Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Балғынбек Имашевтің айтыстары"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Балғынбек Имашев пен Қарлығаш Әубәкірова айтысы
Балғынбек:
Ия, Жасаған, Раббысы әлемдердің,
Мұсылман екенімді дәлелдермін.
Аса қамқор, ерекше, мейірімді
Алла атымен сіздерге сәлем бердім.
Мақтанам қазақия мекенімнен,
Мақтанам ұлтым қазақ екенімнен,
Қазақпын, ғажаппын деп, азатпын деп,
Мәңгі мақтанып өтемін мен.
Тәңірді әуел бастан бір деп танып,
Сабырдың қасиетін жете білгем.
Жәнібек, Керейлердің заманында
Шаңырақ көтергенмін жеке мүлдем.
Бұзбай «Жеті жарғысын» әз Тәукенің,
Алдағы армандарға жете білгем.
Айнымай қасқа жол мен ескі жолдан
Есеппен өткелдерден өте білгем.
Абылайды құтқарып тұтқындықтан,
Хандарға адал қызмет ете білгем.
Грузия, Қырғызстан, Украина,
Сұм саясат кеп жатыр шетеліңнен.
Патшасын елден қуған көршілерді,
Көргенде мұңға батып кетемін мен.
Өйткені, біздің қазақ желтоқсанда,
Қонаев кетпесін деп көтерілген.
Алдыңа балаң келіп ақтарды өлең,
Қазақ боп туғанымды мақтан көрем.
Адамзаттың тарихында мен білмеймін,
Халықты ғұннан биік, сақтан терең.
Алатаудың шыңынан сорғалайын,
Есентай өзеніндей аққан төмен.
Шешен тілмен шежіре шерт десеңдер
Жиырма ғасыр туралы ақпар төгем.
Жиырма жыл бұрынғыны айта алмаймын,
Өйткені қар астында қақпан көрем.
Бидай барған жеріне ұн болады,
Диірменді қай бағытта тартқанменен.
Ең алдымен, азаттық мәңгі болсын,
Алаштың аманатын артқан кемең.
Ақынның тілін ешкім тұсауламас
Шындықты айтпа деген шарттарменен
Айтыста айтылған сөз – атылған оқ,
Нысанаға тисе екен атқан жебем.
Желтоқсанда жақсы айтыс жасамасақ,
Жүрсіндей жазалайды Жаббар төрем.
Желтоқсан азаттықтың болды басы,
Алаңға шыққан екен арлы жасы.
Сібірден солдат әкеп таптатқанда,
Аппақ қарға төгілді қанды жасы.
«Оян, қазақ, оян» деп ақтаңдаған,
Дулатовтың аузының бар дуасы.
Оянбақ түгіл ұлтым комға кетіп
Тоналды қазағымның бар мұрасы.
Содан сексен алтыда бірақ тұрдың,
Елім-ау, енді қайтып қалғымашы!
Сабминнің басшысына сынақ болды,
Колбиннің жасап кеткен бар күнәсі.
Үш жыл бойы қазақты қан жылатты
Горбачевтің жіберген қаңғыбасы.
Сәбира, Ләззаттардың сіңлісі ғой,
Қасымдағы қазақтың Қарлығашы.
Қарлығаш, қабыландай қыз едің ғой
Ағаңның желкесінен қарғымашы.
Қонаевты аңдыған КГБ-дай,
Жездеңнің басқан ізін аңдымашы.
Отауың, орамалың құтты болсын,
Қай жігіттің майланды екен қанжығасы?
Тимеймін, тимеймін деп тиіп апсың,
Сүймеймін, сүймеймін деп сүйіп апсың.
Түркістанның келіні боламын деп,
Бір камаз мақтасын да жиып апсың.
Уәде бұзып басқамен кетіп қалдың
Осы жерің Қарлығаш қиын-ақ шын.
Осы жолы тағы да келін іздеп,
Бишара Бекарыстың миы қатсын.
Қарлығаш:
Күйеуге тиіп алдым, рас
Жөн айттың мұны жайлы ағам.
Бекарыс келін қылам деп,
Салып еді біраз байбалам.
Інімді асырайсың деп,
Тілімді және байлаған.
Айтысқа қатыспайсың деп,
Мазамды алып қоймаған.
Бәріне өзі кінәлі
Ертерек салған байбалам.
Келінсіз қалып, ал бүгін
Салып жүр дейді ойбай ән.
Бекарысқа да обал шын,
Тілегім енді жол алсын.
Болам деп елге жар салып,
Бола алмай қалған қайны ағам.
Бісміллә, сөзді бастайын
Шақырып ойды сабырға.
Ақсақал, абыз Алатау,
Ақ сәлемімді қабылда.
Ақбөкендейін қызың ем,
Ойнақтап шығар адырға.
Сексен алтыда туған соң,
Қайсарлығы бар қанында.
Қарындасымын Қайраттың,
Қарсы да жүзер ағынға.
Сіңлісі едім Ләззаттың,
Елі үшін түскен жалынға.
Арқалап жүрмін ақ арман,
Азаттықтың ақ таңында.
Иншалла, ел боп егемен
Отыр деп ханым тағында.
Басыңнан жұртың аумасын,
Ендігі байсал бағың да.
Сақталсын десең төл ғұрпың,
Еңсесі биік ел-жұртың.
Құдіреті күшті Алланы-ай,
Құлшылығыңнан жаңылма!
Балғынбек жезде, қалайсыз?
Қадірін елге білдірген.
Балдыз деп сүйген маңдайдан,
Айналдым жезде үлгіңнен.
Жабырқағанды жұбатқан,
Жылаған жанды күлдірген,
Балдай боп кепсіз тағы да
Диюдей шыққан үңгірден.
Абайла, балдыз кетпесін,
Диюді байлап шынжырмен.
Екпініңнен жел тұрып,
Жеткенің тұшып желпініп,
Оқыстан құлап байқамай
Жер сүзіп жүрме мұрныңмен.
Балғынбек:
Дейді ме Балғынбекті дию, дию
Диюің болып кетті ию-қию.
