Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ересек жас топ балаларының танымдық қызығушылығы дамуының ерекшеліктері
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Ересек жас топ балаларының танымдық қызығушылығы дамуының ерекшеліктері
А.Ә.Ерменбаева (Алматы қ.)
Түйіндеме
Бұл мақалада «танымдық қызығушылық» ұғымына талдау жасалынып, ересек жас топ балаларының танымдық қызығушылығы дамуының ерекшеліктері қарастырылған.
Кілттік сөздер: сензитивті кезең, танымдық қызығушылық, Әуестік. білімқұмарлық, қабылдау
Резюме
В статье анализируется понятие «познавательный интерес» и рассматриваются особенности развития познавательного интереса у детей старшей возрастной группы.
Ключевые слова: сензитивный период, познавательный интерес, хобби. любопытство, восприятие
Summary
The article analyzes the concept of "cognitive interest" and examines the features of the development of cognitive interest in children of the older age group.
Keywords: sensitive period, cognitive interest, hobby. curiosity, perception
Қазіргі уақыттағы мәселелердің арасында өзекті тақырыптардың бірі адам өмірінде маңызды кезең болып саналатын мектепке дейінгі жас кезеңінде балалардың танымдық қызығушылығын дамыту болып табылады. Бұл кезеңде баланың болашақ тұлғасының негізі, ақыл-ой, адамгершілік және физикалық дамуының алғышарттары қалыптасады.
Білімді меңгерудегі сензитивті кезең ретінде мектеп жасына дейінгі кезең ерекшеліктерін ескере отырып, баланың танымдық қызығушылығын дамыту үшін педагогикалық және психологиялық жағдай жасау маңызды. Оқыту мен тәрбие тұлға қалыптасуына әсер етуі үшін баладағы танымдық қажеттілікті ояту қажет. Өйткені, танымдық қажеттілік адамның танымдық белсенділігінің негізгі көзі мен танымдық қызығушылығының негізі болып табылады. Танымдық қызығушылық тақырыбы көптеген психологтар мен педагогтардың еңбектерінде жеткілікті зерттелген. Бұл тақырыпқа Б.Г. Ананьев, Л.Н. Божович, Л.А. Венгер, Л.С. Выготский, А.Г. Запорожец, А.Г. Макаренко, Н.В. Рубинштейн,Г.И.Щукина, Д.Б. Эльконин секілді көптеген ғалымдар, педагогтар мен психологтардың еңбектері арналған.
Алайда, осы мәселеге байланысты кейбір сұрақтар әлі шешімін таппаған. Олардың арасындағы маңыздысы – балада белгілі бір іс-әрекетке немесе материалға деген тұрақты танымдық қызығушылығын тудыру. Яғни, бұл мәселені нақтырақ алатын болсақ: мектеп жасына дейінгі кезең балаларына артық жүктемесіз ақпаратты толық меңгеруіне қол жеткізуде олардың танымдық мүмкіндіктерін, белсенділіктерін дамытуды қамтамасыз ететін тәсіл болуы қажет. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да, осы мәселені шешу үшін балалардың тұрақты танымдық қызығушылығын тиімді дамытуға арналған оқытудың формалары мен әдістерін іздеуді жүзеге асыру керек.
Қоғамға білімді қолдана білетін ғана емес, сол білімге қол жеткізе алатын тұлғалалар да керек. Қазіргі уақытты стандартты емес ерекше жағдайлар біздің қызығушылығымыз аясының кең болуын талап етеді. Қызығушылық – адамға айрықша маңызды болып сезілетін әрекеттердің мотивтері. Мұны субъекттің оның әрекетіне деген жағымды бағалау қатынасы ретінде қарастыруға болады.
Б.Г. Ананьев, Л.Н. Божович , Л.А. Венгер, Л.С. Выготский секілді көптеген ғалымдардың зерттеулері танымдық қызығушылық белсенді танымдық іс-әрекет барысында сәтті қалыптасатынын атап өтеді. Баланың танымдық қызығушылығы жаңаны тануға, заттар мен құбылыстардың мәнін түсіну және олардың арасындағы қатынастар мен байланыстарды табу үшін олардың мәнін түсіну және олардың арасындағы қатынастар мен байланыстарды табу үшін қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтауда көрініс табады.
