Материалдар / "Балалар әдебиеті драматургиясы мен оқулықтар мәселесі"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

"Балалар әдебиеті драматургиясы мен оқулықтар мәселесі"

Материал туралы қысқаша түсінік
қазіргі таңдағы балалар әдебиетінің және оқулықтардың өзекті мәселелері қарастырылған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
27 Желтоқсан 2017
2929
1 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ұран


Бойынан бұрын ойы өскен қазақ халқына,

Келешек керек, мирас қып кетер артына









Қазақ балалар драматургиясы және оқулықтар мәселесі















Жоспар


  1. Кіріспе.

Балалар әдебиеті: Жалпы түсінік................................................................3

  1. Үрдіс үзілді ме? (Балалар әдебиетін зерттеген ақын- зерттеушілер).......5

  2. Балалар кітаптарының таралымы неге аз?..................................................5

  3. Қазақ балалар әдебиетінің драматургиясы.................................................7

  4. Қазақ балалар драмасының туу және даму жолдары..............................16

  5. Әр заманның өз кейіпкерлері болуы заңды..............................................22

  6. Өз ұсынысым мен идеяларым....................................................................24

  7. Қорытынды..................................................................................................28

  8. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..............................................................30















КІРІСПЕ

Балалар әдебиеті — балаларға арналып жазылған әдеби шығармалар. Сондай-ақ, арнайы балаларға арналып жазылмағанымен, олардың ойлау, түсіну қабілетіне, талғамына, арман-қиялына әсер етіп, өзіне балаларды тартатын көркем шығармаларды да Балалар әдебиеті қатарына жатқызуға болады. Балалар әдебиеті — сөз өнерінің арналы бір саласы. Әдебиеттің бұл түріне жататын шығармалар оқиғасының қызықты да тартымдылығымен, композициясының ширақтығымен ерекшеленеді. Тілі жеңіл, көркем, түсінікті, айқын әрі әсерлі болуы тиіс. Балалар әдебиетінің негізгі мақсаттары: жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, т.б. ізгі мұраттарға баулу. Балалар әдебиеті — балалардың эстетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар ғана емес, оның сырлас досы, қорғанышы және ақылшысы да болып табылады. Олар негізінен мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға лайықтап жазылады.

Балалар әдебиеті дегенде көбіміздің есімізге балаларға арналған фольклор, ауыз әдебиетіндегі өлең-тақпақтар мен ертегі, аңыз-әңгімелерден бастап, ақын-жазушылардың балалар үшін жазылған өлеңдері мен дастандары, әңгіме, повестері, романдары түседі. Шынына келгенде балалар әдебиеті мұнымен бітпейді. Балаларды имандылыққа, адамгершілікке, білімпаздыққа, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке баулитын шығармалардың, асыл сөздердің бәрі жатады. Санамаласақ, әлгі аталған шығармалар, пьесалар, ән өлеңдері, ғылыми-көпшілік, танымдық, тарихи, ел тану, жер тану, табиғат тану, жан тану болып жалғаса береді. Бұлардан кинофильмдер мен мультфильмдердің де аулы алыс емес. Сондықтан да балаларға арналған көркем әдебиет, оның проблемалары туралы сөз қозғағанда, танымдық әдебиеттер, өнер туындылары, оқулықтар туралы да көкейкесті мәселелерді ортаға салудың артықтығы болмайды.

3

Х.К.Андерсеннің ертегілері, М. Твен, Ж.Верннің романдары, т.б. суреткерлердің шығармалары балаларға арналып жазылған. Д. Дефоның, Дж. Свифтің В.Скоттың шығармалары балаларға арналып жазылмағанымен, олардың сүйіп оқитын кітаптарына айналған. Балалар әдебиеті қазақ әдебиетінің де арналы саласы;

ҰСТАМДЫҚ

ШЫНДЫҚ

АДАМГЕРШІЛІК

ТӨЗІМДІЛІК


ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

ӘДІЛДІК

БАЛАЛАР ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ТӘЛІМ – ТӘРБИЕ

КІСІЛІК

ЕҢБЕКШІЛ

ДОСТЫҚ

ОҚУ-БІЛІМ

ӨНЕР

МЕЙІРІМДІЛІК

ТАЛАПТЫЛЫҚ

4

ҮРДІС ҮЗІЛДІ МЕ?

Біздің қазақ балалар әдебиетінде, оқулықтарды қоспағанда, соңғы жылдарға дейін балалардың көркем әдебиеті ғана дамып келді. Ыбырай Алтынсариннен бастау алатын бұл жазба әдебиетке Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды әдебиет алыптары орыс әдебиетінің ірі өкілдері Александр Пушкин, Лев Толстойлардың орыс балалар әдебиетіне қосқан үлесіндей елеулі үлес қосты. Елдің ең басты болашағын ойлау деген сондай-ақ болар. Балаларға арнап әдейі көркем дүние жазбағанымен, үлкен дүниелерінен үзінді болса да, бірді-екілі шығармалар ақын-жазушылардың қай-қайсысынан да табылады.

Ал балалардың көркем әдебиеті Сапарғали Бегалин мен Өтебай Тұрманжанов, Сейітжан Омаров сынды ақсақалдарымыздан басталады. Сол ақсақалдарымыздың ізін басып, бұл салада қатарласа үзеңгі қағыстыра еңбек еткен Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Нәсіреддин Сералиев, Мүбарак Жаманбалинов, Оспанхан Әубәкіров, Жәнібек Кәрбозин, Қастек Баянбаев, Машқар Гумеров, Қабдыкәрім Ыдырысов, Жақан Смақов, Мұхамеджан Етекбаев, Құрманбай Толыбаев, Әбдібай Табылдиев, Есентай Ерботин, Абдырахман Асылбеков, Адырбек Сопыбеков, Ескен Елубаев, Марат Қабанбаевтар қазақ балалар әдебиетін жаңа биікке көтерді. Мырзабек Дүйсенов, Мәди Айымбетов, Несіпбек Айтов, Жарасқан Әбдірашев, Роза Әбілқадырова, Совет Әлімқұлов, Жақау Дәуренбеков, Танат Дәуренбеков, Зейнелғаби Иманбаев, тағы басқа көптеген ақын-жазушылар балалар әдебиетінің іргесін кеңейте түсті.

КІТАПТАРДЫҢ ТАРАЛЫМЫ НЕГЕ АЗ?
Елімізде 8000-нан астам кітапхана бар екен. Ал кейбір кітап басылымдары тіптен аз тираж шығарылады.