Дию болсам шапанды кимес едім,
Оларға керек емес киім кию.
Дию дейсің, мен жалғыз емес едім
Қолымыздан келеді сүю-күю.
Әуеніңде адамды қоздырады,
Еркелеген мысықтай мию-мию.
Бірақ дию болудан қорынбаймын
Оларда мінезі жоқ Қарынбайдың.
Сараңдық болмаған соң қызғаныш жоқ,
Еш жерде еш нәрседен тарылмаймын.
Қайда жүрсем жақсының жанындамын
Жаманға іздегенмен табылмаймын.
Дию болсам жақсы ғой, сенің жаным,
Бір емес үш тілегіңді орындаймын.
Жол сұрасаң бұл жерде жеңілейін,
Бірақ та тіл мен жақтан жаңылмаймын.
«Бәйгеңді бер» десең де тілегіңді,
Екі ауыз сөзге келмей қабылдаймын.
Қаласаң желтоқсанда Қайратқа ұқсап,
Мұз үстінде алау болып жалындаймын.
Диюдің әміршісі өзің ғана
Жюри мен Жүрсіндерге бағынбаймын.
Қарлығаш:
Балғынбек жезде еліңнің
Еркелеп жүрген ұлы едің.
Дию болып бүгін деймісің
Қыламын балдыз тілегін.
Ниетіңе алғыс, бірақ та
Хақ жолы еді тірегім.
Жындардан тілек сұрамас,
Иманға ұя жүрегім.
Болса да тілек ерігі,
Қайтейін дию-періні.
Құбылаға бет бұрған,
Құдайдың ғана құлы едім.
Қарлығаш көңіл қанат қақ,
Қиялмен көкке самғайын.
Дию жездемнің тілегін
Қабыл алып,
Жаңылып бүгін қалмайын.
Жындарға еріп, ағайын,
Шын жақсы болмас жағдайың.
Хақ жолмен жүрген ел-жұрттың
Тірлігі болар балдайын.
Болған соң құлы құдайдың
Қол жайып әр кез сұраймын:
«Әрнеге емес, елімнің
Сәждеге тигіз маңдайын».
Балғынбек:
Дұрыс қой, бір Аллаға сыйыныңыз,
Тіліңе кәлиманы үйіріңіз.
Жездеңді жын десең де, не десең де
Маған қарай бұрады бүйіріңіз.
Дию да сол Алланың құлы емес пе,
Сондықтан маған қарап жымиыңыз.
Орындай алмағанды күйеуіңіз,
Орындап жібереді диюіңіз.
Дұрыс қой, Жаратқанды ұлық қылдың,
Иманды қыз екеніңді ұғып тұрмын.
Жездеңе диюсың деп өзің бастап,
Әзілді мойынға іліп құрық қылдың.
Құдай саған тікелей келмейді ғой,
Мен сенің ойларыңа күліп тұрмын.
Жарылқайды пендесін құдай өзі,
Себебін келтірер деп тынып тұрмын.
Сен мені құдайсызға жатқызбағын,
Иманым судай таза, тұнық құрбым.
Алланың әмірімен айналайын,
Алладиннің шамынан шығып тұрмын .
Өзіңмен сахнада кеңескенім,
Секілді сандуғашпен сөйлескенім.
Сен мені жын десең де, кім десең де,
Көзіме періште боп елестедің.
Байқаймын ауызыңда жалғыз Алла,
Көремін біліміңнің көп өскенін.
Біз енді тақырыпқа барайықшы,
Жарамас қыз баламен егескенім.
Кешегі Кеңес үкіметі заманында,
Қазағым, басыңыздан не кешпедің?
Шындығын желтоқсанның айта алмадық,
Қайықтың еспей қалам неге ескегін?
Желтоқсанның арқасы азат болып,
Терезең басқаменен теңескенің.
Осы жайлы, Қарлығаш, не айтасың?
Жиғызшы мына жұрттың сен естерін.
Сексен алтыда туылдым деп жаңа айттың ғой,
Құрдасы желтоқсанның емес пе едің?
Қарлығаш:
Татсам да дәмін талай кем-кеміктің,
Ел дегенде ерекше ерленіппін.
Халық десе қан тарап тамырыма,
Өмірімді неліктен ел деп ұқтым.
Құдайың құдіреті ме сол бір жылы,
Шыр етіп дүниеге мен келіппін.
Ағаларым кеткенде о дүниеге,
Орынын бұл дүниеде теңгеріппін.
Анамның аппақ сүтін еміп жатып,
Желтоқсанның желінде тербеліппін.
Балғынбек жездем едің ырықталған,
Бір жайды айтам сізге сұрыпталған.
Желтоқсанның ызғары емес пе еді,
Құрсауын империяның бұзып салған.
Құлқынға құлдық ұрған имансыздар,
Ұлтыңның ұл-қыздарын қырып салған.
Жұлқынған жастарыңның жүрегінде,
Азаттық деген асқақ тұрыпты арман.
Біз секілді жастар сонда қанға бөгіп,
Сіз секілді үлкендер бұғып қалған.
Біздей жастар бостандық деп ұрандаса,
Сіздейлер ауызына құлып салған.
Араша айтуға да жарамады,
Мансап пен жылы орынға қызыққаннан.
Сол күндегі көреміз сатқындарды,
Бүгінгі төрде отырған ұлықтардан.
Көрдіңіз бе желтоқсан жан-жарасы
Қылтандай тамағыңа тұрып қалған.
Желтоқсан елдігіңнің ақ парағы,
Ұлтымның ұяты боп ұйып қалған.
Балғынбек:
Қарлығаш жалғаны жоқ шын айтады
Көңілді көп жағдайлар мұңайтады.
Тәуелсіздік кезінде туған балдар,
Неліктен үлкендерге сын айтады.
Қарағым, ол заманға өкпелеме,
Өзіңе жездең біраз сыр айтады.
Күн көсем дінді алып дінсіз қылды,
Сондықтан түсті бізге құдай кәрі.
