Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Тыйым сөздер тәрбие көздері"дәріс
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ.дәріс
Қазіргі қоғам дамуының үдерісіне қарай халықтың дәстүрі мен санасында айтулы өзгерістің жүзеге асып жатқаны мәлім. Өскелең өмірдің өсуімен салт пен сананың дамуы заңдылық, дей тұрғанмен, өркениеттер тоғысында ұлт тағдыры сынға түскен кезеңдегі күнделікті тіршілікте көзге түсіп жүрген кей жағдайлар алаңдаушылық туғызып, күнгейлі өмірдің көлеңкелі дағындай көрінетіні-шындық. Қазіргі адамдардың, әсіресе, жастардың бойындағы қаталдық, өзге тұр ғой өзін аямайтын қаттыбас оқшау жағдай, уыткерлікке берілушілік, ұятты мүшесіне қарамай жалаңаштану, бет-аузынан басқаның бәрін тұмшалап, сөлеңдеген киім кию, т.б. осындай халықтың дәстүр салтында жоқ келеңсіз көріністің көлбеңдеп қалмауы еріксіз ой салады. Сол ойдың ұшығы бодандық кезеңнің зардабынан көмескі тартқан ұлттық тәрбиеге барып тіреледі. Ежелгі халықтық тәрбиеге үрке қарап, кертартпа ескішіл үлгі деп бағалаудың салдарынан халықтық тәрбие қағидалары ұмыт бола бастады. Бүгінгі барлық ата-ана халықтық тәрбиені біле бермеуі де мүмкін. Екіншіден, ашық қоғам болғандықтан да жат жұрттық салт-сана иектеп, ел өміріне ентелей басып кіруде. Бұл – барлық өркениетті елдерге ортақ жағдай. Бұған қарсы тұратын ұлы күш бар, ол – ұлттық тәрбиені күшейту.
Тәуелсіздік алғаннан бері ғана ұлттық тәрбиенің тамырына қан жүгіріп, енді бел алып келеді. Бірақ осы мәселені қолға алу ата-аналар тарапынан толық жүзеге асты деп айту қиын.
Әр елдің өзінің ғасырлар бойы жасаған ұлттық құндылықтары тарихтың қатал тезінен өтіп, ғасырлар өткелінде шыңдалып бүгінге жеткен асыл мұрасы. Асылы, халықтық тәрбие сол елдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихи танымына, ой-санасына, дәстүріне сай қалыптасады.Бұл – атадан балаға қанымен беріліп, ес кірген шақта тәрбиемен шоқтанып, жас ұрпақтың жанына жалын беретін рухани ұлы күш. Мұны әр ата-ананың жүзеге асыруы қасиетті парызы екенін түсінгені жөн. Ұрпақтың жақсы-жаман болуы, алдымен, олардың бойына ата-ананың сіңірген үлгі-өнегесімен өлшенеді.
Халқымыз ғасырлардың небір талқысынан ұрпақтың бойына дарытқан рухани күшінің құдіретімен аман өтті. Осы тәрбиенің нәрімен қазақтың болмысынан өлмес рухтың өрлігі есті. Ата-бабамыз ұрпағын ұлттық тәрбиенің тұнығынан қандыра отырып, талай тар кезеңде қазақтық бейнесін жоғалтпай, елдігі мен өрлігін көрсете білген өмірлік жолы бұған куә. Қазіргі кезеңде біз үшін тәрбиенің кілті ұлттық сана мен ата дәстүрін адал сақтай отырып, халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан әрекет ете білуге ұрпақты үйретуде және адамзат қоғамы жасаған әлемдік адами құндылықтармен байыта отырып тәрбие мазмұнын жетілдіре түсуде.
