағдайы қазақтарды шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Хиуа, Қоқан, Бұқара хандығы, батыстан ноғайлар мен қалмақтардың қысым жасауынан көрінген. Т. Рысқұлов пікірінше, Ресейдің Қазан (1552 ж.), Астрахань (1557 ж.) хандықтарын жаулап алу, Батыс Сібірді бағындыру (1581 ж.), орыстардың Орал мен Ертісті бойлай жылжуын күшейтуі жөнінде шығыста белсенді саясат жүргізуі едәуір рөл атқарған.

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы тарих ғылымында патша өкіметінің жаулап алушылық себептері мен отаршылдық ниеттерне ерекше көңіл бөлінеді. Сол кезеңдегі монографиялар мен мақалалардың көпшілігі, соның ішінде С. Асфендияровтың «Қазақстан тарихы» да сондай көзқарас тұрғысынан жазылды. «Патшалық жаулап лау қазақ бұқарасына ізгілік, бейбітшілік пен мәдениет әкелген жоқ, – деп жазды ол. – Ол күйзеліс, талап-тонаушылық пен кісі өлтірушілік әкелді».

Е. Бекмахановтың «Присоединение Казахстана к России» монографиясында ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның экономикалық және саяси дамуының тарихы зерттелген. алайда өз еңбегінде автор Кіші жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдауы туралы мәселені кейінге қалдырып, Н. Г. Апполованың еңбегіне оқырманның назарын аударады.




Қазақстанның Ресейге қосылу мәселелерін зерттеуге профессор М.П.Вяткин зор үлес қосты /Қар.: Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССС. Л.1941./. Ол қазақтардың бодандығына баға беру осы оқиға өріс алған тарихи жағдайдан туындау керек дегенді айтты. Оның ойынша осы қағидадан шығып кету «абсолюттік қорлау» терминінің пайда болуына әсерін тигізді. Зерттеуші ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары қазақ жүздерінің алдында не Ресейге, не Жоңғарға бодан болуды таңдау қажеттілігі тұрды, олардың қайсысын таңдаса да, саяси тәуелсіздіктен айырылуға әкеліп соғады, бірақ Ресейге бодан болу «қорлықтың жеңілдеу түрі» өйткені ол өркендеуге жағдай жасайтын еді деп көрсетті. Сонымен М.П.Вяткин Қазақстанның Ресейге қосылуына баға бергенде тарих ғылымында «абсолюттік қорлау» қағидасына қарам-қайшы өрістеген «қорлықтың жеңілдеу түрі» қағидасын қолданды.

1948 жылы Қазақстанның ресейге қосылуын қазақ халқының тарихындағы прогрессивтік жағдай деп бағалайтын Н.Г.Апполованың «Присоединение Казахстана к России в 30-х годах ХVІІІ века» монографиясы жарық көрді. Онда бұл қосылу нақты тарихи жағдайда, Әбілқайыр ханның шаруашылық және саяси есеп-қисабынан туындады делінген.





1993 жылы авторлар ұжымы әзірленген Қазақстан тарихының очерктері жарық өрді. Онда бізді қызықтыратын мәселені «Присоединение Казахстана к России: вхождение, завоевание, колонизация» тарауында тарих ғылымының докторы Ж.Қасымбаев көтерді. Бұл тақырыптың өзі мәселенің екіұштылығын көрсетеді. Автор Қазақстанның Ресейге қосылуынан бұрын да олардың арасында едәуір саяси байланыстар болғанын атап айтады. Автордың пікірі бойынша, Ресейдің мүдделілігі - өз мемлекетінің аумағын кеңейтуде және өзінің шығыс шекараларын қауіпсіздендіруге ұмтылуда болды. Ж.Қасымбаев мынадай қорытындылар жасайды:

1) қазақ жүздерінің Ресейге қосылуы әр түрлі сыртқы саяси және ішкі жағдайларға байланысты атқарылды;

2) Кіші жүздің айтарлықтай бөлігі және Орта жүздің кейбір аудандары Ресейге өз еркімен бодан болды;

3) Орта және Ұлы жүздердің қомақты бөлігі қару-жарақтың күшімен қосылды.

Сонымен ғалым күрделі және қарама-қайшылығы мол қосылу үрдісін бір терминмен түпкілікті белгілеуге болмайтынын айтты.




Академик М.Қозыбаев «История России есть история страны, которая колонизуется» мақаласында Қазақстанның Ресей құрамына кіруі туралы өз пікірін келтіреді. Еріктілік сипатты толығымен жоққа шығара отырып, ғалым қарапайым халық тәуелсіздігінен айырылғысы келмеді деп жазған А.Левшиннің зеттеулеріне сілтеме жасайды. М.Қозыбаев «қосылу» («присоединение») термині тарихи үрдістің мәнін нақты ашпайды және Қазақстанды негізгі объектіге жанасып кеткен субъект ретінде көрсетеді деп сынайды. Ғалым Қазақстанды басып алу стратегиясы сонау І Петр кезінде айқындалып, одан кейінгі уақытта түпкілікті рәсімделгенін көрсетеді. Әбілқайыр ханның Ресейге тәнті болуы «ұлтты сақтап қалу үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында» қазақтардың империя билігін мойындауға мәжбүрлікті қалыптастырған тарихи жағдай деп түсіндіріледі. Сонымен автор Қазақстан Ресей құрамына жаулап алу арқылы кірді деп есептейді.



Әдебиеттер:

  1. Қазақ тарихы 2004 ж. №6 31-бет А. Әбділдәбекова «Қазақстанның Ресейге қосылуы хақында» мақаласы

  2. Қазақстан тарихы бес томдық 3-ші том Алматы, «Атамұра», 2002 ж.

  3. Е. Б. Бекмаханов «Присоединение Казахстана к России» Москва, 1957 г.

  4. Т. Ж. Шоинбаев «Добровольное вхождение казахских земель в состав России» Алматы «Казахстан» 1982 г.

  5. Б. С. Сүлейменов, В. Я. Басин «Казахстан в составе России в ХҮІІІ- начале ХХ века» Алматы «Наука» , 1981 г.




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!