Материалдар / Рухани жаңғыру-елдігімііздің айғағы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Рухани жаңғыру-елдігімііздің айғағы

Материал туралы қысқаша түсінік
Латын графикасына көшу -елміздің айқын мақсаты мен рухани жаңғырудың жарқын сипаты екендігін дөңгелек үстелде талқылау,пікір білдіру
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
18 Желтоқсан 2021
491
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Шахина Лязат Губайдуллиновна

БҚО Орал қаласы Д.А. Қонаев атындагы

44 мектеп- гимназиясы

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Рухани жаңғыру - елдігіміздің айғағы

/Дөңгелек үстел/

I.Кіріспе сөз.

Жиналған қауым, тіл жанашырлары! Биыл елдіктің көк туын желбіреткен Көк Түріктің ұрпағы - Қазақ елінің тәуелсіздігіне 30 жыл !

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Әлемдегі ең құдіретті сөз - ел еркіндігі. Қазақстан  тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 30 жыл. Бүгінде еліміз өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.

1991 жылы 16 желтоқсан әлем картасында жаңа жас Қазақстан Республикасы пайда болды. Бұл тәуелсіздік қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан бұрынғы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы.


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Ал осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек?

1-қатысушы:Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік»- деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін бәріміз де санамызбен түсініп , оның шынында да , қазіргі қоғамға тигізер ықпалы туралы ойлануымыз қажет.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы бірталай пікірталастар туындай бастады.

Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Халықаралық деңгейде ойлайтын ойшылдарымыз бен ұлттың нағыз жанашырлары латынға көшуді дәріптесе, кейбір зиялылар қауымы тарихтың бұл үрдісіне әліге дейін қарсы болып келеді.

Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек.

«Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз,» - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек. Біріншіден, бұл қазақтың тіліне ең жақын әліпби. Екіншіден, біз шетелдегі отандастарымызды ұмытпауымыз керек. Олардың елден хабар алуы да біраз жеңілдей түседі , өйткені көп елдерде осы латын әрпі пайдаланады.Үшіншіден, латын әліпбиін меңгерген жастарымыз келешекте ағылшын тілін үйренуге бейім болады, сол арқылы әлемдік ақпаратпен сусындай алады. Мәселен, көрші Өзбекстан елі асығыстау болса да, латын алфавитіне көшті. Түрік мемлекеті, Әзірбайжан латын әліпбиін пайдаланады. Артықшылығы болмаса, ешқандай қиындық көріп отырған жоқ.

Сонымен,бұл мәселе бойынша біздер де, Елбасының айтқан сөзін қолдап, латын алфавитіне көшудің жолдарын қарастыруымыз керек. Сондықтан бізге ХХІ ғасырдың күллі тынысын бойына сіңірген, жаһандану талабын ескеретін, жиырма жылдан астам тәуелсіз тарихы бар жаңа тұрпатты Қазақстанның бүгіні мен болашағын толық бейнелей алатын әліпби қажет.






2-қатысушы:

- Ел газеті «Егемен Қазақстанда» Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Онда көтерілген көкейтесті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Естеріңізде болса, бұл жөнінде 2012 жылы Елбасының халыққа Жолдауында да қозғалған болатын. Ендігі кезекте Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан, күн тақырыбында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғау үшін ғалымдарды, көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды арнайы шақырып отырмыз. Қандай ұсыныс-пікір айтасыздар?

3-қатысушы:

- Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.

4- қатысушы:

- Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән - каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.

9-сынып оқушысы:

- Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.

8-сынып оқушысы:

- Шынымен де, бүгінде біз өмір сүріп жатқан ел қуатты мемлекетке айналды. Сондықтан «латын әліпбиіне көшсек, жағ-дайымыз қалай болады?» деген сұрақ туындамауы тиіс. Әрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бәріне күш-жігеріміздің жететініне сенім артуымыз керек.

Ал ғасырлар бұрын қазақтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерде дәл қазіргідегідей қуаттылық болған жоқ. Сонда да қоғамның заңына бағындық, басқа түскеніне көндіктік. Бастысы, бәрі артта қалды. Енді ештеңеден қаймықпай, саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

9-сынып оқушысы:

- Жасыратыны жоқ, өз басым латын әліпбиіне көшуге әлі үрке қараймын. Десе де, нақты шешім қабылданғаннан кейін оның жүзеге асуына көпшілік болып атсалысуға міндеттіміз. Кезінде солақай саясаттың салдарынан халықтың мәдениеті, әдебиеті, тілі жойылып кетуге шақ қалғанын тарихтан білеміз. Сондай зұлмат замандарды басынан өткерген кейбір ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбалары бізде сақтаулы тұр. Мұндай мол мұраларды жас буынның кәдесіне жаратып, ғұмырлы ету үшін келешегі кемел латын әліпбиіне көшудің және шығармаларды сауатты аударудың маңызы зор деп білемін. Осы жолда көп жұмыстар атқарылуы қажет. Біз, музей қызметкерлері, бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығына бір кісідей қолдау көрсетуге, қолдан келгенше тер төгуге әзірміз.