Сталин, Алашорда басым алды,
Өлексеге тоймайтын құмай тазы.
Хрущев тың игеріп, тілді құртты,
Себебі ақиқатты тіл айтады.
Брежнев өзі түгіл елді алжытты,
Аузында болмаған соң бір айтары.
Чернинка, Андронов шырмап тастап
Қазағымнан жоғалды шырай тағы.
Қадамына Алла шөп шығармаған,
Горбачевтай келді ғой сұмырай тағы.
Мәскеуге құбыладай бет бұрғандар,
Таскеуде боп жастарға мін айтады.
Әтпесе, нар кескендей намысты ұлды
Нашақор, маскүнем деп кім айтады?
Сол кездегі сатқындар сайтандай бір,
Жазығы әлі күнге байқалмай жүр.
Жастарымды жазалап соттағандар,
Күнәсін қанмен жуып қайтармай жүр.
Зиялының мінезі таныс мінез,
Барыс мінез ешкімнен байқалмай жүр.
Сол ұлықтар қанды қол Колбин түгіл,
Нұр ағама ақиқат айта алмай жүр.
Қарлығаш:
Желтоқсандағы ызғардан
Іркіліп қалды-ау ізгі арман.
Айтылмай ащы шындықтар
Санамда салқын сыз қалған.
Таланған итке қыздар-ай,
Тасмаңдай тағдыр жылатқан.
Көгінде қарап тұрғандай,
Желігін желпіп жұмақтан.
Қаһарман туған Қайраттай,
Ағамды көрдім түсімде.
Өлімге байлап берді-ау - деп
Өкпесі жүрген ішінде.
Қызыл қан аққан желтоқсан
Аждаһа өңеш түрмелер.
Жаназалары оқылмай,
Көмусіз қалған мүрделер.
Қасқыр – ит, шоқпар – сұр шинел,
Маңдайға тиген керзі етік.
Жығылды, тұрды, жас қазақ,
Сынбаған рух, еңсесі.
Жабам деп қанды жердегі
Ақша қар жауған аспаннан.
Осылай азаттығымыз
Жиырма жыл бұрын басталған.
Аңсатып жеткен далама,
Тыныштығыңды елім бағала.
Тіл менен көзден өзіңді,
Сақтасын Алла тағала!
Балғынбек Имашев және Айнұр Тұрсынбаева
Балғынбек:
Бастайын өлеңімді бісмілләдан,
Бабалар бісмілләсіз іс қылмаған.
Еуро Одаққа төраға боламыз деп,
Жақсылықтан бір хабар ұшқындаған.
Қазақтың ән мен күйін адам түгіл,
Жүгірген аң мен ұшқан құс тыңдаған.
Бұл жерге күні кеше ғұндар келіп,
Оған қарсы ешқандай күш тұрмаған.
Кешегі Еділ патша Париж түгіл,
Римнің бабасына да пысқырмаған.
Шыңғыс ханның нояны Жебе мерген,
Қағанның басынан құс ұштырмаған.
Мысыр барған Бейбарыс мысын басып,
Крест таққан жорықты мысқылдаған.
Исаны құдай дейтін елге келіп,
Құранды құлағына қыстырмаған.
Інжілді де бұрып ап ібілістер,
Тәңір жасап алыпты үш тұлғадан.
Армысың, Еуропалық мұсылмандар,
Көре алмай үш балдары іш тырнаған.
Барлығының тамыры Өр Алтай ғо,
Осы жерге әкемді ұшқыр заман.
Сіздермен табыстырған тәубе деймін,
Әсер етті Париждегі үш күн маған.
Қош құшақты айқастырып,
Алтай болып сіздерді құшсын балаң.
Атқанда қазағымның азат таңы,
Сәлем айтты, Қазақстанда ғажап бәрі.
Қазақтар Орта Азияның көк бөрісі,
Француздар Еуропаның қазақтары.
Ақындар Еуропаға еппен кірсін,
Біз едік жырдан шашу төккен жыршың .
Армысың, қандастарым, тарыдай боп
Шашырап ата жұрттан шеттеп жүрсің.
Еуропаға айтысты әкелсек деп,
Армандап жүруші еді көптен Жүрсін.
Амангелді, Өмірзақ ағаларым
Асықпа дегендей көктем кірсін.
Армысың, ай келбетті, Айнұр ақын
Көңіліңді тәңірім көктем қылсын!
Бабалар ат ойнаған Еуропада
Қазақтың айтысы да көктеп жүрсін.
Ту алып айтыс деген қолыңа сен,
Қуанып Парижге де қош кеп жүрсің.
Су алып Сарыағашты жатқан кезде
Синаның жағасында не істеп жүрсің?
Айнұр:
Жаратқан өзі жар болып
Жаңылмас тіл мен жақ берген.
Тарту ғып таудай талапты,
Бармақтай қылып бақ берген.
Армысың, қазақ қандастар,
Айтысымызға тап келген.
Ақ сәлемімді қабыл ал,
Атамекеннен алып келген.
Жат жерде жүрген жақынмен,
Дидарласуға құштармын.
Синада не істеп жүрсің деп,
Айтпашы сөзін дұшпанның.
Сағыныш сазын әкелдім
Туған жердегі құстардың.
Шекара асып сіздерге,
Сәлемін алып ұшқанмын.
Мауқымды басшы иіскеп,
Қуанышпенен құшқан күн.
Көлеммен орап әкелдім,
Жусанын Қазақстанның.
Алла деп келдім алдыңа,
Алғашқы күні көктемнің.
Ұлтының қамын ойлаған,
Ұрпағы едік қой текті елдің.
Бұл жаққа неге келдің деп,
Жөні жоқ айтқан өкпеңнің.
Шапалағыңды сағынып,
Шалғайдан ұшып жеткенмін.
Сұлу Синаның бойына,
Аққуың болып кеп қондым.
Ғұнда да үлкен қауын бар,
Алыста жүрген бауырлар,
Көк байрағымның астына
Жиналса екен деп келдім.
Балғынбек:
Бабамның ізі қалған Венада да,
Бабамның ізі жатыр Женевада.
