Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Алаштың абызы, қазақтың Қадыры"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Алаштың абызы,қазақтың Қадыры
Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли – ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан-жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне, болашақ ұрпақтың ұлттық рухын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген ақын.
Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығы әдебиетші мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Ақын поэзиясына лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың орманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым-қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады» (1,7-б.), – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап береді. Қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның поэзиясы қай кезде де мәнді, өміршең.
Қадыр Мырза Әли - еліміздегі аты мәшһүр жыр дүлділерінің бірі. Оның бірінші туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты.
Баспа бетінде Қадыр шығармалары туралы айтылған пікірлер өте көп. Қадыр Мырза Әли - қазіргі қазақ әдебиетінің майталман шебері, классигі. Мәселен, ақынның шығармашылығы жөнінде академик С.Қирабаев: «Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда. Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді» десе, академик З.Қабдолов: «Енді тұрысына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте беріп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан, шын Қадыр Мырзалиев», - деп оның өлеңдерін, поэмаларын аса жоғары бағалады.
Қ.Мырза Әли ең алғаш өзінің шығармашылық жолын балаларға арнап өлеңдер жазудан бастаған ақын. Ал балаларға арнап шығарма жазудың өзіндік ерекшелігі, көптеген қиындықтары бар. Балаларға арнап шығарма жазу үшін автордың балалардың мінез-құлқын, психологиясын, қабылдау дәрежесін жете білуі аса қажет. Қ. Мырза Әли балалардың психологиясын, мінез-құлқын, жазумен айналысқан педагог жазушы екенін танытты. Оның «Көктем» (1959), «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964), «Шымыр жанғақ» (1984) сияқты кітаптары өзінің идеялық көркемдік сапасының шымырлығымен қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған туындылар. Ақынның өлеңдері баланың ұғымына жеңіл оқуына оңай. Бәрі де бала жүрегін жаулап алатын, олардың жан-дүниесін тербетер, әдемі, көрікті. Өмірге келген әр жасөспірімнің білім қорын байытып, өмірлік сабақ алуына ұйымды түрде тікелей жәрдемдесетін еңбектер. Көркем өнерінің аса маңызды саласы балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне Қадыр ақынның сіңірген еңбегін республика жұртшылығы лайықты түрде бағалаумен келеді. Оған дәлел: оның балаларға арналған көптеген кітаптарының қайта-қайта, жеткіншектердің күнбе-күн қолдан тастамайтын рухани игілігіне айналуы.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.
Ақын өлеңдері – шындықтың айнасы
Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры, ал лирика – поэзияның поэзиясы секілді қағида адамзат баласының танымына сөз өнерін тани және таныта алатын қабілет дарығалы бері айтылып келеді. Қадыр Мырзалиев өзінің ақындық, азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын осыдан, поэзияның поэзиясынан – лирикадан тапқан.
Ақындық өнер өнер біткеннің алды екендігінде сөз жоқ. Шын талант үшін ақындық өнер емес, өмір. Заманның қилы қияндарында өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне айналған талант тағдыры ғана талайлы болмақ. Мұндай талант үшін өлеңсіз өмір жоқ. Қадыр Мырзалиев – өмірі өлеңді, өлеңі өмірлі талант.
Меніңше, Қадырдың қадырын арттырып, өзгелерден өзгешелеп тұратын да осындай ой мен сезімнің тұтасқан бір бүтінге айналып, өлең өмірінің әр кезде де жаңаша сипатта көрінуі, шығарма шешімінің әрқашан да біз күтпеген тұстан келіп шығып, ойлануға итермелеуінде деп түсінемін.
Ол нені жырламасын, бізге беймәлім әлемнің әр түкпіріндегі аң мен құсты, жан-жануарлар мен жәндікті сөз етсе де, ақын ойы, оның өзі өлеңге объект етіп алған дүниесі бізге таныс нәрседей, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай анық та айқын болып келеді. Ол керік пе, мүйізтұмсық туралы айта ма оларға өзіміздің қазақы теңеулер мен салыстыруларды шебер пайдаланады. Керек болса, олардың әр қилы қасиеттерінің өзін қазақы ұғымдармен сараптайды.
Ақынның «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» деген өлеңіне көз жіберіп көрелік:
Мүйізтұмсық!
Мүйізтұмсық!
Керемет!
Зообаққа бара қалсаң көре кет!
Кішісі бар,
Үлкені бар…
Үлкені
Кем дегенде бір машина береді ет.
