Кіріспе
Қазіргі кезеңде қазақ
тарихының күрделі мәселелерге толы ақтаңдақтар беттері зерттеліп,
бір жолға түсуде. 20 ғасырдың 1 жартысы Қазақстан үшін түрлі
саяси–мәдени өзгерістерге және дүрбелеңге толы болды. Қазақ
зиялыларының бастамасымен ұлтымыздың алғашақы газет-журналдарының
шығуы, «Алаш» партиясының және « Алашорда» үкіметінің
құрылуы,азамат соғысы,20-30 жж ашаршылық,кеңес үкіметінің қазақ
жеріне орнығуы,қуғын-сүргін,сондай-ақ Ұлы Отан соғысы секілді ірі
тарихи оқиғалармен сипатталады.Бұл Қазақстан тарихының осы
кезеңінің күрделі екендігін көрсетіп тұр.Бұл уақытта қазақ
зиялыларының саяси бейнесі айқын көрінді.Бұл қатарда
Ә.Бөкейханов,А.Байтұрсынов,М.Дулатов,С.Торайғыров, М.Шоқай
,Х.Досмұхамедовтер секілді елін сүйген азаматтар болды. Міне
осындай Алаш зиялыларының бірі-Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл
ғылымының тарихында ойып тұрып орын алды.Ол өмір бойы қазақ ұлтының
және қазақ тілінің абыройы үшін басын бәйгеге тікті.Ахмет
Байтұрсынұлы –халқымыздың біртуар азаматы және ұлт-азаттық
қозғалыстың көсемі ,сонымен қатар Алаш партиясы мен Алашорда
үкіметінің белді мүшесі болды.Ахмет Байтұрсынов –алаш зиялысы ғана
емес,сонымен қатар публицист,баршамызға белгілі «Қазақ» газетінің
бас редакторы,педагог. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі
Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге
келген.Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын
ашып,хат таниды да,кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде
оқиды.1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты
орысша-қазақша училищеде,1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер
даярлайтын мектепте білім алады. 1895 жылдың 1 шілдесінен бастап
өзінің мұғалімдік,ұстаздық қызметін
бастайды.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілі мен
қазақ әдебиетінің ғылыми түрде қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай
зор үлес қосты.Қазіргі таңда осы саладағы қолданылып жүрген
терминдердің басым көпшілігі Ахмет Байтұрсынұлының есімімен
байланысты.
Баяндаманың
мақсаты: Ахмет Байтұрсыновтың « Қазақ»
газетіндегі елеулі еңбегін айқындау, ғалымның мақалаларына шолу
жасау арқылы қазақ газетінің ұлттық рухты ояту жолындағы шоқтығы
биік баспасөз болғандығына сараптама
жасау.
Ахмет Байтұрсынұлы және «
Қазақ» газеті
1905 жылы Ахмет Байтұрсынұлы
саяси қызметке белсене араласып, «Қарқаралы петициясы» авторларының
бірі болды.Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірге
1913-1918 жылдары қазақ зиялыларының қолдауымен «Қазақ» алғашқы
ұлттық газетін шығарды. Газет ұлттық мүдденің таралуына және қазақ
халқының ұлттық бірегейлігінің ояну факторына
айналды.
Қазақ халқының саяси және
мәдени оянуын мақсат еткен алаш зиялылары қазақ тілінде
газет-журнал шығарудың ұлттық рухты оятуда маңызды рөл атқаратынын
ерте түсінген болатын. Осы еңбектерінің нәтижесінде 1913жылдан
бастап « Қазақ» газеті жарияланды.Газеттің бас редакторы Ахмет
Байтұрсынов болды.Сондай-ақ қазақ газетінің жарық көруіне қазақ
зиялыларының ішінде Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтардың еңбегін ерекше
атауға болады.
«Қазақ» газеті -1913-1918 жж
Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және
әдеби-мәдени басылым.№1 номері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.1915жылға
дейін аптасына бір рет ,одан кейін екі рет шыққан.Газетке қаржылай
көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар.Жалпы 265 номері
жарық көрген.Газет рәміздік бейне ретінде киіз үйді
ұсынды.Бұл-қазақ ұлты деген ұғымды берді.Оның түндігі батыстан
ашылып,есігіне «Қазақ» деп жазылды.Мұны түсіндірген ұлт зиялылары
«қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын,Қазақ газеті қазақ жұртына
әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп
жазды.
