Биология,
экология
Жолақ Аяулым Айбарқызы, №26
жалпы білім
беретін мектептің 5 «В»
сынып оқушысы
Ғылыми жетекшісі: Бейвазы
Кенжегүл
Ешкі сүтінің биологиялық
маңызы
Сүт
– барлық жастағы адамдар үшін жұғымдылығы жоғары оңай сіңетін өнім.
100 грамм сүтте 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм эмуль-гацияланған
оңай сіңетін май, көптеген мөлшерде оңай сіңірілген кальций мен
фосфор қосындылары, сондай-ақ белгілі мөлшерде А1, В2, Д
дәрумендері бар. Сүт ақуызы негізінен, казеиннен (2,7 %),
лактальбуминнен (0,4 %) және лактоглобулиннен (0,1%) тұрады. Сүт
ақуызының 75-96 пайызы ағзаға сіңімді келеді. Құрамындағы лактоза
не сүт қанты тез ашиды. Бұл қасиетті сүт ашытуда пайдаланылады.
Минерал заттары органикалық және бейорганикалық қышқыл тұздары
түрінде кездеседі. Сондай-ақ, 60-тан астам фермент, әр түрлі гормон
(окситоцин, пролактин, фолликулин, адреналин, инсулин т.б.),
иммундық заттар (антитоксин, глотинин, онсонин т,б,), газдар (СО2 ,
О2, Н2, NH3), микроорганизмдер болады. Ешкінің сүтін емге ішеді.
Қымыз – биенің сауылған сүті – саумалды ашытып, күбіде пісіп,
дайындайды. Өте шипалы, адам жанына күш-қуат беретін
сусын.
Сүт
– адам мен сүтқоректі жануарлардың сүт безінде лактация кезеңінде
түзілетін сұйық зат. Сүт – бағалы тағамдық өнім. Ана босанғаннан,
мал төлдегеннен кейін алғашқы күндері сүт уыз түрінде шығады. Ана
сүттінің уызы сәбиді әр түрлі аурулардан қорғайтын затқа
(антиденелерге) бай. 7 – 10 күн өткен соң сүттің әдеттегі құрамы
қалыптасады. Ана сүтінің құрамы сәбиге қажетті қоректік заттар,
гормондар (әсіресе, қалқанша бездің гормоны), ферменттер, ақуыздар,
көмірсулар мен витаминдерге бай болғандықтан сәбидің организмі оны
жақсы сіңіреді. Сондай-ақ сүт құрамындағы минералды тұздардың
(кальций мен фосфор) сәбидің қаңқа сүйегінің қалыптасуына әсері
зор. Сондықтан баланың дұрыс дамып, өсуі үшін жас сәбиді ана
сүтімен емізудің маңызы өте зор.
Мал
сүті – құнды тағамдық зат, одан әр түрлі сүт тағамдары, май,
балмұздақ, т.б. жасалады.
Мал
сүтінің құрамындағы ақуыздар: альбумин – жас организмнің өсуі,
глобулин – иммунитеттің қалыптасуы үшін қажет. Сүт майы глице-
ридті қоспалардан тұрады.Салқындатылған сүтте май түйіршік- терінің
диаметрі 0,1 – 20 мкм болатын суспензия, ал жаңа сауылған сүт пен
ысытылған сүтте эмульсия түрінде болады. Осы түйіршіктер сүт біраз
тұрғаннан кейін оның бетіне кілегей болып жиналады. Сүт лактозасы
(дисахарид) – таза күйінде ақ түсті, кристал тәрізді ұнтақ. Оны
айран, қымыз ашыту үшін және медицинада, бактериологияда қоректік
орта да-йындау үшін қолданады. Сүттің минералдық құрамы:
макроэлементтер (кальций, фосфор, натрий, калий, күкірт, хлор,
магний, т.б.) мен микроэлементтерден (цинк, мыс, темір, күміс,
т.б.) тұрады. Сондай-ақ ферменттер, гормондар, иммунды денелер,
газдар да кездеседі. Сүт құрамындағы вегетативті микробты (оның
ішінде патогендік түрін) жою үшін пастерлеу әдісін
қолданады.
Ешкі (Сapra hіrcus) – мүйіз
қуыстылар тұқымдасына жататын жұп тұяқты, күйіс қайыратын жануар.
Үй ешкілерінің бастапқы тегіне ешкілердің жабайы екі түрі (безоар
ешкісі, иір мүйізді ешкі), сондай-ақ жойылып кеткен C. prіsca түрі
жатады. Ешкі – қолға алғаш үйретілген жануарлардың бірі. Ешкінің
мүйізі қырлы, дене бітімі жеңіл, құйрығы қысқа келеді. Оның түбіті,
жүні, терісі, еті мен сүті пайдаланылады. Ешкінің сүті (мегрель,
зане, орыс ешкілері), жүндес (ангор ешкі), түбітті (придон,
орынбор, башқұрт ешкілері), сүтті-етті жүндес (өзбек, қазақ-қырғыз,
кавказ, бурят-моңғол ешкілері) тұқымдары бар. Ешкі тоғыз – он жыл
тіршілік етеді. Ешкі бір – екі, кейде бесеуден лақтайды. Жақсылап
күтсе жылына екі рет төлдейді. Текесі 60 – 65 кг-ға дейін, ешкісі
40 – 60 килограмға дейін тартады. Жемденген ешкіден 20 – 28 кг ет,
4 – 6 кг май, жеті – он айлық лақтан 12 кг ет, 1,5 кг май алынады.
