Материалдар / Алғашқы Абайтанушылар дәріс
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Алғашқы Абайтанушылар дәріс

Материал туралы қысқаша түсінік
Абайтану пәніне арналған дәріс баян
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
24 Мамыр 2021
898
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Дәріс №2

Алғашқы Абайтанушылар.

Жоспар:

  1. Абай ақындығына алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

  2. Ә. Бөкейханның «Абай / Ибрагим / Құнанбаев» атты мүнаһиб (азанама-не­кролог) мақаласы.

  3. Міржақып Дулатовтың Абай жайлы мақалалары.

  4. Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбай ұлының өмірі» атты алғы сөз.

  5. Абай туралы дерегі бар мақала авторы – Нәзипа Құлжанова.

  6. Жүсіпбек Аймауытов мақалалары.

  7. Мағжан Жұмабаев “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға”  өлеңі.

  8. Ілияс Жансүгіров «Абайдың сөз өрнегі», «Абай кітабы» мақалалары.

  9. «Қазақ халқының ұлы ақыны» («Великий поэт казахского народа»), Мұхтар Әуезовтің мақаласы. 

Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені –  қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!

 Әрине, Абай ұлылығын, шығармашылық тұлға ретіндегі болмысын тап басып тануға біраз уақыт қажет болды. Ал Абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұланғайыр істердің бастау көзі ұлы Абайды тану мен танытуда деп біліп, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық қасиетін ардақтауға ұмтылды. Абайды өздері ғана қадір тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа», яғни көпке танытуды мақсат тұтты.

Қазақ зиялылары ә, дегенде-ақ, Абай туралы туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Абай ақындығына баспа-сөзде [«Дала уалаяты»,1889, I. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Газеттің 1889 жылғы 7-санында басылған Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей оязы, Шыңғыс елінің қазағы Ибрахим Құнанбай аулының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандығы түрі» деген тақырыппен берілген. Соңынан: «Кісіден үйреніп жаздым, Көпбай Жанатайұлы» деп қол қойылған. Абай бұл өлеңін 1886 жылы жазған болатын. Абайдың кейінірек басылған жинақтарында өлең Мүрсейіт қолжазбасымен 1909 жылы жарық көрген негізінде берілген. Абайдың өз нұсқасындағы кедейдің ауыр тұрмысы бейнеленетін кейбір тұстары газетте біраз көтеріліп, кейбір жерлері қысқартылған екен. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев газеттің сол жылғы 48-санында жарияланған бір мақаласында «бұл өлеңде … тек Құнанбаевтардың өмірі мен байлығын суреттеуге арналған, өлең халықтың тұрмысын жақсарту сияқты пайдалы нәрсеге шақырмайды.» деп сын пікір жазған. Сондай-ақ осы мақаласында М. Ж. Көпеев Абайды әкесі Құнанбай өлгенде ас бермеді, қазақтың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, дәстүрін бұзды деп кінәләйді. Құнанбай асына деп арналған малдарын Абайдың сатқызып, ақшасын орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына бергізуді Құнанбайдың басқа балаларына да көршілес елдерге де ұнамағаны С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» кітабынан белгілі. [1]

Ә. Бөкейханның «Абай / Ибрагим / Құнанбаев» атты мүнаһиб (азанама-не­кролог) мақаласы.

«Абай (Ибраһим) Кунанбаев» -  мүнаһиб (некролог) мақала, алдымен Семейдегі - «Семипалатинский листок»  газетінде 1905 жылы 25, 26, 27 қараша күнгі  250-252  сандарында жарияланады. Бұдан соң   «Семипалатинские областные ведомости» газетінде (1906 жыл) қайта басылады.  1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела  Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О.»  атты кітабынан орын алды. Қазақ тілінде де жарияланды - «Жұлдыз» (аударған - Т.Жұртбай) -1991, №  9; «Абай» (1993, №  2). Бұдан басқа -  « Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы» кітабына енді (Абай (Ибраһим) Кунанбаев (Мүнәһиб-Некролог). - Алматы: Қазақ  энциклопедиясы,1995. - 307-310 беттер); Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Қазақстан,1994. - 384 бет. Ә.Бөкейханның өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық мұрасына қатысты еңбектерде тиісінше сөз етіледі.

