Материалдар / Ғылыми жоба М.Жұмабаевтың "Сағындым" өлеңіндегі бостандық идеясы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ғылыми жоба М.Жұмабаевтың "Сағындым" өлеңіндегі бостандық идеясы

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұстаздар мен оқушыларға
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
06 Ақпан 2020
1273
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

М.Жұмабаевтың «Сағындым» өлеңіндегі бостандық идеясы

Мақсаты: М. Жұмабаевтың «Сағындым» атты өлеңіндегі азаматтық лириканың идеялық көрінісін зерттеу.

Міндеттері:

  • М.Жұмабаетың өлеңіне талдау жүгізу арқылы, бүгінгі жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу жолында баға жетпес құнды дүние екендігіне зер салу;

  • «Сағындым» өлеңіндегі сағыныш пен бостандықты аңсау сынды қос сезімінің үндестігін, үміттің сөнбес тұстарын айқындау;

  • Ақынның суреткерлік шеберлігіне, яғни көркемдеуіш құралдарды қолдану ерекшеліктеріне тоқталу.

Зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері: Зерттеу жұмысына арқау болған ақынның өлеңін егжей-тегжейлі талдау, ақпарат көздерін жинақтау, саралау және түсіндіру әдістері.

Пәні: Қазақ әдебиеті

Нысаны: Жұмыстың негізгі нысанасы ретінде М. Жұмабаевтың көп томдық шығармаларын басшылыққа аламын.

Қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ биік деңгейге көтерген тұлға – Мағжан Жұмабаев. Ол поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс, ерекше жан ретінде мәңгілікке өшпес із қалдырды. Ол поэзияға шындап берілген жанның қатарынан табылды. Шығармаларын оқысаңыз, тереңге батырып, тұңғиыққа сүңгітеді, өзіңнен-өзің сезім арбауына түсіп, шырмалып қаласың. Кезінде Мұхтар Әуезовтың өзі оның шығармашылығына зор баға беріп, қалам батырған еңбектеріне зер сала жүрген еді.

Мағжан Жұмабаевтың қаламынан шыққан туындыларының қайсібірін алсаңыз да шынайы сезіммен, тебіреніп жазылғанына күмән келтірмейсіз. Қайсібірі де белгілі бір ойды жетектеп, белгілі бір тәрбиені насихаттайды. Сондай бір ерекше толғаныспен жазылған «Сағындым» атты өлеңіне талдау жүргізіп көрсек.

Өлеңнің шығу тарихы ақынның жазықсыздан жала жабылып, түрмеге қамалуымен тікелей байланысты. Адам баласы үшін ең қиыны әрі тіршіліктің ең күрделісі адам бола білу деген екен. Сол адам болуы мақсатында Мағжан арман мен жалғанның аралығында жол табуға, өз ойын биік байқатуға тырысады. Жоғарыдан келген қысым мен қапыдан тұтқынға алу сынды дүниелерге қарамастан ішкі сезімі оның тіршілігін жалғап тұрған дәнекер іспеттес болады. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр ащы мен тұщының дәмін татырып, ұмтылысына төтеу берді, қанаусыз билік қанатын қиып, ілгері басқан қадамдарын шорт кесті. Осындай суық әрекеттер оның санасында сан түрлі ойларды туындатып, ең ауыр салмағын «сағынышқа» берді. Сағыныш – өте шексіз ұғым десем де артық болмас, оның бойына қаншама мағына, көмесіленген сыр тосылып жатыр десеңізші!

Ақынның «Сағындым» өлеңінің басты тақырыбы, менің көзқарасым бойынша, қапаста отыру салдарынан сағыныш сезімінің туындауына байланысты деуге келмес, бұл да өлеңің бір қырын танытар, дегенмен басым ой одан да жойқын, одан да күшті арманның жүрегінде жасырынуынан пайда болған. Жоғарыда айтылғандай, сағыныш – көмескі дүниені қатар алып жүретін тылсым ұғым. Бұл өлеңдегі сағыну – аумалы-төкпелі заманда күн кешкен қазақ халқының тәуелсіздік туын желбіретер күнін аңсау, бостандыққа қол жеткізер таңының атарына деген үмітті жетелеу. Алайда өлең сөзсіз сенімділікке емес, тұтанған үмітке құралған. Себебі, ақын биліктің тұсауынан құтылып, халықтың бейқам жер кезіп жүрер уақыты талай арпалысты қажет ететінін түсінген еді.

