Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТЕРМИНЖАСАМДЫҚ МҰРАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТЕРМИНЖАСАМДЫҚ МҰРАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Әр ғылым саласының терминологиясы – тек терминдер тізімі (жиынтығы) емес, бұл нақты ұғымдар жүйесінің семасиологиялық көрсеткіштері, ал се-масиологиялық көрсеткіштер сол саланың ғылыми дүниетанымын бейнелейді. А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер семасиологиялық көрсеткіштер (белгілер, таңбалар) ретінде қалыптасты: тіл білімінің, әдебиет теориясының, әдістеменің т.б. салалардың ғылыми дүниетанымын бір ғасырға жуық уақыттан бері бейнелеп келеді (дыбыс, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс т.б.). Терминнің дүниеге келуі – ғылыми абстракцияның нәтижесі, яғни жалпылама ұғым – ғылымның негізі[45]. Ғылыми абстракция тек ғылыми ізденістер негізінде пайда болып, қалыптасады. А.Байтұрсынұлы осы мәселеге ерекше көңіл бөлген, сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдер – әрі айқын, әрі нақты, әрі семасиологиялық дәлдікке құрылған. А.Байтұрсынұлы өзінің терминжасамдық шығармашылығында жалпы терминологияға да, термин-дер номенклатурасына да арнап терминдер жасады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының тіл, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі тәрізді атаулары жалпы терминологияға жататын болса, дыбыс, жуан дыбыс, жіңішке дыбыс атаулары фонетиканың терминдік номенклатурасына жатады. А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер семасиологиялық таңбалар ретінде қалыптасты. Ол терминдер тек қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне, қазақ әдістемесіне қызмет еткен жоқ, жалпы түркі әлемі тіл біліміне, әдебиеттануына, әдістемесіне қызмет етті, солардың дамуына әсерін тигізді[46, 68].
Тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолдану деңгейі (тілді білу деңгейі) қоғам мүшелерінің бәрінде бірдей емес екені белгілі. Қоғамның басым көпшілігі тілді тілдесім деңгейінде ғана біледі, яғни сол тілде қарым-қатынас жасайды (сөйлесім, тыңдалым, жазылым, оқылым). Ал қоғамның келесі бір әлеуметтік тобы тілді тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сол тілде сол тіл туралы ізденістер жүргізу үшін де қолданады. Басқа сөзбен ай-татын болсақ, сол тілде сол тіл туралы ғылыми тілдесімдік қызмет жасайды. Тілдің құрамынадағы осы тілді «метатіл», «метатілдесім» дейді. «Тіл білімі сөздігінде» метатілдің түсіндірмесі былайша беріледі: «Метатіл (грек meta – арқылы, кейін) ... тіл – құрал көмегімен объекттілдің сипатталуы...» [47, 220]. Біз бұл түсіндірмеге «жүйелендіру сөзін де қосар едік, себебі метатіл тек сипаттамайды, жүйеге де келтіреді. Сонымен, тілдің құрамындағы бұл тілді (метатілді) арнайы тіл, «екінші қатардағы» тіл десек те болады [48, 232], себебі бұл тілдің құрамында тілді ғылым саласы ретінде зерттеп сипаттайтын, жүйелендіретін, осы салада қолданылатын тіл бірліктері – терминдер (сөздер, сөз тіркестері) болады.
Метатілдің, метатілдесімнің түрлері өте көп. Мысалы, тілтанымның метатілі, математиканың метатілі, геологияның метатілі.
