№ 31
«Еркемай» бөбекжайы
МКҚК
Ата -аналарға
кеңес
«Біз балалармен қалай
сөилесеміз?»
Дайындаған: әдіскер
Т.Досжанова
Ақтау
2017ж
Ата-ананың баламен қалай
сөйлескені жөн? Шынын айтсақ, бала тәрбиесіндегі ең басты мәселе
екеу: оның біріншісі баланың қандай болуы керектігін
ата-ананың талап етуі, ал екіншісі қандай болып өскісі келетінін
баланың өзі таңдауы. Екі тарапты «соғыс» ықылымнан басталып,
бүгінге дейін басы бүтін проблемаға айналғанға ұқсайды. Әрі бұл
мәселе көп жағдайда ескерусіз де қалатын сияқты. Ендеше, бала мен
ата-ана арасындағы диалогтан сыр іздеп көрейік. Алдымен, қазірге
дейін қалыптасып қалған диалогтар түрін мысал етейік. Диктатор бала
Дәл осы қарым-қатынас әдебиетіміздің ең бір көп қозғаған мотиві
іспеттес. Мәселен, тоғышар, жалқау, ешкімді тыңдамайтын ұрпақ пен
өз діттегенін көздейтін, баласының бақытына қайшы келетін іс
жасайтын «әке» ХХ ғасыр басындағы романдардан-ақ көрінді. Содан
болса керек, қазақта ең ауыр қарғыс түрі болып саналатын «Өзің
білме, білгеннің тілін алма» деген сөз де қалған. Отбасыдағы
баланың диктат болуын – оның әке мен шешенің айтқанын тыңдамай,
өзінің керегіне ғана қол созуы деп түсінгеніміз абзал. Өз
қалауы орындалмаса бүлдіршін жылап, бозбала мен бойжеткен қырсығып
кетіп қалу әдісіне дейін барып жатады. Ал екінші жағынан
әке-шешенің өз баласына деген аяусыз талап қоюы. Екі жақ та
біржақты әрекетке баратын болса, бұл да саяси терминмен айтқанда
диктаторлықтың нағыз өзі. Әйгілі педагог А.С. Макаренконың теориясы
бойынша «барынша қатты талап қою – барынша құрмет көрсету» әдісі
мәселенің бәрін де шеше алатын сияқты. Десе де, бала мен ата-ананың
арасындағы қарым-қатынасты детальді түрде қарастырмасқа болмайды.
Бірінші диалог: Шешесі алаңқайда ойнап жүрген баласын тамақ ішуге
шақыруда: - Балам, тамақ дайын болды, үйге кір! Үнсіздік. Әлгі
дауыс қайта шығады: - Біз сені күтіп отырмыз! Жауап жоқ. Шешесінің
даусында жалынған реңк байқалды: - Тамағың суып қалады. Тезірек.
Балақайлардың арасынан біреуі шығады да: - Ішпеймін! Ішкім
келмейді! Қойшы! - Сен енді таңғы асыңды ішпедің де ғой! Күтіп
отырмыз, бол, келші үйге! - Қайтпаймын. Тамақты осында әкеп бер!
Бала өз дегені үшін барын салады. Бастапқыда оның қалауы тек
көбірек ойын ойнау болса, ендігі қалауы – еркелігін қырсықтыққа
айналдыру. Оның бойында еріншектік, қырсықтық, жармақ қасиеттері
көрініс тапты. Шешесінің өз баласын тым еркелетіп жібергенін көріп
отырмыз. Мұндай тәрбие – баланың сыңаржақ, екі жүзді болуына алып
келеді. Қамқор шеше Баласының қиын жағдайға тап болмасы үшін қай
ата-ана болмасын, қамқорлық танытуға барын салады. Бұл баланың
сыртқы әлеммен байланыс үзетінінің алғашқы қадамы дей беруге ерте
шығар, бірақ алғашқы белгілері десек, өтірік айтқан болмас едік.
