« Кір тигізбей ұста ойыңның
өресін, мейірім етсең –мейірімділік көресің» деп Баласағұн бабамыз
айтпақшы, қанша көңілді кірлетпейін деп ойласаңда, қазіргі кезде
сәлемдесу былай тұрсын тіпті ерінін жыбырлатуға ерініп, қазақы
дәстүрдің бар екенін ұмытып алдыңнан кесе көлденең ойқастап,
орағытып өткенде қайран қаласың.
Менің бүгінгі көпшілікпен
бөлісейін деген ойым адамдардың бір- біріне деген жылылығы,
сүйіспеншілігі мен мейірім жайында болмақ.
Сонымен осы құндылықтарымыз
қайда? Қара аспанды төндіретіндей ештене жоқ, өмір тек
жамандықтардан не болмаса жақсылықтардан ғана тұра ма екен
дейтіндер табылар, бірақ өзіңнен кейінгі өсіп келе жатқан құралай
көз, қиғаш қас қарындас, қыздарымыздың бәрі қырмызы гүлдей үзіліп,
маржандай мінсіз тізіліп тұр, тал бойынан қазақ қызына тән иба мен
инабатты көреміз деу артық болар. Көпке топырақ шашып тұрғаным жоқ,
ондай қарындас, қыздарымыздың бар екенін жоққа шығара алмаймын, дей
тұрғанмен ондайлар саусақпен санарлық. Қай ата-ана өз перзентін жат
әдетке бой ұрып, жаман әдетпен аты шыққанын қалайды дейсіз. Көңіл
шіркен әр уақыт жақсыға көсілген ата-ананың өмір бәйгесіне тай-
құлындарын қалай баптағаны, әдетте осы әдеп- ғұрып бәйгесінде айқын
көрініп тұрады. Жақсылық атауы біртіндеп азайып бара жатқанын
білсек те білгіміз келмей, заманға жауып « сен тимесең мен тиме
бадырақ көз» деп бәрін жылы жауып ұлт тағдырын ойламай өз жанын
ғана күйттеп жүрген үлкендеріміздің көбейіп бара жатқаны
қынжылтады. Жақсылық жасауды жанымыз жатырқап барады. Неге?
Неге?...
Жақсылық жасау, жақсылыққа
ұмтылу ежелден ата- бабамыздың дәстүрімен жалғасқан, тамыры терең,
кіршіксіз ақ үмітпен бір- бірінен біріккен ұғым еді ғой. Бізді
ата-анамыз адамдарға тек жақсылық жасап, қайырымды, мейірімді бол
деп өсірген жоқпеді. «Қазір нарық заманы, барлығы ақшамен шешіледі,
дүниенің бәрі сатулы» деп, неге біз жастарымыздың санасын өзгертіп
сатылмайтын қазақы құндылықтарымызды дәріптей алмай келеміз? Біздің
жастарымыз ұлттық құндылықпен, қазақы тәрбиемен ұштастыра өмір
сүріп, сыпайылығы мен жылылығын әр адамның жан- дүниесіне шуағын
төксе ұлтымыз нұрға бөленіп, озық дәстүріміз қайта көктеп гүлдей
жайнар еді.
Кім біледі, сіз болып ұлттық
тәрбиені қолға алсақ, солай болуы да әбден мүмкін-
ау.
Серік
Амантайұлы