Бір жағынан халқым деп шырылдап, күн демей түн демей еңбек етіп жатқаны үшін оған «Халық жауы» деген сұм атақты тіркегені жанына бақтаны анық. Озбырлық пен қорлық деген сөздер ойыңа оралады екен бұндайда...

Алғашқы шумағы кезінде аяқ басып жүрген туған жерінің топырағы мен тоғыз ай жүрегінің астында көтеріп жүрген анасының жұпар иісін сағынудан сыр шертеді.

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Уақыт өткен сайын сағыныш сезімі ауырлап, көңілі кемсеңдей береді. Өзегі мұң кернеп, кеудесіне бәрі келіп кептеліп, сезімнің «салын» ауырлата береді. Рухани «жүктің» түгелдейін қағаз беттеріне түсіріп, іште жиналып қалған тозаңды тазарта алса, жаны жәй тауып, тынысы бір кеңейіп қалған болар-ау, сірә.

Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,

Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.

Бұл шумағында абақтының адам баласына қаншалықты суық әрі «қара көлеңкелі» боларын атап өткісі келеді. Сасық иіс қолқаны атады. Жер бетін жылуға бөлейтін сәуленің өзі бұл жерге әдеттегідей түспейді екен, құдды бір табиғаттың өзі абақты сынды жердің қаншалықты сұмдық боларын сезгендей.

Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!

Күн сәулесіне бөленбейтін, қара тастан жасалған, былайша айтқанда, көшірде өтіп жатқан уақыты ақынның жан тебірентер толғанысын тудырады. Жан айқайын тек Алла, содан соң қағаз беттері естіп, шерін тарқатар тек өлең боларын айқын түсінеді. Ақынның суреткерлік шеберлігін осы тұста байқауға болады, яғни оқыған жан абақтының қаншалықты жиіркенішті боларын іштей сезініп, көзбен көргендей болады.

Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды, туған елді сағындым.

Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Одан арғы сағынары – бостандық.

Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.

Сағыныш... Қандай тәтті де, ащы сезім еді... Сағына білудің өзі өнер іспеттес қой, шіркін!.. Сағыныштың әр түрлі болып келетіндігін білеміз: тәтті балалық кезге деген сағыныш, жалындаған жастық шаққа деген сағыныш не болмаса автордың басындағы қайғыға толы сағыныш...

Ойыны бір құрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге жоспар құрысқан
Сырласатын жан достарды сағындым,-

деп сағынышын одан бетер суреттей түседі. Бұл қапаста отырғандықтан туындаған сезімнің салдары емес, көкейкесті халқының еркін өмір сүруін аңсауы. Сол еркіндікке ұмтылу жолында абақтының азабын тартып отырғанын ақын өлең жолдарына түсіреді. Мұң мен зарды ысырып қойғанда, белгілі бір адамға тән көңіл-күй тебіренісін сипаттауға көбірек талпынған.

Уға толды жас жүрегім, жабықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін, не істегенін біле алмай,
Қоры болдым ғой азат жүрген халықтың.

Қолы байлаулы, тұсаулы адамның абақтының тысындағы өмірде болып жатқан дүниелерден бейхабар екендігі және еш жәрдем беруге қауқарсыз болатындығын атап өтеді.

Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез, ақық жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей шапақ таңды сағындым.

Ішерге асың, киерге киімің, уайым-қайғың азынан болса да, адам баласы үшін жан жары, екінші жартысы қаншалықты ыстық болатындығын, тіршіліктің онсыз еш мәні жоқтығынан да сыр шертіп қояды.

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!

Өлеңнің соңғы шумақтары бағанағы әлсіреген үміттің қуаттанып, күшейе түсе, сенімділікке айналғандығын танытады. Ақын енідігі кезекте Алаш үшін еш тайынбайтындығынан сыр шертіп, өзі аңсаған тәуелсіз таңның атарына берік ниетпен қарай түседі.

Қалың елім, қалың кара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер, алашым!

Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын, –

дей келе, оның алдағы болашақтан күдер үзбестен, қиын-қыстау заманның артынан бостандық таңы атарына деген сеніммен жалғасады. «Сабыр түбі - сарыт алтын» демекші, не жағдай болса да, алаш зиялылары мен халқының ерен еңбегі және тойтарысының арқасында тәуелділік тұсауынан біржолата құтылып, тиыш заманның келеріне күмән келтірмеу керек, – деген сыңайлы.

