Материалдар / Қиын отбасы балаларымен жұмыс барысындағы түрлі әдіс тәсілдер
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Қиын отбасы балаларымен жұмыс барысындағы түрлі әдіс тәсілдер

Материал туралы қысқаша түсінік
Әлеуметтік педагогтерге қиын отбасы балаларымен жұмыстану барысында қолданылатын түрлі әдіс тәсілдер
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
1792
4 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Сырым аудандық білім беру бөлімінің Ж.Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-балабақша кешені



















Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалармен жұмыстану барысындағы түрлі әдіс- тәсілдер






















2016- 2017 оқу жылы


Сырым ауданы әдістемелік кабинеттің сараптау кеңесінің шешімімен басылымға аудан педагогтары арасында таратуға ұсынылды.


Хаттама №1 25.09.2016 жыл



Құрастырушы:


А.Анесова – Сырым аудандық білім беру бөлімінің жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің әлеуметтік педагогы


Рецензенттер:

М.Баялиев- Сырым аудандық білім беру бөлімінің әдіңстемелік кабинетінің әдіскері.



Бұл бағдарлама әлеуметтік педагогтарға арналған. Бағдарламада өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар,қиын оқушы туралы түсінік бере отырып, бала мінез-құлқының бұзылу себептерінің әлеуметтік және психологиялық жағдайлары айтылған. Жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықты анықтау және жұмыс барысында қолданылатын әдіс – тәсілдер жинақталған



























М а з м ұ н ы



Кіріспе .....................................................................................................................3



І. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар,қиын оқушы туралы теориялық негіздері


    1. Қиын оқушы туралы түсінік ....................................................................................................................... 5


    1. Қиын оқушының мәселесіне қатысты теориялар .....................................8





ІІ. Жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықты анықтау және жұмыс барысында қолданылатын әдіс – тәсілдер.


    1. Жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықтың болу себептері ......................................................................................................................10


    1. Қиын отбасы балаларымен және ата – аналарымен жұмыстану барысындағы қолданылатын түрлі әдіс – тәсілдер ......................................................................................................................14




Қорытынды..........................................................................................................18


Әдебиеттер тізімі..................................................................................................19


Қосымшалар..........................................................................................................20











Кіріспе



«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын»

Халық мақалы.


Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселелері болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Тәрбие ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі – салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп және отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Соңғы кезде жасөспірімдер, жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қиын» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, мұғалімдер мен мектеп ұжымын ойландырады.

Психолог-педагог ғалымдар А.Макаренко, С.Шацкий, А.Выготский, П.Блонский “қиын” балалар мәселелерін жан-жақты зерттеді.

В.Трифанов зерттеулеріндегі “қиын” бала анықтамасы – күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы.

Ал, А. Фортунов “қиын” бала ұғымына үлгірмеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды жатқызады.

Қиын” балалар намысқой келеді, олар бір нәрсеге өзінің жарамсыз екенін сезіп тұрады және сол себептен қиянат жасауға физикалық күшін жұмсап, “маған бәрі жоғарыдан төмен қарайды, мені адам екен деп санамайды, мен оларға көрсетемін” деген ой тұжырымдап өзін-өзі сендіреді.

Тәрбиені жас ерекшеліктеріне қарай жүргізсе, баланың ынтасын дамыта отыру арқылы әдіс-тәсілдерді жаңартып отырса нәтижелі болады. «Егер бала бұзақы бола бастаса, онда бұған бала кінәлі емес, педагогикалық әдістер кінәлі», – деген А. С. Макаренконың пікірі өте орынды. Пайдасыз әдістердің зиянды салдарын түзеу үшін, жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген психологиялық – педагогикалық жүйе болуы керек. Бұл жүйенің ерекшелігі – «қиындардың» түзелу мүмкіндігіне ғана емес, сонымен бірге олардың рухани жағынан да бүтіндей қайта өзгеретіндігіне кәміл сену қажеттігінде.

Қазіргі қоғамда осы проблема айқын байқалып, қиын отбасы балаларымен жұмыстану әлеуметтік педагогтің бірден бір маңызды міндеті деп санай отырып, мен өзімнің жобамның тақырыбын «Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалармен жұмыстану барысындағы түрлі әдіс- тәсілдер» деп алдым.





Жобаның мақсаты:

Өмірдің қиын жағдайына тап болған оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып , білім сапасының артуына, ортаға бейімделуіне және өз – өздеріне деген сенімдерін арттыруға үлес қосу.


Жобаның міндеттері:

  • Баспа беттерінде жарияланған,әлеуметтік желілерде жария болған мақалаларды талдау және статистикалық мәліметтерді зерттеу.

  • Әр түрлі әдіс - тәсілдер арқылы олармен өткізілетін жұмыс түрлерін анықтау,жұмыс барысында іске асыру.

  • Оқушылармен ата - аналарға жан-жақты талдау жасай отырып, мектеп,ұстаз,ата - ана қарым - қатынасын нығайту.


Жобаның ұстанымы:


  • Мектеп – отбасы –қоғамдастық

  • Теориямен приактиканың байланысы

  • Ғылымилығы

  • Жүйелілік және реттілік

  • Саналылық және белсенділік


Күтілетін нәтиже:


  1. Оқушылардың сенімділігін арттыру,ата - анасымен қарым - қатынастарын жақсарту.

  2. Әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы сабақ қалдырмауға дағдыландыру.

  3. Күнделікті сабақтарына қатысуын қадағалау.

  4. Үлгерім,білім сапасын арттыруға үлес қосу.Cабақтан тыс шараларға қатысу барысындағы белсенділігін арттыру.















І. Тарау. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар,қиын оқушы туралы теориялық негіздер

1.1 Қиын оқушы туралы түсінік



Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны,

бесіктің қалай тербетілетініне байланысты»
Станислав Ежи Лец.



