Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры
Қазіргі
таңда біз қайда бара жатырмыз, қандай ұрпақты тәрбиелеп жатырмыз,
алда не күтіп тұр деген сұраққа жауап беру қиындап барады. Қазіргі
заманда қылмыстың асқынып, маскүнемдік пен нашақорлық сияқты
қылықтар көбейді. Бала – біздің болашағымыз, елді өсіретін де,
өшіретін де осы келешек ұрпақ. Сондықтан да, елдің болашағына
көмектесу бәріміздің борышымыз. Өз мүдесін өзі қолдап, өзесесін өзі
түгендеп, атаның алғысын, ананың ақ сүтін ақтай алған перзенттен
қатардың азаматы шығады. Халқының көңілінен шығып, қауымының үмітін
ақтап, өткен ұрпақтың есесін түгендеп, келешек ұрпақтың мерейін
үстем ете алған перзенттен Отанның азаматы шыға алмақ. Ендеше,
ұрпақ тәрбиесі-ұлттың тағдыры. Өз ұрпағының тәрбиесін өз жолына қоя
алған ұлт қана өз тағдырын өзі ойдағыдай қамдайды.
Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселелері назардан
тыс қалып көрген емес. «Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті»
деген болатын Платон. Әрбір қоғамның өз дамуы жағдайында бұл өткір
мәселе әрқалай шешіліп отырған. Қазіргі таңдағы ағым да оңай болып
отырған жоқ. Кейбір тұрмыстық қиындықтар мен өмір сүрудің
ауытқушылығын рухани ұятсыздық белең алады. Сондықтан
Президенттіміз Н.Ә. Назарбаев өзінің Жолдаулары мен сөздеріне
егемен еліміздің азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарының
ерекше рөлі барын басып айтып келеді. Елбасы, әсіресе жастарда
қазақстандық патриотизм сезімін оятып, тәрбиелеу қажеттігіне
айрықша көңіл аудартады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы»
Заңында бұл басым бағытты міндеттер нақты көрсетілген. Атап
айтқанда:
-
жеке
тұлғаның шығармашылық, рухани және күш-қуаттық мүмкіншілігін
дамыту, салауатты өмір салтының берік қағидаларын қалыптастыру,
тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау арқылы оның зерде санасын байыта
түсу;
-
өз Отаны-Қазақстанды сүюге,
азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеу, мемлекет рәміздері мен халық
салт-дәстүрлерін құрметтеу, Ата Заң мен қоғамға қайшы келетін
көріністерге төзбеу;
-
республиканың қоғами-саяси,
экономикалық өміріне белсене қатысу және сондай-ақ өз құқықтары мен
міндеттерін сезінуге баулу;
-
әлемдік
және отандық мәдениет жетістіктерін игеру, қазақ және республикада
тұратын басқа да халықтардың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерінің
тарихын жете білу, мемлекеттік, орыс, шетел тілдерін меңгеру
т.т.
Жоғарыда айтылған маңызды
міндеттерді іске асыруда мектептен тыс мекемелердің атқаратын рөлі
зор. Өйткені, бұл ұғымдарды балалар мен жасөспірімдер мемлекеттік
бағдарламалар мен тұжырымдамаларға сәйкес жалпы азаматтық
құндылықтарды игеріп, өз туған халқының тарихы мен мәдениеттерінен
сусындайды.
Білімді де білікті, салиқалы да парасатты,
жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу-мемлекеттік маңызды іс
екені белгілі. Сол себепті сөзімізге арқау болған мәселелерді
түбегейлі шешу, салауатты өмір салтын қалдыптастыру-баршамыздың
парызымыз әрі қарызымыз екені даусыз. [1]
Қазіргі таңда қоғамымызда осы міндеттерді қате
түсініп теріс жолға түсіп кеткен жасөспірімдер көптеп кездеседі.
Әлеуметтік зерттеулердің көрсетуінше, жасөспірімдердің құндылықтар
жүйесі өзгеріске еніп, «тәртіп», «борышты өтеу», «өзін-өзі игеруге»
деген қызығуы азайып, «беделділерден еркін болу», «тұлғаны
мойындау», «автономия», «жеке дербестік» құныдлықтарының ролі арта
түсуде. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында қылмыстық істер
көбеюде. Оны психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ,
ауытқушылық мінез-құлық немесе деликвентті деп аталады. Ауытқушылық
мінез-құлықтың пайда болуына негізгі әсер ететін әлеуметтік
факторлар болып табылады.Бұл бағыттың танымал өкілдері: О.Конт,
Т.Тард, А.Кетле, Э. Дюркгейм, М.Вебер, Т. Парсонс, Р.
Мертон.
Әлеуметтенудегі девиантты мінез-құлық
тұжырымдамасын қалыптастырған француз әлеументтанушысы Эмиль
Дюркгейм. Ол әлеуметтік девиацияны түсіндіру үшін аномия
тұжырымдамасын ұсынды. «Аномия» термині француз тілінен аударғанда
ұжымның, заңның болмауы.
