Материалдар / Ұл мен қыз - ұлт намысы пікір сайыс
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ұл мен қыз - ұлт намысы пікір сайыс

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұл мен қыз - ұлт намысы пікір сайыс
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
28 Қараша 2024
46
0 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тақырыбы: "Ұл мен қыз ұлт намысы "

Мақсаты:  Оқушыларға  адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір  заңдылықтарын білуге үйрету; Адамгершілік қасиеттерге  бағыттай отырып, оқушының    рухани білімін байыту, логикалық ойын дамыту, ойын еркін,  дәлелді түрде жеткізе білуге жетелеу; Адамгершілік қасиеттерді сезіне білуге және үлгі ете білуге тәрбиелеу, имандылыққа, инабаттылыққа баулу.

Көрнекілігі:  нақыл сөздер, маркер, суреттер

Түрі: пікір сайыс

Әдісі: сұрақ-жауап, топтастыру, тренинг, жағдаяттық сұрақтар.

 І.  Ұйымдастыру кезеңі. Музыка ойнап тұрады.

    Мұғалім:  Ұл мен қызды дәріптеу мақсатында

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?!-деген  Абай атамыздың өлең жолдарын қыздарымызға,

Атадан жақсы ұл туса,

Елінің туы болады.

Атадан жаман ұл туса,                                  

Елінің соры болады- деген  Қазбек бидің нақыл сөздерін ұл балаларға арнай отырып, бүгінгі «Ұл мен қыз –ұлт намысы» атты пікір сайысты  бастаймыз.

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.

Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.

Қазіргі заманда қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді.Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз-деп бекер айтпаса керек. Халқымыздың ерте кезден- ақ адамгершілікті, әдепті жоғары бағалай білген. Отбасы-қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы-әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған үлгі- өнеге көрген қыз бала қайда болса да келін болғанда да көргендігін көрсетеді. Ал жақсы тәрбие алған үлгі өнеге көрген ұлдар жау келгенде де жайдақ тақа мініп шабатын өжет,батыл, адал, жеріне туған халқына ыстық ықыласты, үлкенге де , кішіге де қамқор бола білген ғой. Әдептілік,инабаттылық сыйлау жағынан халқымыз алдыны жан салмаған. Бір өкініштісі уақыт өткен сайын осынау асыл қасиеттерімізден айырылып бар жатқандаймыз. Ұлттың ізгі дәстүрімізді ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қармай,осы заманға лайықтысын таңдап алып,инабатты қыз ұлағатты ұл тәрбиелеу ата-ананың да ұстаздар қуымының да міндеті.
Қазақ халқы ұл мен қыз тәрбиесіне енжар қарамаған. «Ұлым жақсы болсын десең – біліктімен ауыл бол,қызым жақсы болсын десең – қылықтымен ауыл бол» дейтін қазақ, ұлдары тайға мініп өз тізгінін өзі ұстап жүруге жарай бастағаннан, қыз балаларды ес біліп, етек жаба бастағаннан өнерлі, текті, тәрбиелі, адамгершілігі жоғары кісілермен барыс-келіс, алыс-беріс жасап, олармен көрші отыруға құлшынған, әрі ресми тәрбие жүргізе бастаған.
Ұл бала тәрбиесінде, ұлдарға болашақ ел мен жұрттың қорғаны, отбасының ұйытқысы, халыққа бақыт-байлық жаратушы екендігін ұғындыра отырып, ел-жұрт, үлкен-кіші, кәрі-жас алдында өзін қалай ұстап, әйелдер мен балаларына қалай қамқор болу керек, қиын сәттер мен ел басына күн туған сәттерде қалай ерлік көрсетіп, қалай азаматтық таныту керек екендігі мұқият үйретіледі.
Қазақ халқы қыздың да тәрбиесіне қатты мән берген. Қыз әуелде ана бауырында отбасы тәрбиесінде болады. Оған ұлдан өзгеше тәрбие береді. Қыз тәрбиесінде білікті аналар қыздарын бір тізерлеп отыру, қалай болса, солай отырып-тұрмау; үнемі сіз-біз деп сөйлеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе ер адамдардың бетіне қылымсып немесе тіке қарамау,тамақты ауыз толтыра асап, былшылдатып, шалпылдата шайнамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау; «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын таза сақтау, ата-анадан рұқсатсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізеді. 
Қазақ халқының қыздарды жастайынан оң босағаға отырғызуының үлкен мәні бар. Ол қыздардың дербес өмір сүруіне бейімдейді. Болашақ отауды қалай ұстап, қалай басқаруды, шаруашылық істерін қалай реттеп, қалай жөнге салуды үйретеді. Еңбекшілдікке, іскерлікке тәрбиелеп, болашақ ана, отау иесі болуға үйретеді.
Байырғы қазақ қоғамында қыз тәрбиесі бір ғана шаңырақ тәрбиесі емес, әулеттің, ауылдың тәрбиесін көріп өседі.
Әке үйінде жүрген қыз – қонақ деп, оны жарасты киіндіріп, ұзатылғанша төрге таман оң жақтан орын берген. Қыз баланың белін жеті жасқа келгенде аналары белбеумен буып қоятын болған. Ал, он екіге келген соң, аналары қызының төсегіне дәл жауырынының астынан келетіндей етіп, қос арқан керіп соған ұйықтататын. Сондықтан да қазақ қыздары бұраң бел, аршын төс, сымбатты болып өскен.
Қазақ халқы қыздарын «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеп, аялап, ардақтаудың арқасында, қазақ халқында ақыл-парасатымен ел билеп, ру-тайпа басқарған көсем, шешен, би, аты аңызға айналған батыр, әулие аналар, ел жұрты аттарын қадір тұтқан қасиетті, киелі әжелер көп болған. Мысалы, Айша Бибі, Баба әже, Домалақ Ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын аналар...
Қазақ халқының тәрбиесі қыздарды арлы болып, адамгершілігін биік ұстауға; өнерлі іскер болып, ар-абыройын таза ұстауға баулиды. Ерлерді қадірлеуге, құрметтеуге, отбасының ұйтқысы, перзенттерінің тәрбиешісі, ұстазы болып, адамдық арына дақ түсірмейтін өнегелі, үлгі-тағылымды адам болып есеюге баулиды!