Ә. Бөкейхан мақаланың бастапқы бөлігінде: Абай Құнанбаевтың – Семей өңі­рінде, Шыңғыстауда өмірге келгенін, әже­сінің еркелетіп – Абай атағанын еске алады.Отбасылық өмір, қоғамдық орта көрсетіледі.
Мақала авторы ақын өмірге келген ортаны, әсіресе бабасы мен атасы, өз әке-шеше­сі туралы кеңінен көрсетеді.Қоғамдық орта, отбасылық өмір, арғы-бергі кезең хақында төмендегіше жазады: «Абай әке жағынан алғанда тобықты руының белгілі шонжары мен биінен тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында  ХVII  ғасырдың елуінші  жылдары Түр­кістаннан аса құнарлы, жайылымы мол  Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде  танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да  жүгініп, дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны тек қана төре тұ­қымдарының сұлтандарына ғана тән лауа­зым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, одан қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі.
Абайдың шешесі Ұлжан да Бошан руының затты тұқымы Бертістен тарайды. Ол да Ырғызбай сияқты Қаракесек руын Қарқаралы уезіндегі Қу, Едірей, Мыржық тауына бастап келген. Абайдың шешесі Ұлжанның төркіні қушыкеш Қантай мен Тонтайдың  есімі қазақ даласына кеңінен мәлім». Біздіңше, Абай өскен орта, ататек мұраты, халықтық салт-дәстүрлер, отбасылық өмір иірімдері т.б. нанымды жеткізіледі.
Ақынның қайтыс болған мезетіне  де мән береді: «Абай алпыс  жасқа қарағанда қайтыс болды. Ол 1845 жылы (жылан жылы) туып, 1904 жылы (қоян жылы) қайтыс болды».
Автор Абайдың 10-12 жаста хат танығанын, Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түскенін,  орыс мектебінен дәріс алғанын,онда да зерек,зейінді болғанына назар аударады.Әкесінің жанында жүріп, ел ісіне араласқанын, қазақтың әдет-дағды, дәстүр-салтын меңгер­генін, би-шешендер жүйесімен ділмар атан­ғанын, Ислам дініне ден қойғанын, халық әдебиеті үлгілеріне қаныққандығын, білім - білігін әр алуан бағыттарда арттырғанын айрықша атайды. «Құнанбай семъясындағы діни пікірлер мен ғұрыптар, әкенің үстемділігінің күші-Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік қасиеттерін сезінуге жол ашты. Абай отыз жасында барымтаны жойып, өзге рудың байлары мен туысқандық пен достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін  беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында қазақтардың билік тартысы арасында басты тізгін ұстаумен болды. Абай өз отанының сап алтыны еді, дауға да, партия таласына да әділ төрелік айтты».

Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны  шеберлік қыры ретінде көрсете алған. «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен  басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дәлел бола алады.

Абайды әр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген». Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі. [2]

Қайым Мұхамедханов: «Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов» екенін айтады. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық кітаптың 1903 жылы «Киргизский край» деген 18-томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Әлихан Бөкейханов «Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы» атаған», — дейді.

Абай туралы және бір мақала 1908 жылы татар тіліндегі “Уақыт” газетінің 393-шы санында жарияланды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.

Əдебиеттанушы өзінің зерттеулерінде «Абайтану не үшін керек?» деген сауалға жауап береді. 1908 жылы жарық көрген «Ибраһим ибн Құнанбаев» мақаласында [4; 212,213] Абай кім болғаны айтылады.

«Уақыттың» 322-санында Россияның ең атақты ақындарының бірі Лермантовтың М.М. әпендінің аударуымен «Жалғыздықта» атты өлеңі жарияланған еді. Осы өлеңді көрген соң оқушыларымыздың құрметті Ибраһим Құнанбаевтың Лермантовқа іңкар болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқаны екінші бір жағынан адамның ойына оралады.

Бұл адам Семипалат облысынан, қазақ, нәсілі Тобықтыдан еді. Өскенбайдан тараған Құнанбайұлы Ибраһим мырза.

Ибраһим мырза ұлы ақын аталып, бұдан төрт жыл бұрын дүниеден қайтты, 59 жаста еді. Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі оқушыларын оятатын өлеңдері бүкіл атырапқа мәшһүр етті. Шығармалары қазақша жазылды. Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірердей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермантовқа үндес. Мәжілісіне қатысушы кісілердің айтуынша тілі ләззаты, арап, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар. Тарих, география пәндерінен мағұлматы кең болып, танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін-жерін сүйген кісі еді. Марқұмның өлеңдері көп болса да, басылғандары жоққа тән еді. Обалы шығармаларын біліп, жарыққа шығаруға қайрат етпеген кісілердің басында тұр. Марқұмның сөздерінің бірі:

Қуаты оттай бұрқырап,

Уәзінге салып тізілген.

Жаңбырлы жайдай зырқырап,

Көк бұлттан үзілген.

Қайран тіл, қайран сөз,

Наданға қадірсіз.