5

Сонда қазіргі уақытта кітапханалардың сұранысын да қамтамасыз ете алмай отырмыз.Не істеу керек? Кітап тарату жүйесін құрмай, іс оңға баспайды. Жазушылар өз тарапынан құра алмайды. Мол қаржы керек. Және жазуды доғарып, кітап тарату ісімен шұғылданатын кәсіпкерге айналу керек. Дүкендер ашу керек. Өз дүкені болмаса, кітап дүкендері үстіне 50 пайызға дейін қосып сатады. Сөйтіп, кәсіпкердің кітап саудасынан пайда түсірмек тұрмақ, қарызға белшесінен батуына тура келеді. Бағасы шарықтап кеткен кітапты, кім ала қойсын. Ауыл мектептеріне жетуге жол шығыны тағы бар. Жеткенмен мектеп маңында сауда жүргізуге тыйым салынған.
Болмашы тиражбен шыққан кітапқа, тіпті, кітапты шығарған фабрика іргесінде тұрса да, алматылық оқушылардың да қолы жете алмайды. Өйткені, кітап дүкендеріне біреу ертіп бармаса, өздігінен бара алмайды. Қауіп көп, қайшыласқан машиналарда қисап жоқ. Біреу ертіп барса, бағасы оттай. Негізгі бағасына 50 пайыз үстемелеп қойған. Бұл да жаңа кітап оқушылар қолдарына бірден жете алмай, араға дүкен деген алыпсатардың араласып кетуінен туындаған жағдай. Әйтпесе, кітапқа қойылатын үстеме баға баяғыдай кітап құнының 10 пайызынан аспауы қажет қой. Монополияға қарсы комитет мұндай жағдайға жол бермей балалардың алғысына кенелсе ғой шіркін! Олардың бұл істі жолға қоюға ықыласы болмаса, не істеу керек? Балаларға арналған кітаптарды тарату мекемелерін қайта құруды Мәдениет және ақпарат министрлігі, болмаса, Білім және ғылым министрлігі қолға алар. Әйтпесе, соғыс кезінде, соғыстан кейінгі жылдары шара-бара деген арбалы кісі ауылдарды, үйлерді аралап жүріп: «Айна бар, тарақ бар, алмағаның қарап қал», – деп әндетіп, ұсақ-түйек тауарларын саудалаған ғой. Соның кебін киіп, ұсақ кәсіпкер болып, мектептердің қасына барып, үзілістерде кітап сатуға ынталы кісілерге білім және ғылым министрлігі рұқсат берсе, кітаптардың аздап болса да, таралуына септігі тиетін секілді. Мектеп кітапханаларын жаңа кітаптармен қамту үшін әкімшіліктер облыстық бюджеттен қаржы бөлуі керек.

6

Бөлмесе не істейсің? Өз күніңді өзің көр…
«Балаларға арналған көркем әдеби кітаптар азайып кетті», – дейді тұтынушылар. Бұл – шындық. Көбейту үшін не істету керек. Ақын-жазушылардың қаламақысын көбейту керек. Конкурстарды көбейту керек.
Конкурстар өтпей жүрген жоқ. Алматы қаласының әкімшілігі бүлдіршін сәбилерге арнап бірнеше дүркін өткізді. Қалалық тіл басқармасы да қалысқан жоқ. Мәдениет және ақпарат министрлігі балаларға арналған әндер мен драмалық шығармаларға жылма-жыл бәйге жариялап келеді. Бірақ бәрібір беделі жағынан «Жерсу» корпарациясының президенті кәсіпкер Бауыржан Оспановтың «Дарабоз» бәйгесіне жете алмай жүр. Оның бәйгеге бөлген қаржысы мол. Және дәстүрлі бәйгеге айналды. Бәйге жеңімпаздарының шығармаларынан «Кәусар бұлақтың» 3-кітабын шығарып, әдеттегісінше оқушыларға тегін тарқалып отыр. Бесінші бәйгесін де жариялап қойды. Осы «Дарабоз» арқасында 600-ге тарта жаңа дүние туды, 37 қаламгер сыйлықтарға ие болды. Олардың ішінде Ертай Айғалиұлы, Кәкен Хамзин, Несіпбек Дәктаевтар бас жүлдені иемденді. жүлдегерлердің ішінде жаңа есімдер де баршылық. Әуелде балаларға арналған шырын өлеңдерімен таныла бастаған Оразбай Байбақовтың араға жылдар салып, қайта оралып, әлі де бабында екенін көрсетіп жүрген жайы бар. Ал, Дойман Боханов болса, балалар әдебиетіне кеш келгенімен, балалар поэзиясының қыр-сырын тез-ақ үйреніп алды.



ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ДРАММАТУРГИЯСЫ

Қазақ балалар әдебиетінің әлі зерттелмей жүрген бір бөлігі – балаларға арналған драмалық туындылар. Жалпы қазақ драматургиясының тууы, дамуы және қалыптасуы дегенде, қазақ балалар драматургиясының өзіндік даму жолын, ерекшелігін сараптау қажеттілігі туады.

7

Қазақ балалар драматур-гиясының бастау көздерін іздегенде, қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріне тірелеміз. Балаларға арналған сұрамақ, қаламақ, айтыс ойындар, мақал-мәтелдер, ертегілер мен аңыз әңгімелердің қазіргі қазақ балалар драматургиясының тууы мен қалыптасуына ықпал етті деуге негіз толық. Жаңа үрдіс бір күнде тумайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен және ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани игіліктің негізінде дамиды. Ұлттық әдебиетіміздің рухани уызы – ауыз әдебиеті балалар драматургиясының да бастау көзі екені белгілі.

Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында мүлде аз зерттелген, тіпті кенже қалған сала екені анық. Балаларға арналған драмалық шығармалардың зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалуы балалар драматургиясының кенжелеп дамуымен байланысты деуге де болады. Әйтсе де, қазақ балалар әдебиетіне, қазақ балалар драматургиясына арналған бірен-саран зерттеулер мерзімді баспасөз беттерінен орын алды. Ең алдымен балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалар әдебиеті мәселесіне мақала арнаған І.Жансүгіров болды. Осы орайда балаларға арналған алғашқы пьесаның (“Мектеп” пьесасы) авторы да І. Жансүгіров екенін еске алған орынды.

Балалар драмасын зерттеуде орыс әдебиеттану ғылымындa бірқатар маңызды еңбектер жазылды. Бұл ретте ең алдымен: В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, М.Горький, К.Чуковскийдің т.б. балалар әдебиетіне арналған еңбектерін атаған жөн. Қазақ балалар әдебиетінің зерттелу тарихына көз салсақ, белгілі ақын, жазушы, ғалымдар: І.Жансүгіров, Ш.Ахметов, С.Қирабаев, Ә.Тәжібаев, А.Нұрқатов, Б.Ыбырайым, Қ.Ергөбеков, т.б. еңбектері де назар аударарлық .

Тікелей қазақ балалар драмасына арналмаса да жалпы қазақ драмасы туралы зерттеулер: М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Р.Рүстембекова, М.Дүйсенов, С.Ордалиев еңбектері бұл салаға бастау боларлық, бағыт боларлық үлгілер.

8

Ал, қазақ балалар драматургиясы жөнінде арнайы монографиялық зерттеулер жазыла қоймаса да, әр кезде, әр дәрежеде жекелеген ізденістер, пікір айтулар баршылық Балаларға арналған драмалық шығармалар оқулықтар мен хрестоматияға арнайы түрде кіргізілмесе де мектеп, балабақшаларда ертеңгіліктер мен мерекелерде жас жеткіншектерге жол тауып жатты.

Әсіресе, балаларға арналған “Ұлан” (“Қазақстан пионері”), “Ақ желкен” (“Пионер”), “Балдырған” сияқты газет-журналдар арқылы шағын пьесалар, мерекелік қойылымдар балаларға жетіп отырды. Балаларға арналған пьесалардың арнайы жинақ болып шығуы да балалар драматургиясының дамып, қалыптасуына өз үлесін тигізді.

Алғашқы балалар жинағының бірі ретінде 1959 жылы жарық көрген Б.Ысқақовтың “Кішкене театр” кітабын атауға болады. Зерттеуші Ш.Ахметов өз еңбегінде Б.Ысқақов шығармашылығына былайша баға береді: “Б.Ысқақов – қазақ балалар драматургиясын жасауға және оны дамытуға ат салысып келе жатқан қаламгерлердің бірі.

