Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Абай бейнесінің орта мектептің пән бағдарламасында берілуі
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
АБАЙДЫ МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Абай бейнесінің орта мектептің пән бағдарламасында берілуі
Бүгінгі таңдағы Егеменді
еліміздің ең басты мақсаты — өркениетті елдердің қатарында болу,
бүкіл әлемдік білім кеңістігінен орын алу болып табылады. Мұның өзі
ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын тың арнаға, жаңа сапаға
жеткізудің қажеттілігін алға тартады. Осымен байланысты қазіргі
уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі
қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар
жүреді. Жаңа білім парадигмасы бірінші
орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын жан
– жақты дамыту, ұлттық тәлім – тәрбиені сіңірту, рухани жан
дүниесін қамықтыру міндеті қойылады. Бұл мәселені шешу жас ұрпаққа
туған тіл табиғатын жете меңгертумен байланысты. Себебі ХІХ ғ.
екінші жартысында өмір сүрген неміс философы, лингвисі В. фон
Гумбольдт айтқандай: «Тіл дегеніміз – ұлттық рух болып табылады».
Сондықтан да жас ұрпақ бойынша ұлттық рухты қалыптастыратын тіл
десек, бұл орайда ұлттық рухпен суарылған данышпан Абай
шығармашылығын мектепте оқыту арқылы, бір жағынан жас ұрпақ
тұлғасына ұлттық рухты сіңіру проблемасы өз шешімін таппақ. Өйткені
бүгінгі, кешегі және болашақтағы көкейтесті мәселе – жас ұрпаққа
білім беру, оқыту, ізгілікке тәрбиелеу — өз кезінде Абай
шығармашылығынан орын алып, мәнімен маңыздылығы айқындалған мәселе.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, мемлекетіміз білім кеңістігіне аяқ
басқан кезеңде, ғылым – білімнің құндылығы, рухани маңыздылығы
артып отырғаны белгілі. Сондықтан да ертеңгі ұрпақ жарқын болашақта
өмір сүріп, дамыған елдермен иық тіресе қатар тұруы үшін, ең
алдымен терең білім мен жан – жақты рухани сұраныс қажет. Бұл
орайда оқушы бойында білімге деген құштарлықты, ғылымға деген
сүйіспеншілікті оятуымыз қажет. Мұның өзі бала дарындылығын
дамытып, шығармашыл тұлға қалыптастыруға жол ашады. Осыған қатысты
Абай «ғылым, білім» ұғымдарының маңыздылығына қандай баға береді?
Абай көзқарасындағы ізгілік, тәлім – тәрбие дегеніміз не? Әрине,
бұлар өз кезеңінде, әр уақытта сөз болған мәселелер. Дегенмен,
қазіргі білім беру мақсатын жүзеге асыруда, біз дәл осы мәселелерге
жаңаша көзқараспен қарап, Абай шығармашылығын осы заман келбетімен
зерделеп, терең тани таныта білуіміз керек.
Мәселен, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген 14 жолдық
шағын өлеңінің барлық сөзі, барлық тіркесі сырт қарағанда өте
түсінікті болып көрінеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген
жолдағы ғылым сөзі осы күнгі біздің түсінігіміздегі ғылым болып
қолданып тұр ма? Абай арабтың бұл сөзін екі мағынада пайдаланған:
біріншісі – оқу, білім, синонимі ретінде келуі, екіншісі – тура
мағынасында қолданылуы. Ақын бұл сөзді жалпы білім, оқу мағынасында
қолдану үстінде ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген
тіркестерді өзі жасаған. Атақты «ғылым таппай мақтанба» деген
өлеңінің осы жолындағы ғылым сөзі, жалпы оқу оқып, сауатты болу,
білім алу дегенді білдіреді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»
атты өлеңінде ақын өз балаларын оқытуды өзгелерге үлгі етіп
ұсынады.
