Материалдар / Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы. (Танымдық сабағы)
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы. (Танымдық сабағы)

Материал туралы қысқаша түсінік
Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру.
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы. (Танымдық сабағы)

Мақсаты:

1. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру.

2. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу

3. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту

Сабақтың әдісі: сұрақ жауап, пікірталас, ой қозғау.

Көрнекілігі: Ахмет Байтұрсынұлының портреті, ақынның қанатты сөздері, видеоролик, презентация.

Сабақтың барысы

1. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. Сыныпты түгендеу. Оқушылардың назарын сабаққа аударту.

- Сәлеметсіңдер ме балалар!  оқушылар, бүгінгі біздің танымдық сабағымыз қазақтың азаттық таңын аңсаған Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсыновқа арнаймыз. Бүгінгі біздің мақсатымыз - біздің жерлесіміздің, біздің мақтанышымыз Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен еңбектері, қоғамдық саяси қызметі жайында білім алу. Бүгінгі сабағымыз Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмір жолына арналады. Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты өткізілгелі отырған тәрбие сағатымызда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталатын боламыз.

2. Сабақтың басы

- Ахмет Байтұрсынұлының 5 арыстың құрамына кіретінін білеміз ия, балалар?! Ендеше 5 арысқа кіретін ұлт зиялыларын атап шығайықшы:

Ахмет Байтұрсынұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Міржақып Дулатов

Жүсіпбек Аймауытов

Мағжан Жұмабаев

Дәуірдің жарық жұлдызы, ұлттың ұлы ұстазы саналатын Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ендігі кезекте Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянымен танысып өтсек.

Слайдқа назар аударып, онда көрсетілген тірек сөздерге сүйене отырып әңгімелеу үшін 3 топқа түрлі тақырып берілген:

1. Өмірбаяны

2. Қызмет жолы

3. Шығармашылығы

1 топқа берілген тірек сөздер:

- 1872 жылы 5 қыркүйек;

- Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы;

- Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі;

- Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектебі;

- 1937 жылы 8 желтоқсан;

- Қуғын-сүргінге ілігу;

- Ату жазасына кесілу.

2 топқа берілетін сөздер:

- 1895-1909 ж.ж., Қарқаралы, орыс-қазақ мектебі, оқытушы.

- 1921–1925 жылы Орынборда, 1926–1928 жылы Ташкенттегі, Халық ағарту институттарында, қазақ тілі мен әдебиеті, мұғалімдік қызметі.

- 1913–1918 жылы, қазақ зиялыларымен бірігіп, «Қазақ» газеті.

- Алаш партиясының негізін қалаушылардың бірі.

3 топқа берілетін сөздер:

- Ахмет Байтұрсынұлы –қазақ әліпбиінің алғашқы авторы.

- "Қырық мысал" , аударма жинағы, 1909 ж. Санкт-Петербургте

- 1911 жылы, "Маса " өлеңдер жинағы

- «Оқу құралы», «Тіл – құрал», "Әдебиет танытқыш" - Әлі күнге дейін қолданыста, маңызын жоғалтпаған

- оқу құралдары.



 Ахметтің саяси қызметі

Ахмет:

Ахметтің саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді. 1905ж. Қоянды жәрменкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы құзырхаты(петиция) авторларының бірі болды. Қарқаралы құзырхаты

жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді.Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандарымдық бақылауға алынған Ахмет1909 ж. 1-шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.Оған тағылған айыпта : халық арасына іріткі салып «өзін-өзі автономиялық басқару идеясын таратты», «орыстар мен қазақтар арасында өшпенділік қоздыру ісімен айналысты» деп көрсетілген.

(Слайд : Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметі)

Айдын:

Ресей Империянің Ерекше Кеңесі 1910 ж.19ақпанда Ахмет қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады.Осы шешімге сәйкес Ахмет Орынборда 1910 ж. 9 наурызда келіп,1917жылдың соңына дейін сонда тұрды.Ол осы қалада 1913-1918ж. өзінің жақын сенімді

достары Ә. Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ, қазақ зияларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. 1913жылдың 2 ақпан күні «Қазақ» деген газет жарқ етіп дүниеге келді.Бас редактор-Ахмет Байтұрсынов.