Оның мектеп сахнасына арналған “Екі оқушы”, “Түймедейден түйедей”, “Ағалық ақыл”, “Жаңа жыл кешінде”, “Бейбітшілік жеңеді” атты пьесалары мен инсценировкалары “Пионер” журналы мен “Қазақстан пионері” газеттерінде жарық көрді. Ал 1959 жылы оның мектеп сахнасына арналған пьесалары “Кішкене театр” деген атпен өз алдына жеке кітап болып шықты. Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған.

Оларда балалар бойындағы зеректік, тәртіптілік, еңбек сүйгіштік, адалдық, адамгершілік, ұйымшылдық сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі, ал кейбір балалардың бойында кездесетін тентектік, өтірікшілік, жалқаулық, дөрекілік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қылықтар әшкереленеді”.

Ш.Ахметовтің аталған еңбегі балалар әдебиетіне арналған алғашқы зерттеу еңбек болуымен ерекше.

9

Ғалым С.Ордалиевтың “Қазақ совет драматургиясының очеркі” атты еңбегіндегі 1950-60 жылдардағы қазақ балалар драматургиясының мәселесін көтерген көлемді мақаласының да маңызы зор. Мақаланың авторы 1950-60 жылдардағы балаларға арналған пьесалардың біраз бөлігін идеялық, тақырыптық жағынан талдаған. Мақалада сол кездегі драматургиядағы тартыссыздық мәселесіне тоқтала келіп, Қ. Бадыров пен М.Ақынжановтың “Алтын сақа”, М.Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин”, Ш.Құсайыновтың “Нұрлы тас”, Ш.Байжановтың “Әлия Молдағұлова” және т.б. авторлардың шығармаларын талдап, өз бағасын береді.

Алайда автор пьесаларды талдау барысында идеялық бағытты ұстанған. Мәселен, “Алтын сақа” пьесасын талдай келе: “Алтын сақа” пьесасының авторлары халық ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін жете меңгеріп, орынды пайдаланғандықтарымен қатар, бүгінгі күннің мақсаты болған, жастарды коммунистік рухта тәрбиелеу идеясымен дұрыс ұштастыра білген. Сондықтан да пьеса ежелгі уақыттағы ертегі аңыздарды суреттеу арқылы қазіргі таңның талабына үн қосады”,- дейді . Дегенмен де, С.Ордалиевтың аталған мақаласы сол кездегі қазақ балалар драматургиясына баға беруімен, жіктеп, саралауымен құнды дей аламыз. Автор өз мақаласында тек қазақ балалар драматургиясы ғана емес, орыс балалар драматургиясына да назар аударып, қазақ және орыс балалар пьесаларындағы ұқсастықтар мен кемшіліктеріне тоқталып өтеді. Балаларға арналған пьесалар жинағы туралы пікірін Ж.Қалиасқаров “Қазақстан мұғалімі” журналына жарияланған мақаласы арқылы білдіреді.

Автор “Пьесалар” атты жинаққа кірген он төрт туындыға өзінше баға беріп талдайды. Ж.Қалиасқаров та пьесадағы тартыстан таптық мән іздейді: “Жинақтағы “Тапқыр бала” – ертегі сарынымен жазылған пьеса. Оқиғасы қызық, тілі орамды. Мұнда екі тап белдесіп күреске түседі: қалың елге зорлық-зомбылық жасап, қан қақсатқан қара күштің иесімен оның айналысындағы баскесерлер болса, екіншісі – еңбекші бұқара, оның ақылға

10

кемеңгер ұлы Әппекім. Ол тапқырлығымен өлімді жеңіп шығады” . Мектеп өмірі, бала тұрмысын суреттейтін пьесаларда көбіне әдепті мен әдепсіз, ұқыпты мен ұқыпсыз, салақ балалардың мінездері әңгімеленеді. Шынында да қандай да бір шығарма жазу үшін не тап тартысын, не коммунистік идеяны насихаттау міндет болған тұста басқаша сын айту мүмкін де емес еді. Балаларға арналған шығармалардың ерекшеліктері туралы орыс зерттеушілерінің әсіресе, В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, М.Горькийдің одан кейінгі жазушылар К.Чуковский, С.Маршак т.б. еңбектерінде сөз бола бастады. В.Г.Белинский балаларға арналған шығармалардың жас ерекшелігіне байланысты болу керектігін айтса, М.Горький балаларға арналған шығармаларда көрінетін коммунистік рухтағы тәрбиеге көбірек көңіл бөлуді ұсынған. С.Маршак балалар әдебиетіндегі стиль мәселесіне назар аудартады. Қазақ зерттеушілері де балалар әдебиеті туралы өз пікірлерін аз-аздап болса да білдіріп жатты. С.Қирабаев “1949 жылғы балалар әдебиеті” деген мақаласында балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптарды айтады: “Балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптар:

  • біріншіден, шығарманың оқиғалы (сюжетті) болуы. Оқиға қызғылықты болып, балаларды өзіне тартып отыруы керек.

  • eкіншіден, балалардың білім дәрежесі, жас ерекшеліктері ескерілуі керек. Балалар үшін жазылған кітаптар әр кластағы баланың өз тіліне, өз білімінің, педагогика тұрғысынан ұстамды, дидактиканың принциптерін қамтуы керек” . Ғалым С.Қирабаев бұдан кейін де балалар әдебиеті мәселесіне арналған “Балаларға үлкен әдебиет жасайық” . деген мақаласында балалар әдебиетіне қойылатын биік талаптар жөнінде айтады. Және де автор мақаласында жоғарыда айтылған ойды дамыта келіп балалар үшін жазылған шығармалардың тіл тазалығы мен көркемдігі ең басты талаптардың бірі екеніне мән береді.

11

Балаларға арналған туындылардың ерекшеліктері туралы, балалар үшін жазылған шығармалардың көкейкесті мәселелері туралы сыншы Қ.Ергөбековтің құрастыруымен жарыққа шыққан “Сөзстан” кітабының айтары көп. Кітапта С.Маршак, А.Барто, С.Михалков, С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаров, М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Ыдырысов т.б. балалар жазушыларының шығармашылықтары туралы және де балалар әдебиетінің негізгі мәселелері туралы мақалалар бар. “Ақ кеме алыстап барады” деген мақаласында Б.Сарбалаев қазақ балалар прозасындағы өрлеу, өсу туралы айтса, Қ.Ергөбеков “Мейір гүлденген жүрек” мақаласында ақын Ә.Дүйсенбиевтің ақындық шеберлігіне тоқталады. Б.Кенжебаев “Көне дәуірдің көркем мұрасы” деген сұхбатында ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетінің байланысына назар аудартады. Осылайша жинаққа енген мақалалар балалар әдебиетінің проза, поэзия саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы сыр шертеді. Алайда, балалар драматургиясы мәселесі туралы тағы да сөз жоқ. Мұнымен жоғарыда аталған мақалалардың құнын төмендетпейміз. Қайта балалар драматургия-сының назарға ілікпегеніне көңіл аудартқымыз келеді. Бүгінгі балалар прозасындағы рухани эстетикалық даму мен ұлттылық мәселесін байланыстыра зерттеген Б.Ыбырайымның “Қазіргі қазақ прозасы және рухани эстетикалық даму мәселелері” атты докторлық диссертациясының жалпы балалар әдебиетінің зерттеліміне қосары мол. Автор диссертациялық еңбегінде көркемдік шындықтың ұлттық ерекшеліктермен байланысты, сабақтас екеніне назар аудартады. Осы ойын жалғастыра келе зерттеуші : “Әлі жеткілікті ескерілмей жүрген мәселелердің бірі – ұлттық қасиет, ұлттық дәстүр, нақыш рухты орағытып өтуге болмайды... Әрбір адамның рухани анасы іспетті ұлттық - халықтық дәстүрден алыстау адамды ерте ме, кеш пе рухани шаршауға, депрессияға, психологиялық дағдарысқа белгілі мөлшерде ұшыратпай қоймайды”,- дейді. Б.Ыбырайымның “Ой мен Сөз”, “Сырлы әлем” кітаптарында бүгінгі күндегі балалар әдебиетінің көтерер

