Материалдар / Дене тәрбиесінің қағидалары
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Дене тәрбиесінің қағидалары

Материал туралы қысқаша түсінік
Дене тәрбиесінің қағидалары
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
09 Сәуір 2019
8819
11 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Дене тәрбиесінің қағидалары


Қозғалыс шеберлігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қасиеттерін тәрбиелеу жалпы заңдылықтарға бағынады, ол әдістемеде қағидалар деп аталады. Қағидаларда жазылмаған, бірақ орындалуы керек заңдылықтар деп айтуға да болады. Қағидаларды білу, оларды тәжірибеде қолдану дене тәрбиесі үрдісін жетілдіреді. Дене тәрбиесі үрдісінде төмендегідей әдістемелік қағидалар кең қолданылады:

1. Саналылық және белсенділік.

2. Көрнекілік.

3. Жүйелілік.

4. Біртіндеушілік.

5. Реттілік.

6. Даралық.


Саналылық және белсенділік қағидасы


Бұл қағиданың мақсаты – дене тәрбиесі үрдісі кезінде жаттығушылардың дене тәрбиесі мен спорт әрекеттерін саналы түсінуін, тұрақты ынтығушылық, қызығушылық қалыптастыру және олардың осы әрекеттерге белсенді ұмтылуын ұйымдастыру. [12]

Саналылық дегеніміз – адамның жалпы өмір заңдылықтарын, әр нәрсенің ақиқаттылығын дұрыс түсінуі, ұғына білуі, келешек әрекетін сол негізде орнықты бағыттай алуы. [13] Саналылықтың негізі – жаттығушының алдына орынды мақсаттар қоя білуі және сол ұмтылған бағытының жетер межесін, нәтижесін алдын ала бағдарлауы, сезінуі. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт түрінен жаттықтыратын жаттықтырушысы оқушыларының алдына өте айқын, ұғынықты міндеттер, оларды қызықтыратын, ұмтылдыратын жақсы, дұрыс, жоғары мақсат қоя білуі керек. Сонда ғана олардың саналарында тұрақты, түсінікті қызығушылық, сол мақсаттарға жетсем деген ұмтылушылық, әрбір жаттығу сабағына деген құлшыныс сезімі пайда болады. Саналылық және белсенділік қағидасы міндеттерін орындау кезінде оқытушы, жаттықтырушы төмендегідей талаптарды, мәселелерді негізге алып орындауы қажет:

1. Дене тәрбиесінің мақсаты мен міндетін орындауға оқушылардың ынтасын саналы түрде қалыптастыру. Егер оқушы алға қойған мақсаттың маңызын түсініп, оның міндеттерін орындауға ынта танытса, оқу-жаттығу барысы тезірек игеріліп, сапалы болады. Жаттығушылардың алдына кезекті (жақын) және болашақ (алыс) мақсаттар қойылуы қажет. Олар үшін болашақ мақсаттар: спорттық разряд алу, Президенттік сынақ нормаларын орындау, мектептің, ауданның құрама командаларына мүше болу т.с.с. Кезекті мақсаттар: бір күрделі жаттығудың техникасын меңгеру, кейбір дене қасиетін дамыту т.с.с. Оқушылар өздерінің денсаулығын нығайту, әр түрлі дене қасиеттерін дамыту үшін ұсынылып отырған тапсырманың мәнін, маңызын айқын түсіне білулері керек.

2. Сабаққа ынталы, барлық зейінімен қызыға қатысу, іздене білу. Дене тәрбиесі сабағы кезінде қызықты тапсырмалар беру, ойындар өткізу, жүйелі түрде баға қою, жетістіктерін мадақтау, марапаттау, жеке тапсырма беру оқушыларды ынталандыра түседі. Үйрету және тәрбиелеу үрдістері жаттығушылардың білімін, танымын қалыптастырады. Жаңа амалдар, әдістер, қозғалыстың жаңа элементтерін орындау, әр түрлі тәсілдер іздеу оқушыларды қызықтырады, шығармашылық ізденіске, белсенділікке ұмтылдырады, ынталандырады.

