Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТЕРМИНЖАСАМ ТАРИХЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ОРНЫ
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ
Тіл – құрал ретінде қоғам өмірінің барлық әлеуметтік салаларына тікелей қатысы бар объективті болмыс құбылысы. Сол себепті тіл – тек адамдардың бір-бірімен қарым-қатынаста болатын құралы ғана емес, индивидтің өмі-рін, мемлекеттің өмірін, жалпы адамзаттың өмірін ұйымдастыратын құрал-дардың ең маңыздысы. Тіл – әлемдегі, мемлекеттегі әлеуметтік және эко-номикалық өрлеу мен дамудың жетістіктерінің, кемшіліктерінің айтылым мен жазылым айнасы.
Тілдің қарым-қатынас құрал ретіндегі қызметінің бүгінгі деңгейі оның ғылыми және басқа салаларда қолданылу ерекшеліктерін, қоғамдық ма-ңызы мен мәнін синхрондық тұрғыдан зерттеумен анықталмайды. Бұл мәселелердің ғылыми және тәжірибелік мақсаты әділ, кең және терең ше-шілуі үшін диахрондық та зерттеулер жүргізу керек. Осы екі түрлі линг-вистикалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері тілдің кешегісі мен бүгіні-нің деңгейін, даму процесінің кезеңдерін, ғылыми және жалпы қатысымдық сабақтастығын, теориялық және практикалық қасиеттерін тарихи шындық фактілердің жиынтығы (қоры) ретінде анықтайды. Сондықтан қазақ тілінің бүгінгі әлеуметтік мүмкіншілігі, ғылыми, ғылыми-әдістемелік қызметінің ішкі және сыртқы табиғаты ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың ғұла-ма зиялылары бастаған тілтанымдық, ағартушылық ғылыми ізденістерден өрбиді, сол зерттеулердің нәтижелерін негіз тұтады. Сол кездегі және қа-зіргі қазақ, жалпы түркі, әлемдік тіл білімі ғылымында ерекше биік орын алатын ғалым – А.Байтұрсынұлы.
А.Байтұрсынұлы ғылыми мұрасының қазақ ғылымы тарихындағы орны мен мәні соңғы 20 жылда жан-жақты зерттеліп келеді. Ол ізденістердің бағыты – алты түрлі.
1. А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын қазіргі қазақ жазуында (кирил-лицада) жариялау;
2. Соңғы 20 жылда А.Байтұрсынұлының кириллицада жаңадан басылып шыққан кітаптарының құрамында орын алған биографиялық очерктер, кіріспе мақалалар, библиографиялық анықтамалар, аннотациялар;
3. А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын зерттеуге арналған мақалалар, ғылыми, ғылыми-тәжірибелік конференциялардың материалдары;
4. А.Байтұрсынұлының тілтанымдық, әдістемелік ғылыми мұрасын зерттеуге арналған диссертациялар, олардың авторефераттары.
5. А.Байтұрсынұлының тілтанымдық ғылыми мұрасын зерттеуге арналған монографиялар;
6. А.Байтұрсынұлының тілтанымдық ғылыми мұрасын студенттер аудиториясына жеткізу мақсатында жазылған оқу-әдістемелік құралдар.
Осы алты түрлі зерттеу еңбектерінің ішінде көп таралымда жарық көргендері – бірінші, екінші және үшінші топқа жататын еңбектер.
А. Байтұрсынұлының мұрасын зерттеу барысында көптеген мақалалар мен «Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма» (Джусупов М. Ташкент, 1995.), «А. Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілі фонологиясы» (Джусупов М. Алматы, 1998.) тәрізді монографиялық еңбектер жарық көрді. Бұл екі монография А. Байтұрсынұлының фонемографиялық концепциясын, сингармофонологиялық графикасы мен орфографиясын, сегменттік және суперсегменттік фонологиялық көзқарастарын зерттеуге арналады. Автор А.Байтұрсынұлының сингармофонологиялық, сингармографиялық концепцияларын ХХ ғасырдың басындағы да, бүгінгі де басқа фонологиялық теориялармен салыстырып, оның еңбектерінде әлемдік деңгейдегі фонологиялық жаңалықтар бар екенін анықтайды. Яғни А. Байтұрсынұлының фонолог, гра-фолог, сингармонолог, лингводидакт, әдістемеші ретінде тек қазақ, түркі тіл білімі тарихында емес, әлем тілтаным тарихында да биік орын алатынын терең, кең және жан-жақты дәлелдейді.
А.Байтұрсынұлының тілтанымдық ғылыми мұрасын зерттеуде, оның морфологиялық, синтаксистік, терминжасамдық, стилистикалық көзқарастарына, концептуалдық ұғымдарына арналған ғылыми ізденістер өз зерттеушілерін күтуде. А.Байтұрсынұлының тілтанымдық, әдістемелік ғылыми мұрасын зерттеуге арналған диссертациялар да көп емес. Қорғалған дис-сертациялардың негізгі ғылыми бағыты А.Байтұрсынұлы жасаған араб графикасының реформасына, әдістемелік концепциясына арналады.
А.Байтұрсынұлы ғылыми мұрасының тілтанымдық табиғатын терминология, ғылымтану, стилистика мәселелері негізінде зерттеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселердің бірі саналады. ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ тіл білімінің, А.Байтұрсынұлы тілтанымдық мұрасының тарихын, концептуалдық қасиеттерін, ерекшеліктерін, эволюциялық өзгерістерін, теориялық және тәжірибелік маңызын зерттеудің өзектілігі мен зәрулігі үш түрлі себептермен (тарихи, әлеуметтік, тілтанымдық) дәлелденеді:
1. Қазақ тіл білімінің кешегісі мен бүгінінің ғылыми сабақтастығын зерттеудің тарихи маңызы ерекше.