12

жүгі туралы айтылады. Балалар әдебиетіне арналған зерттеулер қатарына “Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы” айдарымен шығып келе жатқан көп томдықтың алғы сөзіне жазылған пікірлерді де қосуға болады. Сол томға шығармасы кірген автордың өмірбаяны, шығармашылығы туралы, ұсынылып отырған туындыға берілетін баға туралы пікір айтылады.

Қазақ балалар жазушыларының суреткерлік портретін беруге арналған “Қазақ совет балалар жазушылары” атты кітапта С.Бегалин, Қ.Мұқышев, М.Гумеров, Қ.Ыдырысов, Е.Елубаев, Ә.Дүйсенбиев, Б.Соқпақбаев және т.б. жазушылардың өмірбаяндары айтылады. Қаламгерлердің балалар әдебиетіне айтқан пікірлері, ой-толғамдары берілген. Әсіресе, балаларға драмалық шығармалар арнаған М.Гумеров, С.Омаров, Е.Елубаевтардың мақалалары назар аудартарлық. Қазақ балалар әдебиетіндегі проза, поэзия саласын зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, жалпы балаларға арналған туындылардың қандай болуы керек екені жөнінде мағлұмат аламыз. Ал, қазақ драматургиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар М.Әуезов, Р.Нұрғалиев, С.Ордалиев, Ә.Тәжібаев, Р.Рүстембекова, М.Дүйсенов, Ж.Әбілев және т.б. еңбектерінен жалпы драматургия жанрының ерекшеліктері туралы мәлімет ала отырып, балалар драматургиясының өзіндік сипатын ашуға тырыстық. Қазақ драматургиясының қалыптасу кезеңінде жазылған М.Әуезовтің “Жақсы пьеса – сапалы әдебиет белгісі”, “Қыз Жібек” қандай?”, “Дінді әшкерелейтін пьеса”, “Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар” т.б. мақалалары жалпы драмалық шығармалардың өзіндік сипатын, кейіпкер әрекетін, драмадағы тартыс мәселесін қозғайды. “Жақсы пьеса – сапалы әдебиет белгісі” деген мақаласында М.Әуезов: “Оқиғасы тығыз құрылған, істелуі босаң емес, құрыш пьеса керек. Ол үшін әрбір тұлға көп ойланып, көп сұрыптаудан туған болсын,”- деп талаптар қояды. Ал, “Драматургия заңы туралы кейбір ойлар” деген мақаласында М.Әуезов драмалық шығармалардың теориялық мәселелерін айта келіп, драманың архитектоникасына мұқият қарау жө-

13

нінде ой айтады. Зерттеуші Ә.Тәжібаев “Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы” атты кітабында қазақ драматургиясының тууы мен қалыптасуын халық ауыз әдебиетіндегі ертегі, аңыз әңгімелер, мақал- мәтелдер, айтыстармен байланыстырып қазақ драмасының түп тегін халық мұрасымен сабақтайды. Автор қазақ драматургиясындағы ірі- ірі туындыларға зор ақындық шабытпен баға береді. Трагедиялық, комедиялық шығармалардың табиғатын ашып, кейіпкер характеріне тоқталады. Ұлт әдебиетіндегі драмалық шығармалардың жанрлық дамуы туралы, драма жанрының спецификалық ерекшеліктері туралы, драманың жүйелі зерттелуі, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерін айқындау, драмалық жанрдың даму тенденциясын ашып көрсетуді мақсат ете жазылған Р.Нұрғалиевтың “Айдын” атты монографиялы еңбегінің қазіргі қазақ драматургиясының бағыт бағдарын айқындауда маңызы зор.

Қазіргі қазақ балалар драматургиясының қыр-сырын ашып, жанрлық жақтан жіктеп, кейіпкер характерін ашатын көлемді зерттеудің жоқтығы тақырыптың көкейкестілігін көрсетеді. Зерттеу негізінен 1934 жылы жазылған І.Жансүгіровтің “Мектеп” пьесасынан бастап жүргізілді. Балалар мен жасөспірімдер театрының ашылуымен дүниеге келген М.Ақынжанов пен Қ.Бадыровтың “Алтын сақа”, М.Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин” және т.б. 1950-60 жылдары шыққан пьесалар алғашқылар ретінде жаңаша бажайлау тұрғысынан талданды. Негізгі талдау объектісі болған пьесалар 1960-70 жылдарда шыққан туындылар. Сонымен бірге 1980-90 жылдардағы қоғамдық тоқырау кезіндегі бірен-саран пьесалар мен қазіргі жаңа әдебиет аталып жүрген 1990-2000 жылдар туындыларына көбірек назар аударылды.

Балаларға арналған драмалық шығармаларды жас ерекшелігіне сәйкес шартты түрде негізінен екі топқа бөліп қарастырылды:

1. Бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар

2. Мектеп оқушыларына арналған драмалық шығармалар Мектеп оқушыларының жас ерекшелігіне сәйкес өз ішінде тағы да екі топқа:

14


а) төменгі сынып оқушыларына арналған

ә) жоғарғы сынып (яғни ересектерге) арналған туындылар деп тағы жіктелді. Сонымен бірге жұмыс көлемінде балаларға арналған драмалық туындылардың шағын түрлеріне көңіл бөлінді. Шағын драмалық туындылар қатарына мектеп, балабақша өмірінде жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беру мақсатында, тіл дамыту мақсатында қойылған скетчтер, инсценировкалар, интермедиялар мен тақырыптық қойылымдар алынды. Жұмыс көлемінде балаларға арналған пьесалардың тақырыптық-идеялық мақсатын ашумен бірге көркемдік дәрежесін саралауды жөн деп санадық. Жас жеткіншекке сөз қадірін түсіндіріп, көркем сөздің құдіретін бағалауға тәрбиелейтін драмалық туындылардың мәні зор. Әсіресе, жазушылар:

М.Гумеров, Қ.Ыдырысов, С.Омаров, Ә.Табылдиев, Е.Елубаев, С.Жүнісов, Б.Ысқақов, А.Ақпанбетұлы, С.Әуелбаева, С.Бегалин т.б. туындылары жіті талданды. Балаларға арналған драмалық туындыларда кездесетін көп сөзділік, ақыл айтушылық, кейіпкер тілінің жұтаңдығы сияқты кемшіліктер де ескерілді. Сонымен бірге, басты назар әр драмалық туындыдағы ұлттық реңк, ұлттық бояу мәселесіне аударылды. Осы ретте ғалым, зерттеуші Б.Ыбырайымның ұлттық ерекшеліктер балаларға арналған шығармалардың 1970-80 жылдағыларында мүлдем ескерілмей кеткені туралы пікіріне қосыламыз .