(Слайд : Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов портреттері )

Ақниет:

Қазақ елінің дағдарып, белгілі бір тоқтамға келе алмай қиналған тұсы-орыстың басқа елдермен соғысына қазақтан әскер жинау мәселесі еді.1916жылдың жазында майдандағы қара жұмысқа қазақтың 19-21 аралығындағы жастарын алу жөніндегі патша жарлығы шықты. «Қазақ» газеті осы тұста тайсалмастан өз пікірін ашық айтты.Халық арасында пікірталас ұйымдастырды. Байтұрсынов бастаған біраз қазақ зиялысы осы

пікірлерді тұжырымдап, жинақтағаннан кейін бүкіл қазақ халқының атынан Ресей Мемлекеттік кеңесі мен Соғыс министріне жеткізді.Бұдан кейін Ресей Мемлекеттік думасындағы Мұсылман фракциясының төрағасы К. Тевкелев бас редактор Байтұрсыновты Мәскеуге арнайы шақырып, фракцияның мәжілісіне қатыстыруға мәжбүр болды. Думада сөз алған Байтұрсынов қазақтарға жеке муфтилик ашу, егер қазақтарды әскерге алса, оны қара жұмысқа жекпей, атты әскерлер сапына қосу, қазақ жеріне Ресейден қоныс аударушыларды дереу тоқтату керектігін кесіп айтты. Бірақ, ақ патша оған құлақ аспады. Оның соңы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске әкеліп соққаны тарихтан белгілі.

(Слайд: ұлт азаттық көтеріліс)

Абат:

Орынборда бір рет, ал 1915 жылдан аптасына екі рет шыға бастаған «Қазақ» газетін Қазан, Уфа, Мәскеу, Томскі, Петербор жұртшылығымен қоса Қытай, Түркия қазақтары да алдырып оқыды.Бұл Ресей жандармдарын одан сайын үрейлендірді. «Қазақтың» тиражы күн сайын көбейе түсті.

Алғашқы кездері қаржы тапшылығына байланысты «Қазақты» үш-ақ

адам шығарғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді.Олар- редактор А.Байтұрсынов, техникалық редакторлары және таратушылары-Ахметтің жұбайы Александра Ивановна мен қызы Шолпан еді.1918 жылы газет жабылды. Осы аралықта 265 нөмірі жарық көрді. Тиражы 3мың данадан

8 мың данаға жетті.Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С.Торайғыров, Жанша және

Хәлел Досмұхамедовтер, тағы басқа елге танымал қаламгерлер «Қазақ» газеті үшін аянбай тер төкті.



Адам баласының дүниеде шашатын жемісі-мәңгілік мейірімді қызмет деп, міне сол адамдық диқаншы-Ахмет Байтұрсынұлы еді... Ал, енді Ахмет Байтұрсынұлының отты өлеңдеріне кезек берейік.

Айсамал: « Замандастарым»

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген,жоққа сабыр,

Қомсынып қоңырайма,құрбыларым.

Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

Күн қайда үздік шығар топты жарып.

Ат тұрмас аяғында желі болса,

Дүрсілеп шапса біреу қиқу салып.

Бар болса сондай жүйрік,қызар деймін,

Естілсе құлағына дүбір барып.

Әйтпесе арық шауып өндіре ме,

Жүргенде қамыт басып,қажып-талып

Жәнібек: «Анама хат»

Қарағым ,дұғагөйім,қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп алдым қалам.

Сені онда,мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді хақ тағалам!

Бара алмай,өтірікші болып әбден,

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

Мал ұрлап,кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет- өр зорлыққа не бар шараң?!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,

Жолдар көп жәннетке де тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма,оны ұмытпасам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып,адам ісін етпей,

Ұялмай не бетімнен көрге барам?!

Көп айтпай,қысқасын сездіретін

Балаңның мінезі бар сөзге сараң.

Кетер деп «суға құлап,отқа түсіп»

Қайғы жеп,менің үшін болма алаң!



3. Сабақтың ортасы

Миға шабуыл

Неліктен Ахмет Байтұрсынұлының екінші кітабы «Маса» деп аталған?

- Себебі ұйықтап жатқан қазақ халқын маса секілді ызыңдап ояту, білімге, оқуға шақыру.

Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» аударма жинағы.

- орыс халқының ақыны Крылов Иван Андреевичтің мысалдары негізінде аударған

- Үлгі аларлық ғибратқа толы мысалдар

- Татулыққа

- Бірлікке

- Ынтымаққа шақыру.

Ахмет Байтұрсынұлы «Оқуға шақыру» өлеңі:

Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!

Шақырды тауық мана әлдеқашан,

Қарап тұр терезеден күн жылтырап.

Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,

Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:

Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,

Барады аралар да ұшып балға.

- Оқып шығып, мән-мағынасына тоқталу, жеткізілмек болған ойды анықтау.

4. Сабақтың соңы

Сабақтан алған білімдерімізді қорытындылай келе берілген сызбаны толтыру.

Қорытынды

- Осымен балалар, танымдық сабағымыз өз мәресіне жетті. Сабағымызды Ахмет Байтұрсынұлының «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.» деген нақыл сөзімен аяқтасақ. Білім алудан, үйренуден, ізденуден еш уақытта жалықпаңдар. Білімді ұрпақ, бәсекеге қабілетті ұрпақ – ұлт келешегі.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!