Өлеңнің жазылу тарихы, басты тақырыбы белгілі болды, ендігі мәселе ақынның көтерген проблемасының бүгінгі күнмен қандай үндестігі бар дегенге кеп тіреледі. Негізінен, жоғарыда айтып өткенімдей, Мағжан өлеңін тек абақтыда өткен сұм сәттердің сағынышқа ұласуымен байланыстырмайды, астары туған жері мен елінің азат болуына деген құштарлық еді. Бүгінде біз бақытты жандармыз, ертең не болады-ау деген ой аса қатты мазаламайтын, саспайтын, бейберекет заман кешіп жатырмыз. Жоқ, әрине, проблемасы жоқ адам болмасы анық, дегенмен, оның ешбірі біреудің тәуелділігінің арбауына түсіп қалғандықтан не болмаса қанау салдарынан зорлық-зомбылық көріп жатқандықтан туындайды деуге келмес. Баршамыз еркін тыныстаймыз, «Халық жауы» деген атауды тіркеп қойған зиялы өкілдеріміз де жоқ. Осының бәрі 1991 жылы 16 желтоқсанда алынған республикамыздың, Алаш деп аталатын еліміздің табан тіреп алған еркіндігінің арқасында. Сол күнге жетуге себепші болған қаншама өкілдеріміз, шығармашыл жандарымыз, жастарымыз, қайраткерлеріміз, қарапайым халқымыз мұңы мен зарын, одан ары кетсе, қанын төккен, азаптаудың қайсыбіріне сынбай, еш қаймықпастан жанын пида еткен.

Қазақ – өте қонақжай, туысшыл, «әр қазағым – жалғызым» деп жар салатын ұлттың бірі. Жасыратын дәнеңесі жоқ, 18 жыл бұрын қол жеткізген азаттықтың оңайшылықпен берілмегендігін, қанша қақтығысты жарып шыққандығынан қайсібіріміз болсын хабардармыз. Сонау Желтоқсан оқиғасындағы Ляззат Асанова, Рақымжан Қошқарбаевтан бұрын Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Беймібет Майлин сынды жазушылармыз, одан ары қазбаласақ Абылай, Кенесары хандарымыз, Махамбет, Есет сынды батырларымыз, тізе берсек шегіне жетпес уақиға мен есімдердің барына көз жеткізе аламыз. Сондағы заманның ауыртпалығы ма, әлде біреудің тұсауында болғандағы үрейдің жетелеуі ме, бейбіт тұрмысқа ұмтылу ма, әйтеуір, жастар да, үлкендер де патриоттық сезімге жуық еді. Ұлтының намысы мен тыныштығы үшін неден болса да тайынбай әрекет ететіндер баршылық еді.

Айтайын деген ойымның түпқазығы Мағжанның «Сағындым» атты өлеңіндегі бостандықты аңсау мәселесі бүгінгі күндегі актуалды болып отырған патриоттық сезімге деген жұрдайлықтың айналасына кеп тірелуінде. Иә, біз азатпыз, еркінбіз, тәуелсізбіз, не істесек те, не қылсақ та өз құзырымызда. Көпшілігі, мүмкін, кейбірі, (әлбетте, көпке топырақ шашуға жол жоқ) еркіндіктің уытына масайрап, даңғойсып кеткендей сыңай танытады. Әлде тыныш тіршілік бізге қиындықтың, ауыртпалықтың жүгін аса қатты түсіре қоймағандығынан бойымызда ұлтжанды болу сезімін тудыра қойдырмаған болар. Кінәні ешкімге артуға келмес, уақыт бір орнында тұрақтамайды ғой, онымен бірге адамдардың санасы да ауысып тұрады. Адам баласы өз басына түспей, мәселені жете түсіне алмайды-ау деп қорытынды жасап жатамыз. Яғни, елінің бүлініп, тағдыр тартысын көрмесіне дейін отты сезімнің туындауы да екіталай ма? Бұл да елге, жерге деген аса сүйіспеншіліктің жоғары дәрежеде жоқтығына бір дәлел бола алар. Не болмаса, біздің боймызға үлкендерден не мемлекет тарапынан патриоттық сезім сіңірілмеген шығар, тыңғылықты жеткізе алмаған болуын да жоққа шығара алмаймыз. Шындап келгенде, бұл – үлкен, қаншама қыры бар, қазбалауды қажет ететін тақырып.

