Материалдар / Батырлар шоқ жұлдызындағы жарқын бейне
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Батырлар шоқ жұлдызындағы жарқын бейне

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы. Мұғалімдерге қосымша көмек
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Мамыр 2021
445
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Батырлар шоқ жұлдызындағы жарқын бейне


Ерлігі батырлардың ел есінде,

Дұшпанның ат ойнатқан төбесінде.

Соқпағы Төлегеннің сайрап жатыр,

Қанды жол- өткен ғасыр белесінде.


XX ғасырдың ең қанды оқиғасы саналатын ІІ Дүниежүзілік соғыс әлемнің 61 мемлекетін қамтып, жер мен көкте, теңізде жүргізілген кескілеске ұрыстарға 110 миллион адам қатысты. Осы соғыста Кеңес Одағы қарулы күштерінің қатарында барлығы 35 миллион адам болса, оның 1миллион 366 мыңы Қазақстандықтар еді.

Соғыс кезінде Қазақстанда 12 атқыштар,4 атты әскер дивизиялары, 7 атқыштар бригадалары, 50 атқыштар полкі мен ерекше батальондар жасақталды. Бұл әскери құрамалар Москва, Сталинград, Ленинград шайқастарына, Кеңес Одағы, Шығыс Еуропа жерлерін азат етуге, Берлинді алуға қатысып, өздерін өшпес даңққа бөледі.

Москваны қорғауға қатысқан 316-атқыштар дивизиясы генерал И.В.Панфиловтың басқаруымен асқан ерліктің үлгісін көрсетіп, 8-гвардиялық дивизия деген құрметті атқа ие болды. Сыртқы жаумен күресте, қылыш пен найзаның заманында ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен біздің сайыпқыран бабаларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Дәулетбай, Райымбек ерліктерін , Ұлы Отан соғысы майдандарында Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, І.Айтықов тағы басқалар көрсете білді. 11695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, оның 497-сі қазақстандықтар, бұлардың 100 ге жуығы қазақтар. Осындай батырлар шоқ жұлдызындағы жарқын бейненің бірі, әрі бірегейі даңқты Төлеген Тоқтаров болып табылады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 30 қаңтардағы указымен неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізілген ұрыстарда асқан ерлік жасап, қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры деген атақ берілді. Отан үшін ақтық демі қалғанша арпалысқан, ерлігіне ел сүйсінген Төлеген ағамыздың небәрі 21 жылдық қысқа ғұмыры, жаумен бар жоғы 18 күн белдесіп, өшпес даңққа бөлеген жауынгерлік жолы ерлік пен патриотизмнің жарқын үлгісі болып табылады.

Т.Тоқтаров 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысының Таврия ауданына қарасты Қарақұдық деген ауылда кедей шаруаның отбасында туған. Оның әкесі Тоқтар, шешесі Жамал өз еңбектерімен күн көрген қарапайым адамдар болыпты. Төлегеннің әкесі 1929 жылы, шешесі 1933 дүние салған соң, кәрі әжесі Муслимәнді, Төлегенді оның Ләтипа, Халима, Ханипа атты қарындастарын жақын туыстары қамқорлыққа алады. Әке-шешесінен айырылған Төлегендердің үлкен отбасы әуелі Шемонайхаға, кейінірек Лениногор қаласына көшіп келеді. Төлеген осындағы №10 қазақ орта мектебінде білім алады. 1938 жылдың басында Төлеген кәрі әжесінің , басқа туыстарының қарсы болуына қарамастан оқуын тастап, қорғасын зауытына жұмысқа орналасады. Мұнда ол алғашында жүк көтергіш кранда машинистің көмекшісі, кейін машинист болып жұмыс істейді. Жұмыста үлгі-өнеге көрсеткені үшін Төлегенді комсомол қатарына қабылдайды, цехтағы комсомол бюросының хатшысы етіп сайлайды. Елімізде неміс басқыншыларының тұтқиылдан шабуыл жасағанын естіген сағатта Төлеген өзі сұранып, жауынгерлік сапқа тұрады. Ол әуелінде Алматы қаласында жасақталып жатқан 100 атқыштар бригадасының құрамында болып, 1941 жылы желтоқсан айында Москва түбінде шайқасып жатқан даңқты 8-гвардиялық дивизияны толықтыруға жіберіледі. Батырдың майдан даласындағы әскери құрамаға алғаш кезін майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогында Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин былай деп еске алады: «Сырттан топырлай басқан аяқ дыбысы естілді. Сықырлап есік ашылып, ішке жаңа команда келіп кірді. Комиссия мүшелері тегіс үстел басына жайғасып, қарсымызда отырған алты-жеті жігітпен әңгімелесуге кірістік. Бәрі де қазақ жігіттері екен. Жиырмаға жаңа ілінген жастар.

-Қайдан келдіңдер, жігіттер?

Олар қозыдай маңырап, қосыла жауап берді.

-Алматыдан. 100-бригададан.

-Қай облыстансыңдар?