Ахмет халықтың қараңғылықтан
шығарудың жолының негізгі құралы газет екендігін түсінді.Оны
«Қазақ» газетінің алғашқы санынан айқын көруге болады. Ол дамыған
елдердің бұқаралық ақпаратқа баса көңіл аударатынын халқына
жеткізгісі келді және халқын сауаттылыққа шақырды.
«...газет-халықтың көзі ,құлағы һәм тілі.Адамға көз,құлақ,тіл
қандай керек болса,халыққа газет сондай керек.Газеті жоқ жұрт басқа
газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең,тілі жоқ мақау, көзі
жоқ соқыр сықылды»-деп қарапайым мысалмен келтірген болатын.
«Қазақ» газеті қазақ өміріндегі кез-келген мәселені көтеруге
тырысқан. Тіпті «Қазақ»басқармасындағы сатылым
кітаптарыныңтізбесі:авторлары,еңбектері, бағасы жарияланып
отырды.Ахмет Байтұрсынұлы көбіне мәдени-ағарту саласында мақалалар
жазып отырды.Соның бір айғағы «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге
мәдениетке,оқуға ұмтылу керек.Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін
өркендету керек.Өз алдына ел болуға өзінің тілі,әдебиеті бар ел
ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз.Осы күні орыс школы
мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз
қылып,хат жазуға өзге тілде жазып,қазақ тілінен алыстап барады.Бұл
әрине ,жаман әдет.Егер тілге осы көзбен қарасақ ,табиғат заңына
бағынбай ,біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса ,ол уақытта тілмен
де,сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп
білу керек.Егер оны істегіміз келмесе,осы бастан тіл,әдебиет
жұмысын қолға алып,өркендететін уақытымыз жетті»-деп оқырманды
ғылым-білімге шақырған,қазақ балаларының сауат ашуына барынша
жағдай жасаған.
Қазақ даласына халықаралық һәм
бүкілресейлік,сондай-ақ ел ішіндегі жаңалықтардан уақытылы хабар
таратып тұратын басылымның ауадай қажет екенін А.Байтұрсынұлының
1913 жылдың 2 ақпанында жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің алғашқы
санындағы мақаласы жарияланды.Онда Ахмет Байтұрсынұлы: «1907 жылғы
санаққа қарасақ,Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді
газет һәм журнал шыққан екен.Оның бір мың жүз тоқсан алтысы орыс
тілінде,сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты.Сол сегіз жүз
алпыс жетінің ішінде біздің татар қандастарымыздың отыз шамалы
газет-журналы болды.Бізде біреуі де болмады....»,-деп
жазды.
« Қазақ» газеті алғашқы
сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәселелерді
қозғады.
«Қазақтың тарихы», «Дін
таласы», «Жер іздеген қазақтар!», «Қазақтан солдат ала ма?»,
«Земство не нәрсе?», «Ұры тыю» секілді көптің көкейінде, халықтың
аузында жүрген тағдырлы тақырыптар осының
дәлелі.
«Қазақ» газетінің алғашқы
санында шыққан «Құрметті оқушылар» мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы
газеттің не үшін керектігі туралы негізгі төрт себепті атап өтті:
«Әуелі,газет-халықтың көзі,құлағы һәм
тілі...»,-дейді.
«Екінші,газет-жұртқа қызмет
ететін нәрсе,олай болатын мәнісі жұрттың білімді,пікірлі,көргені
көп көсемдері,оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына
түсіп,жол көрсетіп,жөн сілтеп,басшылық айтып
тұрады».
«Үшінші,газет-халыққа білім
таратушы...»
«Төртінші,газет-халықтың
даушысы.«Жұртым» деп халық арын арлап,зарын зарлап,намысын
жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп,пайдасын
қоғап,зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа
тырысады».
«Қазақ» газеті тура осы
бағытта аталы жұртының,өз ұлтының ар-намысын қызғыштай қорыған
бірден-бір медеу тұтар қорғаны,мұңын шағып,шерін тарқатар жан ашыр
досы,жігер отын шар болаттай қайрап-қайрап алатын бойға күш-қуат
дарытар рухани серігі болды.