Ақын-лирик өз өлеңінде абақтыда өткен қараңғы күндерінің беттерінен сыр шертеді, өзегін өртеген сағынышты қағаз беттеріне түсіреді. Сонда да, ешетеңеге қарамастан: жала жабылып, қапыдан тар қапастың есігін жағалап қалғаны, күн көзін көруге зар болып, ішерге берілген астың иттің тамағынан да бетер жиіркенішті болғанын ескергеннің өзінде, «туған елім мен туған жерім» деп өлең шумақтарын тербетеді. Ертесін көзі тірі болмаса да, қара тасты үңгірден шығар жол табылмаса да, халқым азаттығын алса деген ниетті насихаттайды. Тіптен сөнген үміттің өзін жандандыра, ішкі жан дүниесінің арпаласын ысырып қойып, өзіне де, өлеңі арқылы еліне де демеу беріп қояды.

Қазіргі таңда ақырындап ел қатарлы бой түзеп, барлық жағынан дамып келе жатқан көркем мемлекет қатарынан туымызды көкке көтере табыламыз. Алайда, жоғарыда қозғалған ұлтжандылық мәселесі ондай қарқында белес алмаған, адамдарды көбіне өз қара басы көбірек толғандырады. Кешегі баласын қоқысқа, дәретханаға, жол жетегіне тастап кеткен ана түптеп келгенде біреудің аяулы жары болары сөзсіз еді, бірақ бүгінде қазақ ұлтын масқара қылған жандардың тізбегінде. Сондағы Мағжанның қапаста есіне алған жібек мінезді аяулы жары, яғни қазақ қызы болашақта осындай қатігез әйелге ұласады деп үш ұйықтаса да түсіне кірмес еді. Сол замандағы кінідігі кесілген топырағы үшін, аялап өсірген халқы үшін, жетектеп тәрбие берген ата-анасы үшін, Құдай қосқан қосағы үшін жанын пида қылар әйелдердің ерлігі талай еңбектерде сөз етілді, ал қазір, қыз атаулының сұм әрекеттерге жиі баратындығын құлағымыз шалып жатады. Түрлі ағымдардың арбауына кетіп, қазақи мәдениеттің қыр-сырын жете түсінбегендер, қылмыстық әрекеттерге барып жатқандар, ар-ұяттың маңыздылығын жете білмегендер көбеймесе, азаймасы тайға таңба басқандай анық. Ал енді сондай андар ертең өзіміз сөз етіп отырған Мағжан сынды керемет тұлғаларды қалайша дүниеге әкелмек?! Олардың бойында елге деген сүйіспенішілктен бұрын, адами қасиеттерді сіңіру оңайға соғады ма?!

Екіншіден, шет елге еліктеу мәселесі күрделеніп барады, салдарынан қазақтың ұлттық дүниелері көмескіленіп, жаңашылдық өте-мөте тез қарқынмен бүкіл салада көрініс табуда. Ел қатарлы болу үшін, жаңалықтың жетегінде жүру – заңдылық, алайда, ол ақылға қонымды болуды талап етеді. Қазіргі жас жеткіншектер, тіпті балалардың өзі шет елдің өміріне қанық болып, соған сай тіршілік жасағысы не сол жақта армандарын жүзеге асырғанды мақсат етіп қояды. Сән үлгілері де, ойлары да, тілдері де, бәрі-бәрі жат жұрттық сыңайлы, қазақтың иісі аңқымайды да. Осындай адамдар қалайша ертең елдің намысын қорғамақ, қорғайды ма? Автор сынды қиын-қыстау сәтте өз елінің берекесін аңсар ма екен? Әлде, қара басының қамы таразының бір тұсын басып кетер ма екен?

Елінен жырақта жүрген қандастарымыз қаншама, қайсібірі елдің қамын жеп, тебіреніп жүреді екен...Былайша айтқанда, бостандық елімізге өте ауыр сәттерді басынан кешіп, аласапыран заманның артта қалуынан келді емес пе? Оны Мағжан сынды ұлт зиялылары барынша қорғап, қолдап қалуға атсалысты. Ендігі кезекте сол үйіп-төгіп отырған бірлігіміздің, бейқам тіршілігіміздің, «мемлекет» деп аталатын әлеміміздің сақталуын сіздер мен біздер қадағалауымыз қажет, жоқ, міндеттіміз. Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін жұмылып, Мағжанның абақтыда сағынышпен жазған тәуелсіздігнің қолда қалуын торуылдауымыз керек. Бір адам бойында Отанға деген мейірімі мен сүйімспеншілігін туындата алса, өзгелердің де қапыда қалмасы анық.