«Қиын» оқушылар дегеніміз кімдер? Олар – «өмірі ауыр жағдайдағы балалар», «ата анасының қарауынсыз қалған балалар», «қауіпті әлеуметтік жағдайдағы балалар», «мемлекеттік көмекті қажет ететін балалар», «қоғамдық тәрбиені қажет ететін балалар» және т.б. Сонымен қоса , білім деңгейі төмен ,тәртібі нашар , сабақтан көп қалатын , ұстаздардың талабын орындамайтын,адамгершілік деңгейі төмен , сыныптастарымен үнемі тіл табыса алмайтын , ұжым мәселелері қызықтырмайтын, ойлау қабілеті кейін қалған , ашуланшақ оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызып жүрміз.

Баланың қиын мінез – құлқының себебін іздесек, көбіне баланың өз отбасындағы ата-анамен қарым - қатысына байланысты екені анықталды.
Кей оқушылар ата - ана тарапынан ешқашан жүрек жылуын көрмей өсіп , осыған мектептегі өз тобындағы оқушылардың , мұғалімдердің кері көзқарасы қосылып , ұзаққа созылған қайғыру , ренжу жүйке ауруларына шалдықтырып , бала ашуланшақ,өмірге ызалы, тұйық қалыпқа түседі.
Ата - ана тарапынан , мектеп қабырғасынан жылылық сезінбеген жасөспірім өмірде өзін ешкімге қажетсіз деп есептеп , уайымға шалдығады , кей жасөспірімдердің ұйқысы бұзылып,түнде қорқынышты түстер көріп, иммунитеті төмендейді,сабақ үлгерімі нашарлайды.

«Қиын» оқушыны төмендегідей бөліп қарастыруға болады.




ҚShape1 иын оқушы

Shape2


Тән кемтарлығы Жан жарақаты



«Қиын балаларды» сен қиынсың деп кеудесінен нұқып, жалпы балалардың тобынан бөлудің қажеті жоқ.   Бұндай жағдай  оларды одан ары есіртіп  жібереді: «Көрдіңдер ме, бізге ерекше назар аударылады» - деп  басқалардың алдында  әдейі көкірек  қаға түседі  немесе өздері жайлы төмен бағаға үйреніп, бәрібір  мені ешқашан мақтамайды деп  еті үйреніп кетеді.

Олай болса, қиын балалармен  жұмыс және тәртіп бұзушылықтың алдын алу мәселесі қазіргі кезеңде мектеп әрекеттерінің ішіндегі маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Осы мәселе бойынша педагогикалық-психологиялық  жұмыс жасай отырып, «қиын балалармен» әртүрлі іс-шаралар жүргізу жолдарын жетілдіру, оқушыларға құқықтық білім беру, жоғарғы әлеуметтік  құқықтың мәдениетін қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін табу және жүргізу қажет.   Қиын  оқушылармен жүргізілетін жұмыстың алғашқысы әрбір оқушыға күнделік арнау, оны бақылап,  зерттеу жұмыстар жүргізу және оның  нәтижесін жазып отыру қажет. Күнделік   ыңғайлы, тиімді, ұзақ уақыт пайдалануға лайықты болуы тиіс.  Бесіктен белі шықпай жатып, әрбір оғаш қадамына селт етпей сергек  қараған балалардың жат әрекетіне  баруына байланысты себеп не?   Кім кінәлі?  Қоршаған  орта ма? Әлде мектеп пе? Әлде жүре  түзеліп кетер деп  жат қылық істеген баласының  әрекетіне  немқұрайлы қарайтын  ата-ана ма? Болашақ тағдыры  бейтарап  қалдырмайтын  кез-келген  адамның осы сұраққа жауап іздеуі белгілі.

Қазіргі  қоғам жастардан  үміт күтуде.  Оларға мектеп те  тәрбиеге шақырып, білім алуына жағдайлар жасауға заман талабына байланысты жастарға білім беру мемлекетіміздің басты міндеті,  болашақ ұрпақтарымыз білімді, саналы азамат болып шығу, озық мемлекеттердің  қатарына қосылу керек. Олай болса, тәрбиені күшейтуіміз қажет.

Оқушылардың есейе келе, өздерiнiң жасаған құқық бузушылықтары үшiн үлкен өкінішпен қарау жағдайы көп болып тұрады.  Олай дейтініміз - кей ата-ана ойнап жүріп қасындағы баласының қолына іліккен ойыншығын  алып келген баласына қайдан алдың? – не болмаса «апарып бер» деген сұрақ – бұйрықтың орынына керісінше баласына, жат әрекетін  мақұлдағандығын танытса, ол баланың санасына сенім ұялатып, келесі сондай іс-әрекетті қайталауына жол ашады. Мұндай әрекеттің бірнеше рет қайталанылуы бала бойында қызығушылық туындатып, менменшілдікке, көрсеқызарлыққа, жат қылықтың бой көтеріп,  досының қолындағысын тартып немесе көрсетпей алу сияқты іс-әрекетін қалыптастырады. Бұл кішкене бала бойында байқалатын алғашқы ұрлықтың белгілері деуге болады. Оқушы жастағы балалардың  құқық бұзуының өмірде болып жатқан нақты жағдайларына тікелей байланысты емес. Ол белгілі бір ортаға кездейсоқ немесе жоспарланған түрде тамырлануы. Балалар құқық  бұзуының көбінесе қалада болуы, әлеуметтік тұрғыдан көптеген себептерінен түсіндіреді. Баланың өзіне, қоғамда пайдалы іспен айналыспауынан уақыттың көптігі, ауылдық клубтың жабылуы, күні бойғы бос сандалыс, көше кезу,  кері қадамға алғы шарт  бола алады. Осындай толып жатқан себептер жасөспірімнің таңғажайып оқиға жасауға ұмтылуына, керемет көрінуге, болашақ істейтін құқық бұзушылыққа, жоспар құруына немесе топтасып қылмыс істеуге жол ашады. Көбінесе бала бойынан, санасынан мықты орын алған қиялы ойша жетіліп арманын іске асыратын не асыруға асығатын балалар айналасындағыларды таң қалдыратындай етiп істеуге талпынады.

