Материалдар / Ғылыми жұмыс
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ғылыми жұмыс

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұғалімдерге
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
11 Қараша 2020
430
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘЗ –ТӘУКЕ ХАННЫҢ БИЛЕР КЕҢЕСІ, ДИПЛОМАТ ӘРІ РЕФОРМАТОР, «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ», ӘСКЕРИ РЕФОРМАСЫ


Т.А. Сабденова – №55 «Жеңістің 50 жылдығы» ЖОМ КММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі

Б.Ж. Асықбаев - №55 «Жеңістің 50 жылдығы» ЖОМ КММ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ғылым магистрі, тарих пәнінің мұғалімі


Түйіндеме

Әз –Тәуке ханның билер кеңесі, дипломат әрі реформатор, «Жеті жарғысы», әскери реформасы туралы осы мақалада айтылған.

Резюме

В этой статье говорится осовещаний бийев во времия управления государств Тауке хана как дипломата и реформатора, «Жеті жарғы», военной реформы.

Summaru

Ducal council of Tauke – khan, the dipljmat and reformator6 and the «Seven coall», about militaru refjrm are said in this contekt.

Тәуекел Мұхаммед Батыр хан – қазақ жүздерінің басын қосып, елді берекеде ұстаған соңғы хан.

Қазақ хандығын 1465-1466 жылдарда құрылғаннан бастап Тәуке хан дүниеден өткен 1718 жылға дейін барлығы 15 билеуші басқарған. Қазақ жерін билеген хандардың ішіндегі ең шоқтығы биік – Тәуке хан деп нық сеніммен айта аламыз. Дегенмен көпшілік Тәуке ханды тек «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарушы ретінде біледі. Ал Тәуке хан жоңғарларға қарсы қиян-кескі ұрыстарда ержүрек батырлығымен, шешендігімен, даналығымен ғана емес, тосын жағдайларды алдын-ала болжай білу қабілетімен көзге түсіп, халқының сеніміне ие болған. Ол еш уақытта шексіз биліке ұмтылмаған.

Ендігі кезекте «Әз» деген ұғымға тоқталып өтсек. «Әз» - әулие деген мағынаны білдіреді. Ол «Әзиз» деген сөзден шыққан. Мысалы, Баба түкті шашты «Әзиз» деген сияқты. Бұл сөз «дана», «қасиетті», «қадірлі» деген мағынаға да ие. Оны ежелгі түркілік дәстүрдегі «құтпен» салыстыруға болады. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханды ел-жұрт «әз» деп атап ерекше құрметтегені белгілі. Өйткені, ол - ұлыстың атасы. Одан кейін қаншама ұлы хандар өткенімен, халық оларды «әз» деп атамаған. Бірақ ерен ерліктері, көзсіз батырлықтары, игі істер мен сіңірген еңбектеріне орай түрлі есім беріп, ардақтап отырған. Тәуке ханға да осындай сипатты лайық көрген. Қазақ халқы оны елдікті жаңа белеске көтерген, мемлекетке соны сипат берген ұлыстың екінші атасы ретінде қабылдаған сияқты. Әрине, әулие болудың жолы – тақуалық екені анық. Дегенмен, әз атану үшін дүниеден баз кешкен сопы хан, тақуа патша болу шарт емес.

Аса ірі зерттеулері үшін тірі күнінде Қазақ халқының Гередоты атанған орыстың көрнекті шығыстанушы - ғалымы А.И.Левшин XIX ғасырдың басында «Жеті Жарғы» туралы былай деп жазған еді: «Кіші Орда қырғыздарының (қазақтарының) көрнекті ақыл иелері қазақ халқының тыныш, бейбіт өмір сүрген, заңдар мен әділ сот мерейі үстемдік құрған уақыттары болған». Автор ол кезеңді халық аңсап еске алатын «Алтын ғасыр» деп атайды [1].

Қазақ құқығының қалыптасып, жүйелі түрде дамуына алғышарт болған үш факторды бөліп айтқан жөн. Олар: біріншіден, қазақтар және біздің ата- бабаларымыз мекендеген Еуразия континенті жердің байтақ кіндігі. Екіншіден, көбінесе Шығыстан Батысқа қарай дүниені дүрліктіре ауысқан көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдар мен бірлестіктердің жүздеген жылдарға созылған жылдары. Үшіншіден, осы ұлан-байтақ, кең далада соғыстар мен жауынгерлік рухы бейбітшілік өмірге ертерек ауысты, әсіресе түркілер мен түркіленген одақтар ұлан-ғайыр далада өздері қалыптасқан түрдегі «әділеттілік» «бостандық», «еркіндік» идеяларын мұра етіп артына қалдырды.