ІІ Жалғасын тап – деп аталады. Ережесі: тәрбие, отбасы туралы мақал – мәтелдеріді жалғастыру, және мағынасын түсіндіру.

1. Әдепті бала ата-анасын мақтатар………. (әдепсіз бала ата-анасын қақсатар)

2. Ана сүтін ақтамағанды………… (ешкім жақтамайды.)

3. Әке тұрып ұл сөйлегеннен без……….(шеше тұрып қыз сөйлегеннен без )

4. Қарағайға қарап тал өсер…………… (қатарына қарап бала өсер)

5. Үйінде ұл-қызы бардың…………. (көгінде сөнбес жұлдызы бар)

6. Жығылып жатып………..(сүрінгенге күлме)

7. Күлме досыңа…………(келер басыңа)

8. Ауру қалса да …………(әдет қалмайды)

9. Әдепті бала арлы бала……………(әдепсіз бала сорлы бала)

10. Ұяда не көрсең…………(ұшқанда соны ілерсің)

ІІІ Топтастыру стратегиясы.

Енді жұмысымызды әрі қарай жалғастыру үшін  шағын видеоролик тамашалаймыз. «Қазіргі замандағы ұл мен қыз қандай?»

Өз пікірлерімізді ортаға салайық.  Балалар пікірі тыңдалады

Қазақ ұлын ұядан, балапан кезінен қырандай қияға қанат қақса екен, отбасы, ошақ қасында қалмаса екен деп тілеген. Қарғадайынан ашамай ерттеген тай-құнанға мінгізіп, ұранымды айтар ұланым деп, қолдан келгеннің бәрін аямаған. Талабын ұштаған. Қазақтың бетіндегі ұяты, көңіліндегі мияты бол деген тілегін құлағына құйған. Қазақ қызын ұлдан жоғары қойған, босағаға отырғызбаған, жаны нәзік деп көңіліне қараған, қонақ деп құрметтеген. Тіпті кей тұста ұлға балап өсірген. Ұлттың алтын қазығы, ұлттың ғұмыры, ұлылық қыздың ибасында, ананың ақ жаулығында деп, осыны мойнындағы тұмар секілді ой-санасына дарытқан. Ел шеті бүлінсе, ерлердің қатарына қосып, кейде қару да ұстатқан. Бұған көзі ашық, арғы-бергі тарихты ой сарабынан өткізген жан жақсы біледі. Басқаны қойып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде ұлт ұранын көтерген батыр ұлдар мен батыр қыздарды еске түсірсек, жетіп жатыр емес пе?! Біз бүгінде жоғарыда ұшқындатып айтқан ұлт үлгісінен алыстап бара жатқандаймыз. Әлемдік сапырылыс үдеп тұрғанда оған қанша жерден алдына тосқауыл болам десең де, бола алмайсың дейтіндер табылар. Бірақ, солай екен деп ұлттық дәстүрден қол үзіп, жұтылып кету керек пе деген ой жұдырықтай жүректі тайдай тулатып тұр. Мұндай тұста ұран ұстар ұл ынжықтық танытса, ибалы қыз қырын кетсе, жұртымыздың төрт құбыласын түгендеу қиын болары хақ.