Қазіргі таңда тәрбие нормасынан алшақ, бұзақылық қасиеттерімен ерекшеленетін балаларды қиын бала, девианттық мінез-құлықты бала, ауытқушылығы бар бала және тағы басқа топтапға жатқызамыз.  Белгілі ғалым И.А.Невский  еңбектерінде ауытқушылық (девианттық) мінез-құлық деп қоғамда қалыптасқан нормаларға сәйкес емес мінез-құлықты-деп анықтама берген.





































1.2 Қиын оқушының мәселесіне қатысты теориялар


Қазіргі таңда қоғамда «қиын» оқушы мәселесі жиі қаралатыны хақ.Қиын оқушының шығуына әр алуан пікірлер бар.Осы тақырыпты мен өзімші пайымдап көрсем:

«Қиын» балалардың шығу себебіне :

  • қоғамдық жағдай мен өмірдегі тұрмыс жағдайы себепші болады;

  • балалардың мінез-құлқындағы жағымсыз ерекшеліктері мен психикасының өзгеше қалыптасуынан, немесе, қалыпты нормадан ауытқу

  • педагогикалық тәрбиесінің дұрыс болмауы деп қарастырар едім.

Бұзақылыққа бейім тұратын жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ата-аналардың жіберетін қателіктерінің әр түрлі екені белгілі. Олар:

1.Әлеуметтік жағдай:

- бақылаусыздық;

- назардан тыс қалуы;

- бос уақытының болмауы;

- отбасының толық болмауы.

2.Психологиялық жағдай:

-балалардың жас кезінде педагогикалық тәрбиемен жете қамтылмауы;

-оларды қайта тәрбиелеудегі асығыстық;

-балаға балдырған кезінде қатал болып, ал жеткіншек кезінде айтқанын орындата алмау;

- балаға жасынан толық еркіндік беру.

Осылармен қатар, ата-аналардың отбасындағы келіспеушілігі, өз жауапкершілігін терең сезінбеуі, бала қабілетімен санаспау, сенім білдірмеу, мінез-құлық ерекшелігін ескермеу, ұлттық тәрбиенің болмауы сияқты себептер де баланың бұзылуына әсер етеді. Сол сияқты, мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіздігі, мектепте сынып жетекшісінің баланың педагогикалық - психологиялық даму заңдылығын ескермеуі, жас ерекшелігіне қарай зерттемеу, құр уағыз айту, баламен санаспау (кейде жанын жаралау), сенімсіздік тудыру сияқты себептер де кездеседі.

Қазақ психологиясында баланың 11-12; 15-16 жас аралығын «жетіліп келе жатқан кезеңі», -дейді. Олар әрекет жасау жағынан әлі бала, ал талап қою жағынан ересекпін, – деп сезінеді.Бұл кезең «өтпелі кезең», «құбылмалы шақ» немесе акселерация кезеңі. Ол кез – ересектер талабына көнуі қиын кезең, жан дүниесінде жаңа құрылымдар пайда болып, бала ол өзгерістерге жол таба алмай қиналып, уайым шегетін кез.Сондықтан ата- ана мен ұстаз бірігіп баланың болашығын ойлау өте мағызды.

Тәрбиеленуі “қиын” балаларды болдырмау үшін ұстаз бен шәкірт арасында тартыс тумауы қажет. «Қиын» деген оқушының өзі бұзылған, бала емес екенін ескеру керек. Сондықтан да «қиын» бала тәрбиесінде мына жайттарды ерекше назарда ұстаған жөн деп ескеремін:

  • баланың жас ерекшелігін ескере отырып, рухани дүниесін терең зерттеп білу, жүрегіңізбен сезініп, оған қайырымды болу

  • аланың ішкі дүниесі мен қылықтарын, іс-әрекеттерін білу, мінезін түсіну үшін оның дамуына қажетті не екенін білу

  • мейірім мен сүйіспеншілік – екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін ұғыну

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы тағы да бір қолайсыз жағдай бала тәрбиесіне ата – аналардың әртүрлі көзқарасы немесе біреуінің бала тәрбиесінен шет қалуы , яғни , баланың толық емес отбасында тәрбиеленуі салдарынан болады. Отбасындағы орта қандай болса , бала сондай болып өседі.Мұндай жағдайды болдырмау үшін ата –ана не істеу керек?


- Жазалау мен шектеуді шектен тыс қолданбау
- Балаға жекелей ықпал жасау керектігін ұмытпау
- Танымдық қызығушылығын арттыру
- Баланы ағартушылықтың көптеген түрлеріне қатыстыру , бірақ жағдайды үнемі бақылауды ұмытпау
- Әңгімелесу , түсіндіру , бірақ бірден үлгілі мінез - құлықты талап етпеу
- Өзгерістерді бала өміріне кешенді түрде енгізу
- Мінез -құлқындағы кішкене болса да өзгерістерді бақылау
- Бала жетістікке өзі жету арқылы бақыт пен қуанышты сезіну
- Баламен әдепті сөйлесу.
- Балаға сену керек , әрине , бұл ең маңыздысы.




















ІІ.Тарау. Жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықты анықтау және жұмыс барысында қолданылатын әдіс – тәсілдер.


    1. Жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықтың болу себептері


Қоғам өмiрiнiң барлық салалары көптеген өзгерiстерге, бұрынғы мінез-құлық нормалары құлдырауға ұшырап жатқан кезде девиантты мінез-құлық мәселесі елiмiздегi ерекше өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан жасөспірімдердің жат мінез-құлықтарымен күресу мәселесі жас мемлекетіміздің алдында тұрған күрделі мәселе болып отыр. Мектептегі педагог, психологтар балаларды оқыту мен тәрбиелеуде сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, ашуланшақ, ата-аналар мен ұстаздарды тыңдамайтын, бұзақылықтар жасайтын балалармен жиі кездеседі.

Көбіне зерттеушілер мұндай оқушыларды «Қиын оқушылар», «Мінез- құлқында ауытқуы бар балалар», «Девиантты балалар» деп қарастырып жүр.

