Материалдар / "Ұлы тұлғалар әлемінде"
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

"Ұлы тұлғалар әлемінде"

Материал туралы қысқаша түсінік
Осы жинақта ұсынылып отырған қосымша деректер арқылы оқушылардың бойында адамгершілік тәрбиесін қалыптастырып, ата – тегінің тарихына құрметпен қарап үлкендерді сыйлауға, данышпан би-шешендердің шешендік асыл сөздеріне мән беріп, ұлы адамдардың халық арасында алатын орны туралы түсініктерін кеңейтіп, өздеріне үлгі тұтуға тәрбиелеуді басты мақсатым деп білемін. Ал, негізгі міндетім – қосымша әдістемелік құралды ұсына отырып – аттары аңызға айналған ұлы тұлғалар туралы қосымша деректер бере отырып, оқушыларды отансүйгіштік сезімге, патриоттыққа, елжандылыққа баулып, оқушылардың көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарын арттыру; кітапты құрметтеуге баулу; -бұл жұмысымды әлі де жалғастыру үстіндемін және қосымша материал іздегенде сіздерге де пайдасы тиер деп ойлаймын;
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
15 Наурыз 2018
907
4 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

















Алғы сөз.
Әдебиеттік оқу пәнінің оқу аясы көркемдік және ғылыми – танымдық бөлімдерден тұрады. Көркем – әдеби шығармалар бөлімі балалар әдебиетінің екі саласын қамтыған. Ол ауыз әдебиеті үлгілері және жазба әдебиеті үлгілері. Оқушыларға ұсынылған сұрақтар мен тапсырмалар да мәтінді жалаң оқу мен жаттауға емес, баланың қызығушылығын арттырып, оның ішкі жан – дүниесінде жағымды әсер қалдыратындай, оны белсенділендіретіндей мақсатты жұмыстарымен мазмұндалған. Сонымен бірге мәтінді толықтыратындай сюжетті – иллюстрациялық суреттер, жазушылар портреті, олардың қысқаша өмірдеректері т.б. берілген.
Бірақ, кейде мәтін авторының аты – жөні ғана берілгендіктен, оқушылар сол автор туралы біраз мағлұмат алғаны дұрыс деген оймен мен осы әдебиеттік оқу пәніне қосымша құрастырған әдістемелік құралымды ұсынамын.
Адам бойындағы ажырамас қасиеттердің бірі – Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, батырлық. Олай болса, еліміз – жеріміз тарихындағы ұлы адамдарды, еңбегі мен өнері елге үлгі азаматтар жөнінде қосымша деректерді ұсыну арқылы балаларға таныстыру – менің басты мақсатым.
Мен бұл әдістемелік жинағымды бірнеше тарауларға бөлдім.
Аузы дуалы би – шешендер.
Даналардың данасы. ( Абай,Бұхар жырау, Мәшһүр,
Елін, жерін жаудан қорғаған батырлар.
Алты алаштың арыстары.
Ұлы тұлғалар.
Мәдениет майталмандары.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері
Шетел – орыс жазушылары.
Осы жинақта ұсынылып отырған қосымша деректер арқылы оқушылардың бойында адамгершілік тәрбиесін қалыптастырып, ата – тегінің тарихына құрметпен қарап үлкендерді сыйлауға, данышпан би-шешендердің шешендік асыл сөздеріне мән беріп, ұлы адамдардың халық арасында алатын орны туралы түсініктерін кеңейтіп, өздеріне үлгі тұтуға тәрбиелеуді басты мақсатым деп білемін.
Ал, негізгі міндетім – қосымша әдістемелік құралды ұсына отырып – аттары аңызға айналған ұлы тұлғалар туралы қосымша деректер бере отырып, оқушыларды отансүйгіштік сезімге, патриоттыққа, елжандылыққа баулып, оқушылардың көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарын арттыру; кітапты құрметтеуге баулу;



