Қазіргі уақытта танымдық қызығушылық ұғымын түсіндіруге байланысты түрлі бағыттар бар. Н.Ф. Добрынин «Танымдық қызығушылық – адам зейінінің таңдамалы бағытталуы» деп анықтама береді. Ал, Л.С. Рубинштейн танымдық қызығушылықты зияткерлік және эмоциялық белсенділігінің көрініс табуымен түсіндіреді. Н.Г. Морозова танымдық қызығушылықты тұлғаның қоршаған әлемге деген белсенді эмоциялық-танымдық қатынасы деп есептейді. А.Г. Ковалев танымдық қызығушылықты адамның әлеуметтік-өмірлік мәні мен эмоциялық тартымдылығымен туындаған объектіге өзіндік қатынасы ретінде анықтады.
Қазіргі уақыттағы зерттеулерде танымдық қызығушылықты қалыптастыру мәселесі бойынша түрлі көзқарастар да кездеседі. Н.К. Постникова қызығушылықты белгісіз нәрсені анықтауға бағытталған танымдық іс-әрекет ретінде қарастырады. Бұл жағдайда қызығушылық белсенділік көріністерінің жиынтығы ретінде ұсынылады, алайда мұндай бағыт қызығушылықтың туындау механизмдерін дұрыс ашып көрсетпейді. А. Валлон зерттеулерінде танымдық қызығушылық таным пәніне деген эмоциялық қатынас ретінде қарастырылады. Мектеп жасына дейінгі кезең балаларында таным объектілерінің алғашқыларының бірі заттық әлем болып саналады. Заттық әлемге деген танымдық қызығушылықты қалыптастыру баланың мектеп жасына дейінгі кезеңде оны меңгеріп алуына байланысты. Көбінесе, баланың әлеуметтену процесімен анықталады. Л.И. Божович және Л.С. Выготский «мектеп жасына дейінгі балаларда танымдық қызығушылықтың дамуы белсенділіктің ерекше формаларының артықшылығына және жағымды эмоциялық жағдайға байланысты сыртқы әсерлер қажеттілігінен туындайды» деп есептейді. Оның қалыптасуы іс-әрекетте туындайды (Л.С. Выготский, А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейн).
Танымдық қызығушылықтың мақсаты – адамның қоршаған әлемнің алуан түрлілігімен танысуға, оның санасына тән процестерді, себеп-салдарлық байланыстар мен заңдылықтарды бейнелеуге ұмтылысы. Сонымен бірге, танымдық іс-әрекетпен қосылған танымдық қызығушылық әр түрлі жеке қатынастардың пайда болуымен тікелей байланысты: белгілі бір ғылым саласына таңдамалы қатынас, танымдық қызмет, оларға қатысу, танымдағы серіктестермен қарым-қатынас. Дәл осы кезеңде заттық әлемді тану мен оған деген көзқарас, ғылыми фактілер, идеология қалыптасады, оның сипатына танымдық қызығушылық ықпал етеді. А.Н. Леонтьев танымдық қызығушылық адамның барлық психикалық процестерін оның дамуының жоғары деңгейінде ынталандырады, адамды қызметтегі жаңалықтарды үнемі іздеуге итермелейтінін де атап өтті (өзгерістер, мақсаттардың күрделенуі, пәндік ортада оларды жүзеге асырудың маңызды жақтарын анықтау, басқа қажетті әдістерді табу және оларға шығармашылықты енгізу).
