Материалдар / Батыр тектілігі-ұлт көрсеткіші
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Батыр тектілігі-ұлт көрсеткіші

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми-практикалық конференция. Баяндама. Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойына байланысты мақала жұмысы.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
20 Желтоқсан 2021
365
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Батыр тектілігі-ұлт көрсеткіші

Қазақтың көзі де, сөзі де болып, ел ішінде «Көмекей әулие» атанған Бұхар жырау Қаракерей Қабанбайды «Көкірек әулие» деп төбесіне көтереді.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта Жүз,

Содан шыққан төрт тірек- деп,қазақтың сол тұстағы бар батырының, ел тұтқаларының басына Қабанбайды қояды. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие «...Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп кесіп айтады.

Қаракерей Қабанбай  батыр (1692 – 1770ж.ж. ) Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үш бұлағы аталатын жерде дүниеден өткені, сүйегі Үш бұлақтан 3 шақырымда, «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде жатқандығы көпшілік қауымға тарихтан белгілі. Қазір бұл маң Қабанбай ауылдық округіне қарасты, Астана қаласынан 30 шақырымда орналасқан.

Аңыздарда Қаракерей Қабанбай батыр бұл жотаға :

Жиылып тегіс ас беріп,

Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар-деген өз аманаты бойынша жерленеді. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың арғы бабасы Байжігіттен бастап,өз атасы – Мәмбет, әкесі – Қожақұл, екі ағасы – Есенбай, Есенаман, әпкесі – Меруерт барлығы Арқаның тумалары. «От орным» деуі сондықтан.

Ал енді «Батыр тектілігі-ұлт көрсеткіші» деп аталатын тақырыпта осы тұлғалы батырдың отбасы туралы сөз қозғағым келеді. Қазақ арасында «Жар таңдаудан қателесуге болмайды» деген сөз бар. Осы сөз Ер Қабанбайдың өмірлік жары етіп Гаухар батырды таңдағанына сай келіп тұр.

18 ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы есімі – Гауһар Тоқтауылқызы. Қаракерей Қабанбайдың жан жары. Малайсары батырдың қарындасы.

Гауһар қыз тартып туған ағасына,

Ұшқын бар байсалды көз қарасында.

Өжет боп ел көзіне түскен екен,

Он екі, он үш жастың арасында-деген мына өлең жолдары Малайсары батырдың қарындасы болғанының дәлелі бола алады.

Гаухар Қабанбай батырмен бірге бірқатар шайқастарға қатысқан. “Қылышын қынапқа салмаған батыр” атанған. Ел арасында Гаухар жас кезінде жалаң қолмен көкжал қасқырды соғып алған деген аңыз бар. Осы туралы дастанда:

Ол кезде аштық, тоқтық бәрі малдан,

Мал болса, көшпелі елдін жаны қалған.

Тал түсте қойға шапқан бір көкжалды,

Өжет қыз үзеңгімен соғып алған- деп беріледі.

Малайсарының қаны бір қарындасы, Қабанбай батырдың жары Гаухардың ерлігіне кеңінен тоқталып өтсем. 1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласын жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайдың қасына барып, оларға жау жағдайы жөнінде толық мәлімет әкеледі. 1725 жылғы әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, ұзақ жылдық соғыстарда Қабанбаймен бірге жүріп ұрыс жасайды. Уақыт өте келе ел аузында Гаухардың ерлігі әйгілі «Гаухар батыр» дастанына айналады. Қабанбай мен Гаухар, яғни қос батырдың қосылуына сол майдан даласы себепкер болады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты – Майсара болса керек. Гаухар жайлы ел арасында аңыздар өте көп. Гаухар сондай-ақ ел ішіне өзінің «құралайды көзге атқан» мергендігімен да танымал болған. Елдің игі-жақсылары бас қосқан бір думанда небір мергендер атып түсіре алмаған жамбыны Гаухардың бір-ақ реттен атып түсіргендігі жайлы айтылады. Ол дастанда былай деп беріледі:

Тұрғанда садақшылар жерге қарап,

Ортаға шыға келді бір жас талап,

Гауһардың таңғажайып мергендігі,

Осылай ел ішіне кетті тарап.