Ақын — мүйізтұмсықтың біздің елде кездеспейтінін тәптіштеп жатпай- ақ, оны зообақтан көруге болады деген емеурінмен ғана түсіндіріп өтеді де, оның үлкен екенін «бір машина ет береді» деген қазақы пайымдау арқылы түсіндіреді. Меніңше қазақтан басқа ұлт өкілінің дәл осындай салыстыру жасауы мүмкін емес шығар.
Осынау жазықсыз хайуанның жер бетінен жойылып бара жатуының себебін де кестелі өлеңмен сәтті баяндайды.
Етінде емес бірақ та бар мәселе!
Енді қайтып өркені оның өсе ме!
Мүйізінен дәрі- дәрмек жасасаң,
Деген сөз бар:
Жасарады қартайған,
Әжім түскен,
Ажарынан әр тайған.
Деген сөз бар:
Оралады тағы да
Кәрияға
Күш- қуаты ортайған.
Мүйізтұмсықтың қырылу себебі де өз құлқынына ие бола алмайтын пенденің пендешілігінде екен. Адамгершілік, саналылық деген асқақ ұғымдар бәз біреулердің уақытша тоят алар ләззаты үшін аяққа тапталуда. Неліктен? Оған ақын былайша жауап береді.
О адамзат!
Қарамаймын дініңе,
Қайтер еді берік болсаң тіліңе!
Бір білместің айтқан сөзі
Жазықсыз
Жетіп жатыр миллионның түбіне!
Иә, адам ойының адал арнадан шығып бұзылуына, қолын қандап күнәға батуына себеп болған бір-ақ ауыз сөз екен. Адамдардың бойындағы тоқтамға, көнуге ырық бермейтін жыртқыштық қасиеттің құрбаны болған мүйізтұмсықтардың тағдыры ойлап отырсаң кейде сол адамдардың өз тағдыры секілді. Мәселен, «Қызыл кітап» поэмасында «ізім-ғайым жоқ боп кеткен ел де бар, халық та бар»- деп Қадырдың өзі айтпақшы, адам баласының өткен өмір тарихы да бүгінгі іс-әрекетін, таным-түсінігін түзеуге сабақ болар емес. Адамның ақыл-ойы жетіліп, қоршаған ортаның құпия сырларына қаныққан сайын, олардың өлі тбиғаттан ажырар, сол өз анасы іспетті табиғатқа қаскөйлік көзқараспен қарауы бүгіндері барша жұртшылық болып ойласатын маңызды мәселенің біріне айналып отыр.
Әрбір ұлт, әр халық табиғат әлемін өзінше жырлайды, оған деген көркемдік көзқарастары да әртүрлі. Көбіне «әрбір ақынның немесе жазушының өзіне ғана тән ерекше табиғат образы бар». Қ. Мырзалиевтің де табиғат бейнесі басқа ақындардан өзгеше. Ол табиғатты формалық тұрғыдан ғана қызықтап қоймайды, сол төл табиғаттың әрбір туындысының мазмұнына тереңдей үңіліп, өзіне ғана тән пайымдаулар жасап, өзгелерден оқшау сыр түюге шебер. Ол суық аязды: «Қас батырдан қаһарлы, ояздан да озбырлау»-деп суреттесе, көз ұшында көрінген ауыл бейнесін: «Бұлдырайды әне ауыл, буға ұстаған әйнектей» — деп, ал сол суықтағы аттың күйін «Құлагердің танауы, қайнап кеткен шәйнектей» деген ойға қонымды, ойнақы теңеулермен әдемі бейнелейді.
Ақындық көзқарас пен көркемдік шешімнің тұтастығы, ой-сезім дүниесінің тереңдігі, бейнелеу жүйесінің көп желілігі, суреттеу құралдарының қашан да сонылығы Қадыр поэзиясының қадір-қасиетін танытады. «Мынау Қадыр ғой», дейсің оның қолтаңбасын ә дегеннен-ақ аңғарып, жаза баспай танып.
Иә, бүгінгі қазақ поэзиясын жалпылай қарастырсақ Қ. Мырзалиевтің жыр жинақтарын парақтай отырып оның қалам тартқан тақырыптарының әр алуан екенін көруге болады. Дей тұрғанменде, ақынның шығармашылық бітімін тұтастай хронологиялық жүйемен салыстыра қараған адам оның тақырыптарының әрқашанда өзгеріп, қарапайымнан күрделенуге бет бұрғанын аңдамай қоймайды. Оның алғашқы өлеңдері балаларға арналғанымен, сол өлең-жырларының өзі көптеген өмірлік мәселелердің қиын түйініне өзіндік баға берумен ерекшеленетінін білетінбіз.
