Материалдар / Таушық көмір тресі

Таушық көмір тресі

Материал туралы қысқаша түсінік
Таушық көмір тресі Ұлы Отан соғысы кезінде майдангерлерге оқ дәрі жасау үшін күндіз-түні көмір жөнелтіліп, ұлы жеңісті жақындатты
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
24 Тамыз 2021
488
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Таушық көмір тресі

Реушенқызы Бәтима



Реушенқызы Бәтима 1911 жылы Онды аулының маңындағы ауылда дүниеге келген. Ел басына келген нәубеттен оның да отбасы зардапты тартудай-ақ тартты. Ағайынды Ахмет пен Реушеннің балалары – бірі аштықтан, енді біреулері сүзек індетінен көз жұмса, ең соңғы баласы Теке – соңғы демі таусылғанша қызылдармен шайқасып өткен. Ол – Кеңес үкіметінің құжаттарында «банды» аталған азаттық күрескері болды. Онды тауының үстінде өз қолымен оқ дайындап, өзі жасаған сегіз қырлы мылтығымен, Маңғыстауға аты белгілі мерген болған. Ол – қандай тау тасынан оқ-дәрі жасауға болатынын білетін, танитын, кәнігі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Қаратау-бүкіл жұмбағын ішіне бүгіп жатқан көмбе ғой, шіркін! Тау үстін зерттеу әлі кешеуілдеп келеді.

Бәтима Өскінбайға он алты жасында тұрмысқа шығады. Өскінбай шаңырағын шаттыққа бөлеп, Алланың берген Мұстахи, Тәрбия және Қанзия атты перзенттерін дүниеге әкеледі. Бірақ, өзі бергенін өзі алған, жаратқанның жазуына шара бар ма? Кіші қызы Қанзия 1940 жылы үш жасында шетінейді. Ал Өскінбайдың тұңғышы Мұстахи сол кезеңдегі қазақ халқының дәстүрі, әр отбасындағы тәртіп бойынша Красноводск қаласының маңындағы Опырада тұратын (Түрікменстан жері) әкесінің анасы Күйкеннің бауырында өсіп, тәлім алады. Бірақ, сұм соғыс басталғанда, жасы келіп қалған қариялардан рұқсатын алып: «алда қандай күн болады, балам анасының қасында болсын», - деп келіншегі Бәтимаға әкеліп тастап, соғысқа аттанған екен.

Күйеуі соғысқа аттанған соң, екі баласы Мұстахи мен Тәрбияны алып, Бәтима үкіметтің «Бәрі Отан үшін! Бәрі майдан үшін!» деген ұраны тасталып, тапсырмамен Таушыққа көшіп келіп, № 7 шахтада көмір қазушы болып жұмысқа орналасады. Көмір қазу әйелдерге оңай болған жоқ. Ит өмір еді.

Таушық көмірі– тек кен орнын игеру емес, сонымен қатар, майданға оқ жасау үшін де керек болды. Таушық көмірі – тез тұтанатын, от алғыш, бірінші, қорғасыннан оқ жасау үшін қажеттігі күн тәртібінде тұрды. Күкіртті, аздаған исі бар, жануы тез, сапасыз көмір еді, бірақ соның өзін амалдап, қиын-қыстау кезде пайдаға асырды. Ол кезде Донбасс сияқты өндіріс орындары жау қолында қалған еді. Әрбір фашистке атылған оқта Таушық шахтасында 12 сағат бойы жүрелеп тұрып, еңбек еткен аналардың маңдай тері бар. Сол әйелдердің бірі – Бабышева Бәтима Реушенқызы. Күзде олар жер үйге кіреді. Шахтада забойдан көмір шығарады. Ішіне тоннадан астам көмір сыятын вагонетканы қолмен сүйреп шығарады. Бойын тіктей алмай, жартылай тоңқаңдап, қатты қиналатын. Забой іші – су. Су сорғыш насостың жұмыс жасағанынан тұрғаны көп болады. Онда айлық орнына паек қана беріледі. Ал ол тек – аш қалмаудың амалы ғана.