Танымдық қызығушылық педагогикалық процесте маңызды рөл ойнайды. И.В. Метельский қызығушылық ұғымына мынадай анықтама береді: «Қызығушылық – затты меңгеруге деген мағымды эмоциялық қатынаспен, таным, қиындықтарды жеңу, жетістікке жету қуанышымен, дамып келе жатқан тұлғаның өзін өзі көрсетуімен байланысты белсенді танымдық бағыт». Педагогикада танымдық қызығушылық балалардың танымдық белсенділігінің құралы ретіндегі сыртқы стимул деп қарастырылады. Педагогикада танымдық қызығушылықты зерттеумен айналысып жүрген Г.И. Щукина мынадай анықтама береді: «танымдық қызығушылық тұлға белсенділігінің деңгейін көрсетеді, ол адамның психикалық процестерімен байланысты, адам мінез-құлығы құрылымында маңызды орын алады». Оның ұсынғаны бойынша, қызығушылықтың дамуы үстіртіннен тұрақты, терең бағытқа қарай жүреді.
Танымдық қызығушылық әртүрлі күйлермен көрінеді. Г. И. Щукина мынадай күйлерді атап өтті: әуестік, білімқұмарлық, танымдық қызығушылық, теориялық қызығушылық. Бұл кезеңдер таза шартты болып ерекшеленсе де, олардың ең типтік белгілері жалпыға белгілі.
Әуестік – бұл адамның назарын аударатын таза сыртқы, жиі болжанбайтын жағдайлармен анықталатын таңдамалы қарым-қатынастың негізгі кезеңі. Адам үшін бұл ыңғайсыздықпен, жағдайдың жаңалығымен байланысты қарапайым бағдарлау, сонымен бірге ерекше маңызды болмауы мүмкін. Әуестік кезеңінде бала белгілі бір заттың, белгілі бір жағдайдың күлкілі болуымен қанағаттанады. Бұл кезең меңгеруге деген нағыз талпынысты көрсетпейді. Дегенмен, танымдық қызығушылық көрініс беруінің қозғаушы күші ретінде ойын-сауық оның іс-әрекеті үшін бастапқы стимул бола алады.
В.Б. Бондаревский білімқұмарлықты «адамның өз көргендерінен тыс жағдайға тап болуға дайындық секілді ерекшелігі бар тұлғаның маңызды күйі» деп сипаттады. Қызығушылық дамуының бұл кезеңінде танып-білу қуанышы, таңдану, іс-әрекетке қанағаттану эмоциялары айқын көріне бастайды. Жұмбақтар мен оның шешімінің пайда болуында әлемді белсенді түсіну ретінде білімқұмарлықтың идеясы жатыр. Білімқұмарлық мінездің тұрақты ерекшелігіне айнала отырып. Тұлға қалыптасуында үлкен құндылыққа ие. Қызығушылық танытқан адамдар әлемге бей-жай қарамайды, олар әрқашан ізденіс үстінде.
Б.П. Есиповтың көзқарасы бойынша, теориялық қызығушылық нақты ғылымдардың күрделі теориялық сұрақтары мен мәселелерін зерттеуге ұмтылыспен, сонымен қатар оны таным құралы ретінде пайдаланумен байланысты. Бұл кезеңде тұлға құрылымындағы танымдық бастама ғана емес, адам қайреткер, субъект, тұлға ретінде анықталады.
Танымдық қызығушылықтың барлық берілген кезеңдері күрделі өзара байланыстар жиынтығын көрсетеді. Танымдық қызығушылықта заттық саланың ауысумен байланыстағы қайталану да, әуестік танымқұмарлыққа ауысқан кездегі бірыңғай таным әрекетінде болуы да кездеседі. Танымдық қызығушылықтың көрсетілген кезеңдерін бір-бірінен бөліп қарастыру қателік болып табылады. Шынайы процесте танымдық қызығушылықтың барлық кезеңдері күрделі үйлесім мен өзара байланысты көрсетеді. Алайда, түрлі жағдайдың күшімен (ұжымда атағын көтерген сәтті жауап, қызықты болуы, т.б.) пайда болған қызығушылық күйі тұлға дамуына әсер етпеуі мүмкін. И.М. Цветков білімқұмарлық пен қызығушылықтың айырмашылығын көрсете отырып, білімқұмарлықта қызығушылыққа тән эмоциялар жоқ екенін атап өтеді. Оның пікірінше, білімқұмарлыққа қанағаттану, рахаттану, танып-білу қуанышы, таңдану секілді жалпы эмоциялар тән. Ал, қызығушылыққа арнайы эмоциялар: қатысу, жақындық, ерекше орналасу тән.