Көк байрақты қазақты жинасам деп,
Аққу боп қондым дейсің Сенаға да.
АҚШ пен Еуропа елеңдеген,
Олжас құрған Семей мен Невадаға.
Президент полигонды жауып берген,
Қиянат болмасын деп Жер Анаға.
Айнұр сөзін қоштаймын мен, қандастар,
Мүмкіндік болса қайтқын Ел Анаға.
Айнұрменен жарасып сахнада,
Қазақ әнін салмаймын неге ғана.
Еуропа рыцарындай Айнұрыма,
Мен сізге айтып берейін серенада.
Мадмазел қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Мадам боп қалыпсың бұл күнде,
Төрінде Париждың сайраған.
Нұр бейнелі қазақ халқым,
Болашағың кемел жарқын.
Қандастар-ай, сен өткірсің елім,
Дәл алдаспандай,
Сен өткірсің елім,
Дәл алдаспандай.
Тартқанмен жазғанын тағдырдың,
Тарыдай шашылдың, қаңғырдың.
Азықты әр жерден тапқанмен,
Қазықты жұртыңда қалдырдың.
Бойында Сенаның
Айтайын ел әнін.
Шәмшідей ұлы қазақтың,
Шырқайық кел әнін.
Көшкен ел бір түнде
Қайдасың бұл күнде?
Сені іздеп нарларым
Парижді шарладым.
Сені іздеп нарларым,
Парижді шарладым.
Табысқан туыстар сияқтанып
Жүрейік жан сырын жиі ақтарып.
Жол жаққа қарайын, сен жоқсың, ағайын,
Ел жаққа келем деп ең,
Біз жүрміз елеңдеумен.
Жол жаққа қарайын, қайдасың, ағайын
Отанға келем деп ең,
Қазақ жүр елеңдеумен.
Айнұр:
Мадмазел деп Айнұрға,
Сен қалай-қалай заулайсың.
Напалеон дер ем мен сені,
Қай елді бірақ жаулайсың.
Дортонян деп тиісер ем,
Серенадаңмен баурайсың.
Депарде деп қағытсам,
Күлкімен көңіл аулайсың.
Сен бірақ ірі тұлғалы,
Біз үшін Алатаудайсың.
Француздардың елінде,
Сұлу Париждің төрінде,
Қазақтың даңқын көтерген,
Қажымұқаннан аумайсың.
Жүзден жүйрік ақынның
Алдыңа келдік сегізі.
Ринат пенен Бекарыс
Қара өлеңнің теңізі.
Аян менен Жандарбек
Айтыстың қос егізі.
Нұрмат пенен Сараның
Балдан да тәтті лебізі.
Айнұр қыздың аузының
Салымы бар-ау негізі,
Себебі сегіз ақынның
Тап келді маған семізі.
Кәрі құрлық кешегі
Еуропа кімге арман жер.
Атын ойнатып атақты,
Аттила патша барған жер.
Әуелетіп Әміре,
Әсем әнін салған жер.
Қажымұқан бабамның
Атағы жерді жарған жер.
Мұстафа Шоқай атамның
Жүрегі оттай жанған жер.
Туған жерге жете алмай,
Төмпешік болып қалған жер.
Балғынбек:
Намысы наркескендей бөрікті ұлдың,
Біреуін сахнада серік қылдың.
Қажымұқаннан аумайсың деген жаңа,
Мақтауыңа майдай боп еріп тұрмын.
Апырай, олай болса Айнұр қызды,
Томириске теңемей неғып тұрмын.
Напалеон емеспін, Шыңғыс ханның
Бас сарбазы Мұқатай болып тұрмын.
Дортонян, Партос емес сен айтыста
Қабанбай, Бөгенбайды жолықтырдың.
Қарақыпшақ Қобыландының ұрпағы еді,
Ар жағыңдағы Жүкеңе де сеніп тұрмын.
Енисей алаңында отырсам да,
Енисейдің аңғарын көріп тұрмын.
Париждегі Ейфелге еңкейместен,
Күлтегіннің кейпінде келіп тұрмын.
Көрген соң Күлтегіннің өңі-кейпін,
Уайым құртын айтайын миды жейтін.
Бұл жерді қазақ алса көресіздер,
Көшпелі өркениеттің өр кейпін.
Арғысын айтпай, берісі Шоқай жатыр
Байтұрсынов Алаштың ері дейтін.,
Бабалар бұл жерді де мекендеген
Өзі өлгенмен, Алаштың рухы өлмейді.
Ешқашан Отанынан жерімейтін,
Өлмеген рухыма тәубе деймін.
Көргенде Еуропаның өлі кейпін,
Біз бүгін Парижге де келіп тұрмыз,
Кешегі рыцарларды сері дейтін.
Ең ескі көпірлерін жаңа дейтін,
Бізбен құрдас құрлықты кәрі дейтін.
Жақыны өліп қалса жыламайтын,
Евросы бітіп қалса еңірейтін.
Еуро Одақ валютасы дегенменен
Оны да ойлап тапқан еврей-тін,
Әлхамдулила 15 миллион біз, қазақпыз,
Қанша қырып жойса да кемімейтін.
Енді саған иман мен бірлік керек
Қазағым, бөлінгенді бөрі жейтін.
Айнұр:
Жүректен шыққан назымды,
Қайтейін айтып бөтенге.
Өзге елде сұлтан болғанмен,
Өз Отаныңа жетер ме?
Бойыңа байлық жиятын,
Жарты Еуропа сиятын.
Қазақтың байтақ даласы,
Қаңырап жатыр бекерге.
Мұндағы біздің бауырлар,
Күн көріп жатқан шет елде.
Тар жерге босқа тығылмай,
Қайтсе екен атамекенге.
Еркіндік алып бұл күні,
Ел болып қалдық қатарлы.
Ел-жұртым қалды қуаттап,
Ағайын осы сапарды.
Алатау қалды сендерге
Бердім деп мен де батамды.
Өр Алтай қалды мұңайып,
Сағындым ғой деп ботамды.