Ұрпақ санасында ұлттық қасиеттерді қалыптастыру тіл мен дін, салт пен сана, ұлттық дәстүр арқылы жүзеге асады.Халқымыз ғасырлар бойы сайын даланың қатал табиғатымен бетпе-бет келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт өмірдің мамыражай тірлігінде жинақталған бай тәжірибесінен көрген-түйген қорытындысы ретіндегі ырым-тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде қазір де мәні жойылған жоқ.Ізгілікті аңсаудан туған ырымдар, бәле-жала кесапаттан сақтандыратын тыйымдардың тәрбиелік мәні өте зор. Ырымдар мен тыйымдар халқымыздың әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып отырған.Тыйым сөздерді заң ретінде қабылдаған. Егер осы мәселеге тереңірек көз салсақ, ырымдар мен тыйымдар құқықтық норма деңгейінде қолданылғанын аңғарамыз. Әлеуметтік өмірдегі түрліше қарым-қатынаста адамдардың әрекеті үстінде көрсететін мінез-құлқын анықтайтын, жалпыға міндетті ережелердің жиынтығы ретінде танылады. Міне, осындай деңгейде ырым-тыйым сөздерді халқымыз пайдаланып, баршаға бірдей, міндетті түрде орындатқан. Мұның өзі қоғамдағы үлгі-өнеге, әдептіліктің негізгі қағидасы болып қалыптасқан.Сондықтан қазіргі біздің ортамызда олқы соғып отырған имандылықтың, сұйылып бара жатқан адамгершіліктің негізі болып саналатын тыйым сөздер кесел мен кесапат атаулыдан, жүгенсіздік, тәртіпсіздік атаулыдан сақтандырушы қалқан, инабаттылық пен ізгіліктің қайнары еді.
Ырым мен тыйым сөздер бір-бірімен сабақтас, өзектес болады. Халық ұғымындағы ырым ұрпаққа өнегесі, шапағаты тиетін, ізгі қасиеттер жұғысты болса екен деп қолданылатын ғұрыптың түрі. Ол негізінде жақсы ниет пен көңілге медеу, тілекке сүйеніш табу үшін қолданылады. Киелі, қасиетті ерекше бір рухтан сол арқылы медет тілейді. Ал кей әрекеттерден жамандық шақырады деп ырымдап, тыйым салады. Осы жерден біз осы екі ұғымның өзара байланысты қанаттас жүретінін аңғарамыз. Осы айтқанымыз сенімді болуы үшін мына мысалдарға назар аударыңыз: бүйіріңді таянба; үйге, ауылға қарай жүгірме; таңдайыңды қақпа; тізеңді құшақтама. Осы сөздерден жамандық шақырады деп ырымдап, тыйым салған. Ал дүбірлі ас пен тойдан сарқыт алу, үйге оң аяқпен кіру, отқа май құю үстіндегі жақсы тілек болашақтан күтер үкілі үмітпен ұштасып, сәттілік пен береке, ізгілік ұрпағыма болса екен деген қалау аңғарылады.
Тыйым сөздер жағымсыз, келеңсіз әрекетті тоқтатуға арналған. Жат пиғылдан, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандыруға бағыттала қолданылған. Адамдардың бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттерінің өлшеміндей деңгейде пайдаланылған. Бұл тыйым сөздердің мән-мағынасының қаншалықты екенін аңғартса керек…
Ырымдарға қарағанда тыйым сөздердің айтылу мәнінде, қолданылу бағытында айырма бар. Ырымдар көңілге медеу, тілекке сүйеніш табу үшін қолданылғандықтан, ауқымды, кең ұғымда айтылып, үміт түрінде көрінсе, тыйымдарда ой қысқа қайырылып, нақты талап, бұйрықты мәнде жеткізіледі. Мысалы, күлді баспа, ақты төкпе, көкті жұлма, ұяны бұзба. Бұл сөздер жоғарыда айтқан ойымыздың толық дәлелі болады. Тыйым сөздер балалардың есі кірген кезден-ақ қолданылғандықтан, ойы айқын, жас ерекшелігіне сай түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді. Балаларды ертеден-ақ жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады. Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін құлағында жүріп, жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Мұндай өнегелі, мейірімді сезімге, адами құндылыққа үйрететін бұл сөздердің естілуі қатқылдау болғанымен, жас баланың жанына төгер шуағы мол, нұрлы.Қысқа да нұсқа, айтылу екпіні де ерекше тіркестер шоғыры жас адамды сол айтылғанды орындауға еріксіз мойын ұсындырғандай. Өйткені ойлы, мағынасы терең бұл сөздер баланың өмірлік есте сақтауына да жеңіл.Бұл талдап, талқылауды қажет етпейтін, сөзсіз орындалуға тиісті өмірлік міндеттей мәнді тұжырымдар. Оны үлкендердің ұрпағына сөзсіз орындатуы халықтың бала тәрбиесіндегі ұстанымы болған. Атаның тілін бала қайтару, айтқанын орындамау адамшылық жолдан таюмен тең саналған. Мұны көргенсіздік, шектен шыққандық деп білген. Сондықтан әр жас ата салтынан аспай, айтқаны қалтқысыз орындалған. Міне, қазақы тәрбиенің құдіретті ерекшелігі осы жерден көрінеді. Ата салтын тәрбие үдерісінде басшылыққа алудың мәні де осыдан көрінеді. Осы дәстүр қайта қолға алынса, ата-ананы тыңдамайтын бала, тыңдата алмайтын ата-ана болмас еді.