Ал, кейінгі тәуелсіз әдебиет тұсында туған С.Әуелбаеваның “Оюхан мен Жоюхан”, А.Ақпанбетұлының “Қайырымды қасқыр”, Д.Исабековтің “Әбіл-Диханның арманы”, К.Оразбекұлының “Ұлыс оң болсын”, Б.Тайжанның “Тосыннан тойланған той”, Т.Ахметжанның “Қара торғай” т.б. пьесаларында көрінетін ұлттық ерекшелікке баса назар аударылды. Сонымен бірге балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес драмалық туын

дылардың да өзіндік ерекшеліктері, өзіндік күрделенуінің болатыны

15

драмалық туындыларды талдау кезінде нақтылана түсті. Мәселен, төменгі сынып оқушылары мен бүлдіршіндер үшін жазылған драмалық шығармаларда драма түрлерінің шекарасы жоқ болса, ересектер үшін жазылған пьесаларды драма, комедия, трагедия деп жіктеуге мүмкіндік бар.

Қазақ балалар драматургиясын кенжелеп туды десек те, оның тууы мен дамуына бағдар жасай отырып, балаларға арналған драмалық туындылардың қазіргі кезде қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір арнасы болып қалыптасқанына көз жеткіземіз. Жалпы қазақ балалар драматургиясы әлі де сарапталып, балалардың жас ерекшелігіне, шығарманың жанрлық сипатына, көркемдік тұрғыда жан-жақты қарастыруды қажет етеді.

ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ДРАМАСЫНЫҢ ТУУ, ДАМУ ЖОЛДАРЫ

Қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір саласы – қазақ балалар драматургиясы. Қазақ әдебиеті ғылымында аз зерттелген сала қазақ балалар әдебиеті екені белгілі. Ал, сол аз қарастырылған ішінде мүлде назар аударылмай келген бір сала бар. Ол – қазіргі қазақ балалар драматургиясы.

Қазақ әдебиетінің: эпос, лирика салаларына қарағанда драма, оның ішінде балалар драмасының кенжелеп тууы да бұл сала зерттелуінің кешеңдеп қалуына әсер етті. Қазақ драматургиясының алғашқы қадамын 1914 жылы Семей қаласында Абайға арналған кеште қойылған “Біржан мен Сара” айтысының инсценировкасы дер едік. 1917 жылы Семей облысында Әйгерім үйінде қойылған М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ драматургиясының басы деуге негіз болады. Қазақ балалар драматургиясының тууын, қалыптасуын зерттеуші Ш.Ахметов 1946 жылы қазақ балалар театры ашылып, сонда алғаш қойылған М.Ақынжановтың “Алтын сақа” пьесасын қазақ балалар драмасының басы ретінде таниды. Расында да, балаларға арналған драмалық шығармалардың көбейе түсуі

16

балалар театрының ашылуымен тығыз байланысты еді. Әйтсе де бұған дейін

І.Жансүгіровтің 1934 жылы балаларға арнап жазған “Мектеп” атты пьесасының болғанын ұмытпау керек. І.Жансүгіровтің “Мектеп” пьесасы балаларды оқуға, білімге шақыру тақырыбына арналған. Балалар өмірін бейнелеген шығармаларды саралау үшін алдымен сол туындыларды баланың жас ерекшелігіне байланысты жіктеген жөн дегіміз келеді. М.Горький өзінің “Балалар әдебиеті туралы” мақаласында белгілі ортаға арналмаған “адрессіз” шығармалардың үлкенге де, балаға да қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан .

Демек, балаларға арналған драмалық шығармаларды олардың жас ерекшелігіне байланысты жіктеп, саралау қажет. Қазақ халқы баланың өсу, есею сәттерін сатылап бөліп, оның әр қайсысын өзінше атаған. Бұл жіктеу баланың жас ерекшелігімен сәйкес: нәресте, сәби, бөбек, бүлдіршін, ұлан, жеткіншек, жасөспірім деп аталған. Ал, қазіргі кезде балалар әдебиетін мектептегі сыныпқа бөлуді басшылыққа алып:

1) мектеп жасына дейінгі әдебиет;

2) бастауыш

сыныптарға арналған әдебиет;

3) орта сыныптарға арналған;

4) жоғарғы сыныптарға арналған туындылар деп жіктеу орын алған .

Осы жіктеулерді басшылыққа ала отырып қазақ балалар драматургиясын-дағы шығармаларды екі үлкен топқа бөлдік:

1) бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар,

2) мектеп оқушыларына арналған драмалық туындылар. Әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі де, қиыны да –драматургия жанры. Себебі, сөйлеу тілімен ғана жасалатын туындының өз шарттары мол. Қазақ драматургиясының дамуын талдай келе зерттеуші Р.Нұрғалиев драмалық шығармалардың ерекшеліктері туралы былай дейді: “Әдебиеттің ерекше

түрі – драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады.

17

Танымдық-тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал-диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылысына баға береді, билік айтады”.

Олай болса, балаға арнап шығарма жазғандар алдымен қандай шарттарды орындауы керек? Ең бірінші – баланың жас ерекшелігіне сәйкес оның психологиясын ескеру қажет. Бала қашанда айналасындағы өтіп жатқан құбылысты білуге тырысып, тылсым дүниенің сырын ашуға асыға ұмтылады. Жас ерекшелігі ескерілмей жазылған шығармалардың баланың психологиясын бұзып, оны ерте есейтетіні туралы В.Г.Белинский былай деген: “Барлық мәселе оларға (балаларға) арналған кітапты дұрыс таңдауда. Дұрыс ұсынылмаған кітаптың зияны кітап оқымағаннан да асып түседі. Бала рухының мезгілсіз, ерте жетілуі аса зиянды, әрі қауіпті. Бала бозбала да емес, ересек те емес, бала болып қалуы керек”.

Балаларға арналған драмалық шығармаларды жіктеу, сараптау, кезінде ол туындылардың осындай ерекше белгілерін де басшылыққа аламыз. Баланың дүниетанымы әрі қарапайым, әрі күрделі. Бұл талаптар балалар өмірін жазу үшін В.Г.Белинский айтқандай: “балалар жазушы болып туу керек”,- деген пікірге әкеледі. Балаларға арналған шығармалардың тағы бір ерекшелігі оның тілі. Осы орайда белгілі ғалым З.Қабдоловтың драма тілі туралы: “Демек, драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жеріне дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады. Өйткені романда, бір бетте

суреттелетін шындықты бір ауыз сөзбен беру қажет. Ал әр сөз, әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін аңғартуы

18

керек, әр адамның сөзі өзін танытуы шарт”,- деп айтқан пікірін басшылыққа ала отырып балалар драматургиясын-дағы пьесалардың тілдік, көркемдік жағынан саралап, талдауға мүмкіндік бар.

Балаларға арналған пьесалар көпсөзділіктен аулақ, тілі нақтылы, түсінікті, көркем және бала психологиясына, ұғымына сай болуы керек. Сонымен бірге шығарма тілі жалаң үгітшілдіктен, құрғақ уағыз айтудан аулақ болуы шарт. Драмалық шығармалардың бір қиындығы осы тіл мәселесіне тіреледі. Жазушы үнемі шығарманың тілін баланың жас ерекшелігін ескеруге бағындырып отыруы керек.