Сүтті ешкілер жылына 450 – 550 кг, кейбір шаруашылықтарда 1 т-ға
дейін сүт береді. Сүтінің майлылығы 3,8 – 4,5%. Жүндес тұқымды ешкі
қылшығының ұзындығы 15 – 18 см болады. Ешкілерді көктемде, жылы
аудандарда екінші рет тамыз – қыркүйек айларында қырқады. Текесінен
4 – 6 кг, ешкісінен 3 – 5 кг қыл алынады. Түбітті ешкіден 0,2 – 0,5
кг, кейде 2 кг түбіт алынады. Ешкі терісінен сафиян, шевро сияқты
бағалы былғары жасалады.
Ешкі сүті— аса бағалы тағамдық өнім. Организмге
оның құрамды бөлігінің 95-98 %-ы сіңеді. Ешкі сүтінің құрамында
13,4 % құрғақ зат тектер, 4,4% май, 3,6% белок, 4,9% лактоза бар.
Ешкі сүті химиялық құрамы жағынан сиыр сүтіне жақын. Ешкі сүті —
жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өніміне
жатады. Өзінің физикалық-химиялық қасиеттері мен дәміне сай ешкі
сүтінің сиыр немесе басқа да ауыл- шаруашылық жануарларының сүтімен
салыстырғанда тиімді айырмашылықтары мол.
Ешкі сүті де сиыр сүтіндей казеиндік топқа
жатады. Бірақ ешкі сүтінде сиыр сүтіндегі аллергиялық серпіндердің
көзі саналатын — альфа-ls-казеин жоқ. Сондықтан ол сиыр сүтіне
аллергиясы бар адамдар үшін ұсынылады. Құрамында бета-казеин мол
болуына байланысты, ешкі сүті әйелдердің емшек сүтіне жақын. Ешкі
сүті нәруыздарының көпшілігінің құрамында альбуминнің мол көлемі
болуына байланысты, құрамдас бөліктерге ыдырайды, яғни,
қорытылмаған күйінде сіңбей, ұсақ үлпектер түрінде ұюға ұшырайды.
Сондықтан ол ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің бұзылуына жол
бермейді. Құрамында лактозаның төмен мөлшері (сиыр сүтінен 13% кем,
әйелдердің емшек сүтінен — 41% кем) болуы — бұл өнімді лактоза
жеткіліксіздігі бар адамдар үшін қолдануға мүмкін етеді. Ешкі
сүтіндегі май ағзаға жақсы сіңіріледі және 4,0-4,4% майлылықта ешкі
сүті 100 пайыз сіңеді. Ешкі сүтінде адам ағзасының тіндерінде
холестерин жиналуына қарсы тұратын ерекше метаболикалық қасиеті бар
және ағзаның қорғаныс қызметін арттыратын қанықпаған майлы
қышқылдардың 67 пайызы бар. Жоғарыда келтірілген артықшылықтарынан
басқа ешкі сүтінде көп кальций (143.0 мг), магний (14.0 мг), фосфор
(89.0 мг), марганец (17.0 мкг), мыс (20.0 мкг), А (0.1 мг), В
(0.04 мг), С (2.0 мг) және Д (0.06 мг) дәрумендері, аскорбин
қышқылы бар. В12 дәруменінің құрамына кіретін және қан өндірімі
үрдістеріне жауап беретін кобальттың мөлшері сиыр сүтімен
салыстырғанда ешкі сүтінде 6 есе көп. Сүттің құрамында кальцийдің
мөлшерінің мол болуы — жүрек-қантамыр жүйесіне оңтайлы әсер етеді.
Бірақ ешкі сүті сиыр сүтіндей темірге бай емес. Темір қандағы
гемоглобиннің түзілісіне ғана емес, төтемелік жүйенің қалыпты
жұмысы мен мінез-құлық сипатының сәйкестігін қамтамасыз ету үшін де
қажет. Осылайша, ешкі сүті минералдық заттектерге, дәрумендер мен
микроэлементтерге сиыр сүтінен гөрі байырақ, ешкі сүтінің
нәруыздары асқазанда тығыздалмауына байланысты сіңімдірек келеді.
Ешкі сүтінің майы адам ағзасында 100 пайыз дерлік сіңіріледі,
құрамында лактоза аз болуына сай, лактоза жеткіліксіздігі бар
адамдарға ұсынылады. Құрамында аллергия тудырушы альфа-ls-казеин
болмауына байланысты азықтық аллергиясы бар адамдарға қолдануға
болады.
Ешкі сүтінің химиялық құрамы басқа да
жануарлардың сүтіндей тұрақты емес және көптеген ықпалдарға:
жануардың тұқымына, жасы мен саулығына, лактация кезеңіне,
қоректену мен күтім жағдайларына байланысты. Ешкі сүтінің көптеген
емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, анемияда,
көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Емшек жасындағы балаларды
қоректендіру үшін аса қолайлы.