Тәуекел мен батыр ой,

Өткір тілді найза етіп,

Сайысып-ақ бақты ғой,

Неше түрлі айла етіп.

Оянбай қайран жұрт,

Ұялмай, қал жым-жырт!

Ақылмен ойлап айтқан сөз,

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Ән салар, жатқа алар,

Түбінде құр қалар.

«Уақыт». 1908 жыл. №383.

Мақала «Міржақып Дулатов шығармалары» кітабынан алынды. [5]

Ал 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Абай» атты мақаласында [4; 249–251] ғұлама ақынның қазақ əдебиеті тарихындағы орны былай анықталған: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды, себебі — қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы тарихи əдебиеті жоқтықтан. Тарихи əдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Əдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны əдебиет, жансыз тəн жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылуы ықтималы, қазақтың жоғалуы қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей. Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас əдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һəм өлген соңында мəңгі ұмытылмастай болуы, біздің бірінші ескеретін борышымыз. Əдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ əдебиеті дерлік бір нəрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бəлкім, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сəуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай. Орыста бірінші жазушы Ломоносов бір балықшының баласы еді. Онан кейін сан жүйріктер шығып жатыр, сонда да орыс əдебиетінің тарихында бірінші орын, бас бəйге Ломоносовқа арнаулы. Неше жүз жылдан бері Ломоносовтың атын орыс халқы көңілінде һəм тілінде сақтап келеді, мұнан соң мың жылдар өтсе де оған көрсетілген қадір, құрметтері артпаса кему жоқ. Біз де Абайға сол көзбен қарауға керек» [4; 250].



1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбай ұлының өмірі» атты алғы сөз жазды. Кәкітай мұнда Абайдың ата-бабасы, өскен ортасы туралы алғаш рет толымды мәлімет береді. Және әкесі Құнанбай данышпандығы туралы қысқаша айтып өтеді. Оның Абайды тану үшін ақынның өскен ортасын білудің мәні зор екенін жақсы сезінгендігі көрінеді.

Кәкітай сонымен бірге өз мақаласында Абайдың ұлылыққа тән өзгеше мінезін, ақындық лабораториясын танытуға айрықша көңіл бөледі. Бұл туралы Ол: «Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы надандықпен өлеңді өнер орнына жұмсамағандарды» қатты сынға алғанын ашық айтады. Әсіресе, оның өзіндік әдеби мектеп қалыптастырғанын баса көрсетеді.

Бұл туралы Кәкітай былай деп жазады: «Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзі ұғар бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай  іздеуге болады, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір нетүрлі нәсихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абай ортасының өзіндік сырын ашқан шындық сөз. Кәкітай сонымен бірге Абай ақындығы тәлім алған бастау бұлақтарға да жөн сілтеп, ол оқыған орыс-батыс ақындарының, орыс-батыс ғалымдарының атын атап, түсін түстеп те кетеді. Бұл дерегі мол тарихи мәні зор нақты мәліметтер болып табылады. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов: «Абайды танудың басы төңкерістен бұрын басталғанын және оны бірінші бастаған Кәкітай болғанын көреміз» [3,81],- деп Кәкітай еңбегін қатты бағалайды. Шындығында, осы «Алғы сөз» Абайды қазақ оқырмандарына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді.

«Қазақ» газетінде жарияланған Абай туралы дерегі бар мақала авторларының бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келген. Педагог, мәдени қайраткер, журналист, аудармашы болған. Нәзипа Қостанай қаласындағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясын бітірген. Ол «Қазақ» газетіне оқу-ағарту, мәдениет мәселесі туралы мақалалар жазып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бағдарламасы туралы пікірлерін жариялап, белсенді арласып жүрген. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 101-санында «Нәзипа» деп қол қойып, «Бір керек жұмыс» деген мақаласын жариялаған. Мақалада қазақ жерінде әдебиет кештер және басқа да түрлі ойындар өткізу турасы сөз болады. 13 ақпанда Семей жерінде өткен әдебиет кеші және сол кештің рухани тірегіне айналған Абай туралы ой қозғалады.

Одан кейінірек 1918 жылдан жарық көре бастаған «Абай» журналында Жүсіпбек Аймауытовтың «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» және сол журналдың мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған «Журнал туралы» үш мақаласы жарық көрді. Жүсіпбек бұл мақалаларында  Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттаумен қатар, зерттеу жұмысымызда негізге алып отырған мәселеге орай Абайдың өзге ақындардан артық өзгешелігі және ұлы ақында философияның ерекше қуаты бар екендігіне дәлелдер келтірілген нақты мәліметтер де бар. » [6]

(Ж.Аймауытов, М.Әуезов «Абайдың өнері һәм қызметі» мақаласы,1918ж.

http://abai.kaznu.kz/?p=2421 сілтеме)

(Ж.Аймауытов «Абайдан кейінгі ақындар» мақаласы, 1918ж. https://adebiportal.kz/kz/news/view/zhusipbek_aimauitov_abaidan_keiingi_akindar__10869 сілтеме)

Мағжан Жұмабаев 1912 жылы баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, «Шолпан» журналында “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлеңін жазып, жариялады. 

