Маңғыстау облысыҚарақия ауданы«Жауқазын» балабақшасыТәрбиеші: Ысмағұлова Мейрамгүл Шамұнқызы
Балабақша – бақыт мекені
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, бала тәрбиесі балабақшадан басталады, өйткені әрбір мемлекеттің болашағы балабақшадан басталады. Ертең осы елге ие болатын, тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдермен терезесін тең ететін – балабақшада тәрбиеленіп жатқан сәбилер. Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Елдің ертеңгі тірегі-осы балалар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда балабақша ұстаздары қауымына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Әсіресе, қазіргідей күн сайын қарыштап дамыған қоғамда бүлдіршін шақтан заман ағымына ілесе алатындай қабілетті жеке тұлға болып қалыптасуға бөбектердің балабақшада бейімделетіні анық. Жақсы өмір сүруге талпыныс, ортаға икемділік, салауатты өмір салтына дағдылану, міне, мұның барлығын балабақша қабырғасында жүріп үйренуі тиіс. Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс-тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі-өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үй-ренеді. Сонымен қатар жан-жақты жетіледі. Болашақ ұрпақ тәрбиесі өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Адамға бірінші кезекте білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне қасірет әкеледі» демекші, ең бірінші адамға тәрбие керек. Сол жауапкершілікті қайыспай арқалап, ұлттық тәрбиеден нәр алған балабақшада еңбек ететін тәрбиешілер және балабақша ұжымы әр баланың бойына қайырымдылық пен суйіспеншілік, адамгершілік пен ізгілікті қалыптастыруда жүйелі жұмыс атқаруда. Олар әр балабақша тәрбиеленушісіне жүрек жылуын, аялы алақанын аямай еңбек етуде. Ата- бабаларымыз айтқандай баланың тәрбиесі бесіктен басталады, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Балабақша, одан кейін мектеп адамның қоршаған ортада жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай жақсы жолға түсуіне себепкер болады деп ойлаймын. Ата-аналар таңертең бізге балаларын әкеліп, жұмысқа кетеді. Әке-шешесі аманаттап бізге сеніп тапсырып кеткен балаларға жауапкершілікпен қарамауға болмайды. Балалар аман, қуанып жүрсе, бізге одан артық бақыт жоқ. Оларды бір күн көрмесем сағынып қаламын.Қазақ халқында: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» — деген тамаша сөз бар. Бұл — мағынасы терең философиялық өмір шындығы. Шынында да, тәрбие сәби дүниеге шыр етіп келген алғашқы сәттен басталуы керек. Адам мінезі бес жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады деседі. Ендеше, жас сәбиді алғашқы күннен бастап тәрбиелеу керек. Әрине, баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Дегенмен, тәрбие ретінде балабақшаның да алатын орны ерекше. Тәрбиенің алтын бесігі – балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпайық! Осындай бақытты мекен балабақшада тәрбиеші болуым мен үшін үлкен мәртебе! Балалармен жұмыс жасау-үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала, еш нәрсеге де алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақаның қойып, өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Пәк көңіл балаларымен ара-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды, себебі мен оларға, олар маған керектігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы-әр тәрбиешінің бақыты деп ойлаймын.Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Балабақша – бақыт мекені, сыңғырлаған пәк сәбидің күлкісі, бақытты балалық шақтың дәмі, умытылмас қуанышты күндер, екінші анасына айналған тәрбиеші апайлар!Мен өз мамандығымды жақсы көремін, өйткені балалармен өсіп , жетіліп олармен бірге бақытты балалық шақты бастан кешемін. Менің нақты білерім мен дұрыс тандау жасадым.