Танымдық қызығушылықтың ерекшеліктерін зерттей отырып, оған ерікті бағытталу тән болатынын көрсетуге болады. Танымдық қызығушылық таным процесіне ғана емес, оның нәтижесіне де бағытталған, ал бұл әрқашан мақсатқа ұмтылумен, оның жүзеге асырумен, қиындықтарды жеңумен, ерікті құлышыныспен байланысты. Өйткені, танымдық қызығушылық ерікті құлшынысқа қарсы жүрмейді, оның серігі деп атаса да болады. Танымдық қызығушылықта тұлғаның маңызды көріністерінің барлығы бір-бірімен өзара әрекеттеседі.
Қызығушылық оқыту әдісі ретінде сыртқы әсерлерден туындайтын қызығушылық импульсін тежеуге қабілетті ішкі мотивтер пайда болған кезде жұмыс істейді. Жаңалық, өзгешелік, күтілмеген жағдай, алдыңғы меңгерілген білімге ұқсамауы сияқты ерекшеліктер тек бір сәттік қызығушылықтарды ғана емес, мәліметтерді терең зерттеуге алып баратын эмоцияларды да оятып, қызығушылықтың тұрақты болуына әсер етеді. Классикалық педагогика өкілдері жалықтыратын мұғалім педагог емес екенін бұрыннан айтып келеді.
Зерттеушілер ұжымдық оқу іс-әрекетінің танымдық қызығушылықтың дамуында маңызды рөл алатынын көрсетеді және олардың зерттеуі бойынша қызығушылық дамуының негізгі шарттарын төмендегідей бөліп көрсетеді:
-
Оқытудың түрлі әдістерін дұрыс сәйкестендіру (Ю.К. Бабанский);
-
Мәселелік оқыту ситуациялары (А.М.Матюшкин; М.Н.Скаткин);
-
Жас ерекшелікке қарай оқытудың міндеттері (В.С. Ильин);
-
Оқытудың интенсивтілігі (В.Г. Леонтьев; Г.М. Шемякина).
Өткен тәжірибелерге, қазіргі тәжірибенің арнайы зерттеулеріне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі кезең балаларында танымдық қызығушылықты қалыптастыру, дамыту және бекітуге әсер ететін шарттарды атап өтуге болады.
Бірінші шарт – баланың ой іс-әрекетіне максималды сүйену. Танымдық қызығушылық дамуының іргетасы секілді танымдық күш пен мүмкіндіктер дамуының іргетасы танымдық тапсырмаларды шешу, белсенді ізденіс жағдайлары, болжамдар, ойландыратын жағдаяттар, онда белгілі бір көзқарасты аша отырып өзі анықтауы қажет әр түрлі позициялардың соқтығысуы болып табылады.
Екінші шарт – баланың даму деңгейіне сійкес оқыту, дамыту және тәрбие процестерін жүргізу. Оқытудың шынайы процесінде мұғалім білім алушыларға қажет дағдылар мен біліктерді меңгерте отырып, үнемі оқытуы қажет. Түрлі пәндік дағдылардан оқыту мазмұнынан тыс бала өзі меңгере алатын жалпы дағдылар да бөлінеді. Мысалы, оқи алу (кітпаппен жұмыс), талдау және жалпылау, негізгі ойды бөіл алу, логикалық тұрғыда жауап беру, дәлелдер келтіру және т.б. Бұл біліктіліктер эмоциялық және реттеуші процестердің кешеніне негізделген.
