Жұмағазиев Қуаныш
Жасұланұлы
Талдықорған қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып
оқушысы
Елін сүйген, елі сүйген
Елбасы
Қазақстан сынаптай сырғыған
уақытта өз елдігін, тәуелсіздігін әлемге тек жария етіп қоймай,
дамыған елдермен иық теңестіруге қабілетті екенін анық көрсетті.
Ширек ғасырда әлемнің тукпір-түкпіріндегі елдер Қазақстанға
құрметпен қарайтын дәрежеге көтеруге негізгі себепшісі-Елбасы.
Ұшқыш болсам деп армандаған боз баланың жаңа мемлекеттегі орны
ерекше, ал аты ел тарихында алтын әріппен ойылып жазылатындай
құрметке лайық па?
Біріншіден, КСРО құлдыраған
кезден бастап, Елбасымыз, Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның егемен ел
болып қалыптасуында ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада
өзіндік ерекше, беделді орынға ие болуына үлкен жұмыс атқарды деп
санаймын. Өзінің көрегендігімен, көшбасшылық қасиетімен халықтың
алдында лайықты үміткер, халық сайлауымен жаңа Қазақстан
Республикасының Президенті сайланды. Қазақстанды басқару ісі елдің
қауіпсіздігі мен бостандығын қамтамасыз ету үшін елдің
тәуелсіздігін әлемге жариялау арқылы және Қазақстанның шекараларын
көршілес елдермен келісе отырып картаға бекіту арқылы жүзеге
асты[1]. Оған қоса, Олжас Сүлейменовтың бастауымен жүргізілген
«Невада-Семей» қозғалысының нәтижесінде, Елбасының жарлығымен 1991
жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды және Қазақстан ядролық
қарудың зардабын енді тартпау үшін ядролық қарудан өз еркімен бас
тартты[2]. Елбасы Президент болып сайланған уақыттан бастап,
толықтай елдің тағдырын өз қолына алып, өзінің ерекше ойлау
қабілеті мен мықты стратегиялық дағдыларының арқасында талай
елдерді таңдандырып, «ел болып тұра алмайды» деген адамдарға сөзбен
емес, іспен жауап қайтарғаны тек қазақ жастары емес, сонымен қатар
өзге елдердің саясатшылары мен ел басшыларына үлгі болғаны айдан
анық.
Екіншіден, менің пайымдауымша,
тәуелсіздік алған жылдары болған мәселелер елдің еңсесін түсірген
ауыр соққы болды. Қаншама адам осындай экономикалық, әлеуметтік
мәселелердің қыспағына шыдай алмай, елдің ертеңіне сене алмай
шекара асып кеткені, елдің демографиялық жағдайына жығылғанға
жұдырықтай болды. Елдің аман қалуы-қалмауы екіталай болғанда тек
дұрыс шешім қабылдау керек болған жағдай еді. Сол кезде елге
инвестиция тартып, елдегі өнеркәсіптер мен өндіріс орындарын іске
қосу арқылы жұмыссыздық мәселесін біршама
азайтты.
Үшіншіден, жаһандану кең етек
жайған заманда, дамыған елдердің шаңын жұтып қалмай, керісінше сол
ұлы көшті бастауға бағытталған нақты қадамдарды, стратегиялар мен
ұлт алдына мақсат қойды. Әлемде мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің
ұштасуынан қорқып, есік-терезіні қымтап қоймай, өзге елдерден
керегін алып, үйрете алатын бөліктерді үйрету елдің ары қарай
алдыға қадам жасауына маңызды шешім болды. Менің ойымша, осы
мультимәдениеттіліктің зардабын шеккен өз ұлттық ерекшелігін
жоғалтқан елдердің қателігін ескеріп, ұлттық кодты сақтай отырып
дамуды көздеген «Мәңгілік ел» идеясы мен «Рухани жаңғыру»
бағдарламалары арқылы, елдең кешегісі мен бүгінгісін байланыстырып,
ертеңгі күнге жол көрсететін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры»
мақаласы да елдің дамуында үлкен қадам жасауға үлес қосты. Көзді
ашып жұмғанша, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын енді құрап жатқан
мемлекет, әлемнің 30 дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру
жолында.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай
түйініне келетін болсақ, тәуелсіздік алғаннан бастап елдің қазіргі
дәрежеге жетуі Елбасының арқасы деп санаймын. Елін сүйген, елі
сүйген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атамыздың есімі ел тарихында алтын
әріппен жазылуына лайықты екеніне кәміл
сенемін.
Қолданылған
әдебиеттер:
-
Әділ Ахметов. «Қазақстан
шекарасы – ұлттық қауіпсіздік кепілі».4 мамыр 2018
жыл.
https://bilimsite.kz/okushi/10492-kazakstan-shekarasy-ulttyk-kauipsizdik-kepili.html
-
«Бүгін – Семей ядролық полигоны жабылған
күн»
https://www.zakon.kz/4934821-b-g-n-semey-yadroly-poligony-zhabyl-an.html