Абай мұрасы – таусылмас
қазына
Абайдың құдіретті поэзиясы,
мәні терең қара сөздері, әуезді әндері, жалпы Абай ілімі – біз үшін
таптырмайтын құндылық, сарқылмайтын
қазына.
Абайды әр оқыған сайын жаңаша
түсініп, өмірдің күрделі сұрақтарына жауап тапқандай
боламыз.
Отан қорғау жолында білім алып
жатқан әрбір арыстандық лицеист ғұлама ғибратын көңілге түйіп,
санасына сіңіруі қажет. Жан-жақты тұлға болып қалыптасу жолында
лицеистер үшін Абайдың әр сөзі бағдаршам болуы
шарт.
2020 жылы Абайдың 175 жылдық
мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарлануда. Осы
орайда әлемдік шараға атсалысу үшін арыстандық лицеистер арасында
Абай мұрасын кеңінен насихаттап, тағылымын терең түсіндіру
мақсатында «АБАЙ ҚАЗЫНАСЫНА ЖОЛ»
кітапшасын басып шығаруды
ұйымдастырдық. Бұл ретте халқы алдында хакім атанған Абай даналығын
сабақтан тыс тәрбие жұмысының салалары бойынша жеткізуге
тырыстық.
Абай Құнанбайұлы – қазақтың
ұлы ақыны, сазгері және ойшылы. Қазақ жазба әдебиетінің негізін
калаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты – Ибраһим. Туған жері –
Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс
тауының баурайы. Орта жүздің ішінде Тобықты руынан шыққан билер
әулетінен. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ-даңқы
алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Шешесі Ұлжан – орта
жүздің Қаракесек руының шаншарлар әулетінен. Ата-бабалары
шешендікпен, тапқырлықпен аты шыққан.
Абайдың достары негізінен талантты жастар,
ақындар, жыршылар болды. Абай бала кезінен өлең шығара бастады.
Ақын көзқарасының қалыптасуына Шығыстың Фирдоуси, Ә.Науаи, Низами,
Фзули, Қожа Ахмет Яссауи, т.б. секілді ақындары мен ғұламаларының
және И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой,
М.Е.Салтыков-Щедрин т.б. сынды орыс интеллигенциясының таңдаулы
өкілдері әсер етті.
Абай сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалы
зор деп түсінді.
Абайдың шығармалары үш жүйемен
өрбиді: бірінші – өз
жанынан шығарған төл өлеңдері; екінші – ғақлия (қара сөздер) деп аталатын
прозасы; үшінші –
өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен аударған
өлеңдері.
Ұлттық әдебиет шеңберінен шығып, әлемдік мәдениет
кеңістігінен орын алатын Абай шығармашылығы – бүгінде бүкіл
адамзаттың рухани байлығы, арзымас игілігі. Біздің міндетіміз –
алдымен оның өлмес мұрасын танып, түйсініп, көңілге түйіп, адамдық
ғұмыр жолымыздың желкенді жетекшісі, адастырмас темірқазығына
айналдыру. Олай болса, хакім Абай ұлағатына құлақ
асалық.
Абай адам бойындағы жақсы қасиеттердің барлығын
жүрекке баламалайды. Жүрек – адам мүшесінің патшасы, ол – шындықты
сүйетін әділ патша. Оған жалған көлгірсу, өтірік сөйлеу, уәдені
бұзу, жазықсыз жанның сыртынан өсек айтудың бәрі жат деп
біледі.
Абай үшін жүрек – тау бұлағындай таза, аспан
жұлдызындай жарық. Жүрек – шындықты шырқырап жырлайтын әлсіз,
қорғансыз бұлбұл.
«Жүрегім менің қырық
жамау
Қиянатшыл дүниеден,
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң
әрнеден!..»
Бұл өлеңінде байғұс жүрегінің дал-дұлын шығарған
қоғамға кейиді. Жүрегі жаралы адам тірі жүрсе де өлі. Сондықтан
Абай:
«Өлді кейі, кейі - жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі – қастық, кімі –
дау,
Сүйенерге жоқ тірек»,–
деп ренжиді.
