Бүгінгі жаһандану заманында
тәуелсіз еліміз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем
алдында күн тәртібінен түспей тұрған мәселе –
экология мәселесі.
Бастапқы кезде бұл
терминді тек
биологтар пайдаланса, қазір
«экология» сөзін жұрттың бәрі біледі. Ғаламторда, теледидар мен
баспасөз беттерінде экология мәселелері көтеріле бастады. Неге?
Оған себеп – қоршаған ортаның ластануы,
соған байланысты әртүрлі аурулардың көбеюі, жануарлар мен
өсімдіктердің кейбір түрлерінің жойылып кету қаупінің тууы. Сөйтіп,
экология жаратылыстану ғылымында ғана емес, қоғамдық ғылымда да
қарастырыла бастады.
Адам өз дамуының нәтижесінде
ғылым мен техниканы жетілдіріп, бір жағынан күнделікті өмірін
ыңғайлы етіп жатса, екінші жағынан, жалпы ғалам үшін қауіп те
төндіруде. Өйткені адамзат материалдық игіліктерге ие болу
мақсатында ештеңеге қарамай, белсенді әрекет етуде. Бұл әрекеттің
салдарынан қоршаған ортаға, табиғатқа және адамның өз өміріне де
зиян тиіп жатыр.
Ғаламтордан «Боль Земли» атты
хабардан жер-дүниеде болып жатқан су тасқыны, күшті дауылдар, сел,
немесе қуаңшылық т.б. табиғи апаттардан зардап шегіп жатқан
жерлерді көріп, еріксіз «Жер адамдардың тойымсыз әрекеттері үшін
кек алып жатқандай» деген ойға
қаламын.
Біздер, мұғалімдер, оқушылар арасында экологиялық сенбіліктер, «Жер
күні», құстарды қорғау т.б. экология мәселесіне қатысты іс-шаралар
өткізіп тұрамыз. Бірақ адамның жан - дүниесі, көзқарасы түбегейлі
өзгермесе, бұл іс-шаралар келешекте нәтижелі болмайтын сияқты.
Жаны, ары таза адам ғана қасындағы адамды «бауырым» деп, қоршаған
табиғатты «байлығым» деп қарай алатын
сияқты.
«Ғұмырыңды ұзартқың келсе –
ағаш ек» деген екен бабаларымыз. Корей елінің халқы да ағаш – ауаны
тазартушы деп, өзінің орман ағаштарын кеспей, өндіріске керекті
ағашты басқа елден алады екен. Жақында бір бейнероликте пластикалық
шөлмекті өткізіп, ақшасын алуға болатын көшеде орнатылған аппаратты
көрсетіп жатты. Қандай керемет идея! Сонда жаңа жұмыс орындары
ашылады, әрі көше де таза болады, әрі шикізат үнемделеді. Тағы бір
жақсы жағы –– түскен ақша қайырымдылық
қорына жіберіледі екен.
Жазғы демалыста шетелге барған
едім. Онда адамдар үйіндегі қоқыстарды екі ыдысқа: қағаз бен
пластикалық шөлмектерді бір ыдысқа, ал басқа қоқысты – екінші
ыдысқа жинайтынын көрдім. Өйткені қағаз бен пластиканы қайта өңдеп
шығарады екен. «Неге біздің елімізде осылай істемеске?!» деген ойға
қалдым. Кейде біз контейнерлердегі қоқыстардың жанып жатқанын
көреміз, бұл қала атмосферасын бұзады, әсіресе олардың қасында
орналасқан үй тұрғындарына түтін жұтқызады. Осы жағдайды қала
әкімшілігі қадағаласа және қала тұрғындарының өзі мұндайды
болдырмауға атсалысса – бұл да қаламыздың экологиясын жақсартуға
қосқан үлесіміз болар еді.
