Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Бала жанының бағбаны болу – өмірлік мұратым
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Ешпанова Лиза Шиналиевна
Педагог-зерттеуші, мектеп тренері Қызылорда қаласындағы Қ. Мұхамеджанов атындағы
№1 мектеп-гимназиясының
көркем еңбек пәнінің мұғалімі
Бала жанының бағбаны болу – өмірлік мұратым
«Ақылмен ойлайтын адам өз қателігі арқылы тәрбиеленеді»
Джон Дьюи
Білім саласында жас ұрпаққа саналы да сапалы тәрбие беретін ұстаздық жолында жүргеніме ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Педагогика мен психология бірге дамитын ғылымның саласы екендігін бәрі біледі. Қазіргі жаһандану кезеңінде білім беру ісінде өзімізді де жаңа форматта дамыту қажет екенін түсіндім. Өзгерістерді өзімізден бастауымыз керек екендігін бүгінгі таңда қарқындап дамып келе жатқан заманауи технологиялардан байқауға болады. Кешегі қажет деген құнды дүниелер, жинаған материалдарымыз күн сайын өзгерістер мен жаңалықтар легінде жойылып кетіп жатыр. Біз білім алған кеңестің заманда мұғалім сабақ процесіндегі басты тұлға болатын. Оқушы тыңдаушы, тапсырма орындаушы болды. Қазіргі жаңартылған білім беру үдерісін ұйымдастырудың басты ерекшелігі – білім беру мен тəрбиені біріктіру. «Мəңгілік Ел» идеясында білім беру құндылықтарын, қазақстандық патриотизм жəне азаматтық жауапкершілікті, ашықтық пен ынтымақтастықты қалыптастыру, тұлғаны тәрбиелеу, өмір бойы білім алу жатады.
Осы міндеттерді алға қойып, өзімді жаңа заманға сай дамыту барысында ең бірінші ақпараттық технология құралдарын игеруден бастадым. Әлеуметтік желілер, онлайн курстар, ғаламтор материалдарын пайдалану жақсы нәтижелерге қол жеткізді деп сеніммен айта аламын. Сонымен қатар, маған көп көмек берген білім жетілдіру курстары болды. Педагогикалық шеберлік орталығы мен Назарбаев зияткерлік мектебі әзірлеген «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» курсын бітірген соң алған теориялық және практикалық тәжірибемді сабақ процесінде қолданып келемін. Ұжымда зерттеуші тренер ретінде зерттеу тобын оқытып, зерттеу тобын құрдым. Сабақтағы оқушы іс-әрекетін зерттеу әдісі көптеген жаңащыл ұстаздарға ұнады. Оқушыларды шаған топтарға бөліп, оларды бірлесіп мәселені шешуге, талқылауға және жұмыс жасауға үйрету тиімді болды. Осы тәжірибемді өз сабақтарымда, өз пән бірлестігімде қолдана бастадым. Ұқсас пәндерден құрылған зерттеу тобы өте нәтижелі жұмыстар жүргізе алады. Ол топтарға ұстаздар қатысып отырған сабақты жақсы түсінеді, кемшілігі мен жетістіктерін тез табады. Осыған орай, өзім жетекшілік жасайтын «Эстетика» бірлестігінде әр тоқсанда бір рет зерттеу сабақтарын жүргізіп отырамыз. Ол үшін курс барысында берген дайын дидактикалық материалдарды қолданып, қорытындысын ғана жазып қоямыз. Әрбір тәжірибелі мұғалім оқу жылы басталысымен өзіне жылдық жұмыс жоспарын құрады. Жоспарда дарынды және оқуға уәжі төмен оқушыларды зерттеу жұмыстары да қамтылады. Сабақ барысында оқушыларды бірнеше шаған топтарға бөліп оқыту зерттеу барысын жеңілдетеді. Бұл бір ұжымның бірнеше бригада түрінда бір жұмысты игеруіне ұқсайды. Бәсекелестік, жылдамдық, идеяларды ортаға салу осы жерде көрінеді. Берілген тапсырмалар оңай әрі тез орындалатын болуына мән беремін. Топтарда сарапшы, орындаушы, кеңесші сияқты өз міндеттері бар оқушылар іріктеледі. Мұғалімнің қолдауымен белгіленген нақты уақыт аралығында жұмысты аяқтап, кері байланыс аламын. Топтарда ынтымақтастық оқу сыныпта пайдаланатын әдіс қана емес, жеке философия болып табылады. Адамдар топтарға бірлескен барлық жағдайларда топтың жекелеген мүшелерінің қабілеті мен іске қосқан үлесі құрметтеліп, атап көрсетілетін, адамдармен жұмыс істеудің басқа тәсілі орын алады. Оқушылар әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан да дами түседі, өйткені олар түрлі көзқарастарды тыңдап, өз идеяларын айтуға және қорғауға мәжбүр болады.