Төле би Әлібекұлы XVII – XVIII ғасырларда өмір сүрген. Үйсін елінен шыққан Ұлы жүздің биі. 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойында Әулие ата маңындағы Жайсаңжайлау деген жерде дүниеге келген. Әке тәрбиесінің арқасында билікке ерте араласып, сенімнен шыға білген. Алғыр – тапқырлығымен, әділдігімен көрініп, жастайынан ел ішіндегі жер дауы, жесір дауына араласып, шешім айтып отырған. Отбасыны, берекесі, елдің ырысы, жақсы болса елдің басшысы деп әйелдің орнын өте жоғары бағалаған Төле би алдына келген қыз – жігіттердің тағдырына жеңіл қарамай, олардың бақытты болуларына жағдай жасаған. Төле Тәуке ханның атақты Жеті жарғысын жасасқан бас биінің бірі. Өзінің шешендік пен шебер жеткізе білген сөзінің қуатты күшімен, көрегендік танытқан даналығымен халықтың ойынан шығады. Төле би атынан айтылатын толғаулар да аз емес. Толғауларында қисындырып берілген сөз түйіні, ұлағатты ой жиынтығы толық байқалады.
Төле бидің жұмбағы.
Төле би: Уа, халқым, сөз қадірін білетін, сөз таныған жастарға 10 түрлі жұмбағым бар. Айтсам, жұмбағым мынау: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10.
Қазыбек би: Би аға, бұл жұмбақты мен шешіп көрейін, рұқсат етіңіз.
Төле би: Рұқсат, Қаз дауысты Қазыбегім.
Қазыбек: Бір дегенің – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегенің – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегенің – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
Төрт дегенің – төсектен безген жас жаман.
Бес дегенің – белсеніп шыққан жау жаман.
Алты дегенің – асқынып кеткен дерт жаман.
Жеті дегенің – жас келіншек жесір қалса сол жаман.
Сегіз дегенің – серпілмеген қайғы жаман.
Тоғыз дегенің торқалы той, топырақты өлімге бас көрсетпесе сол жаман.
Он дегенің – кәрілікке дауа болмас.
Төле би: Рахмет, дәл тауып шештің, ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің.
Қазыбек би: Ал, Әйтеке,халқыңа сен не айтасың?
Әйтеке би: Уа, халайық! Көсіліп шабар жерің бар,
Тау көтерген елің бар,
Атадан қалған сара жолың бар,
Тіл қадірін біліңдер!

Төле бидің жауабы.

Бір аңызда Төле Түлкі есімді жігіттің сұрақтарына былайша жауап береді:
Ата, алты алаш деген кім? – дейді жігіт.
Алты алаш – Алаша ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Жайылған, - дейді Төле.
Үш жүз деген кім?
Үш жүз – қазақтың ағайынды үш баласы.
Ағайынды кісілердің өкпесі немен тарқайды?
Сағынысып көрісумен тарқайды...

Төле бидің бір төрені ұялтуы.

Ерте заманда бір төре кедей адамға егін ектіріп, ақы төлемей, өзі пайдаланып жүреді екен. Кедей адамға бала – шағасын асырау қиын болыпты. Келесі күзде егін жақсы шығып, кедей егінді төреге айтпай жинап алыпты. Төре кедейдің басын жарып, таяқ жеген кедей Төле биге арызданып барыпты. Төле би төренің жағдайын естіп, төрені шақыртып алып:
Таласқандарың қара жер,
Төрем болдың босқа тер.
Егіншімен айтысып,
Қор боп қапсың қайран ер.
Қор болмасты ойласаң,
Мүсәпірдің қақын бер, -
Деген соң, әлгі төре ұялып,кедейдің ақысын беріп, риза қылыпты.




