" Студенттермен тиімді
қарым-қатынас орнатудағы басқару психологиясы негізіндегі
практикалық әдістер"
Мен, Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық Университетінің магистратура бөлімінің 1-курс студенті
ретінде, басқару психологиясы пәнін терең меңгеру үстіндемін. Бұл
пән маған көшбасшылық, тиімді коммуникация және адамдар арасындағы
қарым-қатынасты басқарудың психологиялық аспектілерін түсінуге
мүмкіндік беруде.
Қазіргі білім беру жүйесінде
педагогтың тек оқыту әдістерін меңгеруі жеткіліксіз: ол сонымен
қатар басқару қабілеттерін дамытып, аудиторияны ынталандыра алуы
керек. Осы тұрғыда басқару психологиясының әдістері мен
тұжырымдамалары педагогикалық тәжірибеде ерекше орын алады.
Мақалада менің осы білімдерді қолдану тәжірибем, кездескен
қиындықтар мен қол жеткізген нәтижелерім
талданады.
Қазіргі уақытта мен
педагогикалық тәжірибеден өту үстіндемін, яғни теориялық білімімді
тәжірибеде қолдану арқылы педагогикалық процестерді оңтайландыру
және студенттермен өзара тиімді қарым-қатынас орнату жолдарын
жетілдіруді мақсат етемін. Сабақ барысында студенттердің назарын
аударып, оларды белсенді түрде қатыстыру үшін басқару
психологиясындағы кейбір әдістерді қолдандым.
Мысалы, мотивацияны
арттыру үшін Гарднердің «Көптік
интеллект теориясын» негізге ала отырып, әр студенттің мықты
жақтарына бейімделген тапсырмалар дайындадым. Бұл әдіс
студенттердің өз мүмкіндіктерін сезініп, сабаққа қызығушылықпен
қатысуына мүмкіндік берді.
Белгілі бір
сабақта психологиялық
айла ретінде
"сындарлы кері
байланыс" әдісін қолдандым. Студенттер
бір тапсырманы орындаған кезде, олардың күш-жігері мен
жетістіктерін алдымен мадақтап, кейін жақсартуға болатын тұстарын
ұсындым. Мысалы, презентация жасаған
студенттерге:
«Тақырыпты жақсы
зерттегеніңді байқадым, бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Егер
келесіде сөйлеу темпін сәл бәсеңдетсең, аудитория сені одан әрі
мұқият тыңдайтын болады», – деген кері байланыс
бердім.
Сонымен қатар, студенттердің
сабақтағы белсенділігін
арттыру мақсатында "позитивті
бәсекелестік" әдісін енгіздім. Сабақ
барысында кішігірім топтарға бөліп, әр топқа ойын түріндегі
тапсырмалар берілді. Бұл әдіс студенттердің ұжымдық жұмысқа
бейімделуіне және өзара көмек көрсетуіне ықпал
етті.
Осындай әдістерді қолдану
нәтижесінде:
-
Сабақтағы студенттердің қатысу
деңгейі 30%-ға артты.
-
Белсенді түрде сұрақ қоятын
және талқылауға қатысатын студенттердің саны
көбейді.
-
Студенттер тапсырмаларды
орындау барысында бір-біріне қолдау көрсетіп, ұжымдық жұмысқа
қызығушылық танытты.
Бұл тәжірибем басқару
психологиясының әдістерін дұрыс қолдану арқылы студенттердің оқу
процесіне деген ынтасын қалай арттыруға болатынын
көрсетті.
Студенттермен байланыс орнату
кезінде қиындықтарға да тап болдым, алайда, әрбір қиындықты шешу
үшін белгілі бір әдістер мен тәсілдер қолдана отырып, оң
нәтижелерге қол жеткіздім. Мысалы,студенттер арасындағы
қақтығыстар мен түсініспеушіліктер
де жиі кездескен мәселелердің
бірі болды. Қақтығыстарды басқаруда психологияның шешім қабылдау
теориясын қолдану маған көмектесті. Студенттер арасында әділ және
объективті шешімдер қабылдап, барлық тараптардың пікірін тыңдауға
тырыстым. Бұл шаралар қақтығыстарды сәтті шешуге мүмкіндік беріп,
топтағы жағдайды тұрақтандырды. Тағы да кездескен мәселе
ол- эмоционалды тұрғыдан қолдау
көрсету қажеттілігі болды. Студенттердің кейбіреуі
сабақтың ауыртпалығына немесе жеке мәселелеріне байланысты
эмоционалды түрде әлсіз болды. Осы жағдайда мен эмпатия мен
белсенді тыңдау әдісін қолдандым. Әр студентпен әңгімелесу
ұйымдастырып, олардың мәселелерін тыңдауға тырыстым. Бұл тәсіл
студенттердің өзін-өзі сенімді сезінуіне көмектесті және оқу
процесінде одан әрі қолдау көрсету қажеттілігін
анықтады. Сонымен
қатар, мен сабақты
ұйымдастыруда студенттермен дұрыс
қарым-қатынас орнатуды басты назарға алдым. Вербалды
және вербалды емес коммуникацияның маңыздылығы жоғары екендігін
түсінгеннен кейін, олардың қатысуын белсендіру үшін сөйлеу мәнері
мен интонацияны өзгертіп, күлімсіреу және ашық көзқарас арқылы
аудиторияға жақындадым. Бұл әдіс студенттердің сабақты қабылдауы
мен түсіну деңгейін арттырды.
Қорытындылай келе, басқару
психологиясы пәні теориясы мен тәжірибесін біріктіру –
педагогикалық қызметімде үлкен маңызға ие болды. Теориялық
білімдерімді тәжірибеде қолдану арқылы мен өзімнің кәсіби
дағдыларымды жетілдіріп, студенттермен тиімді қарым-қатынас
орнатудың жолдарын үйрендім. Бұл әдістер студенттердің оқу
нәтижелерін жақсартуға ғана емес, сонымен қатар олардың өзіне деген
сенімділігін арттырып, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік
береді. Алдағы уақытта да басқару психологиясындағы білімдерімді
тереңдетіп, педагогикалық қызметімде қолдануды жалғастыра отырып,
өз тәжірибемді жетілдіруге ұмтылатын
боламын.
Адилова Алина
Әлібекқызы
«География» мамандығы,
магистрант
Болтаева Алия
Масакбаевна
Психология ғылымдарының
кандидаты
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