«Мен қауіп еткеннен айтамын:

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың,

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін,

Адыра қалғыр заманның,

Мен жаратпаймын сүреңін», деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, біз де ішкі қаупімізді сыртқа шығарып отырмыз. Шынында, сұрқыңды алар сұйық іс бізде де жоқ деп айта алмасақ керек. Нарық заманы ел адамдарын өзгертті, өз күніңді өзің көруге тиіссің деген ұғымға ден қойған ұлт ұлдары әр алуан тірлікте жүр. Бірі базар жағалайды, енді бір соқталдай жігіттер көшедегі тұраққа келіп тоқтаған машина иелерінен алақан жайып ақша жинайды. Бірақ, солардың айлығы шайлықтан артылмайтын көрінеді. Ұлдарымыз, қыздарымыз көше жағалап жүрсе, жаның қалай ауырмасын. Бар байлықты шеттен келгенге ұстатып, өзімізді шеттетсек, бұл қалай болады? Осындай жағдайда жігіттерімізді еңбек етпейді деп желкелеу жөн бе екен? Қыздарымыз туралы да әңгіме көп. Желдей еседі. Өзгені қойып, қорған болар өз қандастарымыз күндей күркірейді. Бабаларымыздың «қызға қырық үйден тыю» дегенін орындай алмай жүріп, кінә тағуға, мін ілуге неге құмармыз? Абай айтпақшы, өз отбасымыздан аулақ болса, қия басқанды ұлтымыздың бұл да бір балапаны емес пе демей, сыртқа тепсек, әлгі балапанның бағы қалай ашылады? Бұл жері көп, халқы аз халық үшін бір кездері қатер болып жүрмей ме?

Қазір қыздарымыз шетелдікке тұрмысқа шығып кетіп жатыр, өзгенің етегінен ұстайды деп дүрілдейміз. Бұл неліктен дегенге мән бермейміз. Оны «бұғаулайтын» қарындасын қадір тұтқан, әпкесін ардақтаған қазақ жігіті қайда деп ойланып көрдік пе? Бар пәлені қызға аударғанша, жігіттерге неге сұраулы жүзбен қарамаймыз? Қыз намысы ұлт намысы емес пе? Сол намыс туы ежелден-ақ жігіттердің қолында жүрмейтін бе еді деуге хақымыз бар болса керек? Бүгін сөзге іліккен қыздың тағдыры ертең өзге қазақ қызының басына келмейтініне кім кепілдік бере алады? Ұлт ғұмыры текті қызға тәуелді. Текті қыздан текті ұлт туады. Ендеше, ұлт қызының тағдыры ұран ұстар ұлдың қолында тұр.

Ибалы ұлдар дегеніміз қандай ?

    Иман- араб тілінде «сенім»- деген ұғымды білдіреді. Халық адамгершілігі жоғары кісіні  «иманды» деп құрметтейді, адамгершілік қалыпты бұзған адамды «имансыз» деп жек көреді.  Адамгершілігі, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі, иман жүзділігі жарқын, биязы, парасатты болады. Ондай адамды халық «иманжүзді кісі» деп бағалайды.

Абай атамыздың даналығы –адамдықты жақтайды.

Адам болам десеңіз...

Бес нәрседен қашық бол...,—

Бес нәрсеге асық бол, - деп  Абай атамыз айтқандай, адамның  ішкі рухани казынасының молығуы өз қолында

   Ал   имандылық қасиеттерге не жатады?

қарапайымдылық

сыпайылық

мейірімділік

кішіпейілділік

ізеттілік

адалдық жатады

Ибалы қыздар дегеніміз қандай ?

