Тарих магистрі, аға
оқытушы Әсeл Тaшқapaeвa
БҰРЫНДЫҚ
ХАННЫҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТЕРРИТОРИЯСЫН КЕҢЕЙТУДЕГІ
РӨЛІ
Қазақ
хандығының негізін қалап, жаңа хандық құруда жетекші әрі маңызды
рөл атқарған Керей хан мен Жәнібек сұлтан десек, алғашқы ақ киізге
көтеріп хан сайланған Керей хан туралы тарихи жазба түп-деректер
мен ауызша мәліметтер өте аз кездеседі. Мұхаммед Хайдар Дулатидың
«Тарих-и Рашиди» еңбегі Қазақ хандығы мен жетекші әрі маңызды рөл
атқарған ұлғалар тарихын зерттеушілер үшін аса маңызды және басты
деректердің бірі болып табылады. Қазақ хандығының құрылуының
алғашқы жылдары, яғни 90 жылдық тарихи дамуы жайлы мәліметтер
келтірілген Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі өз
дәуіріндегі тарихи дерек қалдыру үрдісі бойынша алдыңғы қатарлы
жазылған маңызды деректеме.
Тарих-и Рашиди
еңбегінің бірінші кітабындағы «Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық
көрсеткен күндерінен әңгімесі» атты 39–тарауда берілген тұңғыш
рет Қазақ хандығының құрылуы және
алғашқы ханы Керей жайында Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп
баяндайды: «...Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласында
түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары
жорық жасап, Керей хан мен Жәнібек сұлтан одан қашып, Моғолстанға
кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып,
қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы
Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан
қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында
үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек
сұлтанның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға
жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының
алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады.
<Алла жақсы біледі>. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар
Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген
еді.
Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды [1,
110-111 б.]. Деректен байқағанымыздай, автор «Керей хан» мен
«Жәнібек сұлтан» деп көрсетіп, Керей хан алғашқы қазақ ханы
екендігін жазып қалдырған. Сонымен қатар, Есенбұға
ханның қазақ сұлтандарын «құрметтеп», яғни
қашқындар ретінде емес, құрметті адамдар ретінде қарсы алғандығы
жазылған.
Керей хан туралы ортағасырлық ғалым Махмуд ибн
Уәлидің «Бахр ал-асрар» (Теңіздей терең сыр) атты еңбегінде: «Қазақ
хандығында алдымен падишах атанғаны – Керей, яғни қазақтардың аға
ханы көтерген адамы – сол» - дейді. Бұл жерде падишах сөзінің
парсының көне сөзі екенін, пад –
сақшы, сақтаушы
және шах – асыл
текті, ұлы сөздерінің бірігуінен
жасалған [2, 62 б.].
Қазақстандық ғалымдардың
тапқан ауыз әдебиетіндегі бірнеше тарихи аңыздарда
да Керей хан есімі кездеседі.
Ондағы бірінші аңыз: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір
түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс
түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде
Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «Қазақ»
деп атапты» десе, екінші аңыз бұл жөнінде: «Қара күзде Сырдан
қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға
бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан
көктемде Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» деп баяндайды.
Екі аңыз да Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін «тышқан жылы,
қара күзде» деп, ал Керейдің хан көтерілуін «көктемде» деп жарыса
мәлімет беріп отыр[6, 7
б.].
1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории
Казахских ханств ХV-XVIII в.в.» атты бірнеше ортағасырлық
авторлардың шығармалары топтастырылған еңбекте Керей хан туралы
деректер тек Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстан аймағына келуі
туралы мәліметтер береді. Солардың бірі "Тауарих-и гузида-ий
Нусрат-наме" («Жеңістер кітабының
тандаулы тарихы») [3, 15-19 б.] секілді
тарихи шығармада хандар шежіресіне байланысты, Мұхаммед Хайдардың
еңбегі «Тарих-и Рашиди» мен Махмұд ибн Уәлидің жазып қалдырған
«Бахр ал-асрар», «Грамота из Сыганака» [3, 314 б.] еңбектеріндегі
деректерде Қазақ хандығының құрылуына байланысты мәліметтер
берілген.