Қазіргі нарық қыспағына қарамастан, «Интернатта оқып жүр»
өлеңіндегіндей, «жаңа өспірім, көк өрім», «талай қазақ баласының»
жоғары оқу – орнына түсуге талпынысы азайған жоқ. Бірақ
көпшілігінің мамандық таңдаудағы ой — өрісі Абай заманында: «Я
тілмаш, адвокат – болсам деген бәрінде ой», — деп бас қамынан
аспайтын мұндай тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтса, оған
енді келіп нарық заманының бизнесімен, маркетинг, менеджмент сияқты
«модный» мамандықтары қосылды. Ал бүкіл ел экономикасының негізін
құрайтын ауыр және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен
мал шаруашылығы қажет, материалдық дүние өндіретін салалардың
инженер технологтары мен агрономдарын «таңдауды» артынша
оқығандардың үлесіне қалдырып кеткен жоқпыз ба? Ұлы Абай
шығармашылығының тағы бір қозғайтын мәселесі – адам тәрбиесі, содан
туындайтын бүкіл халық тәрбиесі. Қазақ халқының болашығы оның өз
бетінше ел боуына, саяси бостандыққа қол жеткізуіне, экономикалық
және мәдени кешеуден шығуына, қараңғылық пен кедейшіліктен
құтылуына апаратын бірден – бір жол бүкіл елдің сауатын ашу,
жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өнер мен еңбекке баулу деп анық
айтты. Ақыл — ойдың, сауаттылықтың дамуы үшін дүниеге шын көзбен
қарап, нақтылы сезінудің қажетілігін барынша қорғап бақты. Абай
қоғамның тәрбиесі жеке адамнан басталатынын көрсетті. Өйткені «Адам
түзелмей — заман түзелмейді», — деп ашық айтып, тобырдың ішінде
тұлға жүрмесе мәнінен айырылатын мезгеп, «не болады өңкей нөл» деп
налыды. Сонда адам мұраты мен халық мүддесін ұштастырытын
тәрбиедегі басты нұсқа қандай десек, ұлы ақын: «ақыл сенбейтін іске
сенбе, ондай іске кіріспе, әуелі білім, ғылым, өнер жолын таңдап
алып, естілерден үлгі ал, еңбек пен ғана мал тап» деп жол
сілтейді.
Ұлы ұстаз жан – жақты, кемел тәрбиелі адам ғана «толық адам» санатына қосылады деп есептейді. Ал кемелдікке жетудің тура жолы – адам бойында имандылық қасиеттердің туындауынан басталады. Тәрбиенің қалған түрлері – адамгершілік, ақыл – ой, еңбек, дене тәрбиесі, бәрі де осындай мұсылмандыққа ден қойған жастың бойына тез үйіріледі деп пайымдайды. Осы тұста Абай өз заманындағы мектеп – медреселердің қызметіне көңілі толмайтындығын үнемі байқатып отырады. Әсіресе, дүние молдалардың баланың дұрыс уағыздап, теріс жолға салатынын айта келе, ұстаздардың тұлғасын ерекше жоғары қояды оларға үлкен сеніммен қарайды.
Абай туындыларындағы басты орын алып отырған мәселе – еңбек тәрбиесі. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына кәміл сенеді, ал еңбекпен, саналы оймен, ақылмен істелген істің ғана нәтижесі болады деп санайды. Оны: Өзіңе сен, өзіңді алып шыған, Еңбегің мен ақылың екі жақтап, — деп жырлайды. Адамның бойында жағымсыз қасиеттердің тууына қарсы тұру үшін оның ғылым мен білімге деген құмарлығын арттырып, дамыта түсуді өсиет етеді. Осыған орай ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының (дара тұлғаның) басты құдіреті деп түсінеді. Сондықтан:
Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық,
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық, — деп
түйіндейді.
Қазіргі білім беру саласының алдында тұрған басты мәселе – жан-жақты дамыған, рухани қазынасы бай, әлеуметтік өмірге бейімделген жеке тұлға қалыптастыру. Бұл мақсатты үдерістің нәтижелі болуы, оқушының толық қанды дамуына жағдай жасап, алған білімін белсенділікпен меңгеріп, шығармашылығын ұштай білу үшін мұғалім де осы үдеріске сай болуы керек. Мұғалім оқыту мен тәрбиелеудің тиімді жолдарын іздестірумен ғана шектелмей, сол білімді оқушы бойына дарытуда оның педагогикалық және психологиялық жағдайларына да көңіл бөлу қажет. Педагогикалық қызметтің шығармашылық бағыттылығы мұғалімнің педагогика – психология ғылымдарының басты ұстанымдарын оқыту мен тәрбие беру барысында шеберлікпен пайдалана білуінде.