Жалпы девиантты мінез-құлық және қиын балалар ұғымына келетін болсақ, ол 1920-1930 жылдары пайда бола бастады

Девиантты мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді.

  • психологиялық денсаулық нормасынан ауытқу.

  • қандайда бір әлеуметтік-мәдени нормаларды, әсіресе құқықтық норманы бұзатын антиәлеуметтік іс-әрекет.

Сондай-ақ девиантты мінез-құлық бұл “балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті әрекеттер жасауы.

Әлеуметтік-психологиялық әдебиеттерде балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін факторларды төмендегідей бөліп қарастыруға болады:

· агрессивтілік;

· өзін-өзі басқарудың төменділігі;

· әлеуметтік нормаларды түсіну дәрежесінің төмендігі;

· ата-аналардың бақылауының жетіспеушілігі;

· ата-аналардың әсер етуінің тиімсіздігі;

· физикалық жазалау;

· жасөспірімнің отбасымен және құрдастарымен келіспеушілігі;

· отбасының құлдырауы;

· ерте ішімдікке салыну, таксикомания, нашақорлық;

· әлеуметтік қанағатсыздану;

· асоциальды топтарға қосылу.

Жасөспірімдер мен жастардың жат қылықтарға әуестенуінің негізгі басты себебі:

  • білімінің төмендігі, мәдениет деңгейінің жеткіліксіздігі,

  • қоғамдық пайдалы іске деген ниеттің жоқ болуы.

Сонымен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді педагогикалық мінездемелері жағынан төрт топқа бөлеміз:

Бірінші топқа жататын девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің мінез-құлқында дөрекілік, қатігездік, мейірімсіздік, үлкен-кішіні сыйламау сияқты әдет-дағдылар толық қалыптаспағанымен, олар іштей өз жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттеріне баға бере алмайды. Бірақ өз мінез-құлқын түзетуге талаптанады.

Екінші топқа жататындар адамгершілік қадір-қасиеттерді төмендей бастаған, әлеуметтік бағдарлары қоғамға жат сыңаймен сипатталады. Бұлар қатігездік қылықтарымен қатар, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық жасау, темекі мен наша тарту, уытты сұйық заттарды иіскеу сияқты әдеттерге икемдене бастаған. Бұл топқа тәртібі нашарлаған, құқық тәртібін бұзушы жасөспірімдер жатады, бірақ бұл балалар әлі бұзыла қоймаған, өз жүріс-тұрыстарын түзетуге мүмкіндік – қабілеті бар, тек педагог тарапынан басқаруды талап етеді.

Үшінші топқа өз мінез-құлықтарын басқара алмай, өзін-өзі тәрбиелеуге бейімділіктері жоқ жасөспірімдердің шағын тобы жатады. Қоғамға жат мінез-құлықтары қалыптаспағаны сонша, олар өздерінің теріс қылықтарына талдау бере алмайтын жасөспірімдер. Бұл топқа қатігездік, зорлық-зомбылық көрсетумен қатар ұрлық, тонау, ішімдік және наша тарту істеріне әбден машықтанған жасөспірімдер енеді.

Төртінші топқа жұйке ауруларына (невроз, неврастения, кісіні мезі қылатын әдет) шалдыға бастаған балаларды жатқызамыз. Мұндай жасөспірімдерге педагог-психологтар мен дәрігерлер тарапынан дербес қарым-қатынас, ілтипат, сый-құрмет, жылы лебіз қажет етеді.

С.А.Беличева девианттық мінез-құлықтың әлеуметтік ауытқуын былайша жіктейді:

     1. Пайдакүнемдік бағытта: құқық бұзушылық, материалдық, қаржылық, дүние-мүліктік пайда табуға ұмтылумен байланысты (ұрлау, тонау, алып сату, алаяқтық, және т.б) жасаған теріс әрекеттері.

    2. Агрессиялық бағытта: адамға қарсы бағытталған әрекеттер (балағаттау, бұзақылық, ұрып-соғу, өлтіру, зорлау)

   3. Әлеуметтік-енжар тип: белсенді өмір сүруден қашуға, азаматтық борыштарын өтеуден қашуға, жеке және әлеуметтік мәселелерді шешкісі кемеуге ұмтылу жұмыстан, оқудан бас тарту, кезбелік, маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, өзіне-өзі қол жұмсау).

Қазіргі таңда мектеп қабырғаларында жүргізіліп жатқан өнегелік тәлім-тәрбие деңгейі төмен деуге болмайды. Бірақ қадағалаудың аздығы тәрбиенің тиісті деңгейде болмауы оқушылардың тәртіпсіздікке, жат қылық жасауына, тіпті қылмыстық жолға түсуіне себепші болады.

Сондықтан, бұл тұста, оқушылар арасындағы қылмыстылықтың алдын алу үшін халыққа білім беру бөлімдері мен мектеп ұжымдары біріге отырып, мынадай шараларды жүзеге асыру қажет:

Біріншіден, мектеп қабырғасында құқықтық және өнегелік тәрбиенің тиісті деңгейде жүруін және бұл мәселемен арнаулы мамандардың айналысуын қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, оқушылардың бойында жоғары сезімдерді, өнегелік,  эстетикалық, құқықтық және саяси білімдерді ұялату және нығайту үшін әрбір мектепте педагогикалық - психологиялық қызметтер құрып, олардың типтік ережелерін жасау керек.

Үшіншіден, әрбір мектеп қабырғасында оқушылар үшін әлеуметтік қызметтер кешенін, оның ішінде әлеуметтік-психологиялық заңдық көмек беру қызметін, балалардың сабақтан кейінгі бос уақытын ұйымдастыру мақсатында демалыс орталықтарын ақысыз негізде құру қажет.

Педагогикалық және құқықтық әдебиеттерде, бос уақытты дұрыс қолдана білмеу және оның тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы кәмелетке толмағандарды қылмысқа жетелейтін басты себептердің бірі, деп ерекше атап көрсетіледі. Осыған орай жастарды өсуге ынталандыру, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру мақсатында үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, онда жастар тәрбиесіне қатысты барлық мәселелер қарастырылуы қажет.