Метатіл – жалпы терминологияның тармағы [49]. Солай бола тұра, әр қо-ғамдық-әлеуметтік сала метатілінің құрамында бірнеше метатіл болады. Мәселен, қазақ тілтанымының метатілі бірнеше түрден (метатілдерден) құралады: жалпы тілтанымдық метатіл, фонологиялық және фонетикалық метатіл, лексикологиялық метатіл, морфологиялық метатіл, синтаксистік метатіл, стилистикалық метатіл т.б. Енді осы метатілдердің құрамында да бірнеше метатіл болады. Мысалы, қазақ тілі дыбыс жүйесі метатілінің құ-рамын төмендегі метатілдер құрастырады: фонологиялық метатіл, фоне-тикалық метатіл, артикуляциялық метатіл, акустикалық метатіл, сингар-мониялық метатіл, интонациялық метатіл т.б. Осы орайда метатілдің өзі іштей бірнеше «диалектілерге және «идиалектілерге» бөлінеді деуге болады [50, 4]. Осыны ескере отырып, О.С.Ахманова метатіл ұғымының ауқымы терминология ұғымының көлемінен әлдеқайда кең екенін айтады [51, 5], себебі метатіл лингвистикалық сөз қолдануды кең мағынада түсінеді [52, 6]. Біздің ойымызша, О.С.Ахманованың былай деуінің негізі төмендегі пікірде: метатіл иесі (мысалы, фонолог) тілді екі түрлі әлеуметтік қолданыста пайдаланады: жалпы қарым-қатынас мақсатында және арнайы (фонологиялық) қарым-қатынас мақсатында. Метатілге ие емес азамат тіл-ді бір ғана әлеуметтік мақсатта – жалпы қарым-қатынас мақсатында қол-данады. Метатілде тілдесім жасайтын индивид метатіл бірліктерін жалпы қарым-қатынаста (сөйлесімнің контексіне байланысты) фрагментарлы түрде қолдануы мүмкін. Ал негізінде осы екі түрлі әлеуметтік қарым-қа-тынастың құралы мен нысаны бір – жалпы тіл. Сонымен, тіл білімінде екі түрлі тілдік ұғым бар: 1) зерттелу тілі (тіл – зерттеу нысаны, яғни, нысан – тіл); 2) зерттеу тілі (метатіл) [53].
Ахмет Байтұрсынұлы өзінің еңбектерінде метатіл, метатілдесім, объект-тіл т.б. терминдерді қолданбаған. Оның себептері көп. Мысалы:
а) ұғымдары болғанмен, кейбір терминдер ол кезде әлі пайда болмаған еді; ә) ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі жалпы тіл білімінің және қазақ тіл
білімінің деңгейі қазіргі деңгейдегідей емес еді;
б) Ахмет Байтұрсынұлының термин жасауда көздеген негізгі мақсаты – ағартушылық, оқыту, ғылыми білімді беру, жеткізу еді т.б.
Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде осы лингвистикалық ұғымдарды атамаса да, толық қамтыған. Мысалы:
1. а) тілтаным терминологиясы, ә) әдебиеттаным терминологиясы, б) әдіс-темелік терминология;
2. а) фонетикалық терминология (метатіл); ә) синтаксистік терминоло-гия (метатіл) т.б.
Бұл жағдай Ахмет Байтұрсынұлының (ғалым ретінде) зерттеу объек-тісінің (тілдің), біріншіден, екі түрлі өмір сүреді деп түсінгенін дәлелдейді: а) тіл, ә) тілдесім (дихотомия язык и речь); екіншіден, тілдесімнің төрт түрі болатынын ажыратқан, себебі оқушыларға арналған жаттығуларының құрамында сөйлесімдік те, тыңдалымдық та, оқылымдық та, жазылымдық та жаттығулар бар.
Ахмет Байтұрсынұлы – жалпы тіл мен метатілдің парқын кеңінен ұққан ғалым, себебі метатіл бірліктерін (терминдерін) жасаған (дыбыс, жуан ды-быс, жіңішке дыбыс; сөйлем, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем). Сондықтан ол мамандардың тілді екі мақсатта қолдану керек екенін де терең түсінген: а) жалпы қарым-қатынас мақсатында; ә) ар-найы қарым-қатынас мақсатында (мысалы, фонологиялық қарым-қатынас мақсатында). Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлы тіл және тілдесім, тіл және ме-татіл ұғымдарын, терминдерін имплицитті түрде жоғары деңгейде қолданған. Тіл білімінің, я болмаса басқа да ғылым саласының метатілінің шыңы
– сөз тіркестерінен жасалған терминдер (терминдер тіркесі). Терминдер тіркесі, яғни күрделі терминдер ғылым саласының тек сөзжасамдық ғана емес, сөзтіркесімдік те ерекшеліктерін сипаттайды. Терминдік тіркестер ғылым саласының (біздің жағдайда тілтанымның) метатілінің толық қа-лыптасқандығын дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынұлының терминжасамдық мұрасында сөз тіркестерінен жасалған ғылыми терминдер үлкен орын алады. Мысалы: жуан дыбыс, жіңішке дыбыс, дауысты дыбыс, дауыс-сыз дыбыс, жай сөйлем, құрмалас сөйлем; оқу құралы, қазақша алифба, сауат ашқыш... Сонымен, қазақ тілтанымының әдебиеттанымының, тілді оқыту әдістемесінің терминдері Ахмет Байтұрсынұлының ізденістерінің негізінде ХХ ғасырдың бірінші ширегінің өзінде-ақ биік ғылыми деңгейде қалыптасып үлгерді деуге болады[54, 262-268].