Еліміздің 50 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында барлық мүмкіндіктердің қолға алынып отырғандығы белгілі. Білім беру саласына қатысты Елбасының кезекті Қазақстан халқына Жолдауында «... Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз», – деп атап көрсетуі оқу – тәрбие үдерісін нәтижелі етіп ұйымдастыруды меңзейді [1].
Абай шығармаларының педагогикалық негізі жан – жақтан алған білімінің әр саласына сүйенеді. Мысалы, грек Гомердің шеберлігіне сүйсінеді, жанды баурап әкететін шығыс классикасына бас иеді, орыс халқының көрнекті ұлдарына құрмет сезімін білдіреді. Шәкәрімнің талантына бас иушілер көп кешікпей Низами, Хафиз, Пушкин, Толстой кітаптарын іздеп, жаздырып, оқып алатын және осы философиялық, тарихи педагогикалық ғылымның негіздерімен маңайындағыларын таныстырған.
Абай еңбектеріне бойлаған сайын бүгінгі ұрпақ ұлы ойшылдың білімге шақырған ұранды үнін ғана емес, оның адамзатты тәрбиелеу саласындағы даналық ақылын терең меңгеріп, нұсқаған тағылымдарындағы теориялық ой – пікірлерге қаныға түседі. Оның педагогика ғылымының дидактика саласына қатысты пікірлері де ұшан – теңіз екендігіне көзің жетіп, өнеге алар тұстары баршылық. Абай шығармаларының ішкі сырларын терең де, жан – жақты білу үшін жалпылама айтумен ғана шектелмей, ол ұсынған ойларды педагогикалық-психологиялық тұрғыдан өте байыпты да байсалды аңғара білу қажет. Өйткені, Абай дидактиканың басты ұстанымдары мен ғылымды меңгеру тәсілдерін, сондай – ақ оны игерудің амалдарын даналықпен дәл нұсқап, педагогикалық – психологиялық негіздерін терең аша білген.
Білім алу үдерісінде оқушының саналы түрде ойлай білу дағдысы дамып отырады. ҮІ сыныпта берілген «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі ой – санасы енді – енді толыққанды жетіліп келе жатқан жас өспірім оқушыға зор ықпалын тигізері анық. Қазіргі біздің қоғамымыз үшін ақын шығармасында берілген «білім, ғылым» деген ұғымды биік ұстап, «Азамат» болып қалыптасу идеясы жеке тұлғаның жан – жақты өсіп, қалыптасуында нағыз тәрбие құралы болып табылады.
Адамдар арасындағы бір – біріне деген шынайы қарым – қатынас негізі оны сол ортада дұрыс ұстап жүріп – тұруына ықпал ететін мінезге байланысты болады. Мінез де – психологиялық процес. «Мінез» қасиеттерін таным әрекеті арқылы қарастыру теориясы Абайдың бірнеше өлеңдерінде көрініс тапқан. Оқыту – баланың ой – санасын ғана дамытып қоймайды, оның ішкі сезімдерін, ерік – жігерін, мінез – құлқын қалыптастырады. Соған қарағанда, Абай шығармаларының дені – адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың басты құралы.
«Мінез» қасиеттерін таным әрекеті арқылы қарастыру теориясы Абайдың бірнеше өлеңдерінде көрініс тапқан. Өкінішке орай, Абайдың тұңғиық сырға толы астарлы ойларын бүгінгі ұрпаққа жеткізуде жалпы білім беретін мектеп бағдарламасында шым – шымдап ғана берілген. Осыған қарамастан жас шәкірттерге әдеби білім беру мақсатында бағдарламада берілген материалмен шектеліп қана қоймай, Абай шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін таныту сыныптан тыс жұмыстарды қарастырудың қажеттілігі туындауда. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар оқушының сыныбына, жас ерекшелігіне, оқырмандық тәжірибесіне сәйкес келуі міндетті. Сонда ғана оқушының оқырмандық қызығушылығы оянып, өзіне қажетті білім көздерімен сусындай алады. Сыныптан тыс жұмыстарды Абай шығармашылығын оқытуда көзделетін тағы бір мәселе: баланың тіл байлығын арттырып, еркін сөйлей білуге ой-өрісін өрістете дамытуға негіз болады.
Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқыту барысында адам бойындағы мінезді қалыптастыруға игі ықпалын тигізетін ақыл, талап, оның алты түрі ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық қасиеттерін оқушыларға түсіндіре отырып, осы қасиеттерді игерген адам өте мінезді келетіндігіне баса назар аударылады. Әсіресе, әр адам бойында сабырлылық қасиеттің болуы оны көп келеңсіздіктен, қауіптен, дау-жанжал, ұрыс-төбелестен сақтайды, керісінше оны өз ортасымен, ата-анасымен, ұжымымен сыйластық қатынасын дамытуына мол әсерін тигізетіні де шәкірт санасына құйылуы тиіс.
Жалпы білім беретін орта мектепте оқыту мен тәрбие жұмыстары және сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да, оқушылардың жас ерекшелігі психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Мектеп табалдырығында оқушыларға көркем шығарма оқыту, кітапқа деген қызығушылығын, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін дамыту, мектепте әдебиетті оқыту және жан жақты білім берудің аса маңызды жауапкершілікпен қарайтын күрделі жұмыстардың бірі болып табылады. Осы жағдайларда оқушылардың психологиялық ерекшеліктері, жасы, оқып жүрген сыныбы және оқушының даму ерекшелігіне ерекше күш түсірмейтіндей нақтылы, жүйелі, нәтижелі етіп ұйымдастыру көптеген психологтар мен педагогтардың зерттеулерінде қарастырған. Француз педагогы И.Г.Песталоций: Білім белгілі бір жүйемен, ретпен берілу керек деп есептеді. Балаға оның әлі келетін білімді ғана берген дұрыс. Баланың ойлауын дамыту мен қатар онда, белгілі бір дағдыларды қалыптастыру қажет екенін атап көрсетті [2].
Бұдан шығатын қорытынды: оқытудың алдына тұрған негізгі міндет ақыл, ойын және қабілетін дамыту, яғни алған білімді пайдалана білу, және сол білім оқушы қабілетін дамыту болып табылатындығы сөзсіз. Оқытудың жемісті болуы оның тәрбиелік мәнінің болуында. Оқыту – баланың ақыл ойын ғана дамытып қоймайды, оның еркін сезімдерін, мінез – құлқын қалыптастырады. Соған қарағанда Абай шығармаларының дені адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың басты құралы. Сондықтан Абай шығармаларын сыныптан тыс жүйелі түрде жоспарлы оқытуда оқушылардың ынтасын, қызығушылығын арттыру, әдіс-тәсілдерін жетілдіру жолдарын пайдалану тиімді болмақ. Атап айтар болсақ «Білімдіден шыққан сөз», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Әсемпаз болма әрнеге», т.б. өлеңдерін сыныптан тыс жұмыстарда қарастыру оқушының оқу – білімді белсенді, саналықпен игере отырып, алған білімдерін күнделікті өмір тәжірибесінде қолдана білуге және одан үлгі – өнеге алуға, өзін – өзі тануға, өзіндік ой қорытуға жол сілтейді.
Адам баласы өмір сүру барысында биікке ұшады, кейде өмір оны жарға лақтырады. Тек қана осындай кезеңдерде дұрыс жол тауып, адаспай өз қателіктерін анықтай түсіну үлкен ерлік. Тіршілік үшін күрестің шытырман жолында қиындықты жеңу, ғылымды саналы меңгеру негізінде қалыптасады.
Ғылыми білімді меңгеру негізінде, адамның ми қызметі жаттығады, ойлаудың әдіс – тәсілдері арқылы меңгеру процесі жүріп, таным дағдылары бекиді.