Оқушы жастағы балалардың бос уақытын мазмұнды етіп, өткізуін ұйымдасттырудың маңызды бағыттарының бірі ретінде ұлдар мен қыздарды қоғамдық жұмыстарға тарту және оларға қоғамдық жетекші тағайындау.

Сонымен, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын-алу барысындағы құқық бұзушылық мiнез-құлықтың алдын-алу шарасы мектептегi  педагогикалық iс-әрекеттiң құрамдас бөлiгi болып табылады.

Бүгінгі таңда оқушы жастағы балалардың арасында педагогикалық тұрғыдан қараусыздық жасөспірім бойында қоғамға қарсы қажеттіліктердің туындауына, достық, борыш, абырой сияқты түсініктерінің бұрмалануына себепші болады. Олардың енді қалыптасып келе жатқан рухани, эстетикалық және танымдық қажеттіліктері деформациялана бастайды.

Оның үстіне педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған оқушылар арасында педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған жасөспірімдерді мынадай 4 топқа бөлуге болады:

1) тентек немесе ерке деп анықтайды;

2) отбасы тарапынан шеттету, көзтүрткі көрген жасөспірімдер;

3) қараусыз қалған балалар;

4) жат әрекеттердің тұрақты ықпалындағы және ересектердің құқыққа қарсы талаптарға әсеріндегі жасөспірімдер.

Тентек жасөспірімдер олар жасалған ерекше жағдай қалыптастырады. Мұндай жағдайда бала өзімшіл, жеңіл өмір сүруді жақсы көретін болып өседі. Ал, кейбіреулерi ашынған, жабырқау күйде болады. Олар әдетте өзінің болашағына сенімсіздікпен қарайды.

«Тәрбиеленуі қиын» жасөспірімдердің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, олардың қылмыстылығының алдын алуға байланысты кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекция қызметкерлері және оларға тағайындалған жетекшілер немесе қоғамдық тәрбиешілер мынадай жұмыстар жүргізуі қажет:

- жасөспірімнің отбасында немесе мектеп ұжымында жатырқауын жою;

- отбасы және мектепте жасөспірім бойында қалыптасқан сенімсіздікпен қарау сезімін жоюға жағдай жасау;

- жасөспірім үшін маңызды болып танылатын жағдайлардың бәрінде оған моралдық, ал қажет болған жағдайда материалдық көмек көрсету;

- өзіне, өз қабілеттігіне сенуге, өзінің жақын және алыс болашағын жоспарлауға, сондай-ақ ол жоспарларды жүзеге асыруға көмектесу;

- ұжымда мұндай жасөспірімдердің жағымды қасиеттерін көрсетуге, сонымен бірге, басқаларға өзін танытуға мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыру.

Сонымен қатар, қараусыз балалар және қаңғыбас балалар да қиын балалар қатарын толықтырады. Ол балалардың   қылмыстық жолға түсуіне жол бермеу бағытында жасалатын тәрбие жұмысына келетін болсақ, бұл ретте халыққа білім беру бөлімдері мен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекция арқылы мынадай жағдайлар ескерілуі қажет:

- отбасында және мектепте қараусыз қалған балалардың бақылаусыз және құр сандалыспен уақыт өткізу мүмкіндігін жоятын жағдайларды қалыптастыру;

- мұндай жасөспірімге мектеп өмірінің немесе өзге де балалар ұйымындағы өмірдің қызықты екендігін көрсету, оған қатыстыру, сол арқылы оған құр босқа уақыт өткізудің және ұжым өмірінен шеттеудің өзінің ең қымбат, бағалы уақытын жоғалтумен бара-бар екендігіне көзін жеткізу;

- ұйымдасқан жасөспірімдер тобына және онда үстемдік ететін дәстүрлерге сын көзбен қарай білуге үйрету.

























2.2 Қиын отбасы балаларымен және ата – аналарымен жұмыстану барысындағы қолданылатын түрлі әдіс – тәсілдер (тренинтер)


Осы жобаны қолға алу барысында қиын отбасы балаларымен және ата- аналарымен жұмыстану барысында бірнеше әдіс – тәсілдерді саралап,өзіме ыңғайлы тәсілдермен жұмыстандым.Ата- аналармен әңгіме,сұхбаттар өткізу арқылы баланың жағдайын,жай-күйін біліп, хабардар болып отырдым.

Жоба барысында жұмыстанған бірнеше әдіс – тәсілдерім ең қарапайым болса да, ең тиімді.Солардың бірі:

  1. Бақылау – баланың іс- қимылын,сөзін әртүрлі іс- шаралардан, сабақ айтқанынан байқау.

  2. Әңгімелесу- баламен сөлесу арқылы оның ішкі дүниесіне ену,проблемасын білу,түсіну және оны шешуге бағыт - бағдар сілтеу.

  3. Сауалнама- арқылы бала туралы ақпарат жинау.Сауалнаманың мазмұнында негізгі проблема ғана болуы тиіс.Ойы,мінезі,әлеуметтік демографиялық жағдайы,белгілі бір бағыт бойынша қызығушылығы.

Сұрақтар мынандай түрде болуы мүмкін:

  • Сұрақ (дайын жауаптардан керегін бала өзі таңдап алады.)

  • Өз бетімен жауап беру

  • Тура жауаптар

  • Жанама жауаптар

  1. Сұхбаттасу - алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап алу. Сұхбаттасу мынандай түрде болуы мүмкін:

- қарапайым жағдайда сөйлесу

- баланың үнемі болатын ортасында сұхбаттасу

- жауап беру мүмкіндігін ескеру

- белгілі бір уақыт ішінде жауап беру керектігін айту

- үшінші адамның көмегінсіз әңгімелесу;

  1. Тест – стандартты тапсырмалар арқылы зерттеу.Жауаптарды белгілі бір жүйе арқылы сараптау,талдау қажет.