Қадыр ақын өмір шындығын суреттегенде, өмірде кездесетін түрлі жайларды жалаң хабар түрінде баяндамайды, көркем образдар арқылы бейнелейді. Айтайын деген негізгі ойын жалаң ақыл түрінде айтпайды, оқушыны ойландыруға, толғандыруға мүмкіндік береді.Шығармада суреттелген жайларды оқушы өз басынан кешкендей болып сезінеді.Ол шығарма кейіпкерімен бірге толғанады:
Тумадым мен бақ-дәулет жию үшін,
Барлығын да ұлыңның қиюы шын.
Жүректі де берер ем,
О, Туған жер,
Керек-ау ол өзіңді сүю үшін!
Қадыр шығарамалары балаға өмірдегі, табиғаттағы сұлулықты, адам мінезіндегі әдемілікті, адамдардың бір –бірімен қарым-қатынасындағы жарасымды сымбаттарын көре білуге көмектеседі.Соның нәтижесінде ол өз елін, жерін сүюге, Отанын, халқын тануға машықтанады.Қадыр өлеңдері адамның ақыл –ой мәдениетін өсіреді.Оның көркем шығармалары тудыратын патриоттық әсер адамды жақсы жағынан тәрбиелеуге ықпал етеді, өмірдегі түрлі жайларды суреттегенде өз көзқарасын білдіріп отырады.Ақын кейіпкердің бір әрекеттерін мақұлдаса, кейбір әрекеттеріне қарсылық көрсетеді.Кейбіреулерін іш тартады, біреулерін жақтамайтыны білінеді.Оқушы оқыған кезде,ақынның осы сезімдерін өз басынан өткізеді.Автормен толғанады, бірге күліп, бірге жылайды.Ал бұл сезім-адам жетілуіне, адамшылығының артуына жағдай туғызады,кей шығарма тудырған әсер жасөспірімдердің адамгершілік, қарапайымдылық сезімін дамытады.
Жетпісінші жылдардан бастап жазыла бастаған экология тақырыбы да Қадырдың бұл саладағы көп ізденісінің, талмай талаптануының жемісі. Қадырдың экология тақырыбына қалам тарта бастаған тұсын анықтап, сол кездегі өзі тұрғылас басқа ақындармен салыстыра тексергенде бұл тақырыпты тек Қ. Мырзалиевтің жеке меншіктеп, өзі ғана түбегейлі игеріп келгенінің куәсі боламыз.
Енді соңғы шыққан жинақтары мен баспасөзде жарияланған лирикасын саралай қарасақ, ақынның адам өмірінің кезеңдері мен отбасылық және қоғамдық қатынастар мәселесіне ден қойып, соның адамгершілік, психологиялық болмысына тереңдей үңіліп жүргенін байқаймыз. Бір жағынан бұл ақын өмірінің толысып, мол тәжірибе жинақтауына байланысты сезілетін қалыпты жағдай сияқты көрінгенмен, шындығында, ақынның тынымсыз ізденісі өмір, тіршілік сырларын жеке адамның болмыс-бітімінен, оның терең де нәзік сезім қатпарларынан іздеуі, сол арқылы жалпы қоғамдық заңдылықтар туралы өзіндік пікір қалыптастырғанына айғақ бола алады. Ол жеке адамның сана-сезімі өссе, табиғатқа жанашыр топ көбейіп, тұтас бір қоғамдық пікірге ұласса деген түпкі арманын да жасырмайды. Тірі табиғаттың азып-тозуы адамзаттың өзіне қарсы жасалған қаскөйлік екенін, сол дағдарысқа кінәлі тек өзіміз – адамдар екенін де әрдайым қайталап айтудан жалыққан емес. Содан да болар оның лирикалық кейіпкерлері көбіне үлкен істерде көрінетін күрескерлер болып келеді.
Қадырдың экология тақырыбына арнап жазылған лирикалық өлеңдерінің көбісінің басты кейіпкері – ақынның өзі. Оны лирикадағы негізгі идеядан, оған баға беруші, кесімін айтып, үкімін шығарушы ақындық «мен» арқылы іске асуынан да байқаймыз.
«Қазақ өлеңіндегі басты әдеби бейненің бірі – ақын образы» дегенге сүйене отырып, оның ақын лирикасындағы орнына тоқталар болсақ, Қадыр әсіресе соңғы жазған көптеген өлеңдерін тек бірінші жақтан, ақын атынан ғана баяндап қоймай, сол өзі өлеңде қозғаған мәселеге өзі жауап беріп отыратындығы да жиі кездеседі.
