Әдебиет сабағы тәрбие
көзі
Қазіргі таңда мектеп алдындағы
ең басты міндет — оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық игіліктер мен
адамзаттың мәдени мұраларының сабақтастығын сақтай отырып
оқушылардың дүниетанымы мен шығармашылық қабілетінің қалыптасуына
жағдай жасау. Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай етіп
тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Оқушы осы пәннің талабын орындау
мақсатында түрлі жанрдағы көркем шығармаларды оқиды, ізденеді.
Ұстаз жас жеткіншектің жан-жақты дамуына, оның бойында жасырын
жатқан шығармашылық қабілетті ашу және белсенді әрекетке келтіру
жолында тынымсыз ізденісте болу керек. Қазақ тілі мен әдебиеті
пәні– оқушыға өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін
тигізетін, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере
алатын аса білікті пәндердің бірі. Оқушылардың танымдық қабілетін
арттыру, оларды білуге ынталандыру, шығармашылыққа ұмтылдыру,
ойлана, іздене білім алуға, өз ойын дәлелдеп, тиянақты айтып беруге
дағдылану сияқты сапаларды оқушы бойына дарыту — білім саласының
өзекті мәселесі.
«Оқыту үрдісінің үш түрлі
құрамды бөлігі бар, ол — ғылым, шеберлік, өнер» дейді белгілі
педагог В. А. Сухомлинский. Осы қасиеттер мұғалім бойынан табылса,
сонда ғана ол сабақ үстінде білімділік пен тәрбиелік мақсаттарды
жүзеге асыра алады.
Қазақ тілі мен әдебиеті
сабақтарында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда мына
жолдарды есте ұстанған жөн:
1. Сабақты халық
педагогикасымен ұштастыра отырып
оқыту;
Оқыту мен тәрбиенің қайнар
көзі - халықтық педагогика. Балаларды халықтық салт — дәстүрді,
әдет — ғұрыпты қастерлеп құрметтеуге үйреткен, тәрбиелеген абзал.
Халық педагогикасының түрлерін сабақта пайдалану — оқушылардың
сабаққа қызығушылығын, белсенділігін, шығармашылық қабілетін
дамытуда өте тиімді екені мәлім.
2. Өнермен байланыстыра
оқыту;
"Әнге әуес, күйге құмар бала
жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі"-деп М.Әуезов айтқандай
көркемөнердің бір саласы болып келетін әдебиет пәнінің басты құралы
-сөз өнері. "Әдебиет пен өнерді" байланыстыра оқытуды жүйелі түрде
сабақ барысында қолдану нәтижесі жоғары жетістіктерге
жетелейді;
3. Пікірталас түрлерін
пайдалана отырып оқыту (пікір алмасу, ойталқы, ойкөкпар,
пікірсайыс, т.б)
Пікірсайыс сабақтарын өткізу
үшін алдымен «жақсы жағдаят» бола алатын тақырып таңдалғаны жөн.
Тақырып сәтті таңдалған уақытта оқушылардың этикалық — эстетикалық
талғамын оятып, сезіміне әсер етіп, білім іскерліктерін,
шығармашылық мүмкіндіктерін дамыта
аламыз.
4. Сыныптан тыс шығармашылық
жұмыстарды өткізу (Мысалы: "Әдебиет көшбасшысы" зияткерлік сайысы,
жыр мүшәйраларын өткізу, жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер
ұйымдастыру.Осы орайда оқыту үдерісін ұйымдастыру, дәстүрлі,
дәстүрлі емес түрлерін қолдану, сыныптан тыс жұмыстардың әсерлігін
арттыру — оқушы қабілетін анықтауға негізделген маңызды әрекеттер
екені сөзсіз.
5. Ғылыми — зерттеу жұмысына
баулу, бағыттау;
Оқушыларды ғылыми жұмысқа
баулудың басы оларды өз беттерімен орындалатын зерттеу, іздендіру
бағытындағы тапсырмаларға төселдіруден басталады. Шеберлік — сөздің
орнын таба білу. Әрбір сабақ басталар алдында оқушыны қызықтырып
әкететіндей кіріспе ойлап табу керек. Бейнелі сөздер, қызықты
мәлімет, тартымды үзінді оқу мұғалімнің шеберлігіне
байланысты.
Біздің мақсатымыз — мұғалімді
тыңдап қана отыратын, сұрасаң ойын емес, бойын көрсететін оқушы
емес, керісінше, өз пікірін ашық айтып,
тыңдаушысын
нандыра алатын, ана тілінің
асыл маржандарын өз шығармашылығында қолдана алатын жеке тұлға,
азамат даярлау.
Шығармашылық қабілетті дамыту
мәселесі қай кезде де ойшылдар мен ғалымдардың назарындағы нысан
болып келеді. Психологтар шығармашылық қабілетті дамытуды тұлғаны
дамытудың ең басты тетіктерінің бірі ретінде қарастырады, өйткені
шығармашылық іс-әрекеттің нәтижесі
оның
қайталанбайтындығымен,
бірегейлігімен ерекшеленеді. Шығармашылық жұмысты жүргізудің басты
дағдысы- жазу, ал жазуға құлшындыратын «тақырып» десек, тақырыптың
өтілген материалдарымен байланыстылығы басты орында, дегенмен
мұғалім өзінің ой-пікіріне жауапкершілікпен, сын көзбен қарайтын,
өзгенің пікірін құрметтейтін, тыңдайтын қоғам мүшесін
қалыптастыруға көңіл бөлуі тиіс. Шығармашылық жұмысқа қойылатын
талаптар:
-
Жұмыс орындаушыға қызықты
болуы керек, өйткені қызығушылығы төмен орындаушыдан тартымды дүние
күтпеңіз;
-
Теориялық білімін іс жүзінде
қолдану мүмкіндігі;
-
Ойлау жұмысы өзіндік сипатқа
ие болса, сыни тұрғыда ойлау жүзеге
асады.
Оқушы бойында шығармашылыққа
деген құлшынысты оятуда СТО технологиясының көмегі мол және сан
түрді жұмыс түрін ойластыруға мүмкіндік береді. Шығармашылықпен
жұмыстану үстінде оқушы белсенді болады, алдына бір мәселені қойып,
содан шығу жолын ұйымдастырады, дәлелдер келтіреді, мәселенің шешу
жолдарын оқырманға ұсынады. Оқушы үшін маңызды тұстың бірі оның
жұмысына деген өзге жандардың және мұғалімнің қызығушылықпен
қарауы. Оқу үрдісінде міндетті шығарма, жазба жұмыстарымен қатар,
еркін тақырыпта жүргізілетін шығармашылық жұмыс түрлері бар. Бұл
жұмыс мұғалім мен оқушының екеуара бірлесе атқаратын іс- әрекеті.
Еркін тақырыпта жұмыс атқару ізденуді талап етеді және дайындық
қажет.
Дайындық
кезеңі:
-Тақырып аясын
айқындау;
-Ақпараттарды
сараптау,
-Ең қажетті бөліктерді таңдай
білу;
-Өз пікірін дәлелдей отырып,
әлеуметтік ортаға жақындата
жеткізу;
-Қорытындылау.