Тағдырдың қиыншылығын көрсе де қажымаған Бәтима – екі перзенті үшін оларға әке де, ана да өзі болды. Жесірлік қамытын мойынға мықтап киіп, балаларын ішіп-жеу, киім-кешектен тарықтырмай, қатарға қосу міндеті алдында тұрды. Он үш жастағы Мұстахи Жыңғылды аулында колхоздың малын бағатын Тілеген көкенің қолына барып, көмекші шопан болып жұмыс істеді. Тұрмыс қажытқан анасына демеу болған Тәрбия да үйдегі екі лақты ешкіні бір мезгіл бағып, сол уақытта 7- шахтада ашылған бастауыш мектепте 3-4 класты оқып үлгеріп жүрді. Оның үстіне, ауылдың өзі құралпы қыздарына қосылып, нанның кезегінде тұру, үйдегі оны-мұны шаруалар – түгелдей 9-10 жастағы Тәрбияның мойнында болды.

Соғыс аяқталған соң да ауыл өмірі анау айтқандай бірден жақсарып кете қоймады. Таяққа сүйенген қарттар жолға қарап, бірі баласын, бірі жолдасын күтіп көзі жасаураудан құрғап кеткен жесірлер мен кемпірлер,буыны қатпаған жас балалар, бір мүшесі кем болып оралған майдангер жауынгерлер тіршілік арбасын сүйреткенімен, оңала қоймады. Соғыс елге зардабын салудай-ақ салды.

Соғыс аяқталған соң, өндіріс ошақтары мен фабрика-зауыттар, қалаларды қалпына келтіру үшін құрылыс материалдары мен бейбіт күнде тұрмыстық тауарларды шығаруды қолға алды. Дүрілдеп тұрған Таушық кен орнының дәурені 1949 жылы бітті, өндіріс жабылды.

Осы кезге дейін еңбек етіп, нәпақасын тауып, шахтада жасаған көптеген әйелдер жұмыссыз қалды. Жұмыссыздық та ауыл өміріне соққы болып тиді. Сол кезде көптеген маңғыстаулықтар күнкөріс қамымен теңіздің арғы жағы - Махашкалаға қарай ағыла бастады. Артында тіреп тұрған ағайыны жоқ, оның үстіне, перзенттері ашқұрсақ, күйеулері соғыстан қайтпаған 12 әйел жол бастап, көппен көрген ұлы той деп, екі баласын ертіп, біссіміллә деп Бәтима да кемеге отырды.Солай Махашқалаға аттанып кете барады.

Адамның алды болжаусыз ғой, алды әлі де беймәлім Батималардың алдынан күтіп тұрған да ешкім жоқ еді. Ол жақтағылар да өздері секілді, соғыстан зардап көрген жандар. Бара салысымен, өзгелер секілді тырбанып, 1946 – 1947 жылдары сондағы кірпіш зауытында жұмыс жасайды. Қазіргідей автоматтандырылған емес, барлығы қолмен жасалады. Зауыт іші қапырық, Бәтима екінші рет қапырық та тар, адам көрмеген жалын болып тұратын өндіріске жолықты. Қайран біздің аналар бала үшін не көрмеді, неге көнбеді десеңші?!

Көтеріп тұрып құлатқан, жылатып тұрып жұбатқан өмірдің тосын сыйлары аз болған ба?! Ит өмірмен арпалысып, қос перзентін ашқұрсақ қалдырмау жолында кірпіш зауытында істеп жүрген Бәтима 1947 жылдың жазында туған қайнысы Тасқынбайдың шақыртуымен Красноводск қаласының қасындағы Опыра теміржол станциясына көшіп келеді.

Бірақ ауыл «Тоғыз беріш» ауылы деп аталады екен. Тасқынбай осы ауылдағы тас карьерінде бригадир болып жұмыс жасайды. Бәтима сол жердегі ұн-жем заводына (заготконтора) жұмысшы болып жұмысқа тұрады. Жұмыс ауыр.