Ал,
Роберт Мертон мінез-құлық ауытқушылығының себебін қоғамның мәдени
мақсаттары мен оған жетудің әлеуметтік мақұлданған жолдарының
арасындағы үйлеспеушілік деп түсіндіреді.
Девиантты мінез-құлықтың сыртқы физикалық жағдайларына климаттық,
геофизикалық, экологиялық факторларды енгіземіз. Мысалы, шу,
геомагниттік, өзгеріс, таршылық, т.б жағдайлар үрей туғызып
агрессивті және басқа да қажетсіз мінез-құлықтың көрінуінің бір
себебі болады. Сонымен бірге әлеуметтік орта әсерлері де өз ықпалын
тигізеді:
-
қоғамдық
үрдістер (әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттік саясат, салт
дәстүр, бұқаралық ақпарат құралдары, т.б.);
-
тұлға бар әлеуметтік топ
мінездемесі (этикалық құрылым, әлеуметтік мәртебе, референтті
топ,);
-
микроәлеуметтік орта
(отбасының өмір стилі және деңгейлері, отбасындағы
өзарақарым-қатынас типі, отбасындағы тәрбие стилі, достар, басқа да
маңызды адамдар).
Белгілі танымал псхолог Э.Эриксон да
жасөспірімдік кезеңге көп көңіл бөлген. Бұл кезеңдегі ауытқушылықты
еліктеудің қажетті деңгейде жүзеге аспауы немесе ұқсағысы келетін
адамды дұрыс таңдамаудан деп түсіндіреді. Еліктеу дағдарысын үш
аймаққа бөледі: мамандық таңдау мәселесі, құрдастарының арасында
алатын орны, ішімдіктермен, нашақорлықпен әуестену. Жасөспірімнің
болашақта кім болатын білмеуі, айналысатын қызықты іс әрекетінің
болмауы да ауытқушылыққа әкеледі. Сонымен қатар девиантты мінез
құлық «әлеуметтік рөл мен тұлғаның әлеуметтік қызметінің дұрыс
жолын таба алмау» түсінігімен сипатталады.
Жасөспірімнің дамуына ата-ана, референтті топ
мүшелері, құрбы-құрдастары, мұғалімдері тікелей ықпал етеді. Соның
ішінде ата-ананың қарым қатынасы осы кезеңдегі тұлға дамуына үлкен
әсерін тигізеді. Отбасы тәрсбиесінен балада тұлғаның әлеуметтік
нормаларға деген қатынасы қалыптасады. Жалпы мінез-құлық
ауытқушылығын қоршаған ортаның жағымсыз факторлары мен тұлғаның
психологиялық ерекшеліктерінің өзіндік үйлеспеуі анықтайды.
Мінез-құлық ауытқушылығының алдын алып, олармен түзету жұмыстарын
жүргізу үшін оның пайда болу себептерін анықтап, сол факторлармен
жұмыстануды қажет етеді. [2]
Сондай-ақ қазіргі кезде жұртшылықты алаңдатып
жүрген іргелі мәселелердің бірі-жас ұрпақтың рухани құлазуы.
Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев білім беру саласында халқымыздың
руханилық дәстүрлерін кеңінен дамытып, өскелең ұрпақты рухани
сезімдерінің биік, өз Отанын, халқын қастерлеп сүйетін, сонымен
қатар жалпы адамзаттың құндылықтарының бүгінгі таңдағы маңыздылығын
түсінетіндей етіп тәрбиелеудің қажеттілігіне баса назар аударуда.
Бала іштен сондай болып тумайды. Бәріде тәрбиеге байланысты.
Алайда, көбінесе, қиын оқушы дегенде тек ұл балаларды ғана сөз
етіп, сыңыржақтылық танытып жүрміз. Қыз бала қаға берісте назардан
тыс қалып, олардың ертеңіне көріну көзге қиянаттық жасап жүргеміз.
Түптің түбінде шариғат заңы бойынша ұзатылған қыздың тәрбиесіне тек
қыздар кеңесі жауапты деу мүлдем түсінбеушілік. Сөз жоқ, қиын оқушы
тәрбиесі ата-анаға да мұғалімге де ортақ. Менікі, сенікі деп бөлу
әбестік. Қиын оқушымен жұмыс істеуде күрделі процесс. Амал қанша,
бәріне де шыдамдылық қажет, білімділік пен біліктілік керек,
олармен жұмыс жүргізгенде ең алдымен, олардың жағымсыз
мінез-құлықтары мен іс-әрекеттерін тізбектеп қана қоймай, жақсы,
жағымды істерін де ескеріп, марапаттаудың тәрбиелік мәні зор.
Мұғалім баланың өз күшіне сенімін күшейтіп, оны ақыл-ой еңбегінде
аз да болса алға басқандық байқалатын мезгілді шыдамдылықпен күтуі
тиіс. Бала тәрбиесінің ортақтастығына байланысты ата-аналар мен
мұғалімдер арасында шынайы байланыс керек. Мәселен, көп жағдайда
ата-аналар мен мұғалімдер арасында өзара түсінбеушіліктен «қиын
оқушы» тағдыры қиындай түседі. Сондықтан ата-аналарға да,
мұғалімдерге де ұстамдылық танытып, бала тәрбиесіне атүсті қарамай,
міндетімізді жүйелі педагогикалық тұрғыда атқарған абзал.