Әр ғылым саласының тек өзіне тән ерекшеліктері бар. Метатілдің қа-лыптасуы, қызмет атқару қасиеттері сол ерекшеліктерге тәуелді, сол ерек-шеліктердің көрсеткіші, жаршысы, себебі метатіл – семиотикалық белгілер (таңбалар) жүйесі. Басқаша айтқанда, метатілдің әлеуметтік, тілтанымдық қасиеті, сипаты бар. Мұндай метатіл, метатілдесім тіл білімінің әртүрлі салаларының, теорияларының ерекшеліктерін анықтайды, сипаттайды. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған метатіл, метатілдесім қазақ тарихының жаңа дәуірінде қазақ ғылымын ғылыми-әлеуметтік салаларға байланысты жіктеді (тілтаным, әдебиеттаным, тілді оқыту әдістемесі).
Термин жасаушы маманға жаңа терминді дүниеге келтіру, терминжасамдық сөздікті жасаушы маманға бір мағынада қолданылып жүрген бірнеше синоним-терминдердің арасынан ең қажеттісін таңдап алу – көп уақытты, үлкен тәжірибені, теориялық және машықтық тапқырлықты талап етеді. Көп жағдайда мамандар өзінің білімі мен сезімталдығына, халықаралық ғылыми тәжірибеге сүйенеді, терминнің ғылыми қолданыстағы жиілігіне, басқа сөздіктердегі, оқу құралдарындағы орнына, сипатталуына көңіл бөледі. Мысалы, Н.М.Шанский лингводидактикатерминін орыс тілінің бір ізді сөзжасамдық моделіне (лингвостилистика, лингвотипология, лингвоконт-растивный) сүйеніп жасады М.Жүсіпұлы (М.Джусупов) сингармофонема, сингармовариант, сингармовариация т.б. терминдерді жасағанда, жалпы тіл біліміндегі фонография, фонометрия, фоностилистика сияқты терминдердің сөзжасамдық үлгісіне сүйенді [55, 90-104]. Ә.Жүнісбеков үндесім, үйлесім терминдерін жасағанда, қазақ тіліндегі асым, салым сияқты сөздердің жасалу жолын үлгі етті [56, 262-268].
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ термині мен терминологиясын жасағанда, қазақ тіліндегі сөзжасам үлгілері ғылыми жүйеге келтірілмеген еді, термин-жасамдық сөздіктер жоқ, оқу құралдары өте аз еді. Ахмет Байтұрсынұлы барлық жағдайда, ең алдымен, өзінің жеке тәжібиресіне, сол салада ат са-лысып жүрген замандастарының тәжірибелеріне, содан соң орыс және басқа үндіеуропа мамандарының тәжірибелеріне, солардың тіл білімінің жетістіктеріне, сондай-ақ араб, парсы сөзжасам үлгілеріне сүйенді.
Ахмет Байтұрсынұлы жат тілдердегі терминжасамдық үлгілерді қазақ тіліне тікелей көшіре салмады, ең алдымен олардың ғылыми-әдістемелік бағытын зерттеді, жетістіктеріне талдау жасады. Мұның сыртында Ах-мет Байтұрсынұлы қазақша терминжасамдық шығармашылығында қазақ тілінің сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық ішкі және сыртқы мүмкіншіліктерін толық пайдаланды. Тек осындай көзқарас-тың нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдер нағыз ұлттық (қазақша) болып шықты[57].
Терминжасамдық ізденістер жүргізу үстінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің дериватологиясының (сөзжасам), лексикологиясының, семантикасының, сөздердің синтаксистік байланысу жолдарының, сөз және тер-мин стилистикасының ғылыми негіздерін салды. Бұл тарихи маңызы биік ғылыми мәселелер арнайы ізденістер жүргізуді талап етеді.
А.Байтұрсынұлы қазақ терминологиясын жасаған кезде ғылыми мек-тептер, ғылыми терминдер қалыптаспаған еді. Тіпті орыс тіл білімінің өзінде бұл жағдай (әсіресе, лингвистикалық терминология) енді тұрақты бір қалыпқа түсу жолында еді. Сондықтан А.Байтұрсынұлының алдында екі үлкен мәселе тұрды:
а) қазақ тіл білімінің, әдебиеттанымының, тілді оқыту әдістемесінің ұғым-дарын анықтау;
ә) сол ұғымдарды терминдермен таңбалау.