1948 жылы Түрікменстанның көптеген мекемелерінен сол жылы Ашхабадта болған жер сілкінісінен бүлінген қаланы қалпына келтіру жұмысына жіберіледі. Бәтима Реушенқызы Ашхабад туралы әңгімені айтқысы келмейтін. Ауыр да азапты күндерді кім есіне алсын? «Құдайдың құдіреті күшті екен ғой. Бір қаланың қанша мыңдаған халқын бәрі қатты ұйқыда жатқанда алып кеткен. Ұйқыдағы адамдардың бәрін құлаған үйлер басып қалған. Түнгi жұмыстағы жұмысшылар өз кәсiпорындарының қирандысының астында қаза тапқан. 1948 жылдың 6 қазанында түнгі сағат бірде 9 баллмен жер сілкінген ғой. Қаланың 98 пайызы жермен-жексен болды деп жатты ол кезде. Болса, болған шығар. Қалаға жайбарақат қарау мүмкін болмады. Құдайдың әмірімен оны да көрдік қой. Шатырдан жасалған қалашықтар, жылжымалы әскери аурухана, қирандыдан, өлекседен сасыған қала, күл-қоқыстар, соғыста жүргендей толған әскерилер. Сегіз айдай болдым. Келген соң, көпке дейін көміліп қалған адамдарды қазып шығарып жатқандарымыз түсіме еніп, ұйықтай алмай шошып жүрдім...»,– деп күңірене еске алушы еді қайратты Бәтима.

Ол 234 гектар жерді алып жатқан Таушық көмір шахтасында жасаған кезінде де топырақ опырылып құлап, қазынды астында қалғандарды да көрген-ді. Көз алдынан кино лентасындай оған салған өмір соқпағы өтіп жатты. Ана бір жылдары Төрорпаның құдығынан сусындап тыңайып алып, Таушықтың ойы көрінгенде аң-таң болып, тілі байланып қалғаны да есінде... Ой толған машина, құрылыс, қыбырлаған адам. Ол бүгіліп тұрып, көзінің жасын сығып жіберді. Жаңа өмірдің жасырынған қазынасы туған жерден табылды. Күбірлей берді: «Балаларыма нан тауып берсем болды!».

Ата қамшысына сап болған тобылғылы жер, кіндік қаны тамған жер – Маңғыстаудың орталығы - Таушыққа 1959 жылдың жазында көшіп келеді. Мұстахидың да жалындап тұрған жас кезі. Туған жерге келісімен, бес бөлмелі үйді де салып үлгереді.

Ол бес намазы бойындағы адам еді. 1991 жылы 80 жасында өмірден озды. Тағдыр желін үйіре соқса да, перзенттері мен жиендерін жеткізу үшін қандай бейнетке де төзген Бәтима ерліктің көкесін онан кейінгі бейбіт жылдарда көрсетті.


Ол аңыз-ертегіні көп білетін, ескі жыр мақамымен ыңылдап ән айтып жүретін кісі еді. Қызы Тәрбие де шешен, көп білетін адам еді. Талай сөйлестім, кеңес құрдым. «Жасынан баланы өлең-жырға, ертегі-аңызға жақын қыл. Санасына құй!» – деген халықтық қағида бекер айтылмайды екен. Сол әжесінің ертегісі мен аңыз әңгімелерін тыңдаған немерелерінен көкейіне тоқыған – жиені Серікбол Қондыбай еді. Төрт жыл әжесінің жанында жыр-дастанды тыңдап өскен Серікбол – «Қазақ мифологиясының негізін қалаушы» деген атаққа ие болды, қазақтың тұңғыш мифолог ғалымы. Міне, қайсар да, қайратты Бәтиманың ерлігі. Бәтиманың жолы сайрап жатыр...

Туребекова Меруерт Аманқосқызы, Ақтау қаласы №6 мектеп мұғалімі





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