3. Жаттығушылардың өз әрекетін байқауға, бақылауға қабілетін ояту. Бұл талапты орындау үшін, оқушылар жаттығуды орындаған кезде сәтті немесе сәтсіз әрекеттеріне өздері талдау жасай білуі, орындау техникасынан қате таба алуы, олардың пайда болуы және оны қалай түзету керек екенін үйренулері қажет. Өз көңіл-күйін, жаттыққандығын бақылау, жаттығу күнделігін жүргізе білуі, объективті және субъективті мәліметтерге талдау жасау оқушылардың қабілетін жетілдіреді. Қазіргі кездегі дене тәрбиесі сабақтарында оқушылардың өз әрекеттерін саналы бақылауға ынталандырудың мынандай әдістемелік тәсілдері көп қолданылады:

- жаттығуды үйреткенде қимыл-қозғалысты көрсетпей, тек қана сөзді қолдану әдісі арқылы үйрету;

- мұғалімнің тапсырмасымен дене қасиеттерін дамыту жаттығуларын өз бетімен іріктеп ала білу;

- жаттығуды орындаған соң, орындау техникасының сапасын өзі бағалау немесе екі-екіден орындағанда оқушылардың бір-біріне дұрыс баға бере білуі;

- жаңа жаттығуларды үйренгенде қозғалыс дұрыстығын сезінуге көмектесетін арнайы тренажерлар, қондырғылар қолдану;

- жаттығуды орындаған соң жаттығудың техникасының орындалу сапасы туралы бірден хабарлау, ақыл-кеңестер беру.


Көрнекілік қағидасы


Көрнекілік дегеніміз – адамның сезім мүшелерін тану, түсіну, ұғыну үрдісінде қолдану. [14]Ал дене тәрбиесі мен спорт үрдісінде көрнекілік қағидасы үйрету және тәрбиелеу кездерінде қолданылады. Қозғалысқа үйретуді көру арқылы ғана емес, есту және бұлшық ет түйсігі арқылы да түсіне білу керек. Әр түрлі анализаторлар белгілері оқушылардың санасында үйренетін жаттығу туралы толық түсінік тудырады. Көрнекілік қағидасын тәжірибеде қолдану мынандай жолдармен пайдаланылады:

- үйренетін жаттығуды бөлшектеп немесе толық көрсетуді оқытушы, болмаса жақсы дайындықтан өткен оқушы орындайды;

- әр түрлі көрнекі құралдарды көрсету. Олар: суреттер, схемалар, фотосуреттер, кинограммалар, бейнемагнитофон жазулары, кинофильмдер т.б.;

- оқушының бейнелі сөздері: баяндау, түсіндіру, талдау, бұйрық сөздер және т.б.;

- қозғалыс техникасының қиын бөлшектерін, элементтерін, қимыл-әрекеттерді іштей ойша қайталау. Ол идеомоторлық қайталау деп аталады.

Көрнекілік қағидасын қолданар кезінде мынандай ғылыми-зерттеулер негіздерін ескере білуіміз қажет. Көру жүйесі арқылы қабылдау үш кезеңде орындалады, ол: сезіну, ұғына қабылдау және елестету. Ал есту жүйесі арқылы қабылдау тек қана елестету деңгейінде орындалады. (Б.Г. Ананьев, 1957). Адам сөз жүзінде айтылған хабардың 15%-ын, көзбен көрген нәрселерінің 25%-ын еске сақтайды екен. Егер осы екі хабарды беру тәсілі бірге орындалса, онда хабардың 65%-ы мазмұны есте сақталып қалады екен. (Н.В. Краснов, 1977). Көрнекілік қағидасын қолданғанда әрбір адамның жетекші анализаторы қайсысы екенін ескеру керек. Бір оқушыда жетекші көру анализаторы болса, екіншісінде есту, үшіншісінде қимыл анализаторлары болуы мүмкін. Көрнекілік қағидасын қолдану сипаты үйрену кезеңіне, жасына, жаттығушының дайындығына байланысты. Бұл қағида түрлерін кең пайдалану сабаққа ынталылықты арттырады, тапсырманы түсіну және оны орындауды жеңілдетеді.