-Шығыс Қазақстаннанбыз. Семейден, Талдықорғаннан келдік.

-Ал, енді бір-бірлеп фамилияларыңды айтыңдар. Осы кезде өткір көзді қара торы жігіт орнынан ұшып тұрып, бірден бірнеше фамилияны шұбырта жөнелді.

-Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов

-Өз фамилияң кім?- деді комиссия төрағасы Бауыржан Момышұлы оған отты көзін қадап.

-Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов,-деді қара торы жігіт қайтадан тайсалмастан.

-Немене сенің фамилияң осындай ұзақ па? Әлде бір өзіңнің үш фамилияң бар ма?

- «Жоқ, жолдас капитан. Бұл мына үшеуміздің фамилиямыз,-деп ол қасындағы екі жігітті нұсқады. Осы үшеуміз Алтайдан, Лениногорскіден келдік. Қорғасын зауытының жұмысшыларымыз. Алматыда, 100 бригадада

бірге болдық» Төлеген Тоқтаров өз жолдастарымен 8-гвардиялық дивизияның құрамында автоматшылар ротасына алынды. 8-гвардиялық дивизия генерал И. Чистяковтың басшылығымен 1942 жылы қаңтардың 22 сінде түнде Дворцы станциясында поездан түсірілді. Дивизия құрамындағы автоматшылар ротасының қатардағы жауынгері Т.Тоқтаров ақпанның 3-нен төртіне қараған түні жау қолындағы Ново-Свинюхова деген деревняға жасалған түнгі шабуылға қатысу арқылы ақан жұлдыздай қысқа да қаһармандық жауынгерлік жолын бастады.

Бір шайқаста жаудың жүзден астам адамы өліп, 74 автокөлік, 2 азық-түлік,қару-жарақ қоймасы,2 зеңбірегі қолға түскен екен. Төлегеннің жеке өзі

офицер бастаған немістің 8 адамын тұтқынға алды. 5 ақпан күні келесі бір шайқаста батырдың ерлігіне куә болған батальон комиссары Чернов жоғарыға былайша баяндаған: «Тоқтаров тамаша автоматчик екен. Ол селоға жұрттан бұрын енді де, бір үйдің шатырына шығып алып, көшеде қаша бастаған немістерді атқылады. Оның мерген оғынан құтылған неміс болған жоқ. Ол 23 немісті қырып салды. Бұл ерлігі туралы полк командованиесіне хабарлап, Тоқтаровты наградаға ұсындық» Жаумен бетпе-бет бір аптада ғана соғысып, ерлікпен қаза тапқан Төлеген ағамыздың жауынгерлік жолы Москва маңындығы Бородино селосында аяқталды. Бородиноға солтүстіктен шабуыл жасаған 40 жау солдатына жалғыз өзі қарсы тұрған Төлеген 36 немістің көзін жойып, шабуылды тойтарып тастады. Осы ерлігі үшін Төлегенді дивизия командирі генерал Чистяков әдейі іздеп келіп, алғыс айтқаны белгілі. Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Төлеген Тоқтаровтың тікелей командирі болған Мәлік Ғабдуллин «Менің майдандас достарым» деген кітабында батырдың соңғы күнін былайша суреттеген екен: «Төлегеннің ерлік өлімі былай болып еді. 1942 жылдың 9 февралі , таң атысымен немістер қатты шабуыл жасады. Нағыз күшті соғыс басталды. Төлеген атыстың қызуына түсіп кетті. Оғы біткен соң, жанындағы гранатасын лақтыруға ыңғайланып тұра бергенде жау оғы оның ішін жарып кетті. Ақ қар қызыл қанға боялды. Төлеген орнынан атып тұрды да, жаралы ішегін қарнына қысып келіп, қалған жау офицерін қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер осылай қаза болды.

-Төлеген үшін, жолдастар!-деп айғай салып жібергенімді білмей де қалдым.

Жау шабуылы толастаған соң Төлегенннің сүйегі Бородиноның күншығыс жағындағы төбеге жерленді. Зират басында Бауыржан Момышұлы , полк командирі Капров, басқа жолдастары ызалы, жалынды сөз сөйледі.

-Тау қыраны, жас түлек Төлеген!

Айбатты арыстан , қайратты батырым!

Ел үшін, ана сүтін адал ақтадың. Сен үшін біз жаудан сан рет кек аламыз ,-деп ант еттік»

Соғыстан кейін аты аңызға айналған батыр есімі Республика көлеміндегі ондаған көшелерге , мектептерге, оқушы жастар ұйымына берілді. Белгілі композитор Ахмет Жұбанов 1947 жылы «Төлеген Тоқтаров» атты опера және симфониялық шығарма жазды. Төлеген ерлігі қазіргі жас ұрпаққа өнеге боларлық. Сондықтан да жастарға патриоттық тәрбие беруде аты алтын әріппен жазылған батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігіне тереңірек тоқталып, оқушыларға баяндап беру ұстаздардың парызы деп білемін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!