«Қазына» деген өлеңінде:
Көзіңізбен көрдіңіз
Таумыз, түзбіз, тақырмыз.
Қазып-қазып жерді біз,
Жегідей жеп жатырмыз, — деп ащы шындықты алдымызға жайып салады.
Адам баласы табиғатты тек тамағын тойдыру үшін ғана бүлдіріп жатқан жоқ, үлкен аумақтарды ядролық бомбаларды сынау үшін пайдаланып жатқанын, жер шарындағы тіршілік үшін Семей, Невада, Лобнур полигондары қаншалықты қауіпті екенін айтып түсіндірудің өзі артық. Адамдар арасындағы кейбір парықсыздардың табиғат анаға жасап отырған осынау қиянатының шынайы суретін өз поэзиясында былайша суреттейді:
Біледі жердің парқын кім!
Білмегендіктен тозды адам.
Ақымақтығынан әркімнің
Аздың-ау аздың
Боз далам!
Иә, аянышты көрініс, көкірегің қарс айырыла күрсініп еске алатын қасіретті сурет.Басқаны басқа дейік, күллі тіршілік атаулының тірегі – қара жердің өзін жегідей жеп аздыруға айналыппыз. Ақынның өлең идеясы арқылы жеткізгісі келген ойы да сол адамдар көңіліндегі аяныш сезімін ояту, көпшіліктің шындыққа көзін жеткізу екендігі өлең мазмұнынан айқын аңғарылып тұр.
Бүгінге дейін Қадыр ақын қалың оқырманын таңдандырудан, тамсандырудан бір жаза басып көрген жоқ. Неге?
Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатпен келеді: бірі- өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі- өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар. Шын мәніндегі әдеби туынды дегеніміздің, Леонид Леонов айтқандай, мазмұн жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу болатын себебі де сондықтан. Енді турасына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса- бірі, біреу болса- өзі- Қадыр Мырзалиев. Бір кезде өзінің түлеп ұшқан ұясы Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясы ғана білетін кәдімгі бала Қадырдың бүгінде бүкіл елі- туған халқы тұтас таныған қадірлі дана Қадырға айналу себебін де дәл осы арадан іздеген жөн.
Демек, қазіргі қазақ поэзиясын көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр лирасының сыңғыры бөлек, сыры терең. Қадыр Мырзалиев соңғы ширек ғасыр меғдарында қатарынан қаздай тізілтіп ондаған кітап берді: «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой орманы», «Дала дидары», «Домбыра», «Жерұйық», «Алақан», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Мәңгі майдан», «Қылыш пен қанжар», «Заман- ай», «Алмас жерде қалмас» т.б.
Қадыр өлеңдерінің тақырыбы мен мазмұны- адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар, толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым- қатысы, сайып келгенде, адамның тағдыры мен тіршілігі. Бұлардың қай- қайсысы да тақырып- мазмұн ретінде жаналық, емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын, Қадырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын- соңды ешкім айтпаған соны мағынада, тың пішінде көрінеді. Мәселен, бір өлеңінде «биікке шықпағандардың биіктен құламайтыны» оқыс айшықпен ойнақы кестеленіп, бір өлеңде «қателесем деп қорқудың өзі- қателік» екені ұтымды жеткізілсе, енді бір өлең даңқ, туралы: даңқ деген де бір шың секілді, шың басына шыға алмай, «етекте қалғандардың іші күйсе, басына шыққандардың басы айналатынын» майда, жұмсақ юмормен аңғартады.
Осылардың бәрі әшейін ауызекі айтыла салмайды, әсем өрнекпен, ақындық шабытпен шебер айтылуының үстіне, әр оқушының өзі ойлап, іздеп тауып алғандай, құпия сырмен, қызық астармен айтылады.Өлеңнің ойлылығы дегеннің өзі осы емес пе?
«Табиғатпен табысу», яки «Сағатпен сырласу», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», яки «Ауылды ансау», «Кария және күн», яки «Дала мен гүл»…Осылардың қай- қайсысын алып қарамалық, тақырып Қадыр өлеңдерінде бұрын жырланған тақырып болғанымен, қазір мағына- мазмұн жаңарып, жаңа қырынан көрінген, баяғы қаз- қалпында қатып тұрып қалмаған, орынсыз қайталанбаған, уақыт пен, мезгілмен бірге ілгерілеу, даму үстінде көрсетілген.
Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың азарманы. Жеке бастың дара мұңынан бастап, қым- қиғаш халықаралық қайшылықтарға дейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады.