  2. Тренинг өткізу - әлеуметтік – педагогикалық, психологиялық тренингтер өткізу.

  3. Жаднама тарату - бала құқығы, құқықбұзушылық, ата анаға кеңес атты ақыл кеңестерді жаднама түрінде шығарып тарату.


А. С. Макаренко: «Тәрбие – баламен сөйлесумен, оған ақыл - кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие - тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі - өнеге көрсетуінде»,- дейді. Баланы жас кезінен бастап сыйлап, қадір - қасиетін, ар - намысын бағалап, дұрыс сөйлеп, дұрыс қарым - қатынас жасаған абзал.

Баланың айтайын деген өтінішін, ақылдасқысы келген мәселесін ата - анасы тыңдап, ақыл - кеңес беруі керек.
Ата - ана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол екені белгілі.
Қиын оқушы туралы қысқаша мәліметтерді қорытындылап, алдағы уақытта қиын оқушымен жұмысыңызда қажетіңізге жарайды деген үмітте бірнеше жаттығулар жүргізуді жоспарладым. Ендеше сол жаттығуларды бірге жүргізсек.

«Бәрібір де сен жақсысың, өйткені...» жаттығу


Ойынның шарты:
Қатысушылар арасынан 6 адам шығып, 3-3-тен екі топқа бөлініп тұрайық. Бірінші топтағы қатысушылар «Оқушы мені жақсы көрмейді, себебі...» деп әңгіме бастайды.
Екінші топтағы қатысушылар тыңдап болып, « Бәрібір де сен жақсысың, өйткені...» деп жалғастырады.

Талдау:


* Сіз серіктесіңіздің әңгімесіне түгелдей лайықты жауап бере алдыңыз ба?
* Жауап беру қиын болған жоқ па?
* Қиындық не нәрсеге байланысты болды деп ойлайсың?
* Қолдау тапқан кезіңізде қандай сезімде болдыңыз?

«ЭМОЦИЯ» жаттығуы



Мақсаты: Мұғалім бойында әртістік, эмоционалдылық, иілгіштік, оқушылармен қарым қатынаста образдық пен тірлік техникаларын дамыту.

ТАПСЫРМАЛАР
1. Үзіліс кезінде шулап жатқан балалар қоңыраудың, соғылғанын, сіздің сыныпқа кіргеніңізді байқамады. Бір оқушының лақтырған бас киімі сіздің бетіңізге тиіп кетті. Сіз не істейсіз?
2. Сіз сабақ өткізудесіз. Мектепке сирек келетін ата - ананың бірі есік қақпастан кіріп келіп, әй - шай жоқ, партада отырған қызының жанына жүгіріп барып, айналып - толғанып ертіп әкете жөнелді. Сіздің әрекетіңіз?
3. «Тез келсін!» деп сізді директор шақыртыпты. Кабинетіне кіріп келсеңіз ашуланып тұрған директор сіздің еш қатысыңыз жоқ оқиға жөнінде ұрса жөнелді. Сіз ештеңе түсінбей, аңырап қалдыңыз. Не істейсіз?
4. Сыныбыңда бір оқушының темекі тартып жүргенін байқадыңыз. Баланың өзіне ескерткеніңізде мойындамады. Сіздің әрекетіңіз қандай?
5. Сыныбыңызда ұлдар өте тентек. Сыныбыңыз үшін үнемі ескерту аласыз. Шаштары өскен, үнемі ескертесіз. Бірақ орындалмайды. Ата - анаға барсаңыз «жалғыз сол ма?» деген сияқты дәлел айтады. Сіздің әрекетіңіз?

АУТОТРЕНИНГ


Көз алдыңызға жаңа көрген табиғат көріністерін елестетіңіз.
- Терең дем алып, әуеннің ырғағына зейін аударып, менің сөздеріме құлақ салыңыз.
- Ал, бастаймыз. (музыка қосылады)
- Соқпақ жолмен жүріп келесіз …
- Жол ұзақ, шаршадыңыз, шөлдедіңіз …
- Кенет алдыңыздан ғажайып бақ көрінді …
- Алма бағы …
- Қып-қызыл алмалар қол созым жерде …
- Сіз үзіп алып жей бастадыңыз …
- Дәмі керемет …
- Жеген сайын жегіңіз келеді …
- Қалтаңыздан дорба алып алмаларды жинай бастадыңыз …
- Күн кешкірді … Қайту керек … Бақтан шығып жолға түстіңіз …Иығыңызда дорба.
- Жүгіңіз ауыр. Жол бітер емес. «Тастап кетсем бе екен?» деген ой келді …
- Сіз дорбаны емес, жалқау ойыңызды тастап кетіңіз …
- Міне, қалашыққа да жеттіңіз … Алдыңыздан қуана секіріп балалар шықты …
- Оларға өзіңіз терген алмалардан үлестіре бастадыңыз …
- Алма тергеніңіз мұншама абырой болар ма?
Сізге балалар да, олардың ата-аналары да дән риза …
- Балалардың бақытты күлкісі сіздің де көңіліңізді көкке көтерді!

«МЕНІҢ ЕҢ ҚИЫН ОҚУШЫМ» ЖАТТЫҒУ



МАҚСАТЫ: мұғалім бойында балаға деген жағымды эмоциялы қатынасын дамыту, қиын балалармен қарым - қатынас жасау жолдарын бөлісу
ШАРТЫ: Сынып жетекші өз сыныбындағы бір қиын оқушы жайлы, оның түр әлпеті, өзін сабақта қалай ұстайтындығы, оның үлгерімі туралы айтып береді немесе соған байланысты болған ситуацияны баяндап беруі тиіс.

