Материалдар / "Қызға қырық үйден тыйым” тәрбие сағаты
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

"Қызға қырық үйден тыйым” тәрбие сағаты

Материал туралы қысқаша түсінік
Қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, қыз намысы, сымбаты туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани -адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту. Жеке бас гигиенасын сақтауға, әдепсіз болмауға тәрбиелеу.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
31 Қаңтар 2022
2246
4 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Сабақтың тақырыбы: “Қызға қырық үйден тыйым”

Сабақтың мақсаты: қыз балаларға адамгершілік, адалдық, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, қыз намысы, сымбаты туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы қыз балалардың бойына рухани -адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерді дамыту. Жеке бас гигиенасын сақтауға, әдепсіз болмауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: «Қыз - елдің көркі» газеті, суреттер көрмесі, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер. Проектор.
Барысы.

Сынып жетекшісі: Қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген. Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, жанының нәзіктігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы: «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз –елдің көркі, гүл - жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы бар үйдің қызығы бар», т.б.


1-жүргізуші: 

Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын

Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білгін ізгі салтын.


Құрметті ұстаздар, оқушылар 7 «Б» сыныбының “Қызға қырық үйден тыйым” тақырыбындағы ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Бүгінгі тілге тиек болар әңгіме жастарға, оның ішінде қыз балаларға беріліп жатқан тәрбие. Сөз басын елбасымыздың Нұрсұлтан Әбішұлының «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ » , – деген сөзден бастасақ.

2-жүргізуші: Я, дұрыс айтасың. Халқымыз «қыз – қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қанша ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек ата-анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр.

1-жүргізуші: Біз қыз баланың бойынан нені көргіміз келеді: нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілік пен ұялшақтықты, өнерпаздық пен іскерлікті, шеберлік пен ақ ниетті, ақкөңіл қасиеттерді.
2-жүргізуші: Қазақ халқында «Қыз – елдің көркі, гүл - жердің көркі» деген мақал бар. Мақалдың мәні қыз баланың нәзіктігін, сүйкімділігін, салтқа беріктігін көрсетеді.

Баяндама:

«Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» (мақал). Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым. Бұл балалар мен жастарды жаман әдеттерден сақтандырып, жақсылыққа бейімдеуден шыққан педагогикалық ұғым. Осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай істерге қатаң тыйым салған. Ел ішінде тыйым түрлеріне байланысты сөздер көптеп саналады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе», - дейді М. Әуезов.
Отбасы тәлім – тәрбиесіне ел тағдыры, халық болашағы байланысты. Халқымызда «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақал бар. Осыдан қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отырғанын білсек керек. Бүгінде Абай, Шоқан сынды даналарды өмірге әкелген отбасы институтын сақтап қала алмай отырғандаймыз. Шындығына келгенде бала тәрбиесі – жаумен арпалысып, елді қорғаумен тең жұмыс. Бала туылғаннан бастап, жеген тамағы, білгені таза болуын қадағалаудың өзі – қиынның қиыны. Ұлжан анамыз Абайды дәретсіз емізбеген. Ұлжан анамыз ғана емес, дәстүр бойынша кез – келген қазақ осылай тәрбие берген.

1-жүргізуші: Олай болса, осы әнімізді қыздарға арнайық. Ән: «Қазақ қызы».

1-оқушы: «Қазақ қызы!» Қандай қастерлі сөз! Ежелден ер азаматпен қатар түзде жауға қарсы найза ұстаған, үйде ошақтың берекесі, алыптардың анасы атанған Қазақтың қызы. Он мың әскерімен парсының патшасына қарсы тұрған Тұмар, даналығымен белгілі Айша бибі, Жиреншеге серік болған Қарашаш, жары дүние салғанда ошағын сөндірмей тағын ұстап, хандық құрған Айғаным ханым, жер мен су жарлыға берілсін деп ұрандаған Шолпан, Алма, фашистке қарсы қан майданда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк, еңбек майданында алға озған Кәмшат, Желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззат, егемендіктің туын көтерген сәтте барша жұрттың анасындай болып жүрген Сара апайымыз тізімін бастаған қазақ қыздары қашанда өз қадірімен ерекшеленді. Тарихтан ойып тұрып орын алды

2-оқушы: Бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген. «Адам көркi – шүберек, ағаш көркi – жапырақ», «Қыз өссе – елдiң көркi», – деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама камзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзi – қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi. Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. «Қыз – қылығымен сүйкiмдi», «Қызым үйде, қылығы түзде» деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.

2-жүргізуші: Бұралып қыздар біздің билеген де,
Қазақтың асқақ әні тербегенде
Қол соқпай дәті шыдап тұра алар
Құрбылар айтыңдаршы қандай адам. 
Би: Достық биі