Сондай-ақ, зерттеуші С.Ордалиев айтқандай: “драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқын, бойындағы бүкіл қасиеттерін, ішкі дүниесін, характерін ашатын оның тілі екенін де естен шығармау абзал” .

Драмалық шығармалардың негізгі шарттарының бірі – тез туып, жедел өрістейтін тартыстың болуы. Тартыссыз жазылған пьесалардаәрі бала өмірі көмескі тартады, әрі олар тартымсыз болады. М.Әуезов “Драма заңы туралы кейбір ойлар” деген мақаласында пьесадағы конфликт мәселесі драматургия-ның шешуші элементінің бірі екенін айтып кеткен .

Жалпы балаларға арналған әдеби шығармалар сияқты драмалық шығармалардың да бір сипаты оның тәрбиелік мақсатты көздейтінінде. Қазақ халқы ертеден баланы елдің болашағы санап, оның тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп отырған: “Қызға қырық үйден тыю” деп бала тәрбиесін тек ата-ана, туған-туысқан емес, бүкіл қауымға жүктелген міндет сияқты саналған. Әдебиеттің тәрбиелік мәні дегенде, белгілі қоғамдық ортада қалыптасқан адамның рухани өсуін, көркемдік дүниені қабылдау ерекшелігін ескереміз. Олай болса, әдеби шығармалар арқылы бала сезіміне әсер етіп, алдымен елін, жерін, адам баласын сүюге, ұлттық мұрағаттарды қастерлеуге тәрбиелеу, басшылыққа алынады. К.Чуковский: “Ертекшінің мақсаты– басқа. Ол қандай да болсын жолмен баланы адамгершілікке тәрбиелеу. Адамның

19

бойындағы осынау біреудің тағдырына араша түсіп, біреудің қуанышы мен қайғысын бөлісуге ұмтылатын, біреудің тағдырын өз тағдырындай көретін асыл қасиетті дарыту”- дейді .

Балалар әдебиетінің толассыз дамуы оның жалпы балалар өмірінің энциклопедиясы бола алуына байланысты. Сондықтан да балалар үшін жазылған шығармалар баланың жанұяда, мектепте, достарының ортасында, үлкендермен қарым-қатынасы кезіндегі мінезін, әрекетін қамтиды. Барлық адамдар белгілі бір қоғамда өмір сүреді. Сондықтан да әр түрлі қоғамдық-тарихи өзгерістер адамдар өміріне тікелей әсер етеді. Кеңестік кезеңде қалыптасқандықтан, сол әміршілдік кезеңдегі социалистік реализм, әдебиеттің партиялығы т.с. сияқты шектеу, бұйрық-қарарлардан қазақ балалар драматургиясы шетте қалған жоқ. Кеңестік дәуірде октябряттар, пионерлер, комсомолдар қатарындағы жеткіншектерді жалған марапаттайтын, идеялық бағытын алдын ала кесіп-пішіп көрсетуге негізделген схемалық үлгідегі көркемдігі солғын шығармалар дүниеге келді. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: “Қазақ совет драматургтерінің өндірістен, ауылшаруашылығынан, мәдениет майданынан таңдап алып жасаған образдарының бірде-бірі сахнаға бекіп қала алған жоқ. Үйткені, олар жасанды, бір схемамен жасалған салқын образдар болғандықтан, совет халқының көңіліне қона алмады. Тілек те бар, талап та бар, бірақ көркемдік шындыққа жете бермейді”.

Балаларға арналған шығармалардың тақырыптары әр алуан болады. Әдебиетте белгілі бір тақырыптың тууына қоғамдағы өзгерістер, адамдардың мақсат-мүдделері себеп болады. Сондай-ақ адамзат дамуымен бірге келе жатқан мәңгілік сөз болатын тақырыптар да болады. Адамгершілік, ізгілік, жақсылық, еңбек, достық, махаббат сияқты тақырыптар қай дәуір, қай кезең болса да қайталана беретін тақырыптар. Ал, белгілі кезең тудыратын тақырыптар ретінде кеңестік әдебиет тұсында туған коммунистік рухтағы патриоттық, партияға шексіз берілгендік сияқты

20

идеяларды ту еткен тақырыптарды атауға болады. Қалай десек те балаларға

арнап жазылған шығармаларда тақырыптық шектеу болмайды. Қай тақырыпта жазылса да, шығарма үнемі баланың жас ерекшелігінескеріп отыруы керек. Балаға арналған шығармаға “не туралы” жазу емес, “қалай жазуға” болады деген талап, өлшем үстемдік етеді. Қазақ балалар драматургиясындағы негізгі тақырыптарды шартты түрде былай бөлуге болады:

1. Кеңестік идеологияға негізделген тақырыптар

2. Ертегілік, қиял-ғажайып тақырыптар.

3. Халық бастан кешірген тарихи тақырыптарға арналған

туындылар.

4. Табиғат туралы

5. Бейбітшілік тақырыбы

6. Жалпы ынтымақ, бірлік, еңбек, білім, ерлік, мейірім, ізгілік

туралы

7. Мектеп өмірі, мектептегі балалар әрекеті.

Заман жаңарған сайын әдебиетке де жаңа тақырыптар келеді. 1960 жылы адамзат баласының ғарышқа көтерілуі қазақ балалар драматургиясына да тың тақырыптар әкелді. А.Сатаевтың “Айға сапар” пьесасынан ғарышқа ұшуды армандаған бүлдіршіндерді көрсек, Ә.Табылдиевтың “Армандастар” пьесасынан ғарышқа ұшуды армандап қана қоймай сол сапарға дайындалып жүрген жеткіншектерді кездестіреміз. 1990 жылдарда тәуелсіз әдебиет аясында дүниеге келген негізгі тақырыптардың бірі наурыз мерекесіне байланысты еді. Күн мен түннің теңескен Ұлыстың ұлы мейрамы қаншама жылдардан кейін халқымен қайта табысты. Қариялар жадынан, ескі кітаптардан алынған наурыз мейрамының тарихын баспасөз айтып, жазып та жатты. Ал, балалар үшін мектептерде ертеңгіліктер, шағын инсценировкалар, қойылымдар, шағын пьесалар дүниеге келді. Наурыз тақырыбына жазылған К.Оразбекұлының “Ұлыс оң болсын”, Б.Тайжанның

21

Тосыннан тойланған той” пьесалары дүниеге осы кезде келген еді. Ынтымақ, бірлік, татулық тақырыбын арқау еткен Е.Елубаевтың “Асар”, С.Әуелбаеваның “Оюхан мен Жоюхан”, Ә.Ақпанбетұлының “Қайырымды қасқыр”, “Ақсақ көжек” т.б. көптеген пьесалары туды. 1970-80 жылдары көп назар аударылған тақырыптардың бірі – мектеп өмірі, яғни оқушы баланың үйдегі, мектептегі әрекеті олардың әр түрлі ізгілікті бастамаларын суреттейтін шығармалар болды. Ә.Табылдиевтың “Бүлдірген мен Күлдірген” интермедиялары, Е.Елубаевтың “Өжет”, “Саған күшік керек пе?”, “Бір уыс бидай”,С.Омаровтың “Портрет”, М.Гумеровтің “Базарлық”, Н.Ғабдуллинның “Аулада” т.б. көптеген драмалық шығармалар тікелей балалар өміріне арналды.