Гаухар батырлығы мен мергендігінен бөлек, өнерлі қыз болғандығы да тарихтан аян. Тойдың сәніне де айнала білген Гаухарды біз «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп танимыз.

Гауһарды тойдың сәні деп айтады,

Домбыра шертіп, шырқатып ән айтады.

Атқа мықты, найзагер қапысы жоқ,

Ұстазы — өз ағасы Малайсары.

Батырлық бара-бара шынға айналды,

Қыз бала ерлігімен ұлға айналды.

Көркіне ақылы сай, сөзге шешен.

Осылай Гауһар аңыз, жырға айналды.

Ел ішінде «Гаухар батыр айтыпты, Гаухар батырдан қалған сөз» деген пікірлер көп айтылады. Гаухардың батырлығы мен өнерпаздығы, мергендігі мен найзагерлігі бір төбе болса, Гаухар батырдың шешендігі де бір төбе. Аталмыш жырда мынандай өлең жолдары осының дәлелі іспетті:

«Жорықта жарты малта арман» дейді,

«Дос — арттан, жауың келсін алдан» дейді.

«Атадан ұл боп тума, ер болып ту»,

Деген сөздер Гауһардан қалған дейді. Осы 4 жол шумақта келтірілген қанатты сөздердің астары тереңде жатқандығын көзіқарақты оқырман бірден түсінері сөзсіз. Қазақ халқында «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады»деген қанатты сөз бар. Қабанбайдай нар тұлғадан Назымдай текті қыздың тууы да тегін емес. Ерлі-зайыпты қос батырдың тұла бойы тұңғышы — Назым қыз да батырлығымен көзге түскен. Назым батыр туралы:

Қыз болған Қабекемде Назым атты.

Қазақтың қайсар қызы асыл затты,

Жорыққа әкесімен бірге аттанған,

Жасынан мінген баптап тұлпар атты- деп беріледі.

Әке мен шешенің тектілігін бір бойына дарытып туған Назым қыз жайлы айтпай кету мүмкін емес.

Назым – қазақтың ер жүрек батыр қыздарының бірі. Қабанбай батыр мен оның жары, қазақтың батыр қызы Гаухардан туған. Әкесімен бірге XVIII ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отанын қорғаған Назым қыз есімі жұртқа аңыз болып тараған.

XVIII ғасырдың ортасына қарай (1745  ж.) жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен өліп, жоңғарлардың өз ішінде тақ таласы басталады. Осы жағдайды ұтымды пайдаланған Абылай Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді алдына мақсат етіп қояды. Абылай сол жорықтардың бірінде қазақ әскерлерін үш топқа бөледі. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай басқарады. Ол Созақ бекінісіне барып бекінуге тиіс болады. Екінші қолды Жәнібек батыр басқарады. Ол Сырдарияның төменгі сағасына қарай бет түзейді. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі басқарады. Жоңғарлар тарапынан Қалдан Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері болған Цевен Доржы шығады. Ол өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға тапсырады. Зеңбірек оларға қарсы оқ жаудырып, жүздеген сарбаз қырылады. Амалсыз Абылайдың қолы кейін шегінеді. Қандай әрекет жасарын білмей абдырап тұрғанда, қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай басында үкілі кәмшат бөркі бар, ақ боз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Сол кезде Назымның жасы небәрі 14 жаста ғана дейді.

Назым қыз Қабекемнің еркесі еді.

Он төрттен биыл асқан серкесі еді

Ішіне қалың сарбаз жетіп келіп,

«Еріңдер елім үшін маған»-деді- деген өлең жолдарының Назымның небәрі 14-ақ жаста болғандығын дәлелдейді. Осы шайқаста қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана болғанымен Назым қыздың рухының асқақтығы оны еш жау оғынан тайсалтқан емес. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай лап қойып, «Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай!» деп айқайлап, зеңбірекшілердің түйесін таптап өтеді. Цевен Доржының қолын талқандап, жеңіспен оралған Абылай манағы қалмақтарға қарсы шауып, жеңіске жол салған қызды іздестіреді. Бұл Қабанбай батыр мен оның зайыбы, қазақтың батыр қызы Гаухардан туған жас Назым екен. Бүлдіршіндей қыздың осыншама ерлігіне дән риза болған Абылай беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін шешіп, қызға сыйлапты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған жеңісі сол Назымның атымен байланысты болған.