Біздіңше, адам қоғамының барлық түрінде де тыйым сөздер қажет. Тіршілік болған соң күнгейі мен көлеңкесінсіз болмайды. Сол кереғарлықты реттеп отыру үшін нанымдық, сенімдік, моральдық-этикалық, құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздер де әлеуметтік ортаны реттеп отырады. Қоғам мүшелерін игі мақсаттарға бағыттап, адамдар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Тыйым сөздердің мағынасына үңілсек, тәрбиенің әр саласын аңғаруға болады. Оларды шартты түрде былай бөлуге болады: біріншіден, адамның түрлі қарым-қатынасына байланысты пайда болған; екіншіден, табиғаттағы тылсым күштердің киесі ұру, аруақтың қаһарынан, пәле-жаладан қорғануға арналған. Біздің бұлай бөлуіміз қолданылу үстіндегі мазмұнын жіктеуден туған. Адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты туған тыйым сөздерде үлкен-кішінің арасындағы, әке мен балаға қатысты, ағайын арасындағы, адамның жеке басына байланысты тыйым сөздердің үлгілері бар. Олар: нанды баспау, дастарханды аттамау, табалдырықты баспау, үлкенге дауыс көтермеу, ата-ананың назасына қалмау, ағайынға пышақ, қайрақ, балта, ит сыйламау, әйелдің мінетін атының құйрық-жалын күземеу, некелілердің төсегіне отырмау, таңын ашып жүрмеу, кіндігін көрсетпеу, неке қиылғанша тазалық сақтау, т.б. Енді екінші топқа жататындар: отқа түкірме, үйді айналма, ауылға қарай шаппа, айды қолмен көрсетпе, айға, молаға қарап зәр сындырма, жағыңды, бүйіріңді таянба, т.б. Бұл сөздер пәле-жаладан аулақ болу, табиғаттағы тылсым күштің құдіретінен, аруақ пен тәңірдің киесінен сақтандыруға арналған нанымнан туғанын байқауға болады. Қандай топқа жататын сөз болса да, адами қасиеттерді қалыптастыруда қоршаған орта, жан-жануар мен табиғатты қорғау, имандылық, адамгершілік негізінде ұлттық мінез-құлық қалыптастыратыны даусыз.
Ырым және тыйым сөздердің мазмұнынан тәрбиенің бірнеше түрін көруге болады. Атап айтсақ, адамгершілік, әдептілік, имандылық, экологиялық, гигиеналық және тағы басқа түрлерге бөлуге болады.
Адамгершілік адам болмысы үшін басты көрсеткіш екені белгілі. Мұндай адами сезімдерді қалыптастыратын сөздердің қатары көп. Оларда адамды сыйлау, қайырымды болу, өтірік айтпау, еңбекті бағалау, т.б. тәрбиелік ұғымдар қамтылған. Мысалы: адамға қарап күлме, біреуді алдама, кісі ақысын жеме, үлкеннің бетінен алма, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен, кемтарға күлме, ұрлық қылма, зорлық жасама, арыңды сатпа, аманатқа қиянат жасама, әйелге күш көрсетпе, мақтанба, тәкаппар болма, өтірікке куәлік жасама, жалқау болма.