«Жүрегім нені сезесің?...» өлеңінде ақын елдегі
алдамшы атқамінерлерден түңіліп, қатты ашынып, өзінің жалғыз
қалғанын толғағандай сыңай танытады:
«Жүрегім, нені сезесің?
Сенен баска жан жоқ па?
Дүниені, көңілім,
кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой,
тоқта!
Сезгеніңді сездіріп,
Кете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?...»
Абай баланы ұлағатты азамат – «толық адам» етіп
тәрбиелеу үшін ата-аналардың өздерінің де сол дәрежеге сай, үлгілі,
өнегелі болуын талап етті.
«Басында әке айтпаса ақыл
жарлық,
Ағайын табылмаса ой
саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран
дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір
зарлық?»,–деп адам болмысындағы ішкі өзгеріс пен
тұрпайылыққа терең үңіледі, қазақтың іштегі олқылығы мен
надандығын, көзқарас тарлығын, көзге сынық мінез-қылықтарын аямай
сынайды. Адам бойындағы оң және теріс өзгерістерді дәл әрі
толығырақ түсінуге тырысады.
Адамның өзін-өзі тануға, өзін-өзін басқарып ұстай
білуге үйретіп, әлеуметтік үйлесімділікті іздестіру мен оны
құрастыруды ойлаған Абай өзінің оныншы қара сөзінде бала тәрбиесі
туралы:
«Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не
қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді,
қарта ған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?... Баланың
жақсысы - қызық, жаманы - күйік, ...әбден тентектікке үйретіп
қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса
болады деп, ... «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді»
деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің?
Осы баладан қайыр күтесің бе?»,–деп баға беріп, шын мәнінде балаға ғылымнан
артық байлықтың жоқ екенін насихаттайды, нағыз адами қасиеттерді
дәріптейді.
Ақын нағыз адал, шынайы достықтың құдіретті
күшіне терең талдау жасай білді:
«Пайда үшін біреу жолдас бүгін
таңда,
Ол тұрмас бастан жыға
қисайғанда.
Мұнан менің қай жаным аяулы
деп,
Бірге тұрып калады кім
майданда?
...Жасы кіші үлкеннен ұялмай
жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай
жүр.
Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан
соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай
жүр?»,–десе, тағы бірде:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша
мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық
сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып
шығар,
Еңбегің мен ақылың екі
жақтап...»,–дейді. Осы арқылы біз ақынның қазақтың беделі
мен кісілігін арттыруға ұмтылғанын, халықтың надандықтан арылуына
күш жұмсағанын, ел біліктілігінің бой көтеріп, елдегі ішкі тұтастық
пен бірлікті арттыруға күш жұмсағанын анық
аңғарамыз.
Абай нағыз жігіттің бойында адамгершілік
қасиеттің болуын көксейді. Ақылды боп есейіп, қатарға қосылып,
құрбыларымен араласуға, жар сүюге, үй болуға жетіп қалған жастарға
арнап:
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі
қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен
сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын
күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса
сұхбат.
....Бір жерде бірге жүрсең басың
қосып,
Біріңніңтбірің сөйле сөзің
тосып.
Біріңді-бірің ғиззәт, құрмет
етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның
шошып»,-дейді.
Жас жігіттің алдына үлкен өмірлік мақсат қоюы
қажет екенін ақын айрықша атап өткен:
«Керек іс бозбалаға -
талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы
қылық...»
Сонымен қатар ер жігітке тән асыл қасиеттерге ие
болуды, татулық пен достықты берік ұстануды, адал еңбекпен мал
табуды үгіттейді. Абай:
«Кемді күн қызық дәурен тату
өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің
жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын
көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен
кеткіз!»,–деп насихат айтады. Барлық адамар бірін-бірі
бауырындай сүюі керек деген ой қозғайды. Абай адам баласына тән
достықты ту етті. Болашақта жастар біріне-бірі жау болуды емес,
әрдайым дос болуды көздесін дегенді түсіндірді.