1913 жылы басылған сандардың
біріндегі «Қазақ» тақырыбындағы мақалада қазақтардың саны туралы
мәлімет берілген: «Біздің қазақ-орыс патшасының қол астында тоғыз
болыс,бір губернияда: Семей облысында-655 мың 971 адам,Ақмола-484
мың 456 адам,Торғай-422 мың 401адам,Орал-466 мың адам,Закаспийский-
71 мың 367 адам,Сырдария-888мың адам,Жетісу-844 мың
адам,Самарқанда-79 мың 83 адам,Астрахан губерниясында -213 мың
адам.Бәрі – 4миллион 499 мың 664
адам.
Осы жылы жарияланған «Қазақтың
бас ақыны» атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым
ретінде танытты.Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық әдебиеттің тарихынан
алатын орнын айқындауға,ақын шығармашылығына баға беруге арналған
тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді.
Ұлт баспасөзінің жаңа қадамына
сол кездегі көзі ашық қазақ баласының қуанбағаны кемде-кем
еді.Мәселен,Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ»газетінің шығуына
байланысты «Қазақ құтты болсын!» деген өлеңі
басылды.
1913 жылды « Қазақ» газеті 3
мың таралыммен аяқтады.Газеттің 44 саны жарыққа
шықты.
« Қазақ» газетінде ұлттың
белгілі тұлғалары туралы да мақалалары шығып жатты.Мәселен,1914
жылғы №45 санында Міржақып Дулатұлының « Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан»
атты мақаласы,51санында «Абай» атты мақаласы
шықты.
Орынбор генерал губернаторының
«Қазақ» газетіндегі «Закон жобасының баяндамасы» атты 80-санындағы
мақаласы үшін газет редакторы Ахмет Байтұрсыновқа 1500 рубль
көлемінде айыппұл салу немесе үш айға абақтыға жабу туралы бұйрығы
шықты.Тағылған айып: «Газет қазақ халқын үкіметке қарсы үндеп
отыр....». «Осы қаулының орындалуын Орынбор Полиция Мейсторына
жүктеймін»деген бұйрықтың соңына Генерал-лейтенант Сухомлиновтың
қолы қойылған.Ахмет Байтұрсынов газетте жарияланған мақала бойынша
«Жаңа заң жобасына түсініктеме тілхатын» жазады.Онда мақаланың
түпнұсқасы мен орысша аудармадағы қателіктерді келтірген Ахмет
Байтұрсынов айыппұл салу туралы бұйрықтың күшін жоюды сұрайды.Бірақ
қаулы өзгеріссіз қалдырылады.Айыппұл төлемес үшін Ахмет
Байтұрсынұлы абақтыға отыруға келісім береді.Алайда Байтұрсынұлының
денсаулығы нашар болғандықтан мың жарым сом айыппұл
төленіп,абақтыдын шығарылды.Бұл туралы « Газетімізге штраф» атты
мақалада айтылады.
Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор
губернаторының шешіміне риза болмай,ішкі істер министрлігіне
«Біздің ниетіміз халықты құтырту емес,сынау» деп арызданады.Ақыры
Сенат кеш болса да Орынбор губернаторының үкімін бұзуға мәжбүр
болды.
1914 жылғы 78-санында басылған
«Алашқа» және 79-санында басылған «Россиядағы ұйымшылдық» деген
мақаласы үшін де «Қазақ» газетін шығарушылар жауапқа
тартылды.91-санындағы « Бұл қалай» атты мақала үшін 50 сом айып
немесе 2 ай түрмеге кесу туралы үкім шығарылған. 1914жылы «Қазақ»
газетінің 55 саны шықты.
1915жылғы газеттің алғашқы
санындағы мақалада қазақ жастарының солдатқа баруы маңызды екендігі
туралы жазылған еді.Алаш арыстары қазақтардың әскери машық пен
тактиканы,ел қорғанысының қыр-сырын меңгеруін қалаған
еді.