Сонымен, Тәуке ханның ұлттық тарихымызда ең басты орны қазақтың әдет-ғұрыптарын өзіне дейінгі «Қасым ханның қасқа жолы», «Хақназардың хақ жолы», «Есім ханның ескі жолы» қалыптасқан әдеттегі құқық нормаларына, негіздеріне сүйене отырып «Жеті жарғыны» қабылдауында болып отыр. Осы заңның қабылдануы сол кезеңдегі қазақ қоғамын өркениетке бір саты жоғарылатты. Мұны Еуропа елдеріндегі конституциялық монархтық биліктен әлдеқайда жоғары деп салыстыруға болады. Ең алдымен, Тәуке хан ішкі саяси тұрақтылықты орнату барысында «Жеті жарғыны» елдің ата заңы ретінде, қазақ қоғамында билік жүргізу үшін қолданды. XVII ғасырдың екінші жартысынан бастап елде тұрақсыздық белең алды, ру аралық, тайпа аралық қырқыстар күн санап өсті. Ескірген және талапқа сай келмейтін нормалардың орнына жаңасын, яғни, талапқа дұрыс келетінін енгізу қажеттігі туындады. Бұл «Жеті жарғының» қабылдануына негіз болды.

«Жеті жарғы» - әділеттілік, құқықтық нормаларына сүйенген заң екеніне ешқандай күмән жоқ. Зерттеушілер «Жетті жарғы» негізін көне тарихтан іздейді. Б.д. III ғасырында мекендеген үйсін, қаңлы, ғұн тайпалары әр кезеңде бірінің орнын бірі басып билік құрған. Бұл тайпалар саяси құрылымы жағынан әскери демократияға негізделген. Қытай деректеріне сүйенетін болсақ, біздің заманымызға дейінгі II-ғасырда қаңлы тайпасының ресми заңдар жинағы болған [2]. Осы заң бойынша қылмыстыларды жазалап отырған. Ұрлық істегеннің қолын кескен қылмыс жасағандарды өлім жазасына кесіп отырған.

VI ғасырда Орталық Азияда көптеген тайпалық одақтардың бірігуі негізінде Түрік қағанатының құрылуы оның негізін салушы Бумын қаған мемлекеттің тұтастығын, қоғам мүшелерінің азаматтық құқықтарын қорғаған заң кодексін жасаған. Бұл баптар бізге қытай деректерінен белгілі [3]. Түркі мемлекетінің негізі ірі жеті баптан тұрған заң жинағы болды.

Шыңғыс ханның «Ясса» заңы жүйесімен, бертін келе «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолымен» байланыстарады [4]. Осындай негізде сол алтын арқауы үзілмей жалғасып келіп жатқан заңдылық ұлан-байтақ қазақ жерінде күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Бұған айқын дәлел ретінде Елбасымыздың «Нұрлы жолын» алға тартып айта аламыз. Осы орайда айта кететін бір жайт, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сол XVII ғасырдың аяғында емес, одан да алдыңғы билеушілердің жасаған заң жобаларының жемісі, асылы. Бұл сөзімізді А.И.Левшиннің мына сөздері жандандырады: «Бұл билер ертеден келе жатқан Қасым хан мен Есім хан тұсындағы әдептілік құқықтың жүйелері «Жеті жарғы» заңына жинастырылды» [5].

Осылайша, Тәуке хан ережелері бойынша сол кездегі қайшылықтарды және тұрмыстық жағдайдың құқықтық үйлесімділігін бере отырып, әлеуметтік және құқық нормалары арқылы әр адам хандық құрылыстың бір бөлігі болды. Осы жағдайлар жиынтығы «Жеті жарғы» заң жүйесінде көрініс тапқан. «Жеті жарғының» қабылдануы Тәуке хан және оның айналасындағылардың еңбегі екендігі қазақтың ауызша тарихында да айтылады. «Жеті жарғы» заң жобасы бізге толық күйінде жеткен жоқ. Ол ежелден әдет-ғұрып ережелерінің ел тұрмысына сіңіп, оның баптары ауызша түрде ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Тап осындай өсиеттердің бірі, Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» [6] атты дастанында «Жеті жарғыны» сөз етіп, оның жеті институтын былайша береді:

Жер дауы, баяндайын, біріншісі,

Ру, қоныспен меншікті ісі.

Иеленген жеріне жанжал болса,

Біреуге басымдылық қып озбыр кісі.

Үй іші мен баланы тәрбиелеу, -

Болған жосын заңының екіншісі.

Ұрлық, қарлық, барымта – үшінші заң,

Баян етер бәрін де білген кісі.

Төртінші боп саналған мынау заңы,

Бір халықпен басқа ру болса дауы.

Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл,

Алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы.

Жеті жарғы туралы Қожаберген жыраудың дастандарында мынадай өлең жолдары бар:

«Шығайдан соң орнында Тәуке қалды,

Кезінде Әз-Тәуке деп атақ алды.