Абай жігіттердің құбылма, айнығыш, жеңілтек
мінездерін қатты сынап шенейді:
«Шын көңілмен сүйсе екен, кімді
сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен,
жанса-күйсе,
Қырмызы, кызыл жібек
бозбалалар,
Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым
тисе...».
Жастардың сүйіспеншілік сезімінде айнымас
беріктік, тұрақтылық, адалдық болуына айрықша мән бере
отырып:
«Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен
іс,
Оның қадірін жетесіз адам
білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа
жаймас,
Артыннан бір ауыз сөз айтып
күлмес...»,–дейді. Абай өмірдің мәні татулық пен бірлікте
деп біледі. Осылайша Абай өмірінің соңына дейін адамдар арасындағы
достық пен татулықты жырлаған.
Абай болашақ отау құру мәселесіне қатты көңіл
бөлді. Ақын отбасылық өмірдің табиғи тірегі мен құқықтық негізі
жастардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі деп білді. Абайдың
түсінігінде тең құқылық – махаббат бостандығы. Сол бостандықтың
жүзеге асуы – олардың некелесуі деп түсінген
ағартушы:
«Махаббат, достық қылуға
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға –
Бес күндік ғашық жөн
емес.
Сүйіспек көңілім
ойлайды,
Жанның бәрі - қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн
татымас...»
«Ғашықтың тілі – тілсіз
тіл,
Көзбен көр де, ішпен
біл.
Сүйісер жастар қате
етпес,
Мейлің илан, мейлің күл...»,
– деген ой түйеді. Ақынның ұғымынша, ғашықтық пен құмарлық – екеуі
екі нәрсе, екі жол. Жақсы көргеннің бәрі ғашық емес. Ақын осылайша
құмарлықты нәпсіқұмарлық деп түсінеді: «Құмарлық бір нәпсі үшін болады
сол», ал
ғашықтық – ерекше жоғары сезім. Ғашықтық пен көрсеқызар құмарлықты
ажырата білу керек екенін айтады. .
Абай ғашықтықты дертке теңейді, ғашықтық дертінен
жазылу ғашығының берген үміті деп есептейді:
Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды
алып,
Жүдетер безгек ауру
сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр үміт
үзсе,
Дәмеленсе, өртенер
күйіп-жанып.
«Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, мен не
болсам болайын, сен аман бол». Бұл
– шын ғашықтың ғана айтатын сөзі.
«...Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!»,
«Жасырынба, нұрыңа жан қуансын» – деген өлең жолдарынан Абайдың ғашықтықты аса
жоғары бағалағанын байқауға болады.
Ақын отбасының алтын қазығы болар әйелдің ақылды,
білімді, тәрбиелі болуына ерекше көңіл бөлген.
«Жасаулы деп, малды деп байдан
алма,
Кедей қызы арзан деп
құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты
бар
Ата-ананың қызынан ғапыл
қалма....»,–десе, бірде:
«Біреуді көркі бар деп жақсы
көрме,
Лапылдақ көрсекызар нәпсіге
ерме!
Әйел жақсы болмайды
көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл
берме!...»,–деген тұжырым жасап, болашақ жастар мен ер-азаматтарға жар
таңдауда өз ақылын айтады.
«Сұлулығын кояйын, мінезі
артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі
майда.
...Арттағыға сөзің мен ісің
қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың
тең...
Немесе:
...Жүректен ізі кетпес қызық
көрсек...»,–дейді.
Жоғарыда
келтірілген өлеңінің соңында Абай сүйіп қосылған жастардың
отбасындағы татулығы, тату құрбылардың достығы бүкіл елдің
береке-бірлігіне ұласуын қалайтынын өрелі ойымен
сабақтайды.