4.
Оқиға айту (Мұғалім сыйы).
Бақтағы
бақылау
Жәнібек «Құрылысшылар» бағына
жақын бес қатарлы үйде тұрады. Мұның оған бір қолайлы жері: баққа
волейбол, шахмат, қол добы, стол үстіндегі теннис, спорттың басқа
да түрлерімен айналысатын шағын алаңдар бар. Жәнібек қолы бос кезде
сонда барып жаттығады, кейде жай демалып
қайтады.
Бақтың өне бойы жапырағы
жайқалған жасыл терек, қалың қарағай, емен, шырша және басқа
көрікті ағаштар. Олардың арасындағы алаңғыттар түкті кілем
төсегендей көк майса. Серуендеуге, тынығуға таптырмайтын сая бақ.
Сондықтан да мұнда келушілер көп.
Кешкілік Жәнібек кластас
жолдасы Елемес екеуі осында демалып отырған. Серуенге шыққан
адамдар арлы-берлі өтіп жатыр. Қайсы біреулер бұрылыста көк майсаны
айналып өтудің орнына, оны таптап, тура тартып барады. Көк шөк
әбден тапталып, әбден тақырға айналған.
Осыны байқап отырған Жәнібек
орнынан тұрды да, жұрт таптап тастаған тақырға барып оның ортасына
бормен үлкен сұрау белгісін қойды. Содан соң орнына келіп Елемес
екеуі «енді қайтер екен» дегендей, айналма бұрышты қайтадан
бақылады.
Серуендеушілер тақырдағы сұрау
белгісіне тоқтайтын емес, бұрынғысынша көк майсаны таптап өтіп
жатыр. Болмаған соң енді Елемес барып тақырға тағы бір сұрау
белгісін қойды. Бірақ бұдан да нәтиже болмады. Көше тәртібін бұзуға
дағдыланғандар көп екен, екі сұрау белгісін де елемей, бұрылыста
көк майсаны кесіп өтуде...
Жәнібек алған беттен
қайтпайтын қайсар бала болатын. Орнынан атып тұрды да, тақырдағы
қос сұрау белгісін өшіріп, орнына үлкен әріптермен «Жол жоқ!» деп
жазды және жанына «айқайлатып» леп белгісін
қойды.
Мына бала не жазып жатыр деп
тоқтаған адамдар оқуды оқыған соң мырс етіп күліп, көк майсаны
көріне таптамай, асфальт жолмен айналып өте берді... Ал табиғатты
қорғауға аз да болса үлес қосқан Жәнібек пен Елемес бақты бір
айналып, үйлеріне беттеді.
Сұрақтар:
1. Жәнібек пен Елемес қандай
дұрыс әрекет жасады?
2. Қай баланың бойында жақсы
қасиеттер басым деп ойлайсыңдар?
3. Жәнібек табиғатқа қандай
қамқорлық жасады?
4. Өздеріңнің
табиғатқа жасаған қамқорлықтарың туралы әңгімелеп
беріңдер.
|