Эссе
Тіл – мемлекеттің тұғырлы
тірегі
«Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі» деген кезде
ойыма бірден қазақ халқының ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов атамыздың
«Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз
жоқ» деген сөзі келеді. Осы бір ауыз сөздің өзіне жазушы қаншама
ойды сыйғызып отыр. Тіл арқылы біз өз ойымызды жеткізіп қана
қоймай, жалпыадамзаттың қарым – қатынас құралы ретінде
қолданамыз.
Тіл – адамдық белгісінің бірі. Тілсіз мемлекет
болмайды. Қазақта тілі жоқ халықты – «тұл» деп атайды. Әр халықтың
басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Менің тілім – қазақ
тілі. Қазақ тілі – «еліміздің мемлекеттік тілі» екендігі
Конституцияда заңдастырылған. Ұлттық негізгі тілімізді, мемлекеттік
тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың
асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне,
бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз. Қазіргі ақпараттық
қоғамның дамыған шығында жас буынның көбісінің «тіл тазалығына»
салғырт қарауы бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі десем артық
емес. Компьютер мен ұялы телефонның, ақпарат құралдарының
қолданысының артуына байланысты жастарымызда әдеби ауызекі сөйлеу
мен тіл байлығы ақсап тұр. Қазіргі таңда шынайы қарым – қатынасқа
қарағанда, әлеуметтік желідегі «достықтың» шарықтап тұрған шағы.
Соның салдарынан «барсай, келсей, отырқ, тұрқ және тағы да
басқалары» секілді сөздер қолдануда. Бірақ мұндай «қысқартылған»,
мағынасы толық ашылмаған сөздердің кесірінен мемлекеттік тілімізге
нұқсан келуде.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын
кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым – қатынас тілі ету
бүгінгі күн талабы екендігі баршамызға мәлім. Осы орайда «жұмыла
көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығы ойыма түсіп отыр. Яғни, әр
қазақ өзінен бастап, ұлттық ана тілімізді жаңғырту мақсатында,
қазақ тілімізді әлемге таныту мақсатында таза сөйлеп, тілімізге
құрмет көрсете білсе нұр үстіне нұр болар еді. Сол себептен ендігі
мақсат – тәуелсіз мемлекетіміздің қоғам өмірінің барлық саласында
қазақ тілін кеңінен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Елбасымыздың
қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да,
білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет
– деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз
болуға тиіс.
Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы болашағы,
шығар биіктері саяси – экономикалық факторлармен қатар, оның
мемлекеттік тілі – қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты.
Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы
аса қанағаттанғысыз екенін жан – тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде
«Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды
мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі
әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ
топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете
алады.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі,
діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол –
қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып
тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл –
ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырамас белгісі. Тілдің
тағдыры – елдің тағдыры. Тіл
– мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың
тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, өткені мен болашағы.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе»
деуі тегін айта салған сөз емес. Ол біздің тіл биіктігімізді,
ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған
көрегендік сөзі деп түсінгеніміз жөн. Тіл – тазалықтың, пәктіктің,
имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл
ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз
тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының
арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас
қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде
ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ
тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету
– өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс
бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет
мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны
азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық
жағдайларды жасауға көмектесуде. Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық
саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық
беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн. Иә, айта
берсең, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды...
Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден
сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың
мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің
барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір
шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар
киелі ұғым.
Тіл – ұлт мақтанышы. Мемлекеттік тілімізді аман
сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік
тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Еліміздің экономикасы мен әл –
қуаты артып, саяси – әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл
мен ұлттық рухымыздың да өскенін, ұлттық мүддемізді екінші
қатардағы қосалқы дүниедей болып қалмауын қадағалау – бәрімізге
парыз.
Қазіргі таңда біз тілдің дамуының бүкіл
жауапкершілігін өз мойнымызға алдық, өзімізден – өзіміз талап
ететін кезеңге жеттік. Қазақ тілі үшін бәріміз де қарыздармыз,
сондықтан қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз
тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі
ұрпақтарымыздың панасы, мақтанышы. Болашақ ұрпағымыз нағыз қазақ
болып, ұлттық дініміз бен ділімізді ұстана алатындай, өз тілін
құрметтеп, өзге елде де қазақ тілінде еркін сөйлесе алатындай
дәрежеге жету үшін барымызды салуымыз қажет.
Қазақ тілі қазақ халқының ғана емес, Қазақстан
мемлекетінің тіліне айналатын, мәртебесі мен мерейі үстем болатын
күн туды. Тілді үйрену – өз ұлтыңды тану. Мен қазақ тілі туған
тілім екендігіне өте қуаныштымын және мақтан
етемін.