Талдау
- Жаттығуды орындау қиын болды ма?
- Қиын оқушының эмоциясын салу барысында қандай ойда болдың?
- Не қиындық келтірді?
Сонымен тренинг сабағымызды қорытындылай келе, тәрбиесі «қиын» жасөспірімдерді тәрбиелеу проблемасын ата - аналар, психологтар, педагогтар болып бірігіп қолға алуымыз қажет. Өйткені, тәрбие саласында жүрген кемшіліктерді уақыт өткен соң қайыра қалпына келтіру қиын.
Жас шыбықтың шорт сынбай, қайырылса да қайта орнына келгенінің жақсы болатыны секілді, қиюы келіспесе де қиын баланы тәрбиелеу қажырлы, қайратты еңбекті талап етеді.
Ұрпағымыздың жұмсақ мінезді, мейірімді, байланыс жасауда қиындық тудырмауы үшін, өмірдің қатал сынына төзбей «қиын бала» атанған бауыр етіміз балалардың тәрбиесіне бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып іске кірісуіміз қажет.



Сергіту. (Ата- аналарға)


Тапсырма: Алдарыңыздағы қағаздарға сіз үшін өміріңізге қажетті  құндылықтарды жазыңыздар. Саны  - 11. Мысалы, ақша, денсаулық, білім.

Енді төртеуін шығарып тастаңыздар, тағы үшеуін шығарыңыздар. Енді екеуін шығарыңыздар. Қолдарыңызда біреуі қалды және ол  көбіңізде «Бала» сөзі болар. Олай болуы заңдылық. Өйткені «Бала - ата-ананың бауыр еті», ұрпағын жалғастырар жалғасы. Әр ата-ана баласы үшін өмір сүреді.

        
















Қорытынды

Қиын балалардың отбасындағы беріктігі және өнегелі отбасында өнегелі ұрпақ тәрбиеленетіні сөзсіз. Қиындықты шешудің негізгі жолы-отбасында қарым-қатынастарды орнату.

В.Сухомлинский тәрбиені отбасы жағдайын зерттеуден бастайды. Ол баланың сабақ үлгерімінің жақсаруымен қоса денсаулығының мықты болуына ,ой-өрісінің кеңеюіне көңіл бөлді және балалардың 3-4 сыныптарға деиін бірқалыпты ,тәртіпті болып келіп, 4-сыныптан кейін бастайтындығын түсіндірді. Ересек кезең – бала тәрбиелеудегі ең қиын кезең екендігін айта келіп, ата-аналарды балалармен сырласуға шақырады.

Отбасының қоғам мен мемлекет, тіпті күллі адамзат алдындағы атқаратын қажеті сан қырлы . «Отан отбасынан басталады» десек, адам тәрбиесі – Отанды сүю, өмірге құштарлық , сұлулықты тану бала кезден жанұяда басталатыны баршаға аян.

Қазақ халқы-ғажап тәлімгер.Халықтық педагогиканы оқыту үрдісінде пайдалана отырып, ұлттық тәрбие беруде жеткіншектерге тілі мен әдебиетін ,тарихы мен өнерін қастерлеп, салт-дәстүрін меңгерту-оқушыға қажет.

Халқымыздың рухани мұраларының бірі-салт-дәстүр. Сол арқылы ұрпаққа адалдық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, отбасы тәрбиесіне байланысты тәлім-тәрбие беретіні ежелден белгілі. Жасөспірімдерді, нашақорлықтан, ұрлықтанарашалауда, олардың санасына кісілік, адамгершілік қасиеттің рухын ұялатуға берері көп Ата-бабаларымыз әдептілігімен, өнерпаздығымен отбасы мүшелерінің бір-біріне дегенөзара достық қарым-қатынасымен, ерең еңбегімен балаларына үлгі өнеге көрсеткен. Тілі енді шығып келе жатқан нәрестенің дұрыс анна тілінде сөйлеуіне де зор мән берілген,әртүрлі жаңылтпаш, мақал-мәтелдер үйрететін,ерптегілеп айтып беретін ата-аналарының «Бала біздің болашағымыз» деп қарауы болашақ ел ұрпағының жақсы адамзат болып өсуіне зор ықпалы тигізері анық.

«Елдің көркі тіл десек, тілдің көркі сәби ме деп қаласың», -деп Қ. Мырзалиев тегін айтпаған. Сондықтан отбасы мүшелері арасында жақсы қарым-қатыныс қалыптасқан болса.олар өз анна тілінде сөйлесе, ол жанұяда мәдениетті азамат өсіп шығатыны сөзсіз.

Бүгінгі ХХІ ғасыр талабында жан-жақты ел тарихын жетік білетін , заман талабына сай азаматтарды тәрбиелеу-басты міндет.












Пайдаланған әдебиеттер тізімі:



1.Воспитание трудного ребенка. Учебно-метод. Пособие. М.И.Рожкова.М., 2001

2. Агафонов А.Н., Менлибаев К.Н.,Буйнова Л.П. Социальная работа с молодежью девиантного поведения. Петропавловск,2000.

3.Дүйсекенова А.К. Қиын балалар және олармен жұмыс істеу ерекшеліктері, 2003.

4. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика, Алматы, 2000.

5. Жолмұханова Б. Қиын оқушыны тәрбиелеу // Оқушы тәрбиесі №1, 2009.

6.Мектептегі сыныптан тыс жұмыстары .2007 ж. №5

7. М.Жұмабаев «Педагогика»





























Қосымша

«Сіз қандай ата-анасыз?»


1. Кез келген ісіңізді тастай салып баламен айналыса аласыз ба?

2. Балалардың жасына қарамай, онымен ақылдаса аласыз ба?

3. Балаңызбен қарым-қатынас барысында жасаған қателеріңізді мойындайсыз ба?

4. Өзіңіздің қателігіңіз үшін балаңыздан кешірім сұрайсыз ба?

5. Балаңыз жасаған іс ашуландырған кезде өзіңізді ұстап, ашуды жеңе аласыз ба?

6. Балаңыздың орнынаөзіңізді қоя аласыз ба?

7. Бір сәтте сізге мейірімді адам деп сенуге бола ма?

8. Өзіңіздің басыңыздан өткен балалық шағыңыздан ескерілетін жағдай айтасыз ба?

9. Балаңыздың жүрегін жарақаттайтын сөздерді, сөйлем тіркестерін атамауға тырысасыз ба?