Жүйелілік қағидасы


Дене қасиетін дамытудағы және қозғалысқа үйретудегі жақсы нәтиже тек қана дене тәрбиесі жаттығуларын жүйелі орындағанда ғана болады.

Жүйелілік – сабақтар арасында ұзақ үзіліс болмауы, сол арқылы жаттығушылардың дене дайындығы деңгейін түсірмеуі. Сондықтан да жүйелілік қағидасын қолданғанда өткен сабақтың ізін, өтіп жатқан сабақтың әсері басып, нығайып, толықтырып жатуы керек. Қорытындысында көп сабақтың әсерлері қосылып, кумулятивтік әсер (жаттығушы ағзасының берік бейімделу үрдісі) пайда болады, жаттыққандық деңгейі көтеріледі. Сабақтар белгілі бір жүйе бойынша жұмыс және тынығу кезеңдерінің алмасуымен өтеді, бұлардың негізінде бір-бірімен байланысты ағзаның шаршауы және қалпына келу үрдісі жүреді. [15]

Жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде белгілі бір жұмыс көлемі орындалады, жұмыс барысында қозғалысты қамтамасыз ететін энергия, қуат көзі таусыла бастайды, ағзаның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Мысалға бір жаттықтыру сабағын алуға болады (1,5 сағат).

Ағзаның қалпына келу кезеңі. Бұл кезеңде орындалған жаттықтыру сабағынан кейінгі уақытта, демалып, тамақтанғаннан соң, ағзаның жұмыс қабілеттілігі, функционалдық көрсеткіштері жұмысқа дейінгі деңгейге келе бастайды.

Өтем кезеңі. Бұл кезеңде ағза толық демалып, жұмысқа кеткен энергиясын, қуатын қалпына келтіреді. Тек қана қалпына келмейді, артығымен 100%-дан асады. Жаттығушы ағзаға қаншалықты жоғары жүктеме алса, жоғары өтем кезеңі соншалықты көтеріледі. Дене тәрбиесі сабағының, спорттық жаттығудың маңызы, спорт рекордтарының, спортшылардың жоғары жетістіктерінің мәні осында.

Редикуциялық кезең. Дене жүктемесінен кейінгі ұзақ демалыста ағзаның жұмыс қабілеттілігі жоғары көтеріліп, кейін төмен түсіп, бастапқы деңгейге келеді.

Осы көрініс бойынша қалпына келудің қай сатысында жүктеме қайталана орындалуына байланысты, сабақ және демалыс кезектесуінің төрт нұсқасы пайда болады

1-нұсқа. Әрбір келесі жаттықтыру спортшы ағзасының толық бастапқы қалпына келмеген кезде қайталанады. Бұл нұсқа спорттық тәжірибеде күніне 2-3 рет жаттықтыру сабақтарын өткізгенде кездеседі. Көбінесе кәсіби спортшылар дайындығында және үлкен жауапты жарыстарға дайындалу үшін жаттықтыру жиындарын өткізгенде көп қолданылады.

Орындалу мазмұны: бір жұмыс күні ішінде жаттығушының ағзасына көлемді жүктеме беріледі. Бірінші – таңертеңгілік жаттығу, сағат 7-8 аралығында бір сағат; екінші – күндізгі жаттығу, сағат 10-12 аралығында екі сағат; үшінші – кешкі жаттығу, сағат 16-19 аралығында үш сағат. Бұл жағдайда ағзаның толық өз қалпына келе алмауы қосылып (жақсы демалудан кейін) күшті әсер береді. Берілген көлемдегі жүктеме жаттығушының ағзасының функционалдық бейімделу жай-күйіне қозғау жасайды. Өйткені спортшы көп жаттығып, өзінің 100% деңгейінен төмен түскен сайын жоғарғы өтем кезеңінде жұмысқа біліктілігі, жаттыққандық деңгейі жоғары көтеріледі.

2-нұсқа. Әрбір келесі жаттығу сабағы жоғарғы өтем кезеңінде қайталанады. Жетісіне 3-4 рет жаттықтыру сабақтары күн аралатып өткізіледі. Бұл нұсқада ағзаның жұмысқа бейімділігі жайлап көтеріледі, дене қасиеттерін: шапшаңдықты, ептілікті, күшті дамытуға, жаттығу техникаларын үйренуге, жетілдіруге қолданылады.