«Өзім істейміні» - «шешем-ақ жасап берсін» делінген тұжырымға
ауысып кетсе, қамқорлықтың негативті жақтары да байқалатынын
ескертеміз. Мұндай әке-шеше баласының дамып-қалыптасуына кедергі
болады. Педагогикалық іс-әрекеттердің негізгі проблемасы – бала
туралы уайымға айналады. Бұл да Ыбырай Алтынсариннің «Асан мен
Үсен» мысалында түсіндіріледі. Үсенді емес, Асанды алып қарайық,
оның тәрбиесі мына сыртқы әлеммен, қоғаммен байланыс жасауға
келмейді. Қандай қиындық болмасын, ол Үсенге иек артады. Асан
Үсеннің өзімен жасты екенін білсе де, бар қамқорлықты содан күтеді.
Психологтардың ойынша, мұндай «үй баласы» сипатындағы ұрпақ
бозбала-бойжеткен шағына жеткенде шын өмірді ауыр көтереді екен.
Олардың мінез-құлқы мен көңіл-күйі елден өзгеше болып қалыптасады,
дәл осы шағында жүйкесі тозып, ұрлық-қарлық, заңбұзушылықтарға
барады. Екінші диалог: Шешесі баласын мектепке дайындауда: - Балам,
бас киіміңді киіп жүр, құлағыңа суық тиеді. - Төу, мама, менің
сыныптастарымның ешқайсысы да бас киім киіп жүрмейді! Бұл – баланың
өзіндік «Менін» байқау деңгейі. Оған бас киім кигізу міндет. Ал
бірақ баланы қатарластарынан қалыс қалдыру мәселесін де қарастыру
қажет. Үшінші диалог: - Мама, мұғалім бізге қиындау жаттығу берді,
көмектесші. - Жақсы балам, сен барып ұйықта, мен жаттығуыңды жасап
қоямын. Бұл диалог ата-ананың қателігін көрсетеді. Қандай да бір
қиындық тудырып, оған жауап іздетуге арналған педагогикалық жүйені
шеше ескермеді. Балаға түсіндіріп, жол көрсетудің орнына, оның
мәселесін өзі-ақ шешіп берді. Мұндай бала келешекте білімсіз,
өзгенің көмегінсіз мәселе шеше алмайтын, тұрақсыз адамға айналуы
кәдік. «Әке мен бала» теориясы Бұл теория ғылыми педагогикада да
кездесіп қалады. Негізгі сипаты ата-ана мен баланың қарама-қайшы
келуі деп түсіндіріледі. Төртінші диалог: Әкесі мен баласы
әңгімелесуде: - Балам, тоғызыншы сыныпты біттің. Енді қай
мамандықты таңдау керектігі жайлы ойлан. Меніңше, сен тіс дәрігері
болуың керек сияқты. Себебі, өскенде бізді емдейтін боласың. - Әке,
менің әдебиет пәнінен беретін мұғалімім шығармашылығымды құптап,
кейін үлкен әдебиетші бола алатынымды айтты. Осы іспеттес жалғаса
беретін диалогтан әке мен баланың қайшы мүдделері көрініс табады.
Бұл – баланың өзіндік «Мені». Мамандықты өзгенің емес, өзінің
қалауы бойынша таңдау – ең дұрыс шешім. Ал әкенің міндеті балаға
жол көрсету, ақыл-кеңес айту. Мұндай баланың келешекте қандай
болатынына болжам жасау қиын: мәселен ол өзінің арманына қол
жеткізу үшін қандай қиындық болмасын, басынан өткереді, ал
екіншіден мұндай бала өз қателігін түсінбей, бірбеткей болып өсуі
мүмкін. Мұнда да әрбір жағдаятқа кеңінен тоқталу ләзім. Біз
келтірген диалогтар әрбір қазақ отбасында бар. Ал бала тәрбиесінде
қолданылатын әдіс түрлері ғылыми және педагогикалық негізде
түсіндіріледі. Бірақ мысалдың өзі көп жағдайдан хабар беретін
болса, біздің мақаламыз әрбір ата-ананың ойлануына сеп болады деген
сенімдеміз.