Әдептілік – адамдармен қарым-қатынаста көрінетін сыпайыгершілік, ізеттілік таныту арқылы өз ортасында сүйкімді, жұғымды көрсететін ерекше қасиет. Ол адамгершілікпен, имандылықпен қанаттас жүретін ұғым. Біздің мұны ерекше бөліп көрсетуіміз бүгінгі қоғам үшін орны мен маңызы ерекше болғандығынан. Мұндай сөздерге: үлкеннің алдын кесіп өтпе, үлкенге әрқашан орын бер, үлкеннен бұрын сөйлеме, үлкеннен бұрын тамаққа қол созба, топта даурығып сөйлеме, адамды қорлама, орынсыз күлме, қолыңды білеп сөйлеме, кісінің көзінше қасынба, мұрныңды шұқыма, кісінің ұстінен аттама, тосып сөйле, кісіге қарап түкірме,т.б. жатады.
Имандылық туралы баспасөз беттерінде аз айтылып жүрген жоқ. Қазіргі қоғамда орны ойсырап тұрғаны баршаға мәлім. Жоғарыда атап өткеніміздей, имандылық ұғымы өте кең. Адамгершілік, тәртіптілік, сыпайыгершілік ұғымдарының бәрін де қамтиды. Біз бұл жерде дінді қадірлеу, хадис талабын орындау, жан тазалығын сақтау деген ұғымдармен қатысты сөздерді көрсеттік. Олар: аруақ аттама, дінді сатпа, құранды баспа,тәңірге, аруаққа, құранға тіл тигізбе, өлім үстінде жаман сөз айтпа, өлген адамды жамандама, намазды бұзба, қабірді баспа, жұма күні кір жума,т.б.
Экологияық тәрбие – қоршаған ортаға қамқорлық, залал тигізбеу, тылсым құдіретін бағалауға арналған сөздер жатады. Олар – көкті жұлма, ұяны бұзба, суға түкірме, ағын суға кір шайма, малды теппе, аққуды атпа, бұлақты бітеме, жәндікті өлтірме, суға зәр сындырма, құмырсқаның илеуін баспа, қара суды сапырма, бұлақты былғама, ағашты кеспе,т.б.
Тазалық тәрбиесінде жас ұрпақтың дені таза, тәні сау болып өсуі үшін жеке бас тазалығын сақтауға арналған тыйым сөздердің орны ерекше. Олар: аяғыңды жоғары көтерме, сыпырғышпен ұрма, шалбарыңды жастанба, дәрет суын аяқ асты төкпе, сыпырындыны, күлді шашпа, құдыққа түкірме, саусағыңды сорма, қолға жұққан суды сілікпе, тамақтың үстінен аттама, итке ожаумен ас құйма, шелектегі суға аузыңды батырма,т.б.
Эстетикалық тәрбиеге қатысты адамның сыртқы көрінісінің жарасымдылығы мен жүріп-тұру әдебіне байланысты бір алуан сөздер бар. Олар: шашыңды жайма, тақымыңды көрсетпе, езуіңді керме, талтайып отырма, шаш-тырнағыңды өсірме, бөркіңді теріс киме, кіндігіңді ашпа.
Халқымыздың ғасырлап жасаған қазынасын шағын мақалада қамту мүмкін емес және оны мақсат етпедік. Біздің айтпағымыз ұлтымыздың асыл қазынасы-тыйым сөздерді пайдалана отырып, қазіргі ұрпақ бойындағы жамандық атаулыдан құтылудың қамын жасауды ата-аналарға ұсынғымыз келеді. Ата салтын пайдалана отырып, айтқанын ұрпағына орындатар есті ата-ананың назарын ырым-тыйым сөздерге аударғымыз келеді. Ата дәстүріне иек артпай тәрбиенің көсегесі көгермейтінін баса айтқымы