Келдібекұлы Қазыбек би қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Әз Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің биі, Жеті жарғы аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан. Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы - қасында жүріп хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай – ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Ол – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі.XVIII ғасырдың 40 жылдары Абылай хан жоңғарлар қолына түсіп қалған шақта, оны тұтқыннын босатып алуға белсене қатысты. Қазақтың тұтас бір елдігін көксеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өле – өлгенше ұзақ та нәтижелі өмір кешкен аты шулы шешен биіміз Қаз дауысты Қазыбек.Халық шежіресі бойынша, Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген бес ұлы, Маңқан есімді бір қызы болған. Қазыбек қайтыс болғанда, осы қызы жоқтау айтқан екен.
Өсиет қылдың қазаққа,
Сарыарқа деп қонысың:
Қалмақ, сартпен жауласпа,
Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды,
мынау көрші орысың,
Орыспенен жауласпа,
Есіңде болсын бұл ісім


Қазып айтқан Қазыбек
Ертеде Ұлы жүздің жесірін Кіші жүздің бір жігіті алып қашып, содан барымталасып, ел арасы ашылады. Осы дауды шешу үшін үш жүздің өкілдері бас қосады. Сонда Ұлы жүз Төле тұрып:
Мен ағаның баласымын, жасым үлкен, билікті мен айтамын, - дейді. Кіші жүз Мәлсе:
Жоқ, атаның қара шаңырағындағы кенжесімін. Жасым кіші болғанмен, жолым үлкен, билік менікі, - дейді. Орта жүз Қаз дауысты Қазыбек бұған күледі.
Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деуші еді. Қазыбек , сіз неге күлдіңіз? – деп сұрайды Төле мен Мәлсе.
Сендер атадан туысыңды білесіңдер де, оның өсиетін білмейді екенсіңдер, - дейді Қазыбек. – Аталарың: Ұлы жүзді таяқ беріп, малға қой.Орта жүзді қамшы беріп, дауға қой. Кіші жүзді найза беріп, жауға қой дегені қайда? Сүрінсем, сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік менікі еді ғой!
Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазыбекке береді. Сонда, Қаз дауысты Қазыбек былай деп төрелік айтады:
Уа, Үйсін Төле! Сен атадан үлкен туасың, ініңнің бір еркелігін көтермей жылқысын неге қуасың? Уа, жарқыным Мәлсе! Сен қара шаңырақтағы еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгеңді неге ертесің? Сен, Мәлсе би, жесірді қайтар! Сен, Төле би, жылқыны қайтар!
Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, бітісіп тарқаған екен.

Қазыбекті сынау.

Жас уақытында Төле би мен Әйтеке би екеуі Қаз дауысты Қазыбекті сынамақ болып, бір ерге өтірік таласып, оның алдына жүгініпті. Ер иесі Әйтеке, даулаушы Төле би болыпты. Қапталың – қайың, қасың – тал, Қазыбек қосқан ермісің деп, Әйтеке би іліп әкетіп, өз уәжін айтады.Төле би де ердің өзінікі екенін дәлелдеп, ерден айырылмайтынын, керек болса жан беруге баратындығын айтып, қасарысып бағады.
Сонда Қазыбек Төле биге қарап:
Сен қараның ұлы Төлесің, адам болайын деп жүрген немесің, қу ағаш үшін жан берме, жан берсең, күніңнен бұрын өлесің. Сен, екі шіркін, қартайғанда мені сынамай – ақ қойсаңдар етті? Орта жүзде бір кісінің жауырыны жерге тимей – ақ қойса қайтеді? – депті.

Қазыбек бидің дауды шешуі.

Ертеде Қаракесек пен Қыпшақ руларының арасында бір дау болады. Дауға Қаз дауысты Қазыбек келіпті. Амандасып болған соң Қыпшақ биі: Арғынның арық биі, сөйле депті.
Сонда Қазыбек:
Арық емес, қатумын, қара жерден татумын.
Көшершілік кезде түйе азады, жетімдік көрсе қыз азады.
Елі жаугершілік болса, тағында хан азады, табындағы би азады, - депті.