Үшінші шарт – оқытудың эмоциялық атмосферасы, оқыту процесінің жағымды эмоциялық тонусы. Жағымды атмосфера дамудың екі негізгі қайнар көзімен байланыстырылған: түсініксіз қатынас тудыратын және баланың көңіл-күй тонусын өзгертетін іс-әрекет пен қарым-қатынас. Бұл екі дереккөз үнемі бір-бірінің стимулдарымен байланыста, олардың білімге деген танымдық қызығушылық пен іс-әрекетіне әсері әр түрлі. Оқытудың жағымды атмоферасы балалардың ақылды, тапқыр болуға ұмтылысына мүмкіндік береді. Д.И. Писарев әр адамның ақылды, тапқыр болуға ұмтылатынын жазады. Дәл осы мықты болуға деген ұмтылыс және қол жеткізгенге тоқтамау табысты іс-әрекет кезінде терең қанағаттану мен жақсы көңіл-күй сыйлайтын абырой сезімін тудырады. Баланың танымдық іс-әрекетінің жағымды эмоциялық атмосферасын құру – тұлғаның танымдық қызығушылығы мен дамуын қалыптастырудың маңызды шарты.
Төртінші шарт жағымды қарым-қатынас болып табылады. Бұл мынадай қатынастармен анықталады: «бала – тәрбиеші», «бала – ата-анасы мен жақындары», «бала – ұжым». Бұл қатарға баланың сәттілік пен сәтсіздікті қалай басынан кешіруі, оның бейімділігі, басқа да қызығушылықтарының болуы сияқты кейбір жеке ерекшеліктерін қосуға болады. Бұл қатынастардың әрқайсысы қызығушылыққа жағымды да , жағымсыз да әсер етуі мүмкін.
Жоғарыда аталған шарттардың барлығын сақтай білу іс-әрекет процесінде баланың танымдық қызығушылығын қалыптастырады. Осы шарттарды ескере отырып, баланың танымдық қызығушылығын дамытпай танымдық іс-әрекетін белсендендіру мүмкін емес. Сондықтан да танымдық қызығушылықты оқытудың негізгі мотиві ретінде, тұлға қасиеті ретінде және оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыратын құралы ретінде қарастыра отырып, оны балада үнемі жүйелі түрде дамытып, бекітіп отыру қажет. Оқыту мен тәрбие процесінің ұйымдастырушысы ретінде тәрбиеші танымдық қызығушылықты дамыту мен қолдауда маңызды рөл ойнайды.
Берілген ақпараттарды талдай отырып, мынадай қорытынды шығаруға болады: танымдық қызығушылық – баланың танымға, жаңаға, терең білімге ұмтылысымен сипатталатын қоршаған орта зарттары мен құбылыстарын тұлғаның таңдамалы бағыттылығын. Ал танымдық қызығушылықтың негізгі ерекшеліктері мынадай: ерік-жігерге бағдарланған; оқудың маңызды мотивтерінің бірі болып табылады; іс-әрекетті дұрыс педагогикалық және әдістемелік ұйымдастыруда, жүйелі және мақсатқа бағытталған тәрбиелеу процесінде баланың тұрақты жеке қасиетіне айналуы мүмкі; танымның тиімді құралы.
Мектепке дейінгі ересек жас тобындағы балаларда психикалық процестер мен танымдық іс-әрекет процестері қарқынды дамиды. Бұл кезең жақындарымен қатынас арқылы, құрдастарымен ойын және шынайы қатынас арқылы қоғамға бейімделу кезеңі. Бұл кезеңде танымдық іс-әрекет бірінші орында тұрғандықтан психикалық жағынан айрықша өзгерістер болуы мүмкін. Біртіндеп танымдық процестердің құрылымында ойлау негізгі рөлді атқара бастайды.
Мектепке дейінгі балалық шақта ойлау дамуының ерекшелігі ойлау іс-әрекетінің нақты деңгейінің абстрактілі-логикалыққа, нақтылықтан ойлаудың икемділігін, тәуелсіздігі мен өнімділігінде көрініс табатын мәселелікке ауыса бастағанда байқалады. Ойлаудың дамуы мектеп жасына дейінгі кезең балаларының тілінің дамуына жағымды әсер етеді. Тілдік іс-әрекет сандық және сапалық қатынаста дами бастайды. Бұл жаста балада тілді меңгерудің жаңа кезеңі басталады – сөйлеу әрекетінің дыбыстық жағы жетіледі: дыбыстың айтылуындағы ақаулар жойылады, бала ұқсас дыбыстарды есту арқылы ажыратады және өз сөйлеуінде сөздерге дыбыстық талдау жасауды меңгереді; сөйлеу әрекетінің мәндік-мағыналық жағы жетіледі: сөздік қоры толықтырылады, лексикалық өзгергіштік көрінеді, сөйлеудің үйлесімділігі қалыптасады, балалар монологты меңгереді.
