Қазіргі заман
мұғалімі
Ақтөбе облысы, Мұғалжар
ауданы, Қандыағаш қалалық №5 ЖББОМ
Өзін-өзі тану пәні
мұғалімі: Суюнтаева Мейрамгуль
Маратовна
Мамандық таңдау – өмірдің бір
кірпішін дұрыс қалау. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін
жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау.
Қазақ "Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар
таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда" деп бекер айтпаса
керек. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне
бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек.
Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Өз жаныңызға жақын
мамандықты іздеп табу да барынша күрделі жұмыс. Ұлы Абай атамыз
айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан».
Өмірге келген соң, әр адамның парызы өмірге өз үлесін қосу,
ұрпақтарына із қалдыру. Оған жетудің бір жолы, бұл мамандықты дұрыс
таңдай білу. Әр адам бала кезінен бастап мамандық төңірегінде арман
жетегіне балалық шақтан бастап енеді. Бала кезден бастап белгілі
бір маман иесі болуды армандайды. Мені де бұл сұрақ ұзақ уақыт
толғандырды. Бала кезден арманым - әр адамның жүрегіне жол таба
білу, әр адамның жүзіне қуаныш сыйлай білу, қайғысын бөлісе білу,
көмек беру. Соның ішінде ұстаздық мамандықты да армандаған кездерім
болатын. Мұғалім – мектептің жүрегі деп бекер айтылмаса керек.
Бізді мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, қуанышты жүзбен қарсы
алып, әліппені жаттатып, жақсылыққа үйретіп, жамандықтан
жирендіретін – осы ұстаз. Асыл сөздер иесі Мағжан Жұмабаев
айтқандай, «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын –
мұғалімдікі». Өмір жолында әр адам алдынан өтетін маман – бұл
мұғалім.
Ұстаз алдындағы басты міндет
ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мəдениетті
танитын, төл мəдіниетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай,
интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, білімді, жан жақты
ақпараттандырылған заман талабына сай белсенді ұрпақ
тəрбиелеу.
Мұғалімнің негізгі басты
мақсаты – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды
қалыптастыру болып табылады.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры.
Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған,
парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз
жөн.
Ұстаз жолы қиынырақ
басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі
шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың
бойында,
Қандай рақат,шын бақытын тапса
адам.
Осыдан
түйгенім: жаңа ақпараттық технология элементтерімен дәстүрлі
әдістерді сабақтастыра жүргізген сабақ өз шыңына жетеді. Ал оқушы
сол білім шыңына шығу үшін жоспарланатын тапсырмалар мен
қолданылатын әдістер әрбір мұғалімнің шеберлігімен, өмір мен
тұрмыстың күрделілігіне қарамастан қаншалықты өз жұмысын сүйетініне
байланысты. Олай болса «Ұстаздық еткен
жалықпас, үйретуден
балаға» деген ұлы
Абайдың сөзі ақиқат екенін өмірдің өзі дәлдеп отырғаны
сөзсіз!
Бала кезден ойлаған арманымның
жетегінде, ұстаздық мамандыққа жақын ПСИХОЛОГ мамандығын таңдаған
болатынмын. Мен үшін психолог – бұл сүйікті мамандық, әрдайым
өзін-өзі дамыту, әрдайым іздену, жан-жақты болу. Қазірде мен
өз-өзіме «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап беретін болсам: «Мен
біліммен, дағдымен, адамгершілік қасиеттермен қаруланған, қоғамда
белгілі орным бар, сеніммен, үмітпен алға ұмтылатын қарапайым
жанмын. Еңбек жолымды, Психолог мамандығының шыңының алғашқы
баспалдақтарын ғана аттап бастап келе жатқан маманмын». Қазіргі
таңда Психолог мамандығы даму үстінде. Менің ойымша, әр адам, ең
алдымен, өз-өзіне психолог. Өйткені жүрегінің түбіне терең бойлап,
жүрегін санасына бағындырып, шешім қабылдайтын, өз-өзіне есеп
беретін, өз бойындағы қасиеттерін тани білетін, ол бірінші – біздің
өзіміз. Ал нағыз психолог маманы болу үшін адамдардың бойында
келесідей қасиеттер қалыптасуы қажет: ұқыптылық, тиянақтылық,
жауапкершілік, мақсатқа ұмтылушылық, сенімділік, адамгершілік
қасиеттер. Мұндай қасиеттер барлық адамдардың бойында болу қажет
емес пе деп ойлаған боларсыздар? Бұл ойыңыз орынды. Әрине бұл
аталған қасиеттер психолог маманы үшін аздық етеді. Өте маңызды
сапалардың бірі – белгілі бір жағдайлардан шығармашылықпен шыға
білу, әр адамға бөлек ыңғай таба білу, сол адамға ыңғайластыра
шешім қабылдау, кеңес айту.
Қазіргі уақытта психолог
мамандығымен қатар Өзін-өзі тану пәнінен оқушыларға тәлім-тәрбие
берудемін. Бұл екі мамандықтың бір-біріне жақын тұстары – адамның
өзін-өзі танып, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді. Өзін-өзі тану
пәні оқушылардың бойына рухани жалпыадамзаттық құндылықтарды
дарытуға бағыттайды. Жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына – ақиқат,
сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау
құндылықтары кіреді. З.Фрейд айтқандай, «Адам жанын түсіне білу,
оны зерттей білу – үлкен өнер». Қазірде мен осы мамандықтар
төңірегінде, өз мақсатыма жету жолында ізденудемін, тәжірибе
жинақтаудамын. Әрқашан адамдарға мейірімділік шуағын сыйлауға,
оларды тыңдауға, кеңес беруге, көмектесуге тырысудамын. Оқушыларыма
да үнемі айтар ақылым: біреуді танымас бұрын, алдымен
өз-өздеріңізді, өздеріңіздің қасиеттеріңізді танып, дамытуға
тырысыңыздар. Егер тек шындықты жақтап, айналаға мейірімділік
шуағын шашсаңыздар, ешкімге қиянат жасамай тек дұрыс әрекет жасап,
айналаға қамқорлық көрсетіп, кішіпейілділік танытсаңыздар ғана ішкі
дүниелеріңізде тыныштық орнайды. рррАдамның биік дәрежеге жетуі
үшін екі нәрсе керек. Ол: мақсат пен еңбек. Алға мақсат қоя білу
өте маңызды. Өйткені, Адам мақсатты қалай қойса, ол соған қарай
ұмтылады. Мақсат дегенді биік тауға балау керек. Сол таудың шыңына
жеткенше, мейлі жығыл, мейлі сүрін, қайта аяққа тұрып талпынамыз.
Сол себепті әрбір адам мақсат қоярда биіктердің биігіне ұмтылуы
керек. Мен мақсат дегенді екіге бөліп қараймын. Бірі - ұлы мақсат,
ал екіншісі - сол ұлы мақсатқа жету жолындағы әрбір іске қойылған
кіші мақсат. Ең бірінші біз ұлы мақсатты таңдап алуымыз керек.
Содан соң соған қарай еңбек етеміз. Мен үшін ұлы мақсат – білімді
де білікті әрі жан-жақты МАМАН атану. М. Горкий айтқандай, «Алға
ұмтылу – өмірдің мақсаты осы ғой. Өмірдің мәні мақсатқа жету
жолындағы іс-әрекеттің парасаттылығы мен пәрменділігінде, ендеше
тұрмыс- тіршіліктің әрбір сәтінде алда үлкен мақсат тұруға тиіс».
Сол себепті де, тек алға ғана
ұмтылыңыздар!!!