Қабанбайдың қазанаты - Қубас ат. Қазақ пен жылқы біте қайнасқан ұғым. Бірінен-бірін бөліп алудың қажеті жоқ. Бұл туралы қисса-дастандар, аңыз-әңгімелерде айтылып жүр. Жылқы жануарының үстіне алғаш біздің бабаларымыз мінгені ғылымда дәлелденіп жатыр. «Ер қанаты - ат» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жаугершілік заманда батырдың жан серігіне айналған арғымақтар аз емес.

Сол сәйгүліктердің бірегейі - Қубас ат. Қаракерей Қабанбай батырға серік болған, аруақты тұлпар - Қубастың орыны ерекше. Қабанбай батыр соғысқа аттанғанда көбіне аттың белі шыдамайды екен. Шешуші шайқастардың шебін бұзып жүрген Қабан батырға, өзіне сай тұлпар керек болғаны даусыз. Жылқышы алып келгенде тұлпарды көрген ел таңдай қағып, таңырқасыпты. Биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқыны Қабанбай бірден ұнатыпты. Атының өзі Қубас деп қойылуы да тегін емес, жүйрікке сай басында бір қырым ет болмаған дейді. Қубас Ақсуат жеріндегі, Тарбағатай жайлауында өскен құлын. Боғас, Талды-Базар, Қарғыба суын қанып ішкен қазанат. Өкпеті тауларының етегі мен Майлышат маңайында өсккен. Кезінде қалмақтарды ойсырата жеңіп келіп, қазақтар ат шаптырып той жасапты. Қабанбай бабамыз Қубасты тек жорықта ғана емес, бәйгеде де сынап көрген екен. Сонда бүкiл үш жүздiң хан-қарасы, игi жақсылары бас қосып, қазіргі Кереку мен Семейдiң маңында екi жүз шақырым қашықтыққа жүгіртіп тұлпарларын сынапты. Осы ұлы бәйгеде Қабанбай батырдың атақты Қубас аты жеке дара келiптi. “Мiнгенiм менiң Қубасты, Қубастай жылқы тумасты” дегендi батыр бабамыз сонда айтыпты.

Батыр бабамыздың жан серігіне айналған Қубас атпен талай жорықтар жасалып, жекпе-жек шайқастар өткізіп, ел үшін елеулі соғыстарға қатысқан. Тұран дала төсінде Қабанбайды көтеріп , жеңіс туының желбіреуіне септігін тигізген Қубас аттың да еңбегі ерен. Қубас аттың еліміздің төрт бұрышында тұяғы тимеген жері жоқ. Дарабоз батырға қанат болған даңқты тұлпар жайлы әңгімелер, дастандар, жырлар жетерлік.

Қабанбай дастанының бүгінге жеткен үлгісінен алты нұсқасы бар екен . Алты дастанның құрылысында Хан Батырдың Қубас ат пен серттескен жері өте ұқсас берілген. Төмендегі жолдар Қабанбай дастанынан бір қайырым. Батырдың қубас ат пен серттесуі:

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен келдің отыз сегізге .

Сенен басқа ат мінсем ,

Мінгендей болдым өгізге.

Сені мініп шапқанда ,

Тартынбай түстім теңізге .

Ей, Қу басым, Қу басым,

Қабанбай өлді дегізбе!

Төрт арыстың баласын ,

Енді ешкімге жегізбе!

Шаба алмасаң саған серт!

Қарсы келген жауыма,

Қара тамақ найзамды ,

Қадамасам маған серт !

