Материалдар / "Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ әліпбиінің бүгіні мен болашағы"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

"Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ әліпбиінің бүгіні мен болашағы"

Материал туралы қысқаша түсінік
Ахмет Байтұрсынұлы жасап кеткен қазақ әліпбиінің болашағына келетін болсақ, тіл ғылымына қатысты арнаулы орындар нақты зерттеулер жасап, ғылым, өндіріс, кеңсе қолданыстарындағы сөздерді зерделеп, қазіргі қазақ әліпбиіндегі дыбыстардың бүгінгі сөз қолданысына қатыстылығын анықтаулары керек.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
1092
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ әліпбиінің

бүгіні мен болашағы



Орал қаласы

34 А.Тайманов атындағы мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жунусова Анар Махсотқызы


Ахмет Байтұрсынұлындай қазақ халқының ар-ожданына айналған тарихи тұлғаның қолымен жазған қандай да қағазын назардан тыс қалдыруға құқығымыз жоқ. Оның талай жылдар бойы қапаста жатқан мәлімдемелері халыққа әлі тегіс мәлім бола қойған жоқ. Тарихи маңызы зор мәлімдемелерді тек алаштану мәселесімен айналысатын санаулы орта, қазақ әдебиетінің тарихын, қазақ тарихын зерттеп жүрген арнайы мамандар ғана білетін болар. Алаш арысының айтқан әрбір сөзін жалпы алаш – білуі парыз. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет.

Қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлы ұлт әліпбиін негіздегенде алдымен оның дыбыс өлшемін, яғни қазақтың сөйлеу мақамындағы дыбыс санын анықтаған. Әлбетте, ол сол кезгі қазақ тіліндегі ұғым-танымдар өресіндегі сөз қолданылысына, яғни тұтынудағы сөз қорына байланысты болатын. Белгілі бір атауларды атап, танымдарды түсіндіре алатын сөз қолданыстарының жиынтығындағы дыбыстар түзілімі – мағына құрайды. Қажет болған жағдайда, бұл дыбыстарды морземен де, эсперантомен де, тіпті сан түрінде де бейнелеуге болады. Алайда, бұлар әліпби болып шықпайды, орайға қарай шартты қолданыс түрлері ғана. Бұлар ұлттық ерекшеліктері жоқ, бұқаралық емес, шектеулі қолданыстағы жазу түрлері.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің өзіне дейінгі хат тілін де, халық әдебиетін де, сөйлеспелі сөз қолданылысын да зерделей келе, «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты... Бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады. «К» мен «г» һәм «е» ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың әр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ-ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к» мен «г», «е»-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек», - деп анықтай келе, араб таңбасының қазақ дыбыстарына жеткіліксіздігіне байланысты 38 белгі қажет ететін жуанды-жіңішкелі 19 дыбысқа айырымдық дәйекші белгісін қолдана отырып, 19 таңба үнемдейді.

Сөйтіп, «жіңішкелік үшін жалғыз ғана белгі алып, 43 түрлі дыбысты 25 белгімен дұрыстап жазуға болады», - деген қорытындыға келіп, осы негізде тұңғыш қазақ әліпбиін жасайды.

Үстіміздегі ғасырдың 1910 жылдарынан бастап қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар авторлардың қазақша әліппелері жарық көрді. Бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады. Солардың қатарында шыққан Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі – «Оқу құралы» 1912-1925 жылдар арасында 7 рет қайта басылып, оқу-ағарту жұмысында ұзағырақ әрі кеңірек пайдаланылады.

Қазақ әліпбиі осы таңбада 1912 жылдан бастап 1929 жылы бопсамен латын таңбасына көшкенше қазақ тіліндегі барлық оқу орындарында, газет, жорнал, кітап шығару һәм кеңселік ресми жазуларда ұлттық тұтастықта қолданыста болды.

Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбиді» шығаруда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендегі мақсаты: қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез үйренетінін анықтау, осы жағынан тәжірибе түю. Мақсат үрдісінен шығу үшін Ахаң әліппелерінде қандай принцип ұстанса да, әдіс-тәсіл қолданса да ұғымды да, жұғымды, нақты да дәл болуын көздеген. Біздің пайымдауымызша, Ахаң әліппелері арқылы мынадай мақсатты шешуге әрекет ұстаған: 1) ана тілінде сауат аштыру; 2) шәкірттің көркем талғамын қалыптастыру; 3) табиғат құбылысы мен адам тұрмысының әр қырымен таныстыра отырып практикалық білім беру; 4) оқыта отырып тәрбиелеу, адамгершілік тәрбиесін беру.

Осы бағыттағы шәкірттердің сауатын ашуды, ана тілінен тиянақты білім беруде белгілі бір жалпы дидактикалық принциптерін басшылыққа алған және осы үрдістен біршама шыға білген дер едік. Аталған принциптердің сақталуы әліппелерінде алынған жадығаттардан (материал), олардың орналасуынан да анық байқалады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) арқылы қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды, олардың таңбасын меңгертуді көздеген. «Оқу құралы» Ахаң өзі түрлеген араб шрифтісіне негізделген қазақ алфавитімен жазылған. Әліпби қазақтың төл дыбыстық артикуляциясына дәл келтіре тұжырымдалған.