10. Балаңызға уәде беріп, жақсы мінез-құлқын ескере отырып уәдеңізді орындайсыз ба?

11. Балаға қалаған ісін жасауға, өзін ұстауға кедергі жасамай бір күн еркіндік, бересіз бе?

12. Басқа бала сіздің балаңызға дөрекілік көрсетсе, себепсіз ренжітсе, көңіл аудармайысыз ба?

13. Балаңыздың көз жасы, дөрекі еркелеуі екенін білесіз, соған қарсы тұра аласыз ба?


Жауабы:


1. Әрқашан жасаймын, келісемін – 3 балл

2. Кейде ғана келісемін – 2 балл

3. Келіспеймін — 1 балл


Сауалнаманы бағалау өлшемдері:

0-16. Бала тәрбиесі – сіз үшін үлкен проблема. Бала тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін педагог немесе психолог мамандардың көмегіне сүйеніңіз.

16-30. Балаға қамқорлық жасау – бірінші кезектегі маңызды іс. Сіздің бойыңызға тәрбиешілік қабілет бар, бірақ тәжірибеде әрқашан бір қалыпты бір бағыттағы мақсатпен әрекет етесіз. Кейде қатал, кейде мүлдем жұмсақсыз. Сізге жауапкершілікпен ойлану керек.

30-39. Бала сіздің өміріңіз үшін ең құнды болғаны. Сіз балаңызды тек түсініп қана қоймай, әрі ойын тануға, сыйлы көзбен қарауға тырысасыз.



Ата-ана мен баланың қарым-қатынасындағы қаталдық көріністерін зерттеу.

1. Бала сізді тыңдамаса, не істейсіз?

а) оған айғайлайсыз;

ә) әңгімелесесіз, көндіресіз;

б) оның ақталғанына мән бермейсіз, үндемейсіз;

в) оны ұрып тастауыңыз мүмкін;

г) желкесінен ұрасыз;

д) оның кінәсін түсіндіруге ұмтыласыз;

е) басқаша іс-әрекет жасаймын (қандай) ___________________________________________

2. Сіздің көңіл-күйіңіз болмаса, өшіңізді балаңыздан аласыз ба?

а) жиі;

ә) сирек;

б) ешқашан;

в) айту қиын;

г) басқаша (қандай) ____________________________________________________________

3. Сіздің балаға айғайлауыңызға, қорқытып-үркітуіңізге, ұрып-соғуыңызға әкелетін себептерді көрсетіңіз:

а) тәрбиелеуге ұмтылу;

ә) балаға қатысты емес ашу туғызатын жағдайдан құтылу үшін;

б) әйеліммен (күйеуіммен) ұрысып қалғаным себепті;

в) балам бір нәрсені талап етеді, сұрайды;

г) балам мені ренжіткенде;

д) ұрып-соғу үшін;

е) өзімнің көзқарасыма оны сендіру үшін;

ж) түсіндіре алмаймын;

з) басқа себептер (қандай) _______________________________________________________

4. Сіздің кейде баланы ұрып-соғып, үйден қуып, қараңғы бөлмеге қамап қойғыңыз келген сәттер бола ма?

а) иә;

ә) жоқ;

б) ешқашан;

в) айту қиын;

г) басқа (қандай) _______________________________________________________________

5. Баланың күнәсі ауыр болған жағдайда қандай жаза қолданасыз?

_______________________________________________________________

6. Жазып көрсетіңіз:

Жасыңыз қаншада? ____________________________________________________________


Отбасыңызда неше бала бар? ____________________________________________________

Олардың жасын көрсетіңіз? _____________________________________________________

7. Сіз бала кезіңізде ата-анаңызды тыңдамаған сәттерде, олар:

а) көндіргісі, сендіргісі келетін еді;

ә) үндемейтін;

б) желкемнен соғып қалатын;

в) ұрып-соғатын;

г) күш қолданатынын айтып қорқытатын;

д) басқаша _________________________________________________________________

8. Үйдегі мерекелерді, қуанышты сәттерді жазып көрсетіңіз:

__________________________________________________________________

Ата-ананың аты-жөні: __________________________________________________________































Оқушыларға арналған сауалнама:



1. Сабаққа қандай көңіл- күймен келесің?

Себебі ....

2. Мектепке қандай мақсатпен келесің?

3. Осы пәнге деген қызығушылығың қандай?

Неліктен .....

4. Осы пән саған ұнай ма? Неліктен .....

5. Осы пәннің қалай өткізілгенін қалайсың?

6. Сабақтың қалай ұйымдастырылғанын қалайсың?

Топпен.......

Жеке.........

Жұппен........

7. Сабаққа белсенді қатысасың ба?

Жоғары деңгейде, себебі......

Орташа деңгейде, себебі ....

Төменгі деңгейде, себебі ....

8. Топпен жұмыста кіммен бірге болғың келеді?

9. Сабақ барысында не маңызды деп ойлайсың?

10. Мұғаліммен қандай қарым -қатынаста болғың келеді?























Сырым білім беру бөлімінің жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің әлеуметтік педагогы А.С.Анесованың іс-тәжірибесінен алынған «Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалармен жұмыстану барысындағы түрлі әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы әдістемелік құралға



ПІКІР


Бұл әдістемелік құралдың бірінші тарауында өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар,қиын оқушы туралы түсінік бере отырып, бала мінез-құлқының бұзылу себептерінің әлеуметтік және психологиялық жағдайлары айтылған.

Екінші тарауда жасөспірімдік кезеңде девиантты мінез-құлықты анықтау және жұмыс барысында қолданылатын әдіс – тәсілдер жинақталған.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, дайындалған «Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалармен жұмыстану барысындағы түрлі әдіс-тәсілдер» атты әдістемелік құралы мектептің әлеуметтік педагогтарына қосымша әдістемелік көмек болады деп ойлаймын.


Пікір беруші:


Сырым аудандық әдістемелік кабинет әдіскері М.Баялиев


PAGE \* MERGEFORMAT 25 


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!