Алыста жүрген, ағайын,
Ұмытпай апа-атаңды.
Жүрсең де қандай биікте,
Ойлай жүр туған отанды.
Балғынбек Имашев пен Еркебұлан Қайназар («Мәңгілік Ел – мұратым!» атты республикалық ақындар айтысы) «Алтын домбыра»
Балғынбек:
Иншалла, сөз айтайын ел қалайтын
Айтыстың тарихына таңбалайтын.
Тәңірге тәуекел ғып топқа түстім,
Адамға ғайып нәрсе Алладайтын.
Армысың, аңғал қазақ тақымына,
Ортасында жүрсе де Кекілбаев,
Жетпіс беске келгенін аңдамайтын.
Әбіш ағам секілді нар тұлғаның,
Еңбегі халыққа айқын, ханға да айқын.
Алты ай бұрын білсе де қыс келгенін,
Қар жауғанша етігін қамдамайтын.
Жалғыз жесе бойына ас батпайтындай,
Қонақ келіп қала ма деп жол қарайтын.
Той десе қу бастары домалайтын,
Айтыс десе аяғы жорғалайтын.
Шайға қосқан халвадай талғамы зор,
Тайға басқан таңбадай арманы айқын.
Мәңгілік ел болуды мұрат еткен,
Бармысың, барыс елім, бағдары айқын.
Азаттықтың бақытын халқым құшқан,
Ол бақытқа қызығар әркім тыстан.
Иншалла, бірлігіміз бекем болса,
Дұшпаны кіре алмайды, бәлкім, тұстан.
Аллаға шүкір, Астана салып алдық,
Қорықпай қарлы боран, салқын қыстан.
Алматы Қонаевтың қолтаңбасы,
Рухани астана – ол Түркістан.
Бұл айтыста Түркістандық екі ақын бар,
Бір қияның қыраны әр қырға ұшқан.
Біріншісі – Бекарыс баһадүрім,
Айтыста ауызынан алтын құсқан.
Екінші, жанымдағы Еркебұлан,
Сайыста мықтылармен сан қырқысқан.
Мұржа құсап сұрықсыз сиқы мынау
Қонышы тар мәсідей балтыр қысқан.
Шәкіртім, інім, әрі бажам еді,
Алдымда тілін тістеп, артын қысқан.
Бажамды жарнамалап қояйыншы,
Көрінер бағы жанып жарық тұстан.
Кезегіңді ала ғой, Еркебұлан,
Ибн Қаңлы Қайназари әл-Түркістан.
Зәулім-зәулім ағашқа
Асылайық Еркош-ай!
Нұр Отанның жақсысын
Асырайық Еркош-ай!
Сен емес пе, маған теңдес,
Шаруа барма қолдан келмес
Айтысайық Еркош-ай!
Айтысайық Еркош-ай!
Алтын тұрса адам сенбес,
Көкпар тартса алтын серкеш,
Тартысайық Еркош-ай!
Тартысайық Еркош-ай!
Мырзатайдай ағаңның,
Жаны емес пе ең Еркош-ай.
Одақтағы Жүрсіннің,
Замы емес пе ең Еркош-ай.
Ермановқа ерген өзің,
Бейнетіңе көнген өзің,
Айтысайық, Еркош-ай (2 рет)
Саған берсе, маған бермес
Маған берсе, саған бермес.
Әттең тонның келтесі-ай!
Маған берсе, саған бермес,
Оған Жүрсін ағаң көнбес.
Әттең тонның келтесі-ай!
Еркебұлан:
Балғынбек ибн Имаш әл-Жоламан,
Жалайри шайрих хан,
Айтысқа келген кезде тақия киіп,
Мешітке барған кезде сәлте ораған.
Сен бұрын олқы-солқы жүруші едің,
Миллиондап ақша алсаң да сан додадан.
Соңғы кезде шикарный жігіт болдың,
Сауатың ашылғалы сән-модадан.
Талғамыңның қасында мына сенің,
Баян Есентаева да жолда қалған.
Шапанды қырғыздарға заказ беріп,
Етікті алдырасың Монғолиядан.
Бірақ ол әйеліңнің арқасы ғой,
Болсыншы үйіңдегі сол жан аман.
Қайны апам қанттай қылып жіберіпті-ау,
Астана жасағандай Ақмоладан.
Ғасырға жүк болғандай бастамасы,
Қазақтың не көрмеді қасқа басы.
Қазақия дейтұғын қарияның,
Астана енші алмаған жас баласы.
Бұған дейін бар еді он төрт ұлы,
Бір-бірімен тетелес жас шамасы.
Құдай өзі дәулетті қылып қойған,
Бай еді батыстағы қос баласы.
Түстікте үш баласы егін егіп,
Арқада алтын қазған бес баласы.
Тағы екеуі теріскейде астық орып,
Әлемге жетуші еді асханасы.
Дәуіттің Сүйлеймені секілденіп
Бір күні туды тағар ас баласы.
Ассалаумағалейкум, аманбысың,
Байлығы батпан елдің бас қаласы.
Он төрт ұлдың айлығын ортаға сап,
Базарлатып сап жатқан астанасы.
Салып ап жүрісіне жорға бөктің,
Мен талай азаттықты толғау еттім.
Атыңнан айналайын, Алтын домбыра,
Мен жоқта екі бірдей қолдан өттің.
Алдыңғы жыл келем деп келе алмадым,
Бастығым сызып тастап жолда кеттім.
Былтыр да шақырусыз қалғаннан соң,
Аттың жалы атаммен қомда кеттім.
Түйенің де толғағы бір келер деп,
Осы жылғы айтыстан мол дәметтім.
Ағайын, құшақ жайып қарсы алыңдар,
Сендер үшін мен талай тордан өттім.
Қаланың тіршілігін білесіздер,
Түзу жол жабылып қап оңға кеттім.
Үйімнен үш жыл бұрын шығып едім
Кептеліп Конгрес-холлға зорға жеттім.
Молдаша сөйлесейін молдалармен,
Қызыл тілдің жебесін суырғанда.