1916 жыл бойы « Қазақтан
солдат алу» мәселесі « Қазақ» газетінің ең жиі көтерген тақырыбына
айналды.Себебі,дәл сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың керегіне
қазақтарды жұмысқа алу туралы Патша жарлығы шыққан болатын.Ел іші
бұл жарлыққа үрпиісе қарап,мұның арты көтеріліске ұласады. Халықтың
босқа қырылып қалатынын білген қазақ зиялылары
А.Байтұрсынұлы,Ә.Бөкейхан,М.Дулатовтардың «Алаш азаматтарына» атты
үндеуі жарық көрді. Онда: «Отандастарымыз-орыс
халқы,діндестеріміз-
мұсылмандар, татар
халқы,сондай-ақ,басқа да көрші халықтар өрттің жалынында лаулап
жанып жатыр.Бізге бұдан сырт қалуға болмайды.Өзіміз боданы болып
отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту,басымызды сауғалап үйден
шықпау,мемлекетті қорғауға ат салыспау дұшпанға көмек көрсетумен
бара-бар» делінді.
1916 жылы 30шілдеде « Қазақ»
газетінің басқармасы мен М.Дулатұлының пәтерінде тінту
жүргізіліп,біршама хаттар,телеграммалар тәркіленді.Тінту жүргізуге
негізгі себеп «Ахмет,Әлихан мен Міржақып қазақ соғысқа кісі
бермесін деп хат жазған» деген өсек болған тәрізді.Кейін үш
қайраткердің дәл осы мәселе туралы газетте Қазақ жұртына атты
тақырыппен мақаласы жарық көрді.Онда Ахмет,Әлихан мен Міржақып өсек
сөзге емес,Қазақ газетінде басылған нақты мақалаға сенуге
шақырады.
Алаш қайраткерлері Ресейге
соғысқа жұмыскер ретінде алынған қазақтардың тағдырына белсене
араласты.Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай,Хәкім Кекин секілді
басшылар солдатқа жұмысшы болып алынған қазақтар мәселесімен
айналысты.Осыған байланысты «Қазақ» газетінде соғысқа кеткен
қазақтар жағдайына байланысты «Жұмысшылар жайынан» атты мақалалар
сериясы жарияланып тұрды.Жігіттердің амандық хабарлары жеткізіліп
тұрды. «Тыл жұмысындағы қазақтар» атты тақырыппен мақалалар жазылып
тұрды.Осындай ізбенен қазақ халқы Алаш партиясының құрылғанын,ел
ішінде және бүкіл Ресейде қандай саяси оқиғалар болып жатқанын «
Қазақ» газеті арқылы біліп отырды.1917 жылы қарашада шыққан нөмірде
Алаш партиясының бағдарламасы
жарияланды.
1918 жылдың 16 қыркүйегінде «
Қазақ» газетінің ең соңғы саны шықты. 1913-1918 жылдары « Қазақ»
газеті 26 рет жабылды,ал Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше рет
тұтқындалды.Патша үкіметі «Қазақ» газетін басынан қолдаған
жоқ,себебі сол кездегі үкіметтің, әкімшілік құрылымның шын бет
–бейнесін ашқан мақалалар жазып,шындықты айқын
көрсетті.
«Қазақ» газетіндегі өнер мен
білімнің насихатталуын ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының газет бетінде
жарияланған мына сөзімен аяқтауды жөн санадым: «Орыс тілінде
оқығандар орыс тілінің жүйесі мен тәртібі бойынша жазуға
дағдыланған.Егер сіз қазақ сөздерін алып,орыс немесе татар тілінің
жүйесі мен тәртібін қолдана отырып жазсаңыз ,онда бұл қазақша дұрыс
шықпайды.Мұндай жағдайдан аулақ болу үшін әр халық балаларын
алдымен ана тілінде оқытады,содан кейін ғана олар ана тілінің
жүйесі мен заңдылықтарын біледі,бұл мәселеде белгілі бір дағдыларға
ие болады және басқа тілді үйренуге көшеді.Егер біз өз тіліміздің
тазалығын сақтағымыз келсе,басқа халықтар сияқты біз де
балаларымызды алдымен ана тіліне үйретуіміз керек ,содан кейін ғана
басқа тілге көшуіміз керек».
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Сайт: Ұстаздар сайты w w
w.u-s.kz
2.Сайт: Martebe.kz Мақала:
Аманқос Мектеп-тегі
3.Сайт:inform.kz Мақала :Аян
Өрібаев,Тоқабаев Қанат
4.Егемен Қазақстан 04 қыркүйек
2022ж Мақала:Берік Бейсенғалиев
«Қазақ» газеті – Алаш
аңсарының айнасы
Баяндама
Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы
және «Қазақ» газеті
Дайындаған: Некрасов атындағы №9
мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Сапарбаева Мөлдір
Амантайқызы
2023ж