Қазақ балалар драматургиясының туу барысын дәйектесек балаларға арналған драмалық шығармалардың тақырыптары әр алуан екенін көреміз. Жылдарға бөліп жіктеу арқылы қай кезеңде қандай тақырыптағы пьесалар көбірек жазылғанын және сол кезде еліміздің басынан өткеріп отырған тарихи-әлеуметтік өзгерістердің әдебиетке түрліше ықпал жасағанын байқауға болады.

Жазба әдебиетінің діңгегі болған ауыз әдебиеті қазіргі балалар драматургиясының да қалыптасуына негіз болды деп айта аламыз. Зерттеушілер М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиевтардың зерттеу еңбектерінде айтылған ой-тұжырымдар осыны дәлелдейді. Балалар фольклорындағы бесік жырынан бастап, әр түрлі тақырыптағы ертегілер, сұрамақ, санамақ, айтыстар, шешендік сөздер, өтірік өлең, ойын өлеңдері қазақ балалар драматургиясының тез қалыптасып кетуіне өз ықпалын тигізді дейміз. Аталған шығарма түрлерінің ауызша айтылуы, айтушының дауыс мәнері, бет мимикасының құбылуы барлығы да драма элементтері. Ауызша

айтылған әдеби туындылардағы дауыс мәнері, түйдекті тіркестер, метафоралық оралымдар, монолог пен диалогтар, эмоциональды-

22

экспрессивті сөздердің барлығы да бала жан дүниесінің жетілуіне, ой- санасының өсуіне, психологиялық жағынан дамуына, өзін қоршаған дүниені танып-білуіне әсер етері даусыз.

ӘР ЗАМАННЫҢ ӨЗ КЕЙІПКЕРЛЕРІ БОЛУЫ ЗАҢДЫ.

Қайсы балалар қаламгері болмасын, осы кезеңнің балалары туралы жазса да, өзінің бала кезін көз алдына келтіріп, жаңа кейіпкерін өзінің мінез-құлқымен, ой-түйсігімен салыстырып отырады. Сонда, жалған сезімге бой ұрмай, шынайы шығарма тудыра алады. Тек өзі жазып отырған кезеңнің таным-түйсігін, әдет-дағдысын терең зерттеп алған мақұл. Шынайы жазылған шығарма уақытқа, заман ағымына бағынбайды. Ықыласпен оқылады. Бердібек Соқпақбаев шығармаларының өміршеңдігі содан болса керек. Сондай өміршең шығармалар бізде аз емес. Орта буыннан Мұхтар Мағауин, Ескен Елубаев, Дулат Исабеков, Молдахмет Қаназ, Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутаев, марқұм Қаржаубай Омарұлы, Шәкен Күмісбайұлы, оларды өкшелеп келе жатқан Көсемәлі Сәттібайұлының шығармаларын тұщынбай оқу мүмкін емес. Астаналық Толымбек Әбдірайымның әңгіме-повестьтері, Әкім Ысқақ, Нұрлан Қалқаның өлеңдері өздерінше бір әлем. Толымбек Әбдірайымның өзгелерге үлгі боларлық тағы бір ерекше қасиеті – өзіне ерекше әсер еткен шығармалардың авторларына қамқор болып жүретіні. Балалардың тамаша ақыны, сатирик Бейсебай Кірісбайдың юморға толы өлеңдерін, өтірік өлеңдерін, жұмбақ, жаңылпаштарын құрастырып, жарыққа шығарған «Піл неге жылады?» атты кітабы кімді болмасын күлкіге кенелтіп, қуанышқа бөлейтініне, кітаптағы дүниелердің біразын жаттап алып, айтып жүретініне күмәніміз жоқ. Балалардың шынайы ақындарының бірі – марқұм Асқаржан Сәрсек еді. Оның да кітаптары бастары құралып, біп том болып, шығып жатса, қанеки.

23

Қайсы- бір ақын-жазушының болсын немесе автордың топ жарған дүниелерін құрастырып, өз тараптарынан жақсылап безендіріп шығарып жатса ешқандай баспа, ұтылмас еді. Мен өз басым, өз аяғымен келген дүниелерді былай қойғанда, ғалымдарды да авторлыққа тартып, тапсырыспен кітап жаздыртып, ерекше көркемдеп шығарып жатқан «Аруна» баспасының өнімдерін сүйсіне, құлшына оқимын. «Баур», «Алматы- кітап» баспаларының да өнімдерін жұрт мақтап жатады. Кітап шығару мәдениеті жағынан асып түспесе, кем түспейді деседі. Бір ғажабы бұл баспалардың кітаптарға берген таралымы 10 мың, 15 мың данадан айналады. Соған қарағанда кітаптарының дүкендерде ұзақ жатып қалмайтынына, басқа басылымдардың өнімдеріне қарағанда, едәуір қымбат болғанына қарамай, жұртшылықтың тез алып кететініне сенімді секілді. Сапалы тауардың қашан да жолы болғыш келетіні ойға оралады.

Қазіргі өлшеммен алғанда, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақстандық авторлардың шығармаларының басылып шыққандағы таралымын айтсақ, адам нанғысыз. Қазақстанды өз уысында ұстаған тоталитарлық мемлекеттің кезінде үкімет оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақ ертегі, эпостарын, көркем әдебиет туындыларын миллиондаған таралыммен басып шығарған. 80-ші жылдардың бас кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген үштомдық жинаққа әңгімелер мен ертегілер, повестер енді. Авторы – сол кездегі танымал әрі көп оқылатын балалар жазушыларының бірі Максим Дмитриевич Зверев. Оның осыдан 14 жыл бұрын жазған туған жер табиғатына арналған шығармалары күні кеше жазылғанға ұқсайды. Алайда қазіргі балалар Бетпақдаланы емес, Сахараны көбірек таниды. 1956 жылы оның «Қанатты сыйлық» повесіне «Қазақфильм» киностудиясы балаларға арналған көркем фильм де түсірді. Тіпті Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің желісімен түсірілген Абдолла

24

Қарсақбаевтың фильмі Канн фестивалінде жүлдеге ие болды. Осы аталған туындылар бүгінгі Шрек пен Гарри Поттердан артық болмаса, кем болмас. Біздің алдамшы емес, шынайы мәдени мұрамыз осы!

Бүгінгі күні біз неге жеттік? Шыңғыс ханмен туыстығымызды дәлелдеуге ұмтылғанымызға ма? Қазақ халқы үшін бұл жаңа заманның жетістігі емес, себебі қазақтар бұрыннан-ақ өз ата-тегін ұмытпаған! Әлде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын «Қазақстандықтардың» санының өсуін мәдени жетістігіміз деп есептеуіміз керек пе? Түк те! Тіпті африкалық тайпалардың адамдары өз ана тілдерін ұмытпай, әлі күнге шейін сол тілде сөйлейді. Ал кейбіріміз оларды жабайы деп менсінбейміз де. Сонда олардың өз мәдени туындыларын сақтай алмағаны ғана үшін бе? Әзербайжанда сауда-саттықпен айналысатын орыстардың өзі әзер тілінде сайрап тұрады екен. Еш елде жоқ тіл мәселесі бар біздің елде бұл бөлек әңгіме.