Адам Ата, Хауа Ана жаралғалы,
Бес күндік тіршілікте тыным бар ма?
Оларға да қамқоршы болған Алла,
Жемісін жеп Жәннаттан қуылғанда.
«Алла» деп аламанға түстім бүгін,
Белімізді бекемдеп буынғанда.
Мұсаға да қамқоршы болған Алла
Перғауынның әскері қырылғанда.
Исаға да қамқоршы болған Алла,
Мәриямдай пәк қыздан туылғанда.
Ол Алла Мұхаммедтің сүйеніші,
Нәби болған нұрына жуынғанда.
Мен де сол соңғы елшінің үмбетімін.
Адам көп алтын көрсе жолдан тайған,
Мен бірақ тая алмаспын жуыр маңда.
Бірақ та көзімменен бір көрейін,
Аспабым алтынменен құйылғанда.
Айтып-айтып кетейін айтарымды,
Олжамның өзі жетер бұйырғанда.
Кедей де кеуде соғып сөйлемей ме,
Байып кетіп алтынның буы ұрғанда.
Қажеке, тойға келсек жар саласың,
Кім келсе де әнменен қарсы аласың.
Сегіз қырлы, бір сырлы жігітсің ғой,
Лайым өнеріңіз шаршамасын!
Рамазанда отыз күн ораза ұстап,
Құрбан айтта ниет қып мал шаласың.
Шариғи шарттарыңыз біте салып,
Қайтадан жан бағуға жан саласың.
Тойға барып, келіннің бетін ашып,
Той түгіл айтыста да ән саласың.
Осының арқасында жұлдыздардың
Жұмыссыз қалдырдыңыз қаншамасын.
Соңғы кезде бағаң да платный,
Бизнестің таптың-ау әр саласын.
Алла жазса келер жыл той жасаймын,
Бала-шағам бір тойды аңсағасын.
Қонақ қылып шақырсам келмейсіз-ау,
Өйткені уақытың жоқ нан табасың.
Молдеке, ставкаңды айтып жібер,
Бір бала сүндеттеуге қанша аласың?
Балғынбек:
Бажеке, алтын екен қиял әнің,
Шарықтап қай жерлерді қияладың.
Қазір менің тұрақты жұмысым жоқ,
Сондықтан тойға заказ жиі аламын.
Ат қойып, бата беріп, бала пішіп,
Әркімнен ілтипат пен сый аламын.
Айтыста бата берсең қой береді,
Азан шақырып ат қойсам бие аламын.
Күйеуге тиіп кет деп бата бердім,
Бұйырса Жансаядан түйе аламын.
Саған ставканы айтқан ыңғайсыздау
Қиын болыпты кредитқа үй алғаның.
Ұятты жерді кесетін болғаннан соң,
Пәлен-түген деуге де ұяламын.
Қалтаңдағы теңгеңді қағып алсам,
Өз үйіме қалайша сыя аламын.
Отвечать деп қарызға да піше берем,
Көңіліңді қалай сенің қия аламын.
Бір айтыста екі клиент тауып бердің,
Бергеніңе шүкір, ия Раббым.
Пенделер әлсіз болып жаралғандар,
Құдайдан қорқу менен Ата Заң бар.
Елбасының жолдауын айтайыншы,
Ел болуға онда үлкен қадамдар бар.
Астана күн болғанда жан-жағына
Нұр болып шашырайтын тарам жолдар.
Нұрлы жол, алып жолы, даңғыл жолы,
Бірігеді сан тарапқа таралғандар.
Баспана мәселесін айтқан кезде,
Шаттықтың үні естілді қоғамнан дәл.
Енді соны жүзеге асыратын,
Үкіметте көп болса екен адал жандар.
Жас жанұя тезірек үйін алсын,
Үй салып, жерін алсын оралмандар.
Жолдауды түсіндірмей-ақ қойыңдаршы,
Шетінен шекпенділер, шабармандар.
Халық бәрін түсініп біліп отыр,
Тек қашан жүзеге асады хабарлаңдар.
Айтатыным Құдайдан қорқыңдаршы
Ханды сыйлап, халықтан пара алмаңдар.
Жетім-жесір қарттардың несібесін,
Құдай көрмей тұрғандай жеп алмаңдар.
Ұры менен жемқордың, парақордың
«Жазасы – қолын шабу» - деген заң бар.
Құдайдың да заңы осы, Қытайдың да
Ендеше өздеріңе көп алмаңдар
Көп адам шолақ болып қалар еді-ау,
Шариғаттан алынса егер заңдар.
Елдің сүйгені, үлкені үйдегі
Менің тұңғыш Елбасым, есім білгелі.
Нұрлы жол салып көркемдегені
«Мәңгілік Ел» боламыз елдің дегені.
Әңгімесі ауылдың,
Елбасының жолдауы,
Ағайын мен бауырдың
Керек қолдауы.
Ешқашан егес бастаған емес,
Мәсімовті қасынан тастаған емес.
Түр-тұлғасы, біздің Елбасы
Астанамыз мәңгілік елдің ордасы!
Әңгімесі әр үйдің,
Елбасының жолдауы
Орындалсын сәбидің
Асыл арманы!
Әңгімесі қырғыздың – Елбасының беделі,
Атамбаевтың атадан сол ғой керегі.
Әңгімесі Ислам Каримовтың -
Нұр ағамның беделі,
Мойындауы емес пе дана дегені?!
Әңгімесі Түркмен басының -
Елбасының еңбегі
Сондықтан ғой құрметтеп, атақ бергені.
Еркебұлан:
Бұл бажаң бал жалаған аю болды,
Мақсаты бата беріп, баю болды.
Алуға ұяламын деп тұр еді,
Аяқ жағы алақан жаю болды.
Басым аман тұрғанда, барында ми,
Береді-ау талант пенен дарын дами.
Уа, Бәке, үй жайында сөз қозғасам,
Ойнайды жанымда жыр, қанымда күй.
Құдайдың құдіретін көрмеймісің,
Дегендей қайратыңды сабырға қи.