Зерттеудің үшінші міндеті ретінде алынған автордың өлеңді жазу мен діттеген мақсатына жету барысында қолданған көркемдеуіш құралдарына тоқатала түссек.

«Троп» гректің сөзі (құбылту деген мағынада) – сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде өңін айналдырып айту.

Мағжан – жақсы суреткер, қолындағы сөзді бояу секілді, иірімін тауып мың құбылтуға бейім. Құбылған сөз әсерлену салдарынан оқырманның санасын одан бетер байытып, тіршіліктің әр қилы тұсын танытады. Яғни, құбылту арқылы адам баласының танымдық әрекетін дамытуға болады.

Троптың өте көп түрлері бар, соның ішінде ең басты рөлду алатыны –метафора. Метаформа не болмаса ауыстыру – суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындау үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау. «Сағындым» өлеңінде метфоралар қапастың ішкі бейнесін және автордың жан дүниесін сипаттауға қолданылған. «Ауыр иіс, жүйрік жел, қалың ойлар, жаны қас сәуле, уайым жегендер» сынды метафоралық қолданыстар орын алған.

Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,-

деген жолдардағы метафоралар автордың күйзелісін, күйінішін, шыбын жаным деп әлсіз, қауқарсыз екендігін танытады. Абақтыдағы адамның санасын сан қилы ойлар торуылдап кететіндігін, қалың ойлардың жас жүрегін жейтіндігін атап өтеді.

Желдей зулап кеткен күн, таң ағарып деген тіркестер кейіптеу деп аталатын құбылтудың түріне жатады. Яғни, жансызға жан бітіріп, табиғат құбылысын адам баласынығ әрекеттерімен алмастыру арқылы сезімінің қаншалықты толықсып тұрғандығын жеткізгісі келеді.

Эпитет (айқындау) – қандай да бір сөздің сапасын, белгісін білдіретін көркемдеуіш құрал. Олар сөйлемге айрықша өң беріп, суретті дәл өрнектеуге қызмет етеді. Автордың эпитетті өте көп қолданғандығы оқырманның сезіміне айтарлықтай әсер ету болып табылады. «Сар дала, сорлы ана, қара тас, қара көлеңке, қара ағаш, қара құлып, темірлі терезе, сорлы тұтқын, ескі мола, қара жылан т.б.» эпитеттер табиғат құбылыстары мен тірі жанның сипатын танытып, тар қапастың суретін жасауға қатысады. Көбіне қара түстің және суық ұғымдардың жиі қолданысы жағдайдың мәз еместігін, қараңғылықтың басым екендігінен хабар береді.

Теңеу – заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ,оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу. Төмендегі шумақтағы теңеулер қолданысы, керісінше эпитеттерге оңды жауаппен жазылған сыңайлы. Қара түстердің лебі кетіп, ендігі кезекте бостандықтағы игі дүниелердің болғандығын еске салады. Еркін күндері жасаған әрекеттерінің қайталануын сағынышпен сарғая жеткізеді.

Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,

Арқадағы айдын көлді сағындым..

Гипербола(әсірелеу) – көркемдеу тәсілінің бірі, белгілі бір нәрсені не құбылысты шамадан тыс суреттеу. «Алма бетте қалмады ғой тамшы қан» - деген әсірелеуді автор қолдану арқылы қапаста берілген тағамның да, күн сәулесі түспес суық әрі дымқыл жердің де әбден титықтатып, жүдетіп жібергендігін көрсетеді. Бұл – оның шағымдануы емес, шынымен, адам төзгісіз жағдайдың басынан өтіп жатқандығын анық жеткізу еді.

Құшақтарға жанымда жоқ жақын жан,

Басқа шапшып мазаны алды ыстық қан.
Жалындаған жас жүрекке не пайда,
Дене күйіп, бір жатып, бір тұрудан?

Бұл шумақта оқырманның жауабын талап етпейтін тек ойды, сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы өзінен-өзі айқын риторикалық сұрақ қолданысы бар. Автор өлеңінде қолданған бірнеше риторикалық сұрауларын өзі онсыз да жауабын білгеніне қарамастан, қағаз бетіне түсірер де сұрақты төтесінен қою арқылы жаны жеңілдеп қалар ма екен деген ойға келдім.