8-сынып оқушысы:

- Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешімі өте құптарлық. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы бетке ұстап, нар тәуекелге барғанымыз жөн. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Мәселен, мен латын әліпбиін білмеймін, бірақ кітаптарды оқи алады екенмін. Себебі, латын қарпі мен ағылшын тілінің әріптері өте ұқсас келетініне көз жеткіздім. Өкінішке қарай, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорында латын әліпбиінде жазылған 3 кітап қана сақталған. Біз осындай кітап қорын молайту үшін тұрғындармен жұмыс жүргізетін боламыз. Әркім осы науқанға өз үлесін қосса, бұл іс көп кешікпей жемісін береді деген үміттемін.

1-қатысушы:

- Ғалымдар айтқандай, алдымен латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңы мен солын саралап, елеп-екшеп, сосын ғана нақты бір шешім қабылдау қажет. Себебі осы мәселеге байланысты қоғам пікірі екіге жарылатыны сөзсіз. Мұны қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бірақ бұл ретте орыс тілінің факторын мүлдем жоғалтып аламыз деген ой болмауы тиіс. Кириллица да керек. Өйткені Қазақстанның Ресеймен эконо-микалық байланысы 65 пайызды құрайды екен. Демек, біз бұл мемлекеттің оқу-жазуын да ұмытпағанымыз жөн.

Бір анығы, болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетін болады. Осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекеттік бағдарлама түзілуі мүмкін. Сол кезде біз латын әліпбиіне байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын білеміз. Ал әзірге психологиялық дайындықтан өтуіміз қажет. Ол үшін алдымен біртіндеп көрнекі ақпараттарды өзгертіп, халықтың көзін соған үйрете беруіміз керек. Мысалы, дүкен, дәріхана, сауда орталықтарының атауларын латын тілінде жазған жөн. Одан қорықпағанымыз дұрыс.

2-қатысушы:

- Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл - кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.

Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет.

Бұл ретте ескеретін бір жайт, бүкіл түркі әлемі 34 таңба пайдаланған екен. Біз осы нұсқаны аламыз ба, әлде 33 таңбаны қолданамыз ба? Осы жағын нақтылап алғанымыз жөн. Биыл бірыңғай стандарттар қабылданатын шығар деп ойлаймын.

Екінші мәселе – бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор.

3-қатысушы:

- Жалпы, тіл тазалығы, тіл білімі - үлкен ғылым. Қазір бір сөз бірнеше түрлі болып жазылады, айтылады. Осындай заңдылық-тарды бірізділендіріп алу керек. Ол үшін латын әліпбиіне көшу науқаны аясында қазақ тілі туралы арнайы заң шығару қажет. Біздің елімізде тілдер туралы заң бар, бірақ қазақ тілі туралы жеке заң жоқ. Осы мәселені оң жолға қойып, қауһарлы заң қабылдайтын уақыт жетті. Әйтпегенде, біздің ғалымдардың өзі дауласып жататын сәттер жиі кездеседі. Жазу нормасының ішінде орфографиялық, орфоэпиялық заңды-лықтар бар, сондықтан нақты ұсыныстар жасауымыз керек.
4-қатысушы:

- Көтеріліп жатқан мәселе өте өзекті. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл – заман талабы. Бастысы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол үшін неше таңбаны пайдаланған жөн, ол жағын ғалымдар зерттеп, дәлелдеп, тиімді тұсын ұсынсын. Екінші мәселе, қыруар қаражат қажет дедік. Бұл мәселені шешу – Үкіметтің міндеті. Ал әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Біз, қазақстандықтар, көпшілік болып латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп ойлаймын.

8-сынып оқушысы:

- Иә, Елбасымыз бұл мәселені жүзеге асыру жолдарын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайтынын сөз етті. Бұл бағыттағы жұмыстар 2018-2019 оқу жылынан бастап жүзеге асатыны белгілі болды. Біз бұған дайынбыз ба? Қандай мәселелер бар деп ойлайсыздар?

9-сынып оқушысы:

- Өкінішке қарай, дайындық мәз емес. Елбасымыздың көтеріп отырған гуманитарлық ғылым мәселесі өте орынды. Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды. Жасыратыны жоқ, біз оны жоғалттық. Тек ағылшын тілінен аударма жасайтын мамандарды ғана «аудармашы» деп алданып жүрміз. Сол үшін уақыт ұттырмай осы мәселені назарға алуымыз қажет.

2018 жылдан бастап әлемге танымал, брендтік оқулықтарды, яғни саф алтындарымызды аударуымыз керек. Солармен жастар танысуы тиіс. Осы мықты 100 кітапты меңгерген жастардың ой-өрісі дамып, рухани тұрғыда байып шығатыны сөзсіз. Елбасының меңзегені – осы!

