Елбасының дәстүрлі әрбір жылғы Жолдауында маңызды
мәселелердің бірі ретінде – қоғамның ең бір әлсіз қорғалған
мүшелерінің, соның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың
өмірін лайықты қамтамасыз ету, оларға сапалы білім беруді
қалыптастыру екені айқын
көрсетіледі.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер:
отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері
бұзылған, әртүрлі психикалық-физикалық аурулары бар, жас ерекшелігі
әртүрлі балалардың көбеюіне әкеліп, соқтырып
отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 07
желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан
Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған
бағдарламасы» бойынша мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту мен
тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән
берілген.
Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық,
әрбір баласы – еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі
шектеулі баланың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына
жағдай жасау міндетіміз болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі бір
баланың болса да, білім сапасының жоғарылауы, ұлтымыздың саналы
келешегіне қазіргі уақыттан бастап жинақталынып жатқан қор деп
түсінуіміз қажет.
Педагогика жүйесіндегі балаларды оқыту мен дамытудың
маңызды құрамдас бөлігінің бірі – мүмкіндіктері шектеулі балаларды
мінез-құлқындағы кемшіліктерді ескере отырып оқыту, олардың
ой-өрісін дамыту, қоршаған ортаға бейімділігін арттыру болып
табылады. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріс-тұрысындағы
кемшіліктер олардың жеке тұлға болып қалыптасуына, оның жеке
қасиеттеріне, яғни оқу, жазу, ортаға бейімделу әрекеттерінің
бұзылуын қалыптастырып, баланың үлкендермен, құрдастарымен
қарым-қатынасына кері әсер етеді. Сондықтан да психикалық даму
мүмкіндігі шектеулі балаларға оқу үрдісін қабылдау және танымдық
қабілеттерінің қалыптасу қиындығы тән құбылыс. Ал танымдық
қабілетті дамыту ойлау қызметін жетілдірумен тығыз байланысты.
Білім алушы қабілетіне қарай ең басты мәселені айыра білсе, демек
ол мәнді тапсырмаларды орындай алады. Менің ұстаздық жолымда
қалыпты балалармен жұмыс істегеніме 4 жыл, мүмкіндігі шектеулі
балалармен жұмыс істеп келе жатқаныма да төртінші жыл. Осы аз ғана
уақыттың ішінде мен мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің
қиындығы мен үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін сезініп те
үлгердім. Себебі, қалыпты балаларға сабақ беру барысында еңбегіңнің
жемісін тез көресің. Қалыпты балалар қоршаған ортаға тез
бейімделеді, айтқаныңды тез ұғады. Тіпті, сабақ оқымай келген
қалыпты балаға қаттырақ сөйлесең, ұрысқанның өзін ол дұрыс қабылдай
алады, келесі жолы ондай қателік жібермеуге тырысады. Ал мүмкіндігі
шектеулі балалар болса, даму жүйесінде ауытқушылықтар болғандықтан
өз қатарластарынан артта қалған, қоршаған ортаға бейімделуі баяу,
кейбіреулері денсаулығына байланысты ақырын қимылдайды, көбіне
көңіл-күйі төмен болатындықтан да қатты сөйлегенді қабылдай
алмайды.
Мұндай
балалардың ата-аналарымен жұмыс істеудің де өзіндік қиыншылықтары
бар. Мүмкіндігі шектеулі бала үйреткеніңді қабылдайды, дегенмен,
бұл ұзақ жүретін процесс. Бірі түсінгенді екіншісі түсінбейді,
бірін-бірі тыңдағысы келмейді, сабақтың өзін көңіл-күйіне қарай
қабылдайды. Бұл балаларға қатты сөйлеуге болмайды, тек асқан
шыдамдылықпен баланың тілін таба білу керек. Яғни, сабақ түсіндіру
барысында әр балаға қабылдау деңгейіне қарай түрлі тәсілді қолдану
керек. Баланың ақыл-ойының дамуы тек белгілі бір білім көлеміне
емес, танымдық іс-әрекет, яғни баланың жанына жақын заттарды еске
сақтату, ойландыру, елестету, бала бойындағы түрлі қабілеттерін
дамытумен тығыз байланысты.
Мүмкіндігі шектеулі баланың дамуы үшін есте сақтауы мен
ойлау қабілетінің мәні өте зор. Бұлардың бәрі қоршаған орта мен
білім, білік дағдысының қалыптасуы, еске сақтау және ойлау
қабілетімен тығыз байланысты.