Қазыбек, Әйтеке, Төле ақылшы боп,

Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды». [7]

Бұл өлең жолдарынан өз заманында қарапайым халықтан шыққан билердің беделі Шыңғыс тұқымынан тараған хан, сұлтандармен тең болғандығын байқаймыз.

Қазақ халқының салт-дәстүрі отбасы, некеге байланысты күрделі іс-әрекеттерден тұрады. Мысалы, құдаласу, ұлдың үйленуіне байланысты жол-жоралғылары; қыз ұзату, нәрестенің дүниеге келуі, шілдеханасы, мүшел жасқа толуы, сондай-ақ өлімге, қайғылы оқиғаларға байланысты жасалатын салт-дәстүрлердің өзіндік ерекше белгілерін сақтауды көздеді. Қазақтың қалыптасқан салт-дәстүрін қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік аймақтары кеңінен қолданып, іске асырып отыр. Сонымен қатар, басқа халықтарда кездеспейтін қазақтың ғана әдет-ғұрыпында сақталған әмеңгерлік салты бар. Бұл әдет бойынша жесір қалған әйелге күйеуінің ағасы немесе інісі әмеңгер бола алады. Бірақ, бұл өз еркімен, жесір әйелдің келісімімен ғана іске асады. Әмеңгерлік көбінесе қайтыс болған ағайынның артында жас балалары қалатын болса оларды жат қылмас үшін жасалып отырды. Тағы бір себебі, ол әйелдің қалың малы төленгендіктен, оны төркініне қайтарудан гөрі жеке шаңырақты түтетіп отыруын қолдап жеті ру ешқайда жібермеуге тырысқан. Бұл салт-дәстүрлер «Жарғының» баптарында көрініс тапқандығын атап өту керек.

Біз жоғарыда қарастырған «Жарғы», «Жол», «Жеті жарғы» т.б мемлекеттік және құқықтық институттары көшпелілердің талай мың жылдар бұрын түзілген, адамның адам ретінде өмір сүруіне кепілдік беретін ережелерге негізделетін. Бұл ережелер мыңдаған жылдар бойы көшпелілердің мемлекет пен құқықтық кодекстеріне, билеріне үлгі болып келді. Көшпелілермен қарым-қатынасы бар көптеген отырықшы елдердің заң ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал етті. Егер шынтуайтуына келетін болсақ, қазақ әдет-ғұрып заңдары қазіргі Евразиялық өркениет өкілдері туғызған заңдардан анағұрлым адами, ол азаматтық қоғам қатынастарын реттеуге көбірек ыңғайланған жол. Бұл жөнінде Елбасымыз: «Бұл жол қазақ елінің ұлы - мұраты, бұл жол киелі, бұл жол тарих арнасы» - деп өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында ерекшелеп айтып өтті.

Тәуке ханның абзал және көреген ісінің бірі «Қанға қан - жанға жан» принципін құн дауымен алмастыруы. Оны Л.Болюзектің мына жазғандары айқындай түседі: «Қырғыздардың алғашқы тарихи естеліктерінде кек алуға қатысты қанды соғыстардың ғасырларға созылғандығы соңы, ұрпақ кек алудың бүкіл ру қауымына келетін зиянын түсіне бастады» [8].

Көптеген зерттеушілер Тәуке ханның реформаторлық қызметіне көңіл бөлмейді. Олардың пайымдауынша Тәуке тек ескі әдет - ғұрыпты еш өзгеріссіз ортақ жүйесіне жинастырушы ретінде көрсетеді. Мұның басты себебі Тәуке хан билігінен кейін Қазақ мемлекетінің ыдырауынан көрінеді. Бұл пікір дұрыс емес өйткені, Тәуке ханның қабылдаған «Жеті жарғысы» мен ескіден келе жатқан әдет-ғұрып жүйесіндегі ерекшеліктер сақталды. Ал бұл заңның Қазақ хандығының мемлекеттік үстемдігін сақтауға толық әсерін тигізбеуі, оның кешігіңкіреп заңдастырылуында болып отыр.

Әр рудың малдарына өзіндік таңба белгілеуі «Жеті жарғыда» көрсетіледі. Бұл ұрланған малды оңай табуға көмектескен.