Абай өлеңдері ойлау операцияларына тікелей ықпал етеді, оның идеялы мазмұны азаматтық сапаларды дамытады, интеллектуалды адам бағытына ықпал етеді. Педагогиканың барлық ұстанымдарын ақынның еңбектерінен таба отырып, оның халық ұстазы екендігіне куә боламыз. Халық педагогикасының «жақсыны жақсы десең сақтанады, жаманды жақсы десең мақтанады» қағидасы, Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз» шумақтары идеялық сарынымен, рухани бағытымен синтезделіп үндесіп тұр. Олай болса, түйсініп тану теориясының негізі бойынша адам бойына түйсік арқылы кез келген ақпараттың сіңірілуі ұстанымының және этнопедагогиканың ғибраттану теориялық тұжырымының орын алғанын көруге болады.
Өзін-өзі тану, өзгені тану, ой – тұжырым жасау, ойды қорытып, жеткізу – тәрбие рефлексиясы бола отырып, қарым – қатынас коммуникациясын тудырушы фактор. Олай болса, ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіндегі:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деген жолдарында «ақыл – білімнің» пайдасы мен зиянын өзі іздену арқылы ой – тұжырым жасауға жол нұсқайды.
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңінде:
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс – жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз – жарым болмаса анда – санда [3, 35 б.], - деп жазады. Дос та, дұшпанда, алыс та, жақын да алдап кетті. Қолыңнан бірдеңе келетін кезде жеміңді көрген тауықтай айналшақтап жаныңнан шықпайтындар ақсаңқырап, қалпағың қисайған кезде бұлтты күнгі жоқ боп кететін көлеңкедей таптырмай зытты. Мұндайда қасыңда табан тіреп тұрып қалатындар аз болады екен. Саналы жан жоқ, жұрттың есіл – дерті ұрлық – қарлық. Елде сөзді ұғар, мейір түсер, көңіл қуанар ештеңе де, ешкім де қалмағанын айтады. Туындыда Абай сол тұстағы әр қилы ортаның, алуан түрлі адамдардың жай – күйін бақылап, олардың ішкі арман – аңсарына үңіліп, психологиялық сарындар танытады. Бәрінің де мүшкіл тіршілігін: малының қызығын көре алмай, оны ұрлап, із жоғалтып, әуре болып жүр десе, бірде саудагерлер де тыныштықпен саудасын жасай алмай, қолдан бергенін қайтаруға зар болып жүргенін көрсетеді. Енді бірде ел сырттан айтып, топта танған арсыздардан жай мезі болып жүр десе, тағы бірде надандар жұрттың азғанына мұңаймай жүр, күпілдектер ала жылан, аш бақа боп үлкендерден ұялмай жүр деп налиды.
Жалпы білім беретін мектеп бағдарламасында ҮІ сыныпта «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» өлеңі берілген. Бұл өлеңдерді оқыту барысында тұтас халыққа арнап айтылған терең де күрделі ойлар шерлі жүректен шамырқанып, толқып шыққан. Үлкен адамгершілік, қайраткерлік, оқымыстылық биікке көтерілген ақын үні бірде айбарлы, бірде кекті, бірде мұңлы. Қазақ халқын бөлмей – жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлеңнің әлеуметтік салмағы орасан зор. Ақын алдымен көз алдыңызға мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, алғашқыда шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың кескінін алып келеді. Осыдан кейін барып оның ішкі әлемін, мінез ерекшеліктерін айқындап аша бастайды. Бұл өзі іске жоқ, қу сөздің адамы, өзі сөйлесе болды, өзгені тыңдауды білмейді, мылжың, бөспе, қырт. Күндіз күлкі, түнде ұйқысының бұзылу себебі – өз малына өзі ие емес сорлы. Байлауы жоқ көрсе қызардың әлеуметтік қалпы тіпті сиықсыз, тұтастық, ірілік жетіспегендіктен, әрқайсысы