Фигура – сөйлемді айтылып жұрген қалпынан өзгеше құру. Ақын өлеңінде қайталау және инверсияны өте жиі қолданады. Қайталау – аты айтып тұрғандай беліглі бір сөзді не болмаса сөз тркесін не сөз басында не сөз соңында жиі қолдану. Бұл жерде «сағындым» сөзі 19 рет пайдаланылған екен, барлығы дерлік сөз соңында келгендіктен қайталаудың эпифора деп аталтын түріне саяды. Сағындым деген сөздің мұншалықты көп қолданысы – автордың мұңға толы сағынышын, өзегін кернеген шерлі сезімнің басым екендігінің, халыққа ішкі тебіренісін айқын жеткізігісі келегендігінің дәлелі.

Инверсия – предикативті мүшелердің орын ауысуы, яғни сөйлемде қалыптасқан әдетте бұзу.

Уға толды жас жүрегім, жабықтым,

Таныс дауыс ести алмай зарықтым... – яғни, жүрегім толды деген бастауыш пен баяндауыштың орны әдеттегіден ауысқан, жүрегінің «уға» белшесінен батқанын айқындап көрсетісі келеді. Сол себептен инверсия тәсілін пайдалану тиімдірек, демек, ақын ішінің бәрінің жанып жатқандығын, жас жүрегінің қартайып қалғандығын жеткізгісі келеді.

Ойлар жейді жас жүректі жегідей,
Тәңірі ием, таңың-дағы атпады!

Бұл шумақтағы леп белгісінің қолданысы сөйлемге интонациялық күш беріп, салмағын өзгертеді. Діттеген ойының нық жетуін көздеу мақсатында осындай тыныс белгіні пайдаланып, сезім шырмауына одан бетер арбай түседі.

Қорытындылай келе, Мағжан Жұмабаевтың «Сағыным» атты өлеңі азаматтық лириканың ерекше бір қырын танытып, идеялық көрінісін аша түсті. Өлеңнің жазылу себебі ақынның тар қапасқа қамалу мәселесіне кеп тірелді деумен шектелмей, жоғарыда атап өткен үлкен ұғым «бостандық» тақырыбына қатысты жазылған деген ұйғарымға келуге болады. Бәлкім, бұл шығарма өзегелердің көзқарасы бойынша, басқа идеяны насихаттауы да мүмкін, алайда, негізгі түп қазығы осы орайда болар-ау деген шешімге келдім. Өлең құрылысы жағынан да, тілінің жеңілдігі жағынан да ақылға қонымды, сананы торлап алар қасиетінің барын айтуға болады. Бірнеше шумақты сағыныш тақырыбына жазылған өлең сол заманның арпалысын, қиындығын, суығын, қатыгездігін таныта түседі. Жалғыз абақты тақырыбы емес, бұдан да ауқымды туған жерге деген сүйіспеншілік мәселесін де қозғайды. Ақын көркемдеуіш құралдарды өте ұтымды пайдаланған. Троптың да, фигуралардың да түрлерінің көптен қолданысы өлеңге белгілі бір рең беріп, сезіміңізді қозғайды, санаңызға қандай да бір ой салады. Талдау жұмысының берер пайдасы қазіргі таңдағы ұлтжандылық, бірлікті сақтауға ұмтылу, ел қамын ойлау сияқты ауқымды проблемалардың аясын қозғайды. Қазіргі жаңа ұрпақ, келер жастар, кейнгі ұрпақ та – бәрі туған жерді сүю сезімін бойларына сіңіріп, саналарына құйып алулары тиіс еді. Мағжан Жұмабаевтың өзге де туындылары адам сезімін қозғап, тебірентіп, жаңа бір идея тастайды. Қайсібірін оқысаңыз да толғанып, тамсанып қаласыз. Бұл да сондай бір әсер сыйлар өлең шумақтары болды, мәні мен мағынасы бүгінгі күнде маңыздылығын жоғалтпады десе артық болмас. Оқырманның жанын қозғар шығарма ой қозғатып, игі бағаға ие болуда.















Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жұмабаев Мағжан Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер.-Алматы «Жазушы», 1989.-448 б.

2. Жұмабаев Мағжан: Өлеңдері, прозасы және әдеби зерттеулер.-Петропавл: Полиграфия, 2006.-428 б.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!