Қадыр Мырзалиевтің айтқандары бір кітаптан ғана тұрмайды, бірнеше томнан тұрады. Бір ғана әдеби жанрмен шектелмейді, бүкіл көркем жанрларды қамтиды.
Қысқасы, Қадырдың өзі айтқандай, «Ақын да бір жанартау- қоздаған шоқ, маздаған от». Ал «Ақынның оты өз дәуірінің жалыны мен жалғасқан жерден Шекспир, Гете, Пушкин туады» (И.Цельвинский).
Қазақ барда сен барсың, Қадыр аға!
Адам шынын айтамын деп сырын айтса, онда ол – оның жамандығы. Ал ақын шынын айтамын деп сырын айтса, онда бұл оның ақындығы. Ал ақын шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғанса, өзі ғана толғанбай, өзгелерді де толқытса онда бұл – оның даналығы. Өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю, шынын сырға бөлеп, сырын шынға балап толғану , өзі ғана сүймей, өзгені де сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, өзгені, қалың жұртты толқыта жырлау – Қадыр Мырзалиевтің шығармашылық асыл қабілеті, әрі ақындық асыл қасиеті.
Қадыр Мырзалиев алпысыншы жылдары қалың қазақты өзіне жалт қаратқан бірегей тұлғалардың сойынан еді. ол қазақ өлеңінде соны соқпақ салған, реформа жасаған ақын.
Ол әдебиетке қайталанбайтын құбылыс болып келді, қайталанбайтын құбылыс болып қалды.Қадыр ақын не жазса да жүректің сөзін сөйлейтін.
«Ақындардың бәрі бірдей ой толғайды. Бірақ ойшыл ақындардың бәрі бірдей философ бола бермейді. Сен ойламаған ойың, оқымаған кітабың жоқ, ендігі ең философ ақындардың бірегейі едің. Сенің философиялық толғамдарың қазақ халқының ақыл мен ой-қазынасын одан әрі толықтыра түсті.
Сенің мысқылың да мірдің оғындай еді… Адам бойындағы кемшіліктерді мінегенде кері кеткен кенеусіздердің төбесінен жай түсіретінсің.Сен тоқшыл емес, көпшіл едің. Үйірсек емес, ұйымшыл едің. Сен ешкімнің айтқанына көніп, айдағанына жүрмедің. Өзіңе ғана тән, азаматтық әділ жолмен жүрдің.Сен соншама кішіпейіл едің. Ақынмын деп асқақтамай, жұрттың бәрімен қоян-қолтық араласып кететінсің. Сенімен сәлемдесудің өзі бір ғанибет болатын. Ақ көңіл, адал пейілмен күлімдей келіп құшақтаса кеткеніңде мерейіміз өсіп, мәз болып қалатынбыз»,-деп Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай ,өлеңдерің мен әндерің арқылы қазақ даласын шарлап, әр қазақтың жүрегінде боласың, Қадыр аға!
Ән сөзіне айналған сенің рухың жастарға – жігер, қарттарға қайрат береді.
Көк дауылмен жағаласып кемеміз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келеміз.
О, Жасаған!
Өстіп жүріп бір күні
Өлеміз-ау,
Өлеміз-ау,
Өлеміз!
Кейбіреулер соны неге ұқпайды,
Қадалады жүрегіме мұң-қайғы.
Мен де өлемін,
Менің бірақ есімім
Жазушылар тізімінен шықпайды!
Қара орман қазақ жұрты көрнекті ақын, асыл азамат, қабырғалы қайраткер, тұғырлы талант Қадыр Мырзалиев секілді аяулы перзентінің асыл бейнесін жүрегінде мәңгілікке сақтайды.
«Менің өмірім тек әдебиет» деп білген ақынның өлеңдері де, тапқыр сөздері де қалың қазақтың аузында жүр. Жүре береді де! Ақын үшін бұдан өткен мерей, бұдан өткен мәртебе бола ма?! Қазақ барда Қадыр бар! Сол Қадыр ағаның қадіріне жетіп, әлі де зерттелмей жатқан құнды дүниесін, мол мұрасын зерттеп, зерделеп келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі толқынның парызы.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Қабдолов З. Қадырдың қадірі. Қадыр Мырза Әли. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. 1-т., –Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2001
-
С.Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 1998
3. Мырзалиев Қ.Таңдамалы жиақтар:Т.2.Алматы: «Балалар әдебиеті»-2006.
4. Аяпбергенұлы Р. Қадыр Мырза Әлидің поэзиясындағы теңеулердің ерекшеліктері. // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2005.-№ 7.- б.114-119.