Керей
ханның қай жылы дүниеге келгені ешқандай жазба деректерде
кездеспегендіктен, шамамен оны XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың
алғашқы жылдары туылған деп болжауға болады [4, 380
б.]. Ал, қайтыс болған жылына келер болсақ, Керей ханның есімі
тарихи деректерде 1472-1473 жылдары Бұрыш оғылан деген сұлтанның
Моғолстан ханы Жүністің ордасына жасаған шабуылына байланысты соңғы
рет аталады, содан кейін еш жерде кездеспейді. Сондықтан оның қашан
және қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтау қиын. Тек кейінгі
оқиғалардың даму барысына қарағанда, ол сол 1473 жылдағы
оқиғалардан кейін көп ұзамай қайтыс болған секілді.
Керей мен Жәнібек хандар қазақ даласында билікті
мұрагерлік жолмен атадан балаға қалдырған Шыңғыс ханның үлкен ұлы
Жошыдан тараған беделді әулеттің ұрпақтары. Зерттеулердің бәрінде
де Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтарының
Орыс ханға дейін билігінің үзілмегендігі айтылады.
«Михман-наме-йи Бухара»
еңбегінің авторы Фазлаллах ибн Рузбихан да «Қазақ хандары да Шыңғыс
ханның ұлы Иочи (Жошы) ханнан тараған» - деп атап өткен [?, 144
б.]. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін
таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді де, екі
ай ғана билік құрады. Т.И.Сұлтановтың жазуы бойынша Керей ханның
атасы Тоқтақия «жұмсақ мінезді және әділетті» адам болып, Әмір
Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болған. Тоқтақияның ұлы
Болат ханнан Керей туған.
Қазақ
хандығының құрылуының алғашқы жылдары-ақ Керей хан немере інісі
Жәнібекпен бірге өздері құрған хандықты нығайту, территориясын
кеңейту үрдісін бастап кетеді. Алғашқы кезеңде Қазақ хандығының
территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы
болғандықтан, аталған аймаққа деректемелерде «Қазақ хандығы»,
«Қазақ елі» деген атау қолданылды, ежелден осы алапты мекендеген
қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті - Қыпшақтан қоныс аударған қазақ
тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілқайыр хандығындағы
алауыздықтар мен алым-салықтың көбеюі салдарынан сұлтандар мен
әмірлер бастаған ру-тайпалар қашып, Қазақ хандығына келіп қосылып
жатты. Бұл туралы М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінің
1-кітабындағы 39-шы және 46-тарауында, 2-кітабындағы 33-тарауында
үш қайтара жазған. Осындай аласапыран кезеңдерде Жетісуды
мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей
түсті. XV ғасырдың 50-жылдарының ортасынан 70-жылдарының басына
дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам
көшіп баруымен жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін
нығайтып, оның беделі мен әскери, саяси күш-қуатын арттыра
түсті.
Сонымен, Керей хан Қазақ хандығын 1458-1473
жылдары 15 жылдай билеген және бізге жеткен аңыз бойынша Хан тауы
етегінде жерленген. Керей ханның үш баласы болды.
Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде отыз
жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі
түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей
ханның қалған екі ұлы жөнінде тарихи жазба түп деректерде
мәліметтер өте аз кездеседі.
-
Тарих –
адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық. – Астана:
Фолиант, 2006. Т.6: Әлемдік тарихи ой. 2006. – 448 б.
-
Уәлиханов Ш. Ш. Көп томдық шығармалар
жинағы. – Алматы: Толағай
групп,
Т.3. –2010. – 424
б.
-
Марғұлан Ә.Х. Шығармалары. – Алматы:Алатау, 2012. –Т.ХІV.– 512
б.
-
Қозыбаев М. Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013.
–Т.4. – 328 б.