шолтаңдап жеке қамшы үйіріп, би болғансып, қиқымданып кеткен жерде елдің күйті кеткен, бірлік жоқтықтан, береке жоқтықтан дәулеті шайқалып, байлық шашылған. Жыртың – жыртың мағынасыз күлкіге малданған тиянақсыз, байлаусыздың түбіне жеткен елдің соры биліктен айрылып өзгенің табанына түсіп құл болатынын ақын ашына зар етеді. Ұлттың бойындағы сордың үлкені-күндестік, бірін – бірі көре алмау, етектен тарту, пыш – пыш халқымызды сан рет орға жығып, өртке қамаған алауыздық. Зығырданы қайнаған шерлі ақын елді түзеудің амалын қарап, тығырықтан шығар соқпақ іздеп, басын тауға, тасқа соқса да, жол таба алмай, ақыры елінің ырқынан айрылып, өзгеге бодан болатынына бармағын шайнайды. Халқының бойындағы қаны сорғалаған жараларды аша отырып, ақын омырауы жасқа толса да, сай-сүйегі сырқыраса да, сесті, кекесінді күйінде қалады. Жеңіл – желпі басу айту, оңай өріс нұсқау жоқ. Ары ширығып, намысы қайнаған ұлы ақын туған халқының барлық буын, барлық нәсілін өзі күйдіріп айтқан кесел – кесепаттардан, сор – сұмдықтардан арыл, тазар, сонда ғана белге шығасың деп тұрғандай. Осы сыныпта «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін үйден алдын – ала танымдық – ізденімдік тапсырмалармен берген орынды. Мұндағы мақсат – өтілетін жаңа сабаққа байланысты мәтінді үйде оқыту арқылы
біріншіден, оқушыны көркем мәтінді қалай қабылдағанын анықтау;
екіншіден, көркем мәтінді талдау дағдыларына қалай қалыптасқандығын білу;
үшіншіден, білімді өз іздеп, еңбектеніп, оқушының қалай түсінгенін, қалай түсініп қабылдағанын, меңгергендігін бақылау;
төртіншіден, көркем шығарманы оқи отырып, өзіндік ой – пікір тұжырымын қорытуын және оқушының тіл ұстарту қабілетін дамыту, жетілдіру;
бесіншіден, өлеңдегі ақын ойын қалай түсінгендігін, қабылдағанын ақын сезімімен қалай қауышқандығын бақылау болып табылады.
Қазіргі уақытта білім берудің мәлімет беру – түсіндіру түрінен гөрі оқушының өз бетімен іздену әрекетін ұйымдастыру белсенді қолданылып келеді. Психолог – ғалымдардың айтуынша, оқушының дүниетаным барысында бірінші орында сезіну тұрады. Сезіну сыртқы тітіркендіргіштен де туындайды, ішкі организм ерекшелігіне, жүйке жүйесіне, т.б. байланысты ішкі тітіркендіргіштен де туындайды. Оқыту барысында осы сезінудің көру және есту түрлеріне әсер ету көп жүзеге асырылады. Ақын шығармаларын игерту кезінде төменгі сынып оқушыларына қарағанда, Х-ХІ сынып оқушылары шығармаларды тереңірек сезінеді. Әсіресе, «Ескендір», «Масғұд» поэмаларын оқыту барысында жасөспірімдер махаббат тақырыбына жазылған шығармаларды ерекше бір сезіммен оқып, өмірдің, халықтың қатал заңдылықтарынан хабар алады.
Ақын жастарға қандай іс жасасаң да ақылмен, оймен таразыға сап, тексеруден өткіз, ғибраттану ойлап, әрекет жасау арқылы жүрсе ғана жағымды, қанағатты тудырады, – дейді. «Адамның дүниетанымының ауқымдылығы – сезім мүшелерінің қызметі негізінде толық мазмұнда дамиды», – деген педагогикалық қағидамен сабақтасып жатыр. Оның негізгі бастауы тезаурус заңдылығынан туғандығы айдан анық көрініп тұр. Яғни, білімді, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру ойлау, қабылдау, сезіну операцияларының қызметіне тікелей тәуелді.
Демек, оқушылар әр шығарма мазмұнымен танысқанда оны шын жүрегімен сезіне отырып, танымдық, мейірімділік, сүйіспеншілік, сезімді құрмет тұту сынды адами қасиеттері қалыптасады.