Әйтеке Байбекұлы( 23.03.1644, Өзбекстан,Қазбибі тауы, Қызылша м – 1700, Өзбекстан, Нұрата ауд.Сейтқұл қорымы – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алады. Ол әуелі Самарқандтағы Ұлықбек медресесінде оқиды. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шығады. Әйтеке шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен бірге жоңғарлармен бірге болған ұрыстарда қол бастаған батыр да. Әйтеке би қазақтың Тәуке, Абылай, Әбілмәмбет хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Әз Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, Жеті жарғы аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі.
Әйтеке бидің тапқырлығы.
Бір аңызда ауылында отырған Төле би мен Қазыбек Әйтеке баладан: Жігіттің жақсысы қандай болады? деп сұрапты.
Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген, - дейді Әйтеке.

Әйтеке бидің әділ төрелігі.

Бір күні Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап Кіші жүзе келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт:
Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің,
Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің, - деп орнынан тұрып кетеді.
Шақыршы, анау қара жігітті, - дейді Қазыбек.
Жігітті шақырып келген соң:
Шырағым, қай баласың, аты – жөнің кім? – дейді билер.
Әкемді сұрасаңыз – жетесіз,
Шешемді сұрасаңыз – некесіз.
Туа салған бір баламын,
Тегімді сұрап не етесіз? – дейді жігіт.
Балам, сөзің жетті, енді төрелігін айтып, осы дауға өзің ие бола ғой, - дейді Төле би.
Сонда қара жігіт түрегеп тұрып:
Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен. Құр қайтсаңыздар, ағалық назарларыңызға қалармын. Ердің құны жүз қара ғой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша, торпақ берсін, соған разы болыңдар! – дейді.
Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, ризаласып тарайды. Бұл – Әйтекенің жігіт шағында айтқан бір төрелігі екен.



Едіге тарихи деректер бойынша Тоқтамыс хан тұсында (XIV-XVғ.) өмір сүрген. Аңыз әңгімелер Едігенің хан алдында қаймықпаған ерлігі, ақыл мен күш-қуат берген ерлігі жайлы көп айтады. Ел жадындағы Едіге – әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі дана. Сондықтан халықта Ел қамын жеген Едіге деген ұғым қалыптасқан.

Бала Едіге

Ойнап жүріп, сонадайдан екі кісі келе жатқанын көрген Едіге қасындағы тоқсан балаға: - Өздерің сәлем бермеңдер, сәлем берсе алыңдар, сәлем бермедіңдер деп сөксе, жауабын мен берейін, - дейді.
Кісілер жақындап келіп: Балалар, неге сәлем бермейсіңдер? – депті.Едіге: Әуелі өздерің неге сәлем бермейсіңдер? – дейді. Екі кісі:
Біз үлкен бе, сендер үлкен бе?
Біз үлкен, - дейді Едіге.
Сендер қалайша үлкен боласыңдар?
Егер мына тоқсан баланың жасын қоссақ, біз үлкен болмаймыз ба?
Сөзден жығылған екі жолаушы Едігенің тапқырлығына таңданады.


Едігенің әділ билігі.

Қой бағып жүрген Едіге бір күні орталарындағы бір балаға таласып келе жатқан екі әйел мен екі еркекке кезігеді. Әй, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төрелік бересің бе? - дейді жамырап. Төрелігіне тек разы болыңдар, - дейді.
Осынау баланы бесікте жоғалтып едік, енді танып отырмыз, - дейді бір жұп жұбайлар. Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала қылады деп зар қағады қалған екеуі. Едіге төртеуіне де: Берген төрелігіме көнесіздер ме? - деп сұрайды. Төртеуі де көнеміз дейді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі әйелге ұстатады. Едіге Даулы баланы семсермен екеуіңізге қақ бөліп беремін, - деп семсерді көтере бергенде, жоғалтып едім деген әйел білегінен ұстай алады. Өлтірмеңіз, - дейді жалынып, - менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірше мынау – ақ алсын. Едіге үндемеген әйелге: Сенің ұрлағаның шын екен, өлтірсе өлтірсін деп үндемедің, мынаның баласын өзіне бер, дейді. Өзім таптым деген еркек пен әйел бұл төрелікке көнбейміз деп Тоқтамыс ханға барады. Төрелік тимеген әйел мен еркек ханға: Даулы болып сізге жүгінуге келдік - дейді. Болған жайды әбден тыңдап болған хан: Қойшы баланың берген төрелігі – төрелік, ондай төрелікке кесу айта алман - дейді.