    Ата-бабаларымыз адамның ішкі дүниесіне зер сала отырып, өздерінің көз жеткізген ой-пікірлерін өсиет етіп кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған. Қазақ даналарының тұжырымдауынша, адамгершілік, имандылық  мынадай 10 нәрседен тұрады; біріншіден, адамдарға кішіпейіл және нәзік сезімталдықпен қараудан, екіншіден, өзінің ісінің бұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан; үшіншіден, халқына қызмет етуден; төртіншіден, өз сырларын басқаға білдіру-білдірмеуді білу; бесіншіден, өзінің және басқалардың сырын сақтаудан; алтыншыдан, әр жағдайда сақ бола білуден; жетіншіден, тілге ие болып, артық сөйлемеуден; сегізіншіден, әдеп сақтаудан, тоғызыншы, қатеңді бірден мойындап, кешірім сұраудан; оныншы құлаққа жағымсыз сөзді айтпаудан.     

 Инабаттылық- әдептіліктің әсем көрінісі. Инабаттылық рәсімдері: қарапайымдылық, сыпайылық, тіл алғыштық, адалдық, әділдік, жауапкершілік. Инабатты, биязы мінезді қатардағы қарапайым қамқоршы адамды халық нағыз перзентім деп үлгі тұтады. Ұлы ғұламалардың еңбектерінің қайсысы болсын имандылық, инабаттылық, адамдық қасиет қалыптастыруды көздеген. Сондай еңбектердің бірі – Қожа Ахмет Иассауидің «Даналық кітабы». Онда 149 өсиеті аса қымбат тәлім-тәрбиелік тұжырымдар. Халқымыз ежелден ұлдарын батырлыққа баулып, түзде өсірсе, қыздарын үй шаруасына үйретіп, «қырық үйден тыйым салған».

Қызға қырық үйден тыйым

Қыз бала аттап өтуге болмайтын әдеп – инабаттылық талаптары жайында жақсы хабардар болуға тиіс. Әсіресе қыз анасы, апа – жеңгелері үй шаруасына икемділік, ісмерлік, жүріс – тұрыс сыпайылығы мен ширақтығы, әсімдігі, жинақылық пен тазалық, өз бойын күту мен ашық қабақтылыққа үйретуі керек. Үлкендерге ізеттілік, құрбыларымен татулық, сыйластық, кішілеріне апалық мейір – ықылас тәрізді қыз бала инабаттылығының нәзік иірімдері туралы айтып қана қоймай оларды білдіруге, меңгертуге күш салулары қажет.

ІҮ Ойланайық пікірлесейік.

     Ұлдарға сұрақ:

1. Қыздың көркі деп нені түсінесің

2. Қыздарды неге өмірдің гүлі дейді?  

3. Қызға қандай қылық жараспайды

 4. Қыздарға арнап мақал айт.

 5. Өзіңе қыздардың қандай мінезі ұнайды?

 Қыздарға сұрақ:

1. Ұлдарға қандай қылық жараспайды?

2. Ұлдарға арнап мақал айт  (Атадан жақсы ұл туса,

                                                     Қар үстінде от жанар, 

                                                     Атадан жаман ұл туса,

                                                     Ат үстінде ит қабар

     Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді, жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді , жақсы бала- сүйік, жаман бала күйік)

 3. Саған ұлдардың қандай мінезі ұнайды?

 4. Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады дегенді қалай түсінесің?

    ( Отан үшін отқа түс, күймейсің дегендей, ұл бала еліне отанына қызмет етуі тиіс.Ол  үшін тәртіпті, саналы, адамгершілі мол болуы керек деп  ойлаймын)

5. Ұл бала үшін қасиетті борыш деп нені айтар едің?

     (Ата-анасын сыйлау, өз елін қорғау)

 Ұл мен қыз тәрбиесіне ұялы телефонның қаншалықты әсері бар деп ойлайсыздар?

Ү Жүректен жүрекке. Оқушыларға жеке-жеке парақ таратылады. Параққа ибалы ұл мен инабатты қыз болу үшін қандай тәрбиені ұстану керек екендерін жазып тақтаға жабыстырады.

ІҮ Қорытынды

Мұғалім. Сонымен балалар, бүгінгі тәрбие шарамыздан не түйдік?

 Бүгін біз адамгершілік, имандылық туралы мағлұмат алдық. Сіздер қай жерде болсаңдар да әдепті, тәртіпті, ақылды болып, жамандықты жақсылыққа  баурап жүрулеріңіз керек. Өмір сіздерден осыны талап етеді.

Абай атамыз айтқандай:

Аң жортар  аяғымен, жер еркесі,

Құс ұшар қанатымен, көк еркесі.

Халқыңа қалаулы ұл боламын десең,

Адам бол! Болма адамның көлеңкесі.

Сіздерге адамгершілігі мол, еліміздің иманды да  инабатты ұл –қызы болып өсіңіздер деп тілек айтамын.

Қатысқандарыңызға рахмет!

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!