Оқушыларға Абай шығармаларын меңгертуде ес үдерісінің атқаратын қызметі ерекше. Ес – күрделі үдеріс. Оның өзі ішінара бірнеше түрге бөлінеді: есте қалдыру, тану, қайта жаңғырту, ұмыту. Сонымен бірге, ұзақ сақталатын ес және аз сақталатын ес болып та жіктеледі. Ақынның қай шығармасын болмасын игертуде осы екеуінің де маңызы зор. Шығармаларда кездесетін түсініксіз және тірек сөздер, тілдік тұлғалар алдымен аз сақталатын ес арқылы қабылданады. Содан кейін тапсырмалар, өткен сыныпта оқылған ақын шығармаларын қайталау арқылы ұзақ сақталатын белсенді ой әрекетімен байланысты өлең немесе поэмалар мазмұны есте тиянақталады. Сондықтан да Абайдың бір шығармасының екінші шығармасымен ұштасып, үндесіп келіп жатуы оқушының ой белсенділігін, пәнге деген қызығушылығын, әдеби материалды оқуға деген ынтасын арттыратын болуы керек.
Есте қалдыру ұғымы ерікті және еріксіз есте қалдыру болып екіге бөлінеді. Ерікті есте қалдыру кезінде оқушылар өтілген материалға байланысты арнайы тапсырма-жаттығулар орындап, соны қайталайды. Психологиялық әдебиеттерде ерікті есте қалдыруда арнайы есте қалдыру деп те аталынып жүр. Арнайы есте қалдыру үнемі алдыға нақты мақсат қойып отырылуымен маңызды болып табылады. Оқытылатын ақын еңбектерін жоспарлай білу де есте қалдыруға көп жеңілдік береді. Материалдардың ішінен еске тірек боларлық оқиғаларына, сюжет желістеріне көңіл бөлу де есте қалдыруды нәтижелі етеді. Әсіресе, жоғары сыныптарда оқытылатын поэмалары бойынша жоспар құрдырып, соның негізінде шығарма жаздыру – осы есте қалдырудың бірден-бір жолы.
Қазіргі біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың ең жедел де қарқынды дамып отырған кезеңі. Соған орай, күнделікті баспасөз құралдарынан болсын, теледидар, интернет, көздерінен болсын ағылып келіп жатқан ақпараттар өте көп. Толассыз берілген ақпараттардан қазіргі оқушының есте сақтау қабілеті әлсіздеу. Соған байланысты материалдарды есте қалдыруға күш салып отыру – әр ұстаздың парызы. Есте қалдырудың сапасы дұрыс қайталай алуға қатысты болып келеді. Әдетте, ақынның бір өлеңін немесе дастанын бір қайтара оқып, жаттауға тырыспау қажет. Аз уақыт ішінде жиі-жиі қайталап, жаттаудың да керегі жоқ. Есте қалдыруды жеңілдету үшін меңгеруге берілген шығарманы жоспарлдауды дұрыс жүргізу керек. Есте қалдыру нәтижелі болу үшін есте сақтау үдерісінде көрнекі құралдарды тиімді пайдаланудың маңызы зор. Абай шығармалары бойынша қолданылатын түрлі көрнекіліктер оқушыларды әр түрлі ойлау әрекеттеріне бейімдейді, түсіндірілген сабақ материалын сапалы меңгеруге ықпал жасайды.
Абайдың жастарға ұсынған жолы – адалдық пен ғылым жолы. Осы жол ғана қиындықтан құтқарады, надандықтан арылтады, ізгі адамгершілікке салады. Сондықтан да ақын өзінің жүрек қалауын талаптанған, талпынған жастарға арнайды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
-
Елбасы Назарбаев Н. «Тілдерді қолдану және дамытудың 2001-2010 жж . арналған бағдарламасы». 07.02.2001 №550 Жарлығымен бекітілген.
-
Песталоцци И.Г. Избранное педагогические сочинения. В 2-х томах. -М.: Педагогика, 1981.- Т.2.-310 с.
-
Құнанбаев А. Шығармалары. ІІ томдық, - Алматы: Жазушы, 1968, -319б.