Ит баққан дөкейлерде алтын сарай,
Көп балалы қазақтан тарылған үй.
Елбасының жолдауын естіп алып,
Алғыларың келіп жүр-ау бәрің жаңа үй.
Алам десең жетеді Астанада,
Зәулім-зәулім, сәулетті қабырғалы үй.
Сол жағада солтүстік шұғыласы
Ырыстының ырқына бағынған үй.
Одан артық болмаса кем болмайды,
Дәл осы Конгрес-холдың жанындағы үй.
Олардан да биік боп шығады дейді,
Сығанақ көшесіне салынған үй.
Жетпіс жеті атамыз көрмей кеткен,
Сексен сегіз қабатты Абу-Даби.
Елбасы да білгесін айтады ғой,
Жастарым жүр дәл қазір жарымжан үй.
Көк аспанға бастарын тіреп тұрып,
Қазақтарға жетпейтін неғылған үй.
Деп жүрген «Мәңгілік ел» Мұратов еді,
Патшаның бастамасы бұл ақыл еді.
Жолдауды жол салудан бастағаны,
Көп қазақтың көңілін жұбатып еді.
.
Мен оған бір-ақ дәлел келтірейін,
Кейіпкерім Жүкеңдей ірі ақын еді.
Анау-мынау нәрсеге селт етпейтін,
Бұл кісі бос жолды ұнатып еді.
Өйткені, өзі қалада тұрғанменен,
Туыстары ауылда тұратын еді.
Ауылға салған жолды көрген кезде
Депті ғой Елбасына-ай «рахмет».
Дәл осылай көп қазақ қуанып жүр,
Жүргендей жол салуға дұға тілеп.
Әтпесе бұл қазақтың даласының,
Кеңдігі сұрапылдан сұрапыл еді.
Түстік пен теріскейдің екі арасы
Кемі үш-төрт мың шақырым шығатын еді.
Ат түгіл, арба түгіл, аралауға
Көліктің де жетпейді қуаты көп.
Көлік түгіл Алтайдан Атырауға
Аюлармен жетуде де бір ақырет.
Ақсиса, қызылсиса, сиса, сиса
Сисадан да көрейін қиса туса.
Бұл күндері мейрам көп бұл қазақта,
Бәрін айтып көрейін ұйқасымша.
Ораза айт бен Құрбан айт деп білеміз,
Ет пенен бауырсақтың иісі атылса.
Наурызда ақындарым жыр сапырса,
Сегізінші март күні гүл сатылса.
Сәуірде күлкі күні сауық-сайран,
Мамырда майданымның бұлты ашылса.
Маусымда балалардың мерекесі,
Қаланың туған күні шілде артынша.
Тамызда Ата Заңның туған күні,
Қыркүйекте білімнің құлпы ашылса.
Қазанда қарттар күні, қарашада
Теңгенің туған күні пұл шашылса.
Желтоқсанда бар еді екі мейрам,
Ұл туса Елбасыдай ұлша туса.
Бірақ та азаттықтың мейрамының,
Жарнамасы болмай жүр сипатынша.
Жарнама оған қалай болсын енді,
Алдында туған күн деп Иса тұрса.
Сенбесеңдер көшені көріңіздер,
Көк шырша, жасыл шырша, шырша, шырша.
Азаттығым еліме жар сап келсін,
Қалың ел қарашадан қар сап көрсін.
Шыршалардың барлығы сыпырылып,
Орнына көк байрағым самсап берсін.
Шет жерде қорқып жүрген қаракөздер,
Көргенде өз елдерін аңсап келсін.
Тойларыңа тілегім осы болды,
Ал, енді музыкантым ән сап берсін.
Балғынбек:
Дүние қарап тұрсам шолақ екен,
Адамдар бес күндікке қонақ екен.
Астанада үй қанша биік болса,
Бағасы соған сәйкес жоғары екен.
Шумақтарым шым-шымыр болғанменен,
Бұл бажам жалған қосып соғады екен.
Ол үйлерді қазақтар да ап жатыр ғой,
Қалталы кей біреуге одан бекем.
Қазақтың астанасы қазақтікі,
Бұйырса қаракөзге толады екен.
Үй-жайды кеше де айттың, бүгін де айттың,
Арман жазған шумағың көп-ақ екен.
Кірпіштей ғып қалапсың әр сөзіңді
Айтыста айтпай кетсең обал екен.
Үй-жайды айтқан шумағыңды жиып-теріп,
Бір үй соғып алуға болады екен.
Ол рас, Еркош, біздің шыршамыз көп,
Сөз бердің шырша жайдан шырқаңыз деп.
Табиғаттың жап-жасыл тамашасын,
Жаңа жыл тойлаймыз деп қырқамыз кеп.
Алаңға шырша тіккен әкімдердің,
Артынан ұрсамыз кеп, ұрсамыз кеп.
Шырша жаман, бірақ та көңіліңді,
Отырмын басқа жайтқа бұрсаңыз деп.
Өзі азат, санасы құл адамдар бар,
Айтайық етек-жеңді қымтаңыз деп.
Көкке ұмтылған қазақты кері тартып,
Осылар төмен өскен тұр сәбіз боп.
Бәйтерек жапырағының арасында,
Тікендей тікірейген қылшамыз көп.
Сырты қазақ, ішінде орыс отыр,
Кабинеттен кресло, жұмсақ іздеп.
Бауырым, осылар ғой азаттықты,
Отырған шыршаменен тұмсаңыз деп.
Шыршадан қорықпаймын, қаңтардан соң,
Қаланың қоқысына құртамыз деп.
Сорақысы осындай қылшаларды,
Қоқысқа лақтыратын мұршамыз жоқ.
Дін туралы тиіспеші деп,
Сұрадым ба білмеймін.
Алланы ойлап сәжделерде,
Жыладым ба білмеймін.
Сақалыма мың сүрініп,
Құладым ба білмеймін.
Дінім түгіл, дүниені білмеймін,
Соны ойласам көзімді де ілмеймін.
Бір білерім, Алла жалғыз екенін
Соған ғана құлшылық қып өтермін.