Біріншіден, қазақ тіл білімі қазіргі заман тілтанымның ғылыми деңгейіне лайықты концепциялар негізінде ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қарастырыла бастады және сол кезде қазақ тілтанымының негізгі теориялық, тәжірибелік бағыты, ұғымдары, зерттеу ұстанымдары қалыптасты.
Екіншіден, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ тіл білімінде өшпес із қалдырған ғалымдардың, зиялылардың көпшілігі, олардың еңбектері саяси және ғылыми репрессияға ұшырады. Сондықтан олардан қалған мұраның қыры мен сыры бүгінге дейін толық зерттелмеді.
Үшіншіден, уақыт кеңістігінде ғылымның тек ғылыми ғана емес, тарихи да сабақтастығы болады. Ол сабақтастықтың, рухани байлықтың тарих кезеңдерінің бірінде мәңгілік саяси абақтыда қалып кетпеуімен, сол рухани байлықтың келер ұрпаққа қаз қалпында жету-жетпеуімен байланысты, яғни ғылымның бүгінгі тарихы, бүгінгі деңгейі оның кешегі тарихынан, кешегі деңгейінен өніп шығады.
2. Қазақ тіл білімінің кешегісі мен бүгінінің ғылыми сабақтастығын зерттеудің әлеуметтік маңызы зор.
Біріншіден, тіл әлем тарихында адам қызмет ететін барлық әлеуметтік салаларда қарым-қатынас қызметін атқарады. Ол қызметтің әр заманға сай нақ ғылыми, социолингвистикалық, ғылыми-тәжірибелік ерекшеліктері болады. Тілдің қатысым қызметінің әр заманға сай ерекшеліктерін зерттеу – бүгінгі тілтаным ғылымының тек ғылыми емес, әлеуметтік те қарызы мен парызы. Себебі тіл – қарым-қатынас құралы. Қарым-қатынас – әлеуметтік қызмет. Ал ол әлеуметтік қызметті тіл атқарады.
Екіншіден, тілдің әлеуметтік қызметінің әр заманға сай ерекшеліктері сол кездегі қоғамның әлеуметтік салаларға бөліну ережелерін де қамтиды. Сондықтан ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ тілінің зерттелу деңгейі, сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік салалардағы қызметінің даму барысын да сипаттайды.
Үшіншіден, екі уақыт аралығындағы қазақ тілінің әлеуметтік қызметін салыстырып зерттеу тек тілтанымдық сабақтастықты емес, әлеуметтік сабақтастықты да терең, кең, жан-жақты ашуға жағдай жасайды.
3. Қазақ тіл білімінің кешегісі мен бүгінінің ғылыми сабақтастығын зерттеудің ғылыми маңызы айрықша.
Біріншіден, ғылым – табиғи болмыстың объективті құбылысы. Сондықтан ғылым заңдылықтары үшін уақыт кеңістігі – оларды өзгертетін құрал емес. Сондықтан А.Байтұрсынұлы бірінші болып ашқан, дәлелдеген, ғылыми айналымға енгізген қазақ тілінің ұғымдары, ережелері, терминдері бүгінгі қазақ тілтанымының ішкі және сыртқы дүниесінен орын алады. Бұл жағдай – ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ тіл білімі мен қазіргі қазақ тілтанымының сабақтас екендігінің айғағы.
Екіншіден, А.Байтұрсынұлының терминжасамдық мұрасы (терминдер қоры, терминжасам қалыптары) – қазақ тіл білімі ғылымының сөзжасам мүмкіншіліктерінің кең және терең екендігін көрсетеді. Себебі қазіргі қазақ әдеби тілінде сөзжасам теориясы А.Байтұрсынұлы ғылыми еңбектерінде қолданған ұғымдарға, сөзжасам модельдеріне негізделеді. Басқаша айтқанда, А.Байтұрсынұлының терминжасамдық концепциясының, жалпы тілтанымдық табиғатының негізі – әрі дәлелді, әрі қолайлы, әрі уақыт кеңістігінің сынағына шыдап берген ғылыми дүние.
Үшіншіден,А.Байтұрсынұлының стилистикалық мұрасы (жалпы стилис-тика, функционалды стилистика, нақ ғылыми стиль және оның подстиль-дері) қазақ тіліндегі ғылыми мәтіннің заман талаптарына сай деңгейде дү-ниеге келуіне теориялық та, прагматикалық та негіз болды. Қазіргі қазақ тілі ғылыми мәтінінің стилі А.Байтұрсынұлының ғылыми мәтінінің стилінен өрбіді, А.Байтұрсынұлының ғылыми стилінің эволюциялық даму ерекшеліктеріне ұқсас даму процесінің ерекшеліктері арқылы нықталды, тереңдеді, кеңейді. Бұл жағдай А.Байтұрсынұлының жалпы стилистикасының, ғылыми стилінің және қазіргі қазақ тіл біліміндегі стилистика мен ғылыми стильдің тілтанымдық табиғаттарының сабақтастығы мол екендігін айқындайды.
Төртіншіден, А.Байтұрсынұлының ғылыми тілтанымдық, әдістемелік т.б. еңбектері тек бүгін емес, ХХ ғасырдың басында да, ХХ ғасырдың екін-ші жартысында да Еуропа ғалымдарының еңбектерінде жоғары бағаға ие болған. Сондықтан А.Байтұрсынұлының еңбектерінін тілтанымдық таби-ғаты тек қазақ тілтаным ғылымы үшін емес, жалпы лингвистика тарихы үшін де мәнді.