Қаламызда ауылдан әкелінетін
сүт өнімдерін сататын дүкендер бар, содан май, ірімшік алып
тұрамын. Ал айран, сүт, қымыз алайын десем, олар қолданыстан шыққан
«Коланың», т.б. сусындардың шөлмектеріне құйылып сатылады. Ол
шөлмек дұрыс жуылды ма, жуылмады ма деп ойлап, алар -алмасымды
білмей қалам. Егер қаламызда қолданылған шөлмектерді қабылдап, жаңа
шөлмек жасап шығаратын шағын зауыт болса ғой! Онда жұрттың көбі осы
қазақтың табиғи сусындарын алып ішер еді.
Шетелде болғанда тағы бір
білгенім – оларда автокөліктен қоршаған ортаға шығатын зиянды
газдарды өлшеп, бақылап тұратын құрылғылар орнатылған, егер
көрсеткіш нормадан артық болса, айыппұл салынады. Біздің елімізде
де осылай жасауға болатын шығар. Сонда ауа да тазарақ болып,
тұрғындардың денсаулығына зиян азаяр еді.
Ғаламтордан немесе
газет-журналдардан әртүрлі билік орнындағы парақор басшылар туралы
материалдарды көп кездестіруге болады, ал экологиялық құқық
бұзушылықтар мәселесі бойынша жауапкершілікке тартылған жеке
тұлғалар немесе өнеркәсіп орындары туралы материалдар жоқтың қасы.
Біздің қаламызда биыл автобустар бензинмен емес, газбен жүретін
болды. Сол газдың иісінен кейде автобусқа міне алмайсыз, жұмысқа,
балабақшаға, оқуға асығып бара жатқандар газбен демалса да,
амалсыздан шыдайды.
Ғалымдар Орта Азия елдерінде
тұщы су қорының аздығын, соған қарамастан суды ластап, ысырап ету
уақыт өткен сайын күшейіп бара жатқанын, болашақта су үшін елдер
арасында қақтығыстар болуы мүмкіндігін айтады. Орталық Қазақстанда,
яғни біз өмір сүріп жатқан аймақта тұщы су 2,6 % -ды ғана құрайды
екен. «Судың да сұрауы бар» демекші, таза суды қазір тек дүкеннен
сатып алатын жағдайға жеттік. Сондықтан үйімізге құбырмен келетін
Кеңгір көлінің суын үнемдеп пайдаланып, кранды ашып тастамай, жауып
жүруіміз қажет. Ол үшін әр үйге су есептегіш құралдары орнатылса
дұрыс болар еді.
Бүгінгі күні өсімдіктер мен
жануарлардың көптеген түрлері жойылуда, құрып бара жатқан түрлері
"Қызыл кітапқа" енгізілуде. Қазір шөптер мен гүлдерді пайдаланып,
олардан әртүрлі ауруларға қарсы ем ретінде нешетүрлі бальзамдар,
емдік қоспалар жасап жатқан кампаниялар көбейіп кетті. Кейбіреулері
тек өсімдіктің тамырын пайдаланады, сонда ол өсімдік жойылып кетуі
мүмкін ғой. Бірақ ақшаға құныққан іскер адамдар оны ойламайтын
шығар. Осыларды бақылауға алып жатқан органдар бар ма екен?! Сәкен
жырлап кеткен Арқаның киігі мен өсімдіктерін құрта берсек, олардың
орнын немен басамыз?! «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны
айтар тілі жоқ» демекші, кейінгі ұрпаққа не
қалады?!
Еліміздің байлығын сарқа
пайдаланбай, құлпырған әсем ағаштар, гүлдер мен шөптерімізге
бәріміз аялап қарайық, халайық! «Тау – бұлағымен көрікті, көл –
құрағымен көрікті» дейді халық даналығы. Ендеше, біздің өмірімізге
көрік қана емес, азық та беріп жатқан Табиғат - ананы қорғайық, оны
үйіміздегі ең асыл заттай қастерлеп, ұрпақтарымызға аманат етіп
қалдырайық!