ӨЗ ҰСЫНЫСЫМ МЕН ИДЕЯЛАРЫМ

Балалар әдебиеті оқырмандары дегенде – бесіктегі баладан, бесінші сыныпқа дейінгі оқушылар көзімізге еріксіз елестері сөзсіз. Себебі осы аралықтағы бүлдіршін, жеткіншектер – балалық шақтың нағыз тәтті кезеңін бастан кешіретіні баршамызға мәлім. « Баланы жастан» деп халқымыз бекер айтпаған, сондықтанда бар тәрбие- білімімізді осы аралықта баланың бойына дарытуды көздесек, еңбегіміз еш кетпейтіні анық. Ертеңгі ұрпағымыз бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, ұзын сөздің қысқасы, тереземіз тең, керегеміз кең елімізді алға жетелеп көркейту үшін саяси, мәдени, рухани тұрғыдан білімді болуы тиіс. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады, яғни болашақ жастарымыз, бүлдіршін- жеткіншектеріміз білекті болуымен

қатар, білімді болғаны да еліміз үшін аса қажет. Өйткені білім - адам баласының азығы. Сол себептен де балалар әдебиетін жіті

25

қадағалап,балаларға бағыт –бағдар беру әрбіріміздің міндетіміз.

Балалар - біздің болашағымыз, кемелді келешегіміз, бар байлығымыз десек қателесейміз. Ертеңгі ел үмітін ақтайтын, ел бірлігін сақтайтын азаматтар- бұл балалар, жастар!

Жиырма бірінші ғасыр- білім мен инновацияның дамыған заманы, барша халық сауатты десек артық айтқандық емес. Себебі бүгінгі алған асу – белестеріміз жетерлік, әсіресе балапандарымыз біздің үмітімізді ақтаған сәттері көз қуанып, құлақ естіп бір шарықтап қалатынымыз бар...


Дегенмен де әрбір заманның өзіндік бір шешімі табылмай жүрген мәселелері болады емес пе?! Бүгінгі заманның балалар әдебиетінде біраз қиындықтар бар екенін айта кетуім жөн болар осы орайда. Бірақ келісіп пішкен тон келте болмас , көп түкірсе көл дегендей, жұмыла көтерген жүк жеңіл болатынына мен сенім білдіремін. Бәріміз балалар әдебиетіне бір сәт көңіл бөлер болсақ, бұл мәселенің де оңтайлы шешімін табатынымыз шүбәсіз!


Балалар әдебиетінің проблемалары:

  • қазақ тіліндегі балалар әдебиеті басылымдарының аз ғана таратылуы (тираждың аздығы);


  • кейбір балалар оқулықтарында орфографиялық қателіктердің жиі орын алуы;


  • балалар әдебиетін арқау ететін қаламгерлердің аздығы;


  • балалардың әдеби кітаптарға деген қызығушылығын арттыру;


Ұсынысым және идеяларым:

26

  • Кітап

Көзі жұмыққа – арзан,

Көзі ашыққа – маржан- демекші, басты идеям- түрлі тақырыптағы қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар шығару. Тіпті өзге ұлттың балалары да қазақ тіліндегі кітаптарды шүлдірлете оқып, дәйім сол кітаптармен сусындаса – бұл нұр үстіне нұр болар еді. Ертегі болсын, я әңгіме болсын балаларды бір оқығаннан өзіне баурап алатындай терең эстетикаға бай кітаптар болса, салиқалы ой түйген бүлдіршіндіріміз бойына жақсы тәрбие сіңіреді деген ойдамын.


  • Ел іші – өнер кеніші. Алтын ұямызда өнерлі жастар баршылық, әсіресе ақынжанды жастарымыз балалар әдебиетіне ден қойса, өнерлі қаламгерлеріміздің де саны және сапасы көбейер еді.

  • Әдеби оқулық кітаптарды( хрестоматия ) бірінші сыныптан бастап балаларға ұсыну қажет. Ал үшінші сыныптан бастап архаизм сөздерді, қазақтың көнерген сөздерін бала назарына хабардар еткен дұрыс. Себебі, балалардың тілдік қорын байыту, мәдени сөйлеу арнасын қалыптастыру керек.



  • Балалардың ойы ұшқыр болуы үшін міндетті түрде жұмбақтар, неше түрлі баланың ойлау қабілетін арттыратын ойындардың да болғаны дұрыс кітапта.


  • Әр білім беретін орталықтарда ( мектептерде, балабақшаларда...) тек балаларға арналған шағын болса да кітапханалардың болуы тиіс.


  • Және әр аптаның сенбі күндері интеллектуалдық ойындар өткізіліп тұруы шарт.Сонда баланың оқуға деген құштарлығы, дайындығы одан

27

әрі беки түспек.

  • Әр баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтпау үшін айына 2 рет өзі ойынан шығарған зат болсын, не шығармашылығымен танысып, баға беріп отыру қажет.


  • Шындығын айтқанда, қазіргі кезде балалардың кітапқа деген қызығушылығы төмен. Сол себептен кітап шығару құқығын балаларға ұсынып, олардың да идеяларымен бөлісу керек.


  • Айына бір рет балалардың арасында өзара сайыс өткізіп тұру керек, әрине ол сайыс балалардың өздері шағын болса да ұнайтын тақырыпта кітап шығару секілді.


  • Баланың аты бала, ісі шала демекші, балаға міндетті түрде оқы, жаз деп отыратын үй ішінің бір мүшесін тағайындап қойған абзал. Және бала әр оқыған оқулықтарын талқыға салып дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп ажырата білуіне баршамыз көмектесуіміз керек. Сонда ғана ол ертеңгі болашаққа сеніммен қарайтын азамат бола алады.


  • Балалар әдебиеті оқулықтарындағы орфографиялық қателіктің жиі кездесуін тежеу үшін, арнайы балалар баспаханасын құру қажет. Және де ақындардың да сол баспаханамен бірге жұмыс істегені дұрыс.


  • Қолға қалам алған сәттен бастап балаға ертегілерді оқытқан дұрыс, қазіргі таңдағы ертегілерге тағы да ертегі санын көбейтер болса, баланың қызығушылығын арттырар еді.


  • Бірінші және үшінші сынып аралығында балалардың оқулықтарында тарихи маңызы бар даталардың болғаны дұрыс.

28

ҚОРЫТЫНДЫ


Әрине, қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің шедеврларын сақтау қажеттілігін бәріміз түсініп отырмыз. Тіпті сол мақсатта көрмелер де ұйымдастырылып жатқан жоқ емес. Алайда мұндай шаралар тек үлкен қала тұрғындарының аз бөлігін ғана қамтып отыр. Ауыл-аймақтарға жетпейді де. Бәлкім ондаған жыл өткен соң үкімет ақын-жазушылардың ұрпағынан туындыларды сатып алып, көшеде тегін таратып тұрар ма екен? Әлде жетім баланың күйін кешкен қазақ кітабы тастанды болып қала бермек пе?.... Біз осы сұрақтардың жауабын уақыт еншісіне қалдырған шақта, қыздарымыз «Мақта қыз бен мысықты», ұлдарымыз «Ер Төстікті» оқымай, Шрек пен Фионаны тамашалап жүре берері сөзсіз.

Сондықтанда қолда бар алтынның қадірін кетірмей, барымызды балалар әдебиетін көркейтуге жұмсасақ, ертеңгі болашағымыз, келешегіміз кемелді болары сөзсіз. Әрине бұл да үлкен еңбек, қажырлы күш! Мүмкіндігімізше келер ұрпақты әдеби-көркем сауатты өркендетсек, салиқалы ой түйген, қандай жағдай болмасын жауапкершілікпен қарайтын жас буынды тәрбиелеуіміз шүбәсіз!












29


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ тізімі

Сұлтан Қалиұлы – балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесінің жетекшісі


Қазақ энциклопедиясы, 2 том

























30

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!