Жоғарыда айтылғандай, оқу жылының басында өзіме берілген сыныптардағы оқушыларды сырттай бірнеше топтарға бөліп қоямын. Бірінші топ – белсенділер, сабақта ең бірінші болуға тырысатын, ұйымдастыру қабілеті бар оқушылар. Екінші топ – енжарлар, сабаққа қызықпайды, құралсыз келеді. Үшінші топ – ұяңдар, белсенділерден ығады,мектепке жаңадан келген. Осы топтарды араластырып шаған топтар құру оқыту үдерісіндегі ең басты мәселе. Ол үшін әр топ мүшесіне жағымды аухал қалыптастыруға тырысу керек. Сабақта қызықты мәліметтер беру, оқушыларды ізденуге, оқулықтан қажетті ақпарат жинау сияқты белсенді іс-әрекеттер жасауға ынталандырып отырамын. Көбіне балалар қатаңдықты емес мейірімділікті, талапшылдықты емес түсінушілікті қалайды. Сондықтан да сабақтағы әрбір іс-әрекет жағымды бағаланып отырылады. Егер оқушы оңай жұмысты тез орындап қойса, күрделі түрін беру керек немесе басқа топ мүшесіне көмектесуге жағдай жасауға болады. Оқушыларды зерттеу барысында байқағаным, қазіргі кезде барлық мәселе тез шешіліп, нәтиже көзге көрініп тұрғаны дұрыс екен. Бағалаудың ашық әрі шынайы болуы, мадақтау, тапсырманы қалай орындаса да кемітпеу, жақсы жағына мән беру сияқты әдістерді қолданамын.
Адам болған соң әртүрлі мінездермен, іс-әрекеттермен немесе әрекетсіздіктермен күресуге тура келеді. Осындай кездерде курс барысында алған білімдерімді қолданып оқушылармен тіл табысып жұмыс жасауды, оларды білім алумен қатар әлеуметтік ортада өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеймін. Жағымсыз мінез көрсеткен баламен оңаша жерде сөйлесіп, іс-әрекетіне баға беріп, дұрыс бағыт беруге тырысамын. Мысалға алатын болсам, бір қыз бала сабақта дөрекілік көрсетіп, шыдамсыздық танытып теріс мінезімен менің назарымды аударғысы келіп отыратын еді. Бір сабақтан соң оны шақырып, оны мадақтадым. Шашының түсі, кірпігі мен әдемі көздерін мақтап, осындай керемет қыздың жібектей мінезі болу керек екенін айттым. Келесі сабақта оның көзқарасы өзгеріп, үйінен шығармашылық жұмыс жасап көрмеге қойды. Әрине мен оған жоғары баға қойып, сыныптастарының алдында тағы да мадақтадым. Осындай аса шетін мәселерден қашқақтай отырып, дау-жанжалсыз шешуге болатын іс-әрекеттерді тәжірибеме жинақтап қойдым.
Балалармен нәтижелі жұмыс жасау үшін мынадай қағидаларды есте ұстау керек:
- достарымен бірге отырғызу;
- диалогқа дайындық жасауға уақыт беру;
- өзін жақсы ұстағандарды мадақтау;
- мінездері ұқсас, белсенді оқушыларды бөлек топтарға отырғызу;
- жақсы іс-әрекетін елеп, мадақтау;
- сөзшең оқушыға жазбаша жұмыс беру;
- ұяң оқушыға жеңіл жұмыс беріп, мадақтау;
- белсенді оқушыға көшбасшылықты беру;
- бағалауды ашық, шынайы жүргізу.
Әрине педагогика саласында жұмыс жасау үшін көптеген кедергілермен күресіп, өзіңді жан-жақты дамыта отырып жоғары нәтижелерге қол жеткізуге еңбекқорлық, ізденімпаздық және жаңа технологиялар мен қоғамдағы өзгерістерге бейімделу керек деп
түйіндеймін. Соңғы кездегі қашықтықтан оқыту бәрімізді бұрын мән бермей келген заманауи жүйелерді игеруге мәжбүрледі. Мен үшін бұл ешқандай қиындық туғызған жоқ деп айта аламын. Әлеуметтік желілерде белсенділік, электронды хат алмасу, программаларды жүктеу, тәжірибе алмасу т.б. тиімді әдістерді қолданып күнделікті сабақтарымды өткізіп жүрмін. Оқушылармен әлеуметтік желіде кері байланыс жасау қымбат уақытты үнемдеуге пайдасы зор деп ойлаймын. Олар өздері жасаған жұмыстарын маған жіберу үшін 1-2 секунд қана уақыт жұмсайды. Дәстүрлі және асинхронды сабақтарда оқушыларды пікірталасқа шақырамын. Өздерінің ойларын, пайымдауларын анық жеткізе білуге, кішкентай болса да түйінді мәселерді шешуге тәрбиелеймін. Ең маңыздысы – сабақтың мақсатын жеткізу, өмірге қажетті дағдыны қалыптастыру, оның өзіндік көзқарасын, іс-әрекетінің дұрыс екендігіне сенімділігін ояту. Осындай баладан келешекте еңбекқор, ұлтына адал, мейірімді, өмірлік ұстанымы бар тұлға өсіп шығады деп сенемін.
Қорытындылай келе, педагог өз іс-тәжірибесін заманауи педагогикалық технологияларды игере отырып, үнемі ізденіс арқылы жетілдіре алады. Зерттеу барысында оқушылар ақпаратты игеретін және өздері игерген мәліметті бұған дейін меңгерген білімдерімен байланыстыратын белсенді үдеріс барысында дамиды. Мұғалім өзі үшін қажетті ақпараттарды жинақтап, оқушылардың ой-пайымдарының негізін құрып, мәнін ұғады. Оқушылардың іс-әрекетін зерттеу барысында жинақтаған озат тәжірибемді үнемі педагогикалық ортада бөлісіп, презентациялап отырамын.
Әрбір оқушы келешекте елімізді басты байлығы – адами капитал және зайырлы қоғамды құрушы тұлға болуға лайықты.