2023 жылғы 11-16 желтоқсан аралығында
Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы Конрад
Аденауэр атындағы қордың қолдауымен, Paperlab зерттеу орталығымен
бірлесіп азаматтар арасында «Қазақстанның қазіргі жағдайына баға
беру және жыл қорытындысы»
тақырыбында сауалнама
жүргізді.
Demoscope-тың қорытынды сауалнамасы
Қазақстандағы жыл нәтижелері туралы қоғам пікірін талдауға арналды.
Зерттеу өмір сапасына қанағаттану деңгейіне, түрлі саладағы
өзгерістерге баға беріп, азаматтарды алаңдатып жүрген мәселелерді,
билік институттарына деген сенім дәрежесін анықтауға мүмкіндік
берді.
Demoscope сауалнамасы қазақстандықтардың
жартысынан көбі мен олардың отбасыларын материалдық мәселелер –
табыс онсыз да төмен кезде (50,6%) алғашқы қажеттілік тауарлары
бағасының өскені (52,2%) алаңдататынын анықтады. Азаматтардың
үрейін тудыратын басқа да маңызды аспектілер қатарында баспананың
қолжетімсіздігі және қанағаттанарлық жағдайда емес екені (33,4%),
сондай-ақ зейнетақы, жәрдемақы мен шәкіртақының төмендігі бар
(31,3%).
Экономика және баспана мәселесінен бөлек,
қазақстандықтарды мынадай тақырыптар алаңдатады:
-
жемқорлық – 29,6%
-
жұмыс орындарының жетіспеуі мен жұмысқа тұру қиындығы –
27,2%
-
қоршаған ортаның ластануы - 23,2%
-
қанағаттанарлық емес / қолжетімсіз денсаулық сақтау
жүйесі – 23,1%
-
қанағаттанарлық емес / қолжетімсіз білім беру жүйесі –
18,7%
-
көлік инфрақұрылымының нашарлығы – 16,5%
-
коммуналдық инфрақұрылым мәселесі – 16,2%
-
қылмыс деңгейі – 7,3%
-
демалыс пен сауыққа мүмкіндіктің жоқтығы –
4,4%.
Бұл сұрақта бірнеше нұсқаны таңдауға
болады.
Респонденттердің сатып алу қабілеті төмен
екенін көрсететін жауаптар мемлекеттік басқару сапасының негізгі
белгілерінің бірі – азаматтардың өмір сүру деңгейі туралы мәселемен
байланысты екені белгілі. Сауалнама нәтижесі бойынша, 2023 жылы
қазақстандықтардың 40%-ке жуығы өмір сүру деңгейі нашарлады деп
есептейді (39,5%), респонденттердің үштен бірі (33,4%) жағдай
бұрынғыша десе, халықтың 19,4%-і өмір сүру сапасы жақсарды деп
ойлайды.
Demoscope зерттеуі елде өзгерістерге деген
сұраныс жоғары екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 65,7%-і
Қазақстанға ауқымды және шешуші өзгерістер қажет деп санайды.
Кішігірім өзгерістерді қалайтындар айтарлықтай аз – 24%.
Қазақстандықтардың тек 7-і «ешқандай өзгеріс қажет емес, бәрі сол күйінде
қалсын»деген пікірде.
Әлеуметтік-демографиялық топтардың бәрінде ауқымды өзгерістерге
деген сұраныс басым, әсіресе қазақ ұлты өкілдері арасында жоғары
(70%).
Әлеуметтік-экономикалық және геосаяси
дағдарыс кезінде тұрғындардың билік институттарына сенімі –
дағдарысқа қарсы саясатты іске асырудағы негізгі фактор.
Бір қызығы, Demoscope сауалнамасына сәйкес,
мемлекеттік институттар арасында азаматтардың көбірек сеніміне ие
адам – Қазақстан Президенті (барлық ақпараттық жүйе елдің бірінші
тұлғасының рейтиңіне жұмыс істейтін автократияда қалыпты нәрсе).
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 69,4%-і Тоқаевқа адал болып
шықты, ал 20,1%-і, керісінше, сенбейді. Оған қарама-қайшы оқиғалар
себеп болса керек. Қатаңдап бара жатқан сыртқы саяси күн тәртібі
ішкі мәселелерді жұмсағырақ қабылдауды үйретеді.
Азаматтардың жартысына жуығы банктерге
(51,4%), полицияға (50%), әкімдерге (48,2%) және дін
қайраткерлеріне (47,4%) сенеді екен.
Үкіметке деген сенім мәселесінде
респонденттердің пікірі айтарлықтай поляризацияланған – сауалнамаға
қатысқандардың жартысына жуығы (48,8%) оларға сенім білдірді, ал
39,5%-і сенбейді.
Депутаттық корпустың сенім деңгейі
салыстырмалы түрде төмен. Парламентшілерге 47,7%-і «сенбейтін
тәріздімін» деген жауапты таңдаса, 35,6%-і сенеді. Соттарға деген
қоғам сенімі одан да аз. Оларға 38,2% тұрғын сенсе, 37,2% азамат
«сенбейтін тәрізді».
Қоғамдық сенім деңгейі сауалнамаға
қатысушылардың жасымен тығыз байланысты. Зейнет жасына дейінгі
қазақстандықтар көбіне күмәнмен қарайды. Мәселен, 50-ден 59 жасқа
дейінгі топта сауалнамаға қатысқандардың 51%-і және 62%-і Үкімет
пен Парламент депутаттарына сенбейді. Ал 18 жастан 29 жасқа дейінгі
жастар арасында бұл институттарға деген сенім айқын байқалады.
Аталмыш жас тобындағылардың 79%-і Президентке сенеді. Екінші орында
– діни қызметкерлер. Оларға деген сенім деңгейі – 66% (орташа
көрсеткіш – 47%).
Demoscope зерттеуі қоғамның әлеуметтік
институттардың жұмысын бағалауға мүмкіндік берді. Мәселен, екі
салада – экономика және экологияда жағдайдың нашарлағанын атап
өткен респонденттер үлесі басым. Бұл пікірді азаматтардың 33,4%
және 43,1% білдірді.
Білім беру саласында жағдайдың жақсара
бастағаны байқалады. Оң өзгерістерді байқағандар үлесі – 36,4%.
Сонымен қатар 29,8% оқу-ағарту саласындағы жағдай өзгерген жоқ деп
есептесе, 21,3% респондент пікірінше жағдай нашарлаған.
Бір қызығы, құқық қорғау органдарының жұмысын
бағалауда қоғам пікірі екіге бөлінді. 38,2% адам құқықтық тәртіп
пен қауіпсіздік саласындағы өзгерістерді байқамаса, керісінше,
37,2% оң өзгерістер болғанын атап өтті. Сонымен қатар, 16,5% тұрғын
жағдай нашарлай бастады деп санайды.
Сауалнама барысында респонденттерден елдегі
қазіргі жағдайды бағалау сұралды. Қазақстандықтардың жартысы елдегі
жағдайды қолайсыз, яғни 29,3%-і тұрақсыз және 20,9%-і ауыр деп
санайды. 45% респондент пікірінше, қазіргі жағдай жайлы.
Demoscope сауалнамасы нәтижесі
қазақстандықтар саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіледі
деп күтетінін және 2024 жылы өмір сүру деңгейі өседі деп
үміттенетінін көрсетті. Сонымен қатар, мемлекеттік басқаруда халық
қосымша популистік шаралармен толықтырылып тұратын реформаторлық
тәсілді күтетініне қарамастан қазіргі инерциялық тәсіл билік
өкілдеріне белгілі бір адалдық кезеңін сыйлай алады.