[3]
Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, мұғалім және
ата-ананың орны бөлек. Тәлім –тәрбиедегі жарасымдылық бірлесіп
жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Өйткені баланың
өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына, мұғалімге,
ата-анаға, құрбы-құрдастарына, олардың күнделікті іс-әрекетіне,
жүріс тұрысына, сыртқы көрінісіне, сөйлеген өзіне,
әдептілігіне,т.б. қасиетеріне байланысты. Орыстың ұлы педагогы
К.Ушинский «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының
өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да, ешқандай
орынның жасанды әрекеті де оның орнын баса алмайды» деп, текке
айтпаған. Ата-ана баласын өмірге құштар еткісі келсе оның неге
икемі бар, соған мән беріп, баланың қоршаған ортаға көзқарасын
туғызып, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулуды ұрпағының
келешегін ойлаған әрбір ата-ананың бұлжытпай орындайтын міндеті
болуы тиіс. Ұстаз бен ата-ана балаға бірдей талап қойып, оның
орындалуын қадағалап отырса құба-құп. Өйткені, бала тәрбиесі дұрыс
ұйымдастырылуы үшін белгілі ережелерді сақтай білу керектігі талап
етіледі.
1. Оқу жылының басында және
әр оқу тоқсанының қорытындысына сыныптарда ата-аналар жиналысын
тұрақты өткізу. Сондай-ақ жалпы ата-аналар жиналысында гимназияның
оқу-тәрбие жұмысының барысы, алдағы міндетері туралы педагогикалық
ұжымның ата-аналар алдында есеп беруін ұйымдастыру.
2. Сынып жетекшісіоқушының
ата-анасымен отбасының тұрмыстық жағдайымен танысу үшін оқушы
үйлеріне тоқсан сайын барып тұру, әр балаға отбасының ықпал
деңгейін, баланың неге қызығатынын анықтау.
3. Ата-аналарға бала
тәрбиесі туралы дәрістер оқып, баланың жеке басының қалыптасу
жолдары мен даму заңдылықтары туралы білім беру. Осы мақсатта сынып
жетекшілері ата-аналармен психология, педагогика, анатомия,
физиология және гигена мәселелері бойынша әңгімелер өткізіп, пікір
алмасу.
4.
Ата-аналар комитетімен тығыз байланыста болу, оларды сыныптарда,
жалпы мектепте өтетін шараларға белсенді қатыстыру, үлгілі
ата-аналарды өнеге ететін фильм т.б.бірлесіп қарау,
талдау.
Негізінен тәрбие шәкіртке ата-ана, оқу орны,
өзін қоршаған орта арқылы беріледі. Сондықтан да оның үйлесімін
табу оқушының жан-жақты дамуына оң ықпалын тигізеді. Ал мектеп
жан-жақты дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуге байланысты негізгі
қамқорлықты өз міндетіне алады. Отбасы осы қамқорлыққа жауап
ретінде бала тәрбиесінің өзіне тиісті бөлігін адал атқаруы тиіс.
Өйткені, үйде баланы қанша дұрыс тәрбиелесек те, оның дербес өмір
сүруіне даярлануына қажеттінің бәрін бере алмайды. Сол себептен
оқушылар ұжымымен тығыз байланыс жасап, олардың өмірге және білім
алуға деген талғамдары мен көзқарастарын зерттеп отыру,
ынтымақтастық педагогикасын қалыптастыру қажет.
Күн сайын жас ұрпақтың талғамы өзгеріп, қоғаммен
бірге ілгері дамып келеді. Осыған сәйкес жасөспірім талабын
қанағаттандыратын, қоғамның, ұлтымыздың ұстанған бағытымен сабақтас
келетін тәрбие жүйесін жүзеге асыру-педагогикалық ұжымның басты
міндеті. Сондықтан да, келешектің қамын қазірден ойлап, оған бүкіл
жұрт болып ат салысуымызға міндеттіміз.
Әдебиеттер тізімі
1. М.
Ищанова «Жеке тұлғаны тәрбиелеу-мемлекеттік маңызды іс»
//Қазақстан мектебі журналы №1,2001ж.
2. Н.
Құлдашева «Жасөспірімдік кезең: мінез құлықтағы ауытқушылықтар»
//Қазақстан мектебі №11,2006 ж.
3. К.
Әділова «Қиын оқушыны тәрбиелеу қиын ба?»
Қазақстан мектебі № 5,2002 ж.
Солтүстік Қазақстан облысы
Шал ақын ауданы
Ұрпақ
тәрбиесі-ұлт тағдыры
Баяндама
Өткізген:Тұяқова Қарлығаш
Жалбыровна
Жалтыр негізгі мектебі