Термин жасау үшін ең алдымен ұғымды анықтау керек. Мысалы, заттық ұғым – зат есім, қимыл-әрекет ұғымы – етістік т.б. Яғни, А.Байтұрсынұлы ғылыми ұғымдар қорын анықтап, терминдер қорын жасап, тілтанымдық, әдебиеттанымдық, әдістемелік және терминжасамдық ғылыми мектептер-ді қалыптастырды[58].
Терминдер қолданысы әркез бірдей емес. Кейбір терминдер қолданыстан шығып, олардың орнына жаңа терминдер қолданылуы мүмкін. Бұл жағдай жалпы ғылым тарихында да, ғылыми мектептердің өмірінде де кездеседі. Терминнің қолданыстан шығуының негізгі себебі – терминнің ұғымды то-лық қамти алмайтығында, сол ұғымды толық қамтитын жаңа терминнің дүниеге келуінде. Жаңа термин сол тілдің сөзжасамдық мүмкіншіліктерінің негізінде де, жат тілдерден еніп келу негізінде де пайда болуы мүмкін. Мы-салы: негізгі түр (негізгі нұсқа) – инвариант. Кейбір жағдайларда бұрын қолданылып жүрген термин де, жаңа термин де бірдей (синонимдер ретін-де) пайдаланылуы мүмкін. Мысалы: тәлім-тәрбие – педагогика, фәлсафа – философия. Бұл жағдайда бірінші қатардағы терминдер де, екінші қа-тардағы терминдер де ұғымды толық қамтиды. Жаңа терминдердің еніп келуінің себебі – олардың әлем ғылымында термин-доминант ретінде өте жиі қолданылуы.
Ұлттық тіл білімінде ана тілінің негізінде жасалған термин интернацио-налдық терминнен кейін де пайда болуы мүмкін. Мысалы, 1924 жылы Х.Досмұхамедұлы қазақ тілінің дыбыс жүйесін зерттегенде, сингармонизм терминін пайдаланған [59, 81-99]; онан соң осы ұғымды атайтын аударма тіркестер пайда болды (дауыстылар гармониясы, дауыстылар үндестігі – гармония гласных); ХХ ғасырдың соңында осы ұғымды атайтын үндестік, үндесім терминдері пайда болды. Бүгінде осы бес термин де қолданылады, бірақ тіл білімінде сингармонизм ұғымы кеңейгендіктен, дауыстылар гар-мониясы, дауыстылар үндестігі терминдері ол ұғымды толық қамти алмайтын болды, сондықтан, біздің пікіріміз бойынша, келешекте бұл терминдік тіркестер қазақ сингармофонологиясында актуалды қолданыстан шығуы мүмкін. Себебі соңғы 20 жылда жарияланған ірі ғылыми еңбектерде (Ә.Жүнісбеков, М.Жүсіпұлы, Ж.Әбуов) бұлар ғылыми коммуникацияның периференциясынан орын алды.
Бүгінде сингармонизм терминінің тағы да қазақша баламалары пайда болды:
а) дыбыстар гармониясы. Бұл пікірді (сингармонизм – сөз құрамындағы барлық дыбыстардың гармониясы) бірінші болып Х.Досмұхамедұлы айтқан еді;
ә) үндесім ; б) үндестік.
Сонымен, қазіргі қазақ тіл білімінде дыбыстардың сөз құрамында я жуандық, я жіңішкелік үндестігін төмендегі терминдермен атайды:
а) сингармонизм;
ә) дауыстылар гармониясы; б) дауыстылар үндестігі;
в) дыбыстар гармониясы (үндестік заңы); г) үндестік;
д) үндесім (дыбыстар үндесімі).
Фонеманың жазудағы белгісін А.Байтұрсынұлы екі терминнің төрт фоновариантында атайды. 1914 жылы басылып шыққан «Тіл – құрал» кітабында – қаріп, харіп, әріп деп атайды . 1925 жылы баспадан шыққан «Тіл – құрал» кітабында таңба деп атайды. 1926 жылы жарық көрген «Сауат ашқыш» кітабында – қаріп, харіп деп атайды. Яғни, А.Байтұрсынұлы әріп, таңба терминдерін толық қабылдағанша біраз уақыт өткен. Бұл жағдай А.Байтұрсынұлының ғылыми ойының әркез ізденісте болғандығын дәлелдейді.
А.Байтұрсынұлы өзінің термин жасау ғылыми бағдарламасында төмендегі ұстанымдарға сүйенеді:
а) термин оқушыға түсінікті болу керек;
ә) термин қазақ (түркі) сөздерінен жасалу керек;
б) көпшілік түсінбейтін араб, парсы терминдерінен құтылу керек;
в) қажет болған жағдайда үндіеуропа тілдеріндегі қалыптасқан интер-националдық терминдерді алу керек т.б.