3-нұсқа. Әрбір келесі жаттықтыру ағзаның толық бастапқы қалпына келу кезеңінде жүргізіледі. Бұл нұсқа күнде, шамамен жетісіне 5-6 рет жаттықтыру жүргізу түріне келеді. Осы күнделікті жүргізілген жаттықтырулар кезінде, үйренген қимылдың ептілігі мен дағдысы, шеберлігі жетілдіріледі, дене қасиеттері дамытылады.

4-нұсқа. Әрбір келесі жаттығу ұзақ демалу аралығы арқылы қайталанады. (Редикуция кезеңінде). Мысалы, дүйсенбі, жексенбі, жетісіне екі рет. Мұндай анда-санда орындалатын жаттығулар дене тәрбиесі үрдісінде ешқандай нәтиже бермейді.

Сонымен, жұмысқа бейімділікті жақсарту, жаттыққандық деңгейін жоғарылату үшін жаттықтыру сабақтары арасындағы демалуды 1-2 күннен ары созбау керек. Дене тәрбиесі сабақтарын бір жетілік циклде дұрыс қоя білу керек. Мектептердегі дене тәрбиесі сабағы кемінде бір күн аралатып, жетісіне 3-4 рет өткізілсе дұрыс болады, өткен сабақтың әсері толық жоғалмай тұрғанда келесі сабақ өткізілуі тиіс. Жаңа жаттыға бастаған жаттығушылармен спорт түрлерінен өткізілетін жаттықтыру сабақтары да жетісіне үш реттен аз өткізілмеуі керек. Жетісіне үш реттен аз өткізілген жаттығу және дене тәрбиесі сабағынан денсаулыққа, адам ағзасына ешқандай пайда болмайды.


Реттілік қағидасы


Қимыл-әрекетке үйрету және дене қасиетін дамыту реттілігіне арналған талаптар үш дидактикалық ережеден тұрады:

1. Жеңілден – қиынға.

2. Қарапайымнан – күрделіге.

3. Меңгерілген қимыл-әрекеттен -меңгерілмеген қимыл-әрекетке.

Бұрыннан меңгерілген қимыл-әрекеті мен дағдысының негізінде жаңа қозғалыстарды үйрете, қалыптастыра білу керек. Әрбір спорт түрінің негізгі жаттығуларын үйреткенде оларды рет-ретімен іріктеп, қарапайым, жеңіл орындалатын қимыл-қозғалыстарды алдымен, сонан соң күрделі жаттығуларды ақырындап күрделілендіре үйрету қажет. Дене тәрбиесі үрдісінің реттілік қағидасының ерекшелігі де осы жаттығулардың сабақтастық негізіне бағытталған. Оқу материалдарын жоспарлағанда өткен сабақтың мазмұны келесі сабақпен жалғасып жатуын ойластыру керек.


Біртіндеушілік қағидасы


Орындайтын жаттығулар техникасының біртіндеп күрделіленуін, жүктеме көлемі мен қарқыны біртіндеп өсуін біртіндеушілік қағидасы дейміз. Сабақ жүктемелерін демалыстан кейінгі кездерде немесе жаттығу сабақтары жаңа басталған кезеңдерде жеңіл, кіші, аз көлемде, ақырын қарқында беріп, бірте-бірте жоғарылатып отырған дұрыс. Жүктеменің біртіндеп өсуінің үш түрі бар:

1.Түзу сызықты – көтерілу түрі. Бұл түр кезінде жүктеме біртіндеп артады, жаттыққандық деңгейі баяу, жайлап жоғарылайды, жаттығу сабақтары арасындағы демалу уақыты ұзақ болады. Бір жетіде 3-4 рет жаттығу сабақтарын жүргізу.

2.Сатылы түрі. Көптеген жаттығу сабақтарында дене жүктемесі тұрақты, тік жоғары көтеріліп отырады. Ол ағзаның бейімделу үрдісін тездетеді, оны тұрақтандырады.

