Ақ қанат
армандарым
Мәңгі лаулап жану үшін
ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін
ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін
ғаламда,
Үлкен арман керек екен
адамға.
Мұхтар
Шаханов
Арманшыл ақынның осы бір
жігерлі өлең жолдары мені үнемі шабыттандырып отырады. Пәрменсіз
адам болса да, армансыз адам болмайды. Арманы жоқтың келешектен
күтер үміті жоқ деп ойлаймын. Адам армандаудан шаршамауы керек.
Арман мақсатқа жетелері анық. Жалпы, арман мен мақсат ұғымдарының
айырмашылығы неде екенін білесіз бе? Мақсат - алға нақты мұрат
етіп, орындаймын деп ойға алған іс. Ал арман – қиял-ғажайып әлемге
бойлататын, өлшеміне шек қойылмайтын, дүниенің тылсымын құшағыңа
сыйғыза алатын беймәлім күш. Өзіне мақсат қойған адам қайтсем де
сол мақсатыма жетемін, орындамай тыншымаймын деп анық айта алады.
Себебі, мақсат нақты орындалатын шынайы әрекеттерден құралады. Адам
жақсы оқу орнына түсемін, айтулы мамандық иесі атанамын, ата-ана
үміттерін ақтаймын, отбасымды сүйіспеншілікпен құрамын деп алдына
мақсат қоя алады. Ал арман ше? Арманның шегі болмайды. Арманына
ерік берген адам тіпті миға сыймайтын қиялға шомып кетуі әбден
мүмкін. Дүниежүзі бойынша құс боп ұшсам, сиқырлы әлемге түсіп
кетсем, қазына аралын тауып алсам, мәңгі өмір сүре алсам деп
армандаған жандарды санар болсақ есебіне жете алмаспыз, сірә?!
Бұның барлығы әрине, армандардың бір көрінісі ғана. Қағаз бетіне
түспеген армандар қаншама.
Мына өмірде жүрегіңде, бойыңда
ыстық қан барда, болмысты да, болмасты да болады деп арманда ,- деп
Мұқағали Мақатаев атамыз да арманның үлкен кішісі болмайтындығын
жырлап өткен болатын. Сол секілді мен де қай арманыма қолым жетіп,
қай арман мені өмір бойы жеткізбей жетелейтінін білмеймін. Бірақ,
бір білетінім арманымның орындалуы өз қолымда. Ол үшін жақсы оқып,
тек алға ұмтылуым керек. Бір орында отыра берген адамның арманы
түгіл, ісі де алға баспайды.
Арман жайлы сөз қозғаған
екенмін, енді өз армандарыма қарай ойыссам. Кішкене кезімізде
«тілек тіле» деп аталатын ойын болатын. Ойын шартында арманыңды
ешкімге айтпа, әйтпесе орындалмайды деп ескертетін. Армандарымды
сіздермен бөлісу олардың орындалуына кедергі болмас деп
үміттенемін. Мен ең көп армандайтын адамдардың қатарынанмын. Мейлі
ол армандарым орындалсын, орындалмасын маған сол арманым жайлы
ойлаудың, қиялдудың өзі үлкен күш-қуат береді. Армандарымның
барлығын жазар болсам бір-екі бетке сыя қоймас. Сондықтан сіздермен
тек негізгілерімен бөліссем деймін. Кішкентай кезімнен бері өзіме
сондай ыстық көрінетін бір сан бар. Ол- 7 саны. Неге екенін қайдан,
осы бір сан маған сәттілік символы секілді. Сондықтан мыңдаған
армандарымның ішінен тек 7 арманымды бөліп көрсетуді ойға алдым. Ал
олай болса, менің армандар әлеміме ҚОШ
келдіңіздер.
Бірінші арманым. Бірінші арман
адам өмірінде ерекше орын алатындықтан, мен бұл орынға ең-ең
негізгі арманымды жазамын. Ол – қазіргі бейбітшілік таңымыздың
мәңгі сақталып қалуы. Бұрынғы зұлмат заманды көзіміз көрмесе екен.
Соғыс болмасын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, аналардың жанарын
ешқашан жас жумаса екен деп армандаймын. Көзіммен көрмесем де,
атынан жүрек шайлыққан осы сөз болашақта тарих кітабымыздан орын
алмаса екен деп тілеймін.
Екінші арманым. Мені дүниеге
әкелген ата-анамның ұзақ ғұмыр кешіп, ұл-қыздарының қызығын көруі
–менің басты армандарымның бірі. Ата-анамның алдындағы перзенттік
парызымды өтеу – бала жүрегімдегі ең нәзік арман. Осы күнге дейін
қыз бала мен анасының қалайша осыншалықты жақын бола алатынына
таңданумен келемін. Мен өз өмірімді ата-анамсыз елестете алмаймын.
Олардың болашақтағы армандарының орындалуы да менің қолымда
екендігін білемін. Себебі олардың қазіргі таңдағы басты армандары -
менің қалаған оқу орнымда жоғарғы білім алып, үлкен мамандық иесі
атануым. Ата-анамның арманын орындау - менің
арманым!