Қабылдау – қоршаған орта бейнелерін қалыптастырудың мақсатқа бағытталған, белсенді зияткерлік процесс. А.В. Запорожец тиімді шығармашылық іс-әрекет әсерінен балада объектілерді бағалау бойынша перцептивті және зияткерлік әрекеттердің күрделі түрлері қалыптасатындықтан бұл кезеңде қабылдау жақсы дамитынын айта өтеді. Мектепке дейінгі ересек жас тобындағы балалардағы қабылдау процесінде көру арқылы салыстыру, вербалды ақпаратты өңдеудің рөлі күшейеді. Сенсорлық жағдайларды дұрыс қабылдау ойлау іс-әрекеті операцияларының дамуында маңызды орын алады. Қабылдау мәнді, зияткерлік процеске айналады, қоршаған ортаға дұрыс бейімделуіне және құбылыстардың күрделі жақтарын білуге мүмкіндік береді. Есте сақтаудың дамуы ең алдымен баланың қабылдауына байланысты, оның негізгі түрі мектепке дейінгі жаста бейнелі болады.
Мектеп жасына дейінгі кезеңде есте сақтаудың дамуы ырықсыздан ырықты есте сақтауға біртіндеп өтуімен сипатталады. Бұл психикалық іс-әрекеттің реттеуші элементтері мен ойлау іс-әрекеті операцияларымен сәйкес вербалды ақпаратты есте сақтау тәсілдерінің құрылумен байланысты. Мектепке дейінгі жас кезеңінде тілді белсенді меңгеру процесінде ауызша есте сақтау дамиды; тілдің реттеуші функцияларының өсуімен және іс-әрекеттің ерікті механизмдерінің пайда болуымен ырықты есте сақтау туындайды.
Мектепке дейінгі ересек жас кезеңінде зейіннің даму процесі де жүреді. Зейін – таңдалған объектке бағытталған танымдық іс-әрекетті ұйымдастырудың формасы. Психикалық реттелуіне қарай зейін ырықты және ырықсыз болып екіге бөлінеді. Зейін деңгейі оның негізгі сипаттамаларымен анықталады: көлемі, шоғырлануы, ауысуы және таралуы. Бұл жас кезеңіндегі зейіннің дамуы туралы айта отырып, оның барлық қасиеттерінде өзгерістер орын алатынын айта өту керек: көлемі (бір уақытта 3-4 объектті қабылдай алу); таралуы ( бала зейінің автоматизациялануымен байланысты), тұрақтылығы (бір объектке 10-15 минут зейінін шоғырландыра алуы). Мектеп жасына дейінгі ересек жас тобындағы балаларда ырықты зейіннің дамуы тілдік іс-әрекеттің жан-жақты дамуымен, іс-әрекеттің мағынасын, оның мақсатын түсінуімен, ырықты жүріс-тұрыстың пайда болуымен байланысты [10].
Мектеп жасына дейінгі ересек жас кезеңіндегі балалардың қиялы - жеке тәжірибе негізінде қабылданған ақпараттың өзгеруімен жаңа шынайы бейнелерді құрумен сипатталатын психикалық танымдық түрлендіруші процесс. Балалар қиялының дамуы репродуктивтіден шығармашылық қиялға, ырықсыздан ырықты қиялға ауысуымен шартталатын сюжеттік-рөлдік ойынның күрделенуімен байланысты. Қиял екі негізгі қызметті орындауды бастайды: қоршаған әлемді танудың тәжірибелік дағдыларын қалыптастырумен байланысты қорғаныс және ойдан жағдай құрастыру арқылы проблемалы жағдайды шешуге мүмкіндік беретін танымдық қызмет.