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!»- деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!»- деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.

-дей келіп, ай өтер, жыл өтер, дүние көшін тартып кете берер, ал ел-жұрттың көзін ашып оянған сайын сенің қадірің артып, қасиетіңді халқың ұққан үстіне ұға түсер деп түйіндеуі – «қазақтың бас ақынын» тұп-тура қазақ зиялыларының көсемі Ахмет Байтұрсыновша түсініп, кемеңгер Абайдың қайталанбас талантына бас июі, ақындардың ақынының қаламгерлік жолына түсуі көрінеді.

Мағжанның «Артыңда қазақтың жас балалары» сөздерінен Абай ізін басқан ұрпақтың атынан сөйлеген ақынның сертті үнін аңға-рамыз. Абай арқылы ақындықты пайғамбарлық, хакімділік деп түсінген ақынның олар тудырған туындыларды “қасиетті сөз” деп білгенін, оның ермек үшін жазылмайтынын, жан мен ар тазалығынан жаралатынын, сондықтан да теңдессіз биік өнер екендігін әу бастан танығанын төменгі өлең жолдарынан байқаймыз.

Ілияс Жансүгіров 1916 жылдан бастап Абай шығар­машылығын, Абай мұрасының басылуын әркез назарынан тыс қалдырмаған. Мы­салы, «Тілші» газетінің 1923 жылдың 8 ма­мыр күні шыққан санында ақынның «Абай кітабы» деген мақаласы жариял­ан­ған. Бұл мақалада Абай кітабының 1922 жылғы шығарылымы (Ташкент қаласында басылған, бастырған – Халел Досмұха­медұлы) туралы сыни пікір білдірген. Аталмыш мақаланың ғылыми құндылығы сол, Абай өлеңдерінен жиырма шақты сөз тіркесін мысалға алып, қате басылғанын көрсетіп, олардың дұрыс нұсқасы қандай болуы керегін дәлелмен дәйектеген. Бұл де­геніңіз – текстология мәселесі (мәтін­тану). Яғни, Ілияс Жансүгірұлы алғаш рет Абай шығармаларының текстологиялық мәселесін көтерген және ақынның бір­қатар өлеңіне текстологиялық салыс­тыр­малы талдау жасаған сұңғыла әдебиетші. Ақын осы мақаласында: «Абай шығарма­ларын толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу қажет. Абайды жете білетін Шәкәрім, Мұхтар, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп, осы бастан қам қылып, асықпай, бірнеше жылды мойынға алу керек» деп жазған-ды.

«Әдебиет майданы» журналының 1934 жыл­ғы №11-12 санына Ілияс Жансүгірұлы­ның «Абайдың сөз өрнегі» деген көлемді мақаласы жарияланған. Бұл мақала – абайтану ғылымы тарихындағы күні бүгін­ге дейін өзінің өзектілігі мен ой құн­дылығын жоймаған ерек ізденістердің біре­гейі. Мақалада толық жинаққа жазған а­лғысөздегі «Абайдың ақындығы» бө­ліміндегі кейбір ой-тұжырымдарын да­мы­тып, ақын шығармашылығының қоғамдық рөлі мен мәніне, көркемдік ерекшелігіне, жеке өлеңдері туралы өткір пікір білдірген. Ілекең осы мақаласымен-ақ ақын Абайға ай­рықша баға беріп, оның шығарма­шылығының негізгі қайнар бұлағын және оның талант-талабының сан қырлы екенін жіктеп, жіліктеп бөлген. Мәселен, ол Абайды ақын ретінде сыншыл ақын, ақыл­шы-үгітші ақын немесе біз тілді (сатирик) ақын, толғаушы (лирик) ақын, шебер суретші (художник) деп тарқата тал­даған. Аталмыш мақаласында: «Абай­дың тілі бай, Абай – қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған нәр көп. Абай – өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын. Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі – оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері – сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген» деп жазады. [7]

 М.Әуезовтің ең бірінші еңбегі – ақынның танымдық, мағлұматқа бай ғылыми және шығармашылық өмірбаянын жасап бергендігі. Сонау 1933 жылғы Абай жинағында жариялаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты.

«Қазақ халқының ұлы ақыны»

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!