Қазақ тіл біліміне А. Байтұрсынұлы енгізген тілтанымдық терминдердің біразы өзгеріске ұшырады, біразы қолданылмайтын болды. Мысалы: А.Бай-тұрсынұлы атауыш сөздер атты терминдік тіркесті ғылыми айналымға ен-гізген. Қазір қазақ тілтанымында бұл терминдік тіркес атау сөздер болып өзгерген.
А.Байтұрсынұлының терминжасамдық мұрасы қазіргі қазақ тіл білімінде үлкен орын алады.
Жалпы тіл білімі қазір жалпы тілтанымдық терминдерге негізделген, олардың басым көпшілігінің шығу тегі – үндіеуропа тілдерінің бірлік-тері (фонетика, лексика, морфология, синтаксис, стилистика, фонема, графема, лексема...). А.Байтұрсынұлы осы жағдайды да ескерген. Мысалы, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық түркологиялық құ-рылтайдағы орыс тілінде жасаған баяндамасында интернационалдық тер-миндер жайында былай деген: «Общеупотребительные мировые термины могут приниматься, но с соответствующими природе казахского языка изменениями. При наличии казахских слов, могущих заменить их, должны помещаться оба, чтобы право выбора предоставить обществу» [60, 423]. Сонымен, А.Байтұрсынұлының терминжасамдық мұрасы тек жалпы қазақ я тек қазақ тілі мен әдебиет, әдістеме терминологиясын қамтумен шектелмейді, әлемдік тілтаным, әдебиеттаным, әдістеме терминологиясының дамуын да қамтиды.
Қорыта айтқанда, А.Байтұрсынұлының терминжасамдық мұрасы тек қазақ тарихында емес, жалпы әлем тарихында теңдессіз дүние. Себебі бір ұлттың тілтанымдық, әдебиеттанымдық, әдістемелік ғылым салаларының терминологиясын бір ғалымның жасап беруі – бүгінгі деректер бойынша, тек қазақ халқының мұрасы.
Әлем ғылымында терминжасамдық қызмет өте қиын, өте қажет, сұранысы өте биік еңбек болып есептеледі. Әр ұлттың тарихында ұлттық терминоло-гияны жасау барысында бір емес, бірнеше (ондаған, жүздеген) ғалымдардың аттары аталады, бірақ ұлттық терминологияның негізін салушы, негізін қалаушы ғалымдардың есімдері көп болмайды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
44. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік// Жалпы редакциясын басқарған п.ғ.д., профессор А.Қ.Құсайынов. 30 томдық. – Алматы: Рауан, 2000.
45. Құрманбайұлы Ш., Сапина С. Орысша-қазақша-қазақша-орысша терминдер мен атаулар сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2004.
46. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ғылым. –1974-1986. I-X томдар.
47. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Оқулық. – Алматы, 2001.
48. Ерғазиева Н. Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском языке. Автореф. дис. ... канд. –Алматы, 1972. –29 с.
49. Бiләлов Ш. Ұлттық ғылым тiлiн қалыптастырудың өзектi мәселелерi. – Алматы: Санат, 1996. – 425 б.
50. Жаңа атау сөздер сөздiгi. – Құлжа, 2000. –510 б.
51. Головин Б.Н., Кобрин Р.Ю. Лингвистические основы учение о терминах. –М.: Высшая школа, 1987. –103 с.
52. Қайдаров Ә. Ғылым тiлi және әдеби тiл статусы // Терминдер және аударма. – Алматы, 1990. 15-19-бб.
53. Құрманбайұлы Ш. Терминтану. Оқу құралы. –Алматы: Атлас, 2004. –243 б.
54. Байтұрсынов А. Ақ жол. –Алматы: Жалын, 1991. –464 б.
55.Құрманбайұлы Ш , Ахмет Байтұрсынұлы және термин жасау ісі –
«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы -№7-8,1997 ж.
56. Сыздықова Р, Ахмет Байтұрсынов,1990.
57.Сыздыкова Р – Ғалым-азамат , 1966.
58.Жұмашева Қ- «Жаңа мектеп» журналындағы оқу-ағарту терминдері
туралы-«Қазақ тілі мен әдебиеті туралы» журналы №11-12,1994 жыл, 65-68 бет.
59. Біләлов Ш «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері»
Алматы: Санат, 1996-160 б.
60. Төрениязов А «Қазақ әдеби тілі синонимдер жүйесінің термин жасамдағы ролі»: канд., дисс. Авторефераты, Алматы , 1999ж