1-жүргізуші: Қазақ отбасында қыз баланы қалай тәрбиелеген екен, соған тоқталайық.
3-оқушы: Қазақ отбасының маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие. Ата-ананың міндеті – жас ұрпаққа аға ұрпақтың әдет-ғұрпын, адамшылық, адамгершілік, инабаттылық, сыйлау қасиеттерін сіңіру. Әсіресе, қазақ отбасында басқа ұлттарға қарағанда, қыз бала тәрбиесі ерекше орын алады. Қазақ халқы қыз баланы ардақтап ұстаған, оның көңілін қалдырмаған, оған қарсы сөйлемеген, оны мәпелеп өсірген және де қатал ұстап, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған.
4-оқушы: Қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Ана қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда ерекше қызмет етеді. Қыз бала анаға бір табан жақын ғой. Басқа ұлтқа қарағанда, біздің қазақ қызының бойында ізеттілік, ар-ұят, ұялшақтық, үлкенге қызмет көрсету, үлкеннің алдын кесе-көлденең кесіп өтпеу, жаны ашу қасиеттері басымырақ сияқты. Осындай қыз балаға тән қасиеттерді қызының бойына сіңіретін ең бірінші – ол анасы. Қыз баланы жастайынан үй сыпыруды, яғни үйді таза ұстауға, төсек жинауға, ас пісіру, шай құю, кесте тігу, т.б. жанұяның үй жұмысын үйретуді анасы мен әжесі өз міндеттеріне алған.
5-оқушы: Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі - шашы» деп, қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын «қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ халқының жырларында қазақ қыздарының шаштарын керемет суреттеген: «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты», т.б.
6-оқушы: Халық арасында бойжеткен қызды ажарына қарай жетіге бөлген: Әдемі қыз - баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын; Көрікті қыз - істі үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын; Шырайлы қыз - көз жанары өткір, бет-әлпеті балбұл жанған, тәні шымыр; Сұлу қыз - сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін, келбетті; Ару қыз - бет пішіні, дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы; Ажарлы қыз - дене бітімі жинақы, тығыршықтай, сөзі салмақты, ісі тиянақты; Әсем қыз - жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік.

(Көрініс) «Қызы бар үй»
2-жүргізуші: Қыз баланың жақсы болып өсуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының да әсері күшті. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан: ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен.
1-жүргізуші: Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу - қазіргі отбасына үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүрлер.

2-жүргізуші: Домбыра, күмбірлеші күніндей боп қазақтың
Өзіңменен бірге жүргем ұзақ жолында азаптың
Үніңменен жазылады жарасы
Үніңменен жалғанады ұрпағым,- күй орындайтын Есенкелдиев Қ


1-жүргізуші: Әрбір ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» . Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған әрбір үйде мынадай қырық істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Олар

1. Жарыса сөйлеуге
2. Жалғыз қыдыруға
3. Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге
4. Орынсыз ұрынуға
5. Басқаларға қол тигізуге
6. Өтірік, өсекке
7. Суық жүріс, сумаң қылыққа
8. Кісіге қарай керіліп есінеуге
9. Талтайып отыруға
10.Шалқайып жатуға
11.Тамақты обырлана асауға
12.Ұрлық-қарлыққа
13.Ұятты мүшелерін ашып жүруге
14.Бұраңдап қылымсуға
15.Қызыл іңірде жатуға
16.Түске дейін ұйықтауға
17.Кісі алдында киім ауыстыруға
18.Салт-дәстүрден аттауға
19.Елді ғайбаттауға
20.Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға
21.Ішімдік пен шегімдікке
22.Ұрыс-керіске
23.Беттен алып, бет жыртысуға
24.Қараулыққа, ысырапқа
25.Рахымсыздық пен қатыгездікке
26.Түнде суға жалғыз баруға
27.Жат жыныстылармен араласып жатуға
28.Күйеуге қашып тиюге
29.Әдепсіз сөзге
30.Тарс-тұрс етуге
31.Адам мен жануарларды тебуге
32.Кісіні қорлап жәбірлеуге
33.Тәкәппарлық пен сыйқымазақ жасауға
34.Айғай сүреңге
35.Шектен тыс сыланып жасануға
36.Қызғаншақтық пен күншілдікке

37.Менмендік пен өзімшілдікке

38.Алдап-арбауға

39.Көрсеқызарлыққа
40.Нәпсі құмарлыққа тыйым

1-жүргізуші: Нағыз жігіт – қорған болар халқына,
Нағыз жігіт – берік болар антына,
Нағыз жігіт – жалғастырып дәстүрді.
Адал болар ата – баба салтына.
Иә бүгін мектеп партасында отырған ұл, ертеңгі жігіт, ер азамат, елдің тірегі. Ал азаматтың жүгі ауыр. Мен қазақпын дейтін азамат өзінің шыққан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата - жұртын қастерлеп, жадында ұстау керек. Олай болса кезекті жігіттерге берейік. Ән:

1-жүргізуші: Сымбатына сән киімі жарасатын

Аспандағы айменен таласатын

Өнеріне сай келіп тұрғанына,

Бишілерге қызығып қарасасың

Бишілер тобын ортаға шақырамыз

2-жүргізуші: Қыз ананың көркі де, жаны да,

Қыз бақтың жапырағы, талы да.

Қыз көңілдің бүршігі ғой гүл атқан,

Қыз елдің жүрегі де бағы да.

Олай болса, Қанатбекті қарсы алайық
Дауысына сүйсініп тамсанайық
Ерке ұлдың талантына тәнті болып,
Уа, халайық, жұмыла қол соғайық!
Ән: Орындайтын: Есенкелдиев Қ.

1-жүргізуші: «Ел болам десең – бесігіңді түзе » деген, ел сенімін ақтап, болашақ ана болар, тәуелсіз еліміздің болашағын алға апарар білімді, тәрбиелі, инабатты, сыпайы, әдепті қыз бала тәрбиелеу ұлы парызымыз деп білейік.

2-жүргізуші: «Қыз- ұлттың жаны» демекші, ата-аналардың аяулысы, құрбы-құрдастарыңыздың қадірлісі мен қымбаттысы, даламыздың гүлі, өміріміздің сәні бола беріңіздер!

Сынып жетекшісі: Тәрбие отбасынан басталады. Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі оң жолға қойылуы керек. Келешекте ұлттық салт-дәстүрлермен тәрбиеленген қыздар ел қорғайтын ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелей алатынына біз сенімдіміз.




Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!