Қазіргі таңда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі
балалар өзінің қадыр-қасиетін қамтамасыз ететін, өзіне деген
сенімділігін арттырып және қоғамдық өмірге белсене араласуына
жәрдемдесуін толыққанды жағдайларда лайықты өмір сүруге, яғни,
мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты педагогикалық қолдау
көрсетілуде. Жалпы, ақыл-ойында әртүрлі ауытқуы бар балалардың көбі
толық емес және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларынан шығады.
Мұндай балалар өз отбасымен толық қарым-қатынас жасай алмайды және
бұл олардың жеке тұлғасының қалыптасуына жағымсыз әсер
етеді.
Интеллектуалдық жетіспеушілік салдарынан мүмкіндігі
шектеулі балалардың қалыптасуы әртүрлі аспектілерінде қиын
жағдайларда өтеді. Олар мадақтауға, қолдауға және ренжісуге әсершіл
болып келеді. Дегенмен, жаратпау және еркелету эмоцияларын ажырата
алады. Бірақ, өз эмоцияларын вербалды түрде көрсете алмайды. Өзінің
адамдарға деген қатынасын жымиюмен, адам бетіне аянышты түрде
қараумен білдіреді. Негізінен, мүмкіндігі шектеулі балалар селсоқ,
өзіне-өзі сенімсіз, кейбіреулері шектен тыс ызақор болып келеді.
Олардың эмоциялары әлсіз, алайда күйзелістері тұрақты, терең
болады. Мұндай балалар айқайлауға, жүгіруге, рұқсатсыз зат алуға,
шулауға, қырсығуға болмайтындығын түсінбейді. Міне, мүмкіндігі
шектеулі балалармен жұмыс істеудің қиындығының өзі де
осында.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ
жүргізетін оқытушыға қойылатын талап та жоғары. Ол оқытушының
басшылыққа алатын негізгі ұстанымдары:
-
Мүмкіндігі шектеулі бала мен оқытушы арасындағы
педагогикалық әдеп пен ынтымақтастықтың сақталуы;
-
Балаларға берілген тапсырманың шектен тыс ауыр
болмауы;
-
Балалардың міндетті және мүмкіндік деңгейлерін
ескеру;
-
Балаларға сабақ жүргізу барысында тапсырманың
бала зердесіне әсер етуін, оның қабылдауын, есте сақтауын назардан
тыс қалдырмау;
-
Бала ата-анасымен тығыз байланыста
болу;
-
Сабақ жүргізу барысында түрлі ойын элементтерін
көбірек қолдану.
Негізінен, мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақты,
көбіне, олардың жанына жақын ойын түрінде өткізу тиімді. Өйткені,
мүмкіндігі шектеулі балалардың эмоциялық көңіл-күйі көбінесе ойын
және еңбек іс-әрекетінде көрініс береді.
Ойын арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар өмірден
көптеген мәліметтер алып білімін жетілдіреді. Ойын барысында
балалар қоршаған орта жайлы білімдерін толықтырады, дербес шешім
қабылдауға дағдыланады, ойлау барысында ұтқырлық пен тапқырлық
танытады. Ойын әсері арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра
алатынын, қандай қабілеті бар екенін байқап
көреді.
Қорыта айтатын болсам, біз ел болып, етек жинаған
еңселі елміз, сондықтан қоғамдағы жайттар басты назарда болу керек.
Ең алдымен мүгедек, жарымжан балалардың ортаға бейімделуіне жағдай
жасау қажет. Сондықтан осындай кемшіліктерді анықтайтын шағын
кабинеттер ашып, арнайы жұмыс жүргізіп, әр баланың қабілеті мен
даму мүмкіндігін анықтаса балалар үшін атқарылған игі істің бірі
болар еді.
Бар тәттісін аузына тосып, бар мүмкіндігін
баласына сарп ететін ата-ана өз баласының денсаулығын, болашағын
бәрінен жоғары қойып түн ұйқысын төрт бөліп, күйзелетіні,
айналасына көрсетпей еріксіз көзіне жас алып, бұлай неге болды
деген сұрақ тұратыны кімге болса да белгілі. Сондықтан даму
мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан қалдырмай, олардың қоғамда
бейімделуіне ат салысу қай азаматтың болса да, қай елдің болмасын
басты парызы.