Ахаңның қазақ әліпбиін түзу тұсында таңба таңдау мүмкіндігі болды. Латын да, кирилше де оған таныс-ты. Таңдаудың арабы таңбаға түсуін оның қазақ арасына ертеден етене жақындығына, әсіресе дінге де қатыстылығына байланыстырды. Әлбетте, сол тұста да қазақ азаттығын ойға алған ағартушының ұлттық әліпбидің бопсамен кеулеп бара жатқан орыс жазуынан аулақ болуын да ойламауы мүмкін емес. Ал, жазғанда бір түрлі, оқылуда басқаша дыбысталатын қосар таңбалары көп латын жазуына мүлде қарсы болғаны мәлім. Мұнда да латынды бейімдеуді қиынсыну емес, халықтың ғасырлар бойы көзі үйреніп, санасына орнығып қалған араб таңбасынан қолүздірмей, жалғасты сауаттандыру мақсаты алға қойылғаны анық.

Ахмет Байтұрсынұлы әліппелерінде сөйлемдер, мәтіндер не өзге жадығаттар шәкірт ұғымына шақталып, ой елегінен өткізілген шығармалардан (ауыз әдебиеті) алынған, оқытудағы негізгі мақсатқа сәйкес арнайы жазылған, өзге тілдердегі жадығаттардан аударылған. Түрлі сүгіретті 20 мың таралыммен басылған «Әліпби» атты жаңа құралы да жаңалығы мол, берері көп құнды әліппе. Еңбекте берілген практикалық дағдыларды «Ермек-еңбек», «Ойнаңдар, ойлаңдар!» қалпында ұсынуы үлкен әдіскерлікті көрсетеді. Сонда іс, жаттығу тақырыбы ретінде алынған сөздердің өзі ойлылықты сездіріп тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы әліппе арқылы тек сауат ашқызып оқытып қана қоймай, өз ой-пікірін де қоса білдіргендігіне көз жеткізу қиындық туғызбайды. Бұдан шығар түйін әліппе оқыту құралы ғана емес бүлдіршіннің сана-сезімін оятушы, өмірге көзқарасын, көркем талғамын қалыптастырушы тәрбие құралы да. Үңіле көз жүгіртсек, Ахаң әліппесінде мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар молынан кездеседі. Әдіскер ағартушы бұларды ел өмірінен ала отырып, рет-ретімен, тіл дамыту, тәрбиелеу құралы ретінде пайдаланған. Балғындардың жас мөлшеріне сәйкес тіл дамытуда, ой ширатуда таптырмас құрал әрі қажетті тәсіл екенін жоғары бағалай білген деп түйеміз. Сол себептен де бұндай жадығаттардың кез-келгенін жүрдім-бардым алмай, қалай-солай әліппеге енгізе салмай мақалдарды белгілі бір жүйелілікпен, бірізділікпен орналастырған.

Ахаң қолданған мәтіндердің де артық-кемі жоқ деп білеміз. Әрқайсысы өзіндік бір қызмет атқарып тұр. Белгілі бір тәрбиелік мәнге ие. Ағартушы мәтіндер арқылы балалар бойына белгілі бір практикалық дағдыларды қалыптастыруды, қоғамдық өмірдің әрбір тармағынан мәлімет беруді нысаналаған. Ұсынылған мәтіндер арқылы балалар бойына туған еліне, отбасына, табиғатқа, ел тарихына деген сүйіспеншілікті сіңіруді мақсаттанған. Шәкіртті адамгершілікке, еңбекқорлыққа, достыққа, имандылыққа үйірген.

Тұжыра келгенде Ахмет Байтұрсынұлы әліппелерінен жоғарыдағыдай әдістемелік иірімдерді молынан келтіре беруге болады. Бұлардың бүгінгі оқыту ісімізде пайдасы шексіз. Оқу құралдарының өміршеңдігі де осында болса керек. Мұның бәрі айналып келгенде тілді оқыту әдістемесі тарихынан бастау алатындығына толық айғақ. Және бір қосымша айтарымыз, Ахаңның «Оқу құралының», «Әліпбиінің» титул беттерінде жазылған «Балаларға тарту» тармақтары (Балалар! Бұл жол басы даналыққа. Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та! Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп, соларды көре тұра қалалық па? Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық, Жүріңдер іздеп тауып алалық та) Ы.Алтынсарыұлының әйгілі «Кел, балалар, оқылық» атты классикалық өлеңімен қатар тұратын, иықтас, үзеңгілес дүние дер едік.

Ал енді, Ахмет Байтұрсынұлы жасап кеткен қазақ әліпбиінің болашағына келетін болсақ, тіл ғылымына қатысты арнаулы орындар нақты зерттеулер жасап, ғылым, өндіріс, кеңсе қолданыстарындағы сөздерді зерделеп, қазіргі қазақ әліпбиіндегі дыбыстардың бүгінгі сөз қолданысына қатыстылығын анықтаулары керек.

Қазақ тілінің қолданыс аясының тарылып, заң жүзіндегі мемлекеттік тіл деген өз мәртебесіне ие бола алмай отырғандығы бір болса, оның тынысын бұдан да әрі тарылтып, тұншықтырудың тағы бір амалы – латын таңбасына қайта таңу әрекеті болып отыр. Бұл – маңдайға соққан тырманың сабын ұмытып, оның басын қайыра басу есепті. Ұлтымызға құт болмай, жұт болған қайырсыз таңба еді ғой! – деген ұлт жанашырларының жанайғайы да бәрімізді ойландырмай қоймайды.







Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қыдыршаев А. А. Байтұрсынұлы әліппелерінің әдістемелік ерекшеліктері.- //Бастауыш мектеп № 7-8, 2004 жыл

2.Ұлттың рухани көсемі. – Алматы, 2008 жыл

3.Шүкірұлы С. Қазақ жазуының қалыптасуы һәм болашағы. –

//Тіл №10-2012 жыл

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!