Сырым Датұлы - қазақ тарихындағы елеулі қайраткерлердің бірі, 1783-1797 жылдардағы отарлауға қарсы және ұлт – азаттық қозғалыстың басшысы. Сырым батыр қуғын – сүргінді көріп, әр қилы жағдайда елден ұзақ уақыт жырақ жүрген. Сырым жас кезінде әкесі сияқты шаруа болған, бала кезінен тапқырлығы мен қайсар бірбеткей мінезділігімен көзге түскен. Сырымның әкесі Дат жеті ағайынды болған дейді. Ал Сырымның өзі он бір ағайынды болса керек. Халық Сырымды көп балалы үйде өскен әдепті, көпшіл, еңбекқор, үлкенді сыйлау, кішіні есіркеу, жатты жатырқамау – Сырымға тәне жақсы қасиеттер болған екен. Сырымның анасы да адал, ақылды адам болған. Сырым әрі би, әрі шешен, әрі батыр адам болған.1802 жылы қайтыс болған.

Сырымның тапқырлығы.

Сырым батыр бір жылы орта жүзге барып, Балабимен кездеседі. Балаби Сырымға бірнеше сұрақтар береді.
Үгітті қандай адамға, ақылды қандай адамға айту керек? – дейді Балаби.
Үгітті ұққанға айту керек, ақылды жұққанға айту керек, - дейді Сырым.
Ат не үшін шабады, ер не үшін шабады?
Ат шабысына қарай шабады, ер намысына қарай шабады.
Дүниеде не тәтті? – дейді Балаби.
Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті, - дейді Сырым батыр.

Сырымның нақыл сөздері.

Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ.

Дау мұраты – біту,
Сауда мұраты – ұту,
Қыз мұраты – кету,
Жол мұраты - жету.

Жаман болса – жақын жау,
Шабан болса – атың жау,
Шайпау болса – қатын жау,
Таршылық болса – биең жау,
Күнде келсе – күйеу жау,
Жымысқы болса – жиен жау,
Тіл алмаса – ұлың жау,
Бай алмаса – қызың жау.

Сырымның ханға берген жауабы.

Хиуа ханы Сырым батырға:
Сен кімсің? – дейді.
Мен Сырыммын, - дейді батыр.
Қай Сырымсың?...
Дана Сырыммын, молда Сырыммын, мырза Сырыммын, бай Сырыммын, батыр Сырыммын...
Бір басыңа мұнша бес атақты қалай алдың? – дейді, хан таңғалып.
Ойлап сөйлеген дана болады,
Көп оқыған молда болады,
Жомарт жігіт мырза болады,
Малыш жігіт бай болады,
Батыл жігіт батыр болады,
-Мен халқымның қамалбұзған батырымын – дейді Сырым батыр.

Жиренше шешен мен Қызылым қарт

Бір жолы қырғыз Қызылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып:
Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлағдар болыңызшы, - дейді.
Жарайды, - дейді Жиренше шешен – Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз.
Он бес жас құйын қуған желменен тең,
Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең,
Отыз бес ағып жатқан селменен тең,
Қырық бес аю аспас белменен тең.
Жетпіс бесте көңілің жырменен тең,
Сексенде селкілдеген шал боларсың,
Өлмесең де қор боларсың,
Жүзде дүниеден күдеріңді үз,
Өлмесең де өліден кем боларсың, - деген екен.


























Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!