9-сынып оқушысы:

- Дұрыс айтасыз. Бүгінде әлемде 8 268 тіл бар болса, соның 6 642-сі ғана өмір сүруде. Сол тілдерде жазылған мықты, брендтік шығармалар көп. Әрине, олардың бәрі әлемге танымал тұлғалардың туындылары екені анық. Міне, осындай дүниелермен біздің жастарымыз сусындауы керек. Біз де өз тілімізді байытып, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде танытқанымыз жөн. Ол үшін халық сауатты, көзі ашық болуы тиіс. Мемлекет басшысының осы ойын дұрыс түсінуіміз керек.
Шынымды айтсам, бастапқыда үйреніп қалған кириллицамен жүре бергеніміз жөн шығар деген пікірде болғанмын. Бұл мәселенің маңыздылығын терең түсінбеппін. Енді осындағы ғалымдардың пікірлерін естіп, ойымды өзгерттім. Білмейтінім көп екеніне көзім жетті. Менің айтпағым, осы тақырыпты әлі де халық арасында талқылап, түсіндіру жұмыс-тарын көбірек жүргізген жөн. Әйтпегенде, латын әліпбиінің маңызын түсінбейтін жастар басқаша пікірде болуы мүмкін.

1-қатысушы:«Латын әліпбиіне көшудің терең мәні бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.
2-қатысушы: - Жазу барлық халыққа ортақ мәдениетті жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Осы тұрғыда жазудың өзгертілуі халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етпей ме?

9-сынып оқушысы: - Иә, дұрыс айтасыз. Латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғаннан бастап жұртшылық арасында пікірталас өршіп кетті. Мысалы, «латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге, екінші біреулер: «Қазақтың жазба мұрасы көп жылдық тарихы бар елдерге қарағанда (қытай, араб, француз) аз, сондықтан қазіргі жағдайда барлық жазба мұрамыз бен жәдігерлерімізді латын әрпіне бірте-бірте көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді» дейді. Расында, мен бұл пікірмен келісемін. Жазу тарихымызда қолданылған араб немесе кирил әліпбиі болсын, біз солар арқылы да талай үлкен дүниелерді өмірге әкелдік. Ал енді болашақта қолға алмақ болып отырған латын қарпі қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа бастайды деп үміттенемін. Біз қандай әліпби түрін пайдалансақ та, ең бастысы, төл тіліміздің қалпын сақтап, мертебесін биіктете алсақ болғаны. Ел мүддесі үшін заман талабына сай жасалған ізгі қадамға ақ жол тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болғай!

3-қатысушы: Ел арасында әліпби ауыстыруға бет алған екенбіз, ендеше, латынды алғанша, өзімізге тарихи кезеңнен көп таныс, қасиетті құран әліпбиіне жақын Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына неге көшпейміз деген пікірлер бар. Бұған не дейсіз?

9-сынып оқушысы: - Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай адал еңбек еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қайталанбас зор тұлға. Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы. Осы арқылы ғалым қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. «Қазақтың Ахаңы» жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді. Ертең латыншаға өткен кезде Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларды басшылыққа аламыз.- Ғалымдар, әдебиетшілер, жалпы, қауым арасында бұл мәселеге қатысты пікір екі жақты. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр.- Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

4-қатысушы:

Латын әліпбиіне көшсек, қазақ тіліндегі сөздердің айтылуында да өзгерістер болуы мүмкін бе?

8-сынып оқушысы:- Керісінше, қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына кезінде кирилл жазуына көшуіміз кедергі болды дер едім. Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған екен. Біз өзге тілдегі сөздердің барлығын түсіне бермесек те, олардың дыбыстау әуеніне қарай француз сөзі ме, неміс сөзі ме, қытай, жапон сөзі ме — ажырата аламыз. Ал бұрын қандай болды? Бұрынғы жазбаларда: «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» депті. Мұның себебі тілімізде сөздің қос дауыссыздан басталмауы, бір дауысты бір дауыссызды соңына ертіп немесе бір дауыссыз бір дауыстыны ертіп, өзара үндесіп айтылуы болса керек. Сондықтан да болар, қазақы қоңыр үнді әннен, күйден іздеп, дәстүрлі әуенді сағынып отырамыз. Бұл өзге тілде сөйлеп, өзге әліпбидің ықпалымен жазу тек тілге ғана әсер етіп қоймай, адамның бүкіл болмысына да ықпал ететіндігін байқатады.

9-сынып оқушысы:- Орынды сұрақ. Әрине, мен тіл маманы емеспін, бірақ, тіл жанашыры ретінде, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мен ғалымдардың тілге қатысты ой-пікірлерін қадағалап оқып отырамын. Бұл бағытта қазірдің өзінде қолданыста жүрген бекітілмеген әліпбидің екі түрлі нұсқасында қазақтың һ әрпі , кирилицадағы щ, x, ч, ц, ё, ю, я әріптері мүлдем жоқ екен. Оның орнына авторлар екі әріпті қосып немесе асты-үстінен арнайы белгілер салып таңбаламақшы. Қазақ тіліндегі дыбыстардың таңбалануын зерттейтін бірден-бір мекеме Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты. Орталыққа бүгінге дейін жүзден астам әліпби нұсқасы келіп түсіпті.

Қорытынды: Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. Дөңгелек үстел шарасынан осындай ой түйдік. Ал ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету- жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті.









Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!