Мектеп жасына дейінгі кезең – жеке параметрлермен толықтырылатын тұлғалық жаңашылдықтардың даму, жетілу кезеңі. Бала тұлғасының дамуы екі жақты жүреді. Олардың бірі – бала қоғам ережелеріне сәйкес қоршаған ортадағы өз орнын түсіне бастауы. Ал, екіншісі – сезімдер мен еріктің дамуы. Олар мотивтерді ұйымдастыруды, жүріс-тұрыс тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
М.В. Матюхина баланың тәуелсіздігін, бастамашылығын қалыптастыруға әсер ететін мотивтердің екі тобын ажыратады: 1) іс-әрекеттің мазмұны және оның орындалу процесімен байланысты танымдық мотивтер; 2) бала және қоршаған орта арасындағы түрлі қатынаспен байланысты әлеуметтік мотивтер.
Танымдық мотивтердің өзін бірнеше топқа бөуге болады: баланың жаңа білім, білік, дағдыларды меңгеруге бағытталуынан тұратын кең танымдық мотив; баланың білімге жету тәсілдерін меңгеруге бағытталуынан тұратын оқу-танымдық мотив (өз бетінше білімді меңгеру тәсілдері, таным әдістері, іс-әрекетті бақылау тәсілдері); баланың дағдыларды өз бетінше меңгеруіне бағытталған өз бетінше білім алу мотиві. Бұл мотивтер танымдық қызығушылықты, өз бетінше әрекет етуге, білікті болуға деген ұмтылысты қалыптастырады.
Әлеуметтік мотивтер де бірнеше топқа бөлінеді: қоғамға пайда алып келетін білімді меңгеру мақсатымен байланысты кең әлеуметтік мотив; белгілі бір авторитетке ие болу мақсатымен байланысты тар әлеуметті мотив; баланың тек қана басқа адамдармен өзара әрекеттесіп қана қоймай, ересектермен және құрдастарымен тұлғааралық қатынастар құру тәсілдерін түсінуден, талдаудан, оларды үнемі жетілдіруден тұратын әлеуметтік мотив.
Мотив әрекетке деген көзқарасты қалыптастырады, ал мақсатты іздеу мен түсіну баланың оқу міндеттерін өз бетінше орындауын қамтамасыз етеді. Сонымен, мектеп жасына дейінгі ересек жас кезеңі – жаңа психикалық қасиеттердің үздіксіз қалыптасу, танымдық процестердің өзгеруі кезеңі. Бұл кезең психофизиологиялық дамудың қасиеттері және ерекшеліктерімен сипатталады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Ананьев, Б. Г. Человек как предмет познания. – М.: Наука, 2000. – 351 б.
-
Божович, Л. И. Проблемы формирования личности; под ред. Д. И. Фельдштейна. – М.: Ин-т практ. психологии; Воронеж: НПО «МОДЭК», 1995. – 349 б.
-
Венгер, А. Л. Психологическое консультирование и диагностика. – М.: Генезис, 2001. – 128 б.
-
Выготский, Л. С. Психология развития человека. – М.: Изд-во Смысл; Изд-во Эксмо, 2005. – 1136 б.
-
Рубинштейн, С. Л. Основы общей психологии. – СПб.: Питер, 1998. – 705 б.
-
Леонтьев, А. Н. Деятельность. Сознание. Личность. – М.: Смысл, Академия, 2005. – 352 б.
-
Метельский, И. В. Как поставить перед учащимися учебную задачу. – М.: Педагогическое общество России. – 2004. – 57 б.
-
Матюхина, М. В. Возрастная и педагогическая психология. – М., 2012. – 256 б.
-
Белкина, В. Н. Психология раннего и дошкольного детства. – М.: Ярославль: Академический проспект, 2005. – 256 б.
-
Антонова, Г. П. Познавательная деятельность детей 6-7 лет. – Мысль, 1991. – 124 б.