Міне осы жолдарды оқып-ақ, ой түйе беруге болады. Қабанбай батыр Қубас атын 40 жылдай өзіне жолдас еткен. Қубас ат «кісінеп», «елеңдеп» жаудың келе жатқанын білдіріп отырған деседі. Қубас аттың соңғы күндері де туған жерінде өткен. Әбден қартайған шағында көз қырыңызды сала жүріңіз деп, аманат етіп Би Боранбайға әкеліпті. Қалың жылқының ішінде жүрген Қубас , бір күні орнынан тұра алмай жатып қалады. Бұны естіген Би Боранбай: «Ел үшін туған ерен ердің астында ұзақ жыл серік болған аруақты тұлпар ғой, қалың жылқыны «Қабанбайлап!» ұран салып, қиқулап қасынан айдап өтіңдер. Айғайға елігіп, тұрып кетер», - депті. Жылқышылар атақты бидің айтқанын істепті. Қиқулап, ұран салып бір топ жылқыны жанынан қуып өткенде, кәрі тұлпар дүбірге елігіп, ұшып түрегеліп, топқа ілесе жөнеліпті. Жағалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде жата қалып жан тапсырыпты. Қайран текті жануар-ай! Би атаның ұйғаруымен Қубас аттың бас сүйегі Тарбағатай тауының бір сілемі, Жағалбайлының ең биігіне қойылған екен. Бүгінгі таңда бұл өлкені қастерлеп «Қубас ат кезеңі» деп атайды. Етегіндегі бастауға ақтық байлап, ары-бері өткен ел аялдайды. Тұлпарға құрмет көрсетіп, ел азаматтары Қу бас атқа ескерткіш те орнатып қойған. Қубастың із қалған бұл өлкеде текті жылқылардың тамыры үзілген жоқ. Әлі талай Қубастай жылқылар туады, үстіне лайық батыр болса!

Қаракерей Қабанбай батыр есімі ғасырдан-ғасырға жалғасар, қазақ тарихындағы айтулы да тұғырлы тұлғалардың бірі де бірегейі екені сөзсіз. Дарынды тұлға, күрескер, намысты да қайратты, халқының азаттығына сүбелі үлес қосқан батыр есімін ұлықтау бүгінгі патриотизмді насихаттауға, елдік, отаншылдық санамызды қалыптастыруға, өткен тарихымызға деген құрметімізді арттыруға септігін тигізетін өнегелі іс. Бүгінгі таңда тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды ардақтауға үлкен бетбұрыс жасалып отырғаны сөзсіз. Олай болса, рухани негізіміз болып табылатын асыл дүниелерімізді қадірлей білсек, бұл болашағымыздың жарқын болуы үшін жасалған нақты қадамға айналар еді.





Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы

Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің

«Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейі»КММ

Шуленова Құралай Бақытбековна

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Педагог-зерттеуші

Пайдаланған әдебиеттер П





Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2

Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009

Аяған Б. Ғ. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы [Мәтін] / Б. Ғ. Аяған, Х. М. Әбжанов, А. И. Исин. - Алматы : Сөздік-Словарь, 2011. - 320 б.

Ақанұлы, Сағынбек. Ғасыр көші [Мәтін] / С. Ақанұлы. - Өскемен : Рекламный Дайджест, 2013. - 404 б

Әбубәкір Қ. Наркескен [Мәтін] : тарихи дастандар, толғаулар, өлеңдер, аудармалар / Ә. Қайран. - Алматы : Нуракынов, 2014. - 400 б.

Жұмаділов Қ. Дарабоз [Мәтін] : 2 томдық. 1-ші кітап : Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихи роман / ред. Естенов А. - Алматы : Шабыт, 1994. - 415 б.

Жұмаділов Қ. Дарабоз [Мәтін] : 2 томдық. 2-ші том : Қаракерей Қабанбай батыр туралы тарихи роман / ред. А. Естенов. - Алма-Ата : Жазушы, 1996. - 411 б.

Камал, Әбдірахман. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / Ә. Камал. - Астана : Б. ж., 2009. - 276 Қамал. Ә. Хан батыр - Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / Қ. Әбдірахман. - Астана : Фолиант, 2001. - 74 б.

Нұрахметов, Сәду. Батыр баба жолымен [Электрондық ресурс] : [Кітапта қазақтың батыр ұлдары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай батырлар туралы ел аузындағы деректер жинақталған. Қанжығалы руының шежіресі де тиянақты баяндалады. ] / С. Нұрахметов. - Алматы : [б. ж.], 2005. - 120 б. с.

Сәнік, Зейнолла. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] / З. Сәнік. - Алматы : Жазушы, 1991. - 176 б.

Тілеужанұлы З. Қаракерей Қабанбай [Мәтін] : тарихи роман. - (Парасат). 1-ші кітап. - Алматы : Баспалар Үйі, 2009. - 239 б.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!