Серияға кеткен жандар,
Адасқан ба білмеймін.
Тахсил пенен жихадшылар,
Жарасқан ба білмеймін.
Халифатты орнатам деп,
Таласқан ба білмеймін.
Икиш түгіл, министрді білмеймін,
Владимир Ильичті де білмеймін.
Білем басшы Назарбаев екенін,
Соған ғана бағынумен өтермін.
Сирияға кет десе де бармаймын,
Бар күшімді Отаныма арнаймын.
Қазақстан жалғыз ғана мекенім,
Сені ғана аялаумен өтермін.
Еркебұлан:
Балғынбек деген-ай жамағат
Болайын сенің-ай садағаң.
Үстем де болсын-ай мерейің,
Азаттығымның тойында,
Ғажап жырымнан төгейін.
Сен ескі атадан қозғасаң,
Мен ескі заманнан көрейін.
Абыл да, Ақтан-ай, Қашаған,
Өлеңнен мүсін-ай қашаған.
Шалдарымның-ай бейнесін,
Алдыңа әкеп берейін.
Махамбетше жырласам,
Мен, мен едім-ай, мен едім,
Мен қазақ деген-ай ел едім.
Түбімді менің-ай қозғаса,
Мен көнеден де көнемін.
Атының жалы ғой түйілген,
Алдыңнан салпы-ай киінген.
Ерегіскен-ай дұшпаны,
Алдына кеп иілген.
Кешегі сақтай бабамның,
Дәуірінде жатыр тілегім.
Шу өзенінің бойында,
Қағанға орда тіктірген.
Бастыларды еңкейтіп,
Тізеліні бүктірген.
Мен түркіден өткен төре едім,
Тоқтамыс хан ту тіккен.
Атағы жұртты үркіткен,
Кешегі Алтын Орданың
Жеріне бүгін егемін.
Жәнібек, Керей кезінде
Бұл қазаққа құт қонған.
Бес ғасырға жүк болған,
Тарихтағы беделім.
Жоңғарлар келіп шапқанда,
Қалмақтар келіп қаққанда.
Қайран да, менің қазағым,
Ішіңде қатқан шеменің.
Алмағайып күндерде,
Ақылымен күн көрдің
Қазыбек, Әйтеке, Төленің.
Қайран да, менің қазағым,
Хандығыңның дәуірі
Басымен кетті-ау дененің.
Кемеліне келгенде
Мен көп ұлттан да көп едім.
Санымды қазір-ай санасаң,
Жартысынан да кем едім.
Оның да айтқан-ай себебін,
Кешегі орыстар сұрай алғанда,
Мойнына құрығын салғанда
Талай мезі-ай көрсетіп,
Астында қалдың-ай төбенің.
Кәпірлер қолдан жасаған,
Асыра сілтеп-ай асаған.
Отыз екінің-ай жылыңда,
Аштықтан өлген сен едің.
Қаймақтың бәрін-ай сыпыртып,
Қалғанына түкірді.
Отыз жетінің жылында,
Қастық та көрген-ай сен едің.
Байдың ұлы атанып,
Қуылып кеткен-ай сен едің.
Қырық бірдегі соғыста,
Қырылып кеткен-ай сен едің.
Одан да бері ғой не заман,
Сексен алтыңа келемін.
Тартқылап жүріп-ай сирақтан,
Кеңестің өзін-ай қиратқан,
Жиырма жасар-ай өр едің.
Оның да бәрі өткенің,
Бүгініңе-ай келемін.
Бүгініңді ғой жырласам,
Есіл, Нұра екі өзен
Ел боп қонсам-ай деп едің.
Көк байрақты алып алып,
Төр боп тұрсам-ай деп едің.
Қабыл да болып-ай тілегің,
Болып та жатыр ғой дегенің.
Қазіргі санды қарасаң,
Ормандай елге айналды.
Соғысқа беріп-ай аяғын,
Шолақ боп қайтқан-ай өр едің.
Айналайын-ай, ағайын,
Төріңде отыр сұлтаның.
Байрағыңда сұңқарың
Бүгінім менің осындай,
Ертеңімді ертең-ай көрермін.
Балғынбек:
Еркош-ай толғауың тым ұзын екен,
Бірақ та ниетің шын түзу екен.
Батаны ағалардан алмаймысың,
Бажаға тиіскен Еркош бұзық екен.
Сұрасаң Мырзатайдай ағаң отыр,
Із бар ма бұл кісінің ізіне тең.
Немесе Жүрсін сынды бастығың бар,
Жүз бар ма Ермановтың жүзіне тең.
Ағалардан аласың ақ батаны,
Бажалардан сұраған қызық екен.
Бермеймін дегенменен ағаңа ғой,
Барлығын шешер Алла тағала ғой.
Жарайды бір батаны мен берейін,
Көңіліңе жаным менің садаға ғой.
Ең бірінші тілейтінім тектілікті,
Тектілік Мырзатайдай аға да ғой!
Екінші тілейтінім – жүректілік,
Мұндай жүрек Жүрсіндей аға да ғой!
Үшінші - атақ-даңқты тілейінші,
Ол деген Асанәлі дарада ғой!
Одан кейін намысты тілейінші,
Ол намыс Оразгүлдей анада ғой!
Жақсы перзент болғайсың ата-анаңа
Жұмақ кілті, шынымен, анада ғой.
Мықты ақыны қазақтың сен болғайсың,
Батасы үшін бересің ағаңа қой.
Сақалы бар ағаңмен жағаласпай,
Осымен, Еркебұлан, демала ғой!
Бата берген Балғынбектің жолын беріп,
Келер жылы «алтын домбыраны» сен ала ғой,
Бұл айтыс бітпегенде несі қалды,
Еркошым бекер-ай деп есіне алды.
Екі аяқты пенде де, бажа тату,
Балғынбек інісінің досы болды.
Осыменен айтысты аяқтайық,
Байқаймын көңіліңнің хошы болды.
Айтысып Балғынбекпен Еркебұлан
Сағындырған әндердің кеші болды!