3.Толқынды түрі. Бұл түр кезінде жүктеме жоғарылап қана емес, төмендеп те тұрады. Жаттыққандық деңгейін жоғарылату үшін келесі толқынды жоғары деңгейге көтеру керек. Соның арқасында жаттығу жүктемесін ең үлкен мөлшерде беруге болады. Қазіргі жаттықтыру үрдістерінде көбінесе осы толқынды түр қолданылады.

Қозғалыс әрекетін үйретуде оқу материалына екі түрлі жоғары талаптар қойылады:

1. Түзу сызықты - ол әрбір сабақта жаңа міндеттер қою.

2. Сатылы – жаттығушыларға оқу материалын бірнеше сабақтар көлемінде игеруге талап қояды, ал жаңа тапсырма жаттығушылардың өткен сабақтар міндеттеріне бейімделген кезінде ғана беріледі.

Оқушылардың функционалдық мүмкіншіліктері тұрақты өсіп отыруы оларға жоғары талаптар қоюды керек етеді. Сондықтан да жаттығушылардың дайындық деңгейі қандай биік болса, сондай жоғары талаптар қойылады. Қойылған талаптардың дамуы жаңа тапсырмалардың түсініктілігіне, жүктеме көлемінің дұрыс берілуіне байланысты. Қимыл-әрекетті меңгеру, жүктеме көлемін өзгертуді дене тәрбиесі мұғалімі мектеп бағдарламасын, Президенттік сынақ нормативтерін басшылыққа ала отырып белгілейді.


Даралық қағидасы


Даралылық қағидасы – дене тәрбиесі үрдісінде оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру түрінде жүргізіледі. Даралылық қағидасы әр адамның дайындық деңгейіне, жыныс және жас ерекшеліктеріне байланысты. Жеке басының, психикасының ерекшеліктеріне, жүктемеге шыдамдылығына, сыртқы орта әсерін сезіну мүмкіншіліктеріне, жұмыс істеу стиліне байланысты.

Даралылық қағидасы дене тәрбиесі үрдісінде төмендегідей түрлерде қолданылады:

- топтық жұмыс арқылы. Бұл жағдайда жаттығушылар сыртқы бейне сипаттары бойынша бөлінеді (жыныс, жас ерекшеліктері, дене дайындығы т.с.с.). Бастапқы үйрету кезеңдерінде, негізгі жарыс жаттығуларының техникасын үйренгенде, жалпы денені дамытқанда топтық жұмыс істеу жолы өте тиімді:

- жекелей жұмыс істеу арқылы. Спорттық шеберлігі артуына байланысты жұмыстың топтық түрі жекелей жұмыс істеу түріне ауысады. Бұл жұмыс оқушылардың төмендегідей ерекшеліктерін ескеріп жұмыс істесе нәтижелі болады: сынақ және оның көрсеткіштеріне көңіл бөлінсе; оқу материалдарын меңгеру, жүктемелерге бейімделу мүмкіншіліктері ескерілсе; әр түрлі оқу әдістерін түсіну зеректігі ескерілсе (көрсету, түсіндіру, көрнекі құрал көрсету т.б.).

Даралылық қағидасы мынандай жұмыстар арқылы іске асырылады:

- жеке үй тапсырмалары арқылы;

- дене тәрбиесі сабағында берілетін әр түрлі тапсырмалар арқылы (жақындататын, дайындық, негізгі жаттығулар т.б.);

- түрлі спорттық құрал-жабдықтар арқылы.

Дене тәрбиесі тәжірибесінде қағидалар әрекеті бір-бірімен байланысты, біріге кездесіп отырады. Осындай жағдай педагогтерді әдістемелік қағидаларды кешенді пайдалануға мәжбүр етеді. Дене тәрбиесі сабақтарын, жаттығуларды жүргізу кезінде көрнекілік қолданылып, реттілік және біртіндеушілік қағидалары, оқушылардың зейінділігі мен жеке ерекшеліктері ескерілсе, сабақтар арасындағы жүйелілік сақталса, бағдарлама материалдарын жақсы меңгеруде, дене жүктемесін үзбей жоғары деңгейде ұстауда дене тәрбиесі мұғалімінің алдында көптеген мүмкіншіліктер ашылады.



Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!