Үшінші
арманым. Менің де алдыма қойған мақсаттарым, қиялымда тамырын кеңге
жайған асқақ арманым бар. Ол асқақ арманым – жаһандық аренада
танымал қазақ журналисі болу. Дүниежүзі журналистерінің ең ірі
бірлестігі, яғни, Халықаралық Журналистер Федерациясының мүшесі
болып, қазақ еліндегі журналистика саласының беделін әлемдік
деңгейдегі елдермен теңесуіне өз үлесімді қосу. Бұйыртса, болашақта
өз ісімнің шебері болып, өз саламның Эверестіне табан тіреп тұратын
күнге де жетемін деген үміттемін. Ғабиден Мұстафин: «...арман деген
көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» – демекші, өзімнің бағындырар
шыңдарымның әлі алда екенін
сеземін.
Төртінші арманым. Кезекті
арманымды саралай отырып, көп ойландым. Ең бастысы
армандарымның бірін ұмыт қалдырып барады екенмін. Бұл арманым
адамзат арасындағы сүйіспеншілікке, мейірімділікке негізделген. Жер
бетіндегі адамдардың бәрі мейірімді болып, жер бетінде жұмақтай
тіршілік орнаса, әлем қандай тамаша болар еді. Сол жағдайда ғана
барлық адамдардың арманы орындалатын секілді. Ең ерекше арманым осы
деп есептеймін.
Бесінші арманым. Бала күнімде
армандарым өте көп болушы еді. Көрген де, көрмеген де дүниелерімді
армандай алатынмын. Есейе келе, адамның ақыл-ойы толысып, өмірді
шынайы бейнесінде көретіндіктен, арманымыздың бағыты өзгеруі де
заңдылық секілді. Мәселен бала күнімде ертегідегі сарай
ханшайымындай көркем болуды арман ететінмін. Күйбең тіршілікке,
ересек өмірге әне-міне енетіндей жасқа жетсем де бұл арманым мен
үшін өз мәнін жойған емес .
Алтыншы арманым. Бұрын соңды
«түрлі-түсті» арман дегенді естіп көріп пе едіңіз? Түрлі-түсті деп
арманымыздың сан қилы, бір – біріне еш ұқсамауын айтамыз. Бұрындары
сіз де ел көрсем, жер көрсем, әлемді шарласам деп армандаған
боларсыз. Ал бұл арманымды мен алтыншы орынға жайғастырамын.
Әуежайға билет алуға барған кезде, билет сатушы адам «-Бұл жолы
қайда саяхат жасамақсыз?» - деп, таңдана сұрайтындай күнге жетсем,
одан асқан қуаныш болар ма?! Әлемнің керемет жерлерін түгел шарлап,
саяхаттап жүріп шетелдің көрікті де әсем жерлерінде болып, сонымен
қатар басқа ұлт өкілдерінің мәдениетімен, ерекшеліктерімен таныссам
деп армандаймын. Және оларды өз елімнің, Қазақстанымның,
ғажайыптарымен таныстырып, тілшілік қызметім арқылы жарнама жасап,
Қазақстандағы туризм саласын дамытып, салт-дәстүрлерімізге тың
жаңғыртулар енгізгім келеді. «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл
білсең екі адамсың»,-дейді халық даналығы. Әр түрлі тіл үйреніп, ол
тілде еркін сөйлейсе алсам, керемет емес пе? Болашақта мен
бармаған, мен көрмеген қала қалмаса...
Жетінші арманым. Арманымның
соңғы бөліміне қазірде көкейімде жүрген ең басты арманымды жазғым
келеді. Мен 2018 жылдың бітіруші жас түлегімін. Ал түлек үшін ең
негізгі асу алда келе жатқан Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден сүрінбей
өту екендігі баршаңызға белгілі. Мен де ата-анам мен ұстаздарымның
сенімін ақтап, өмірдің тағы бір белесін қиындықсыз бағындырсам деп
армандаймын. Және өмірден өз орнымды адаспай тауып, жеке тұлға
ретінде «жәй» ғана адам емес, мына әлемге, мына адамзатқа «қажетті»
адам болып қалыптасқым келеді.
Арман - ол сенің жүрегіңнен
туған сиқырға толы ғажайып әлем. Ал ол әлемнің иесі атану өз
қолымызда! Арманымызды кірлетіп алмайық. Себебі, арман кіршіксіз
таза болса, адал ниетке құрылса ғана орындалады. Кім біледі, менің
бүгінгі кіршіксіз армандарым – ертеңгі болашағым болар?! Бүгінгі
қиялымдағы ойым – ертеңгі күнімнің еңбекпен тауып жейтін азығым
болар?! Арман сиқырлы таяқша арқылы орындала қоятын нәрсе емес.
Десе де, мен армандарымның орындаларына сенемін. Армандай білейік
және соған сене білейік! Сөзімнің соңын Мұқағали ақынның кереметтей
«Арманда, ұлым!» атты жігерлі өлең жолдарымен аяқтасам
деймін.
Кім
боласың,
Қандай өмір
сүресің,
Ол — өзіңнің
үлесің.
Ақылымды тында, мейлің,
тындама,
Тілегім бар бір
ғана:
Шығып ал да арманыңның
шыңына,
Сосын, мейлі, ұшып өл де,
сырғана.
Болса ақылың біл мынаны:
жалғанда,
Жолай көрме арманы жоқ
жандарға!
Арманда, ұлым,
арманда!
Арманда, ұлым, ақтық демің
қалғанда!