«Жеті жарғының» отбасы және некеге байланысты баптары ертеден қалыптасқан салт-дәстүрлерге сүйенген. Қазақ отбасында әкенің билігі былай баян етіледі. Ол ұл-қызының, әйелдерінің, құл-күңі, төрт-түлік малының, жайлау-қыстауының жеке дара билеушісі әрі қамқоршысы болды. Әкенің ризашылығынсыз отбасының кез-келген мүшесі ешбір шешім қабылдамайды. Жеті-атадан аспай «қыз алыспау» деген бап бойынша туыстығы бар қанның араласуына тыйым салынған. Мұндай некеге рұқсат берілмеді. Бұл басқа елдерге жат, тек қазақ халқына тән заң болды. Осыған орай, әрбір қазақ жеті атасын біліп жүруге тиісті болды. Осыдан келіп қазақта «Жеті атасын білмеген - жетесіз» деген мақал қалды. Н.И.Гродеков қазақтардың өздерінің жеке шежіресін жақсы білетіндігін көрсетіп кеткен. Жоғарыда айтып өткендей, Тәуке хан туысқандық жүйені дамытып, оның беріктігіне көп көңіл бөлген. Туыстардың өзара бейбіт тұруы, рудың бірлігі - жүздің ынтымағы, жүздің ынтымағы - мемлекеттің нығаюы екендігін Тәуке жақсы түсінген. Туысқандық жүйенің бір белгісі, әсіресе, үлкен бір оқиғаларға орай айқын көріне бастаған. Мысалы: ас беру, қыз ұзату, үйлену тойын жасау, сүйінші беру сияақты салт-дәстүрлерді жасау туыстары көмегінің нәтижесінде атқарылып отырды. Кеңес дәуірінде болсын, қазіргі заманда болсын туыстарының көмегінің қатысуынсыз ешбір қуаныш, жамандық та өтпейді.

«Жеті жарғы» туралы тағы бір жаңалықты республикалық Мұрағат басқармасының бастығы болған, бүгінде марқұм Сапар Байжановтан естідік» - деп баяндайды ғалым Салық Зиманов «Аңыз адам» журналындағы жарияланған мақалада. Сапар Байжановтың қоластында жұмыс істеген бір қызметкері кезінде Түркістан қаласындағы Ахмет Йссауи кесенесін аралап жүріп Сарайдың ішкі жарында жазылған «Жеті жарғы» жобаларын (нормаларын) кездестіреді. Мұны естіген Сапар Байжанов сол қызметкерін қайтадан іс сапармен Түркістанға жібереді. Ал жазулар өшкен бе, қайта қалпына келтіру кезінде үстінен боялып кеткен бе, табылмайды. Сонымен «Жеті жарғының» қабырғаға жазылған ескі нұсқасының фотокөшірмесін алу мақсаты орындалмайды. Оның орнына, сол нұсқадан қойын дәптерге жазылып алынған үзінділерді ғана табыс етеді. Осыған сүйене отырып Сапар Байжанов мақала жазып шығады.

Жоғарыда айтылған соңғы материалдардан басқа, 1960-1980 жылдары ұсынылған біркелкі қол жазбалар бар. Оның ішінде атақты шешен, әділ би атанған Саққұлақ қарттың XIX ғасыр қолжазба мұрасынан «Жеті жарғы» туралы үзінділер кездеседі [9].

Бізге жетіп отырған тарихи деректерде Тәукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылы туралы ғылыми зерттеулерде қарама-қайшы пікірлер бар. Жарық көрген тарихи әдебиеттерде Тәуке хан 1718 жылы дүние салды деген пікір тұрақты болып қалыптасқан. Ал қазақ тарихын зерттеуші ғалым В.А.Моисеевтің тұжырымдауынша, Тәуке ханның есімі орыс тарихнамасында сақталған құжаттарда 1716 жылдан бастап мүлдем кездеспейді. Оның ойынша, Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болуы мүмкін [10]. Дегенмен, біз алғашқы пікірді дұрыс деп есептейміз. Себебі, профессор С.Жолдасов өзінің дәрісінде: «1717 жылы Орынбор генерал-губернаторы Гагариннің патшаға хатында Тәуке ханның бар екендігі жазылғандығын» айтады. Демек, Тәуке хан 1717 жылы тірі болған және 1717 жылдан 1718 жылға қараған шағында қайтыс болған. Әлде әбден қартайып, қажығаннан саяси белсенділігі азайған болуы мүмкін деп тұжырымдаймыз.

Бізге жеткен деректер мен аңыз-әңгімелерге қарағанда, Тәукенің әкесі Жәңгір хан бар өмірін қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан қорғаумен өткізген, өзі жаумен кезекті шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Халық оны «Салқам Жәңгір» деп атап кеткен. Жәңгір хан туа біткен данышпан, көреген қайраткер және соғыстың әр түрлі айла-тәсілдерін, ұрыстың өзіндік ерекшеліктерін пайдалана білетін ірі қолбасшы ретінде танылады. Ол қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға баға жетпес еңбек сіңірген, елінің тәуелсіздігін сақтау мақсатында келер ұрпақ алдында сүйіспеншілікке бөленген ірі тұлға болғаны ақиқат, тарихи шындық.

Тәуке ханның тұсында, әсіресе, 1698-1715 жылдар аралығында қазақ жеріне жоңғар феодалдары баса көктеп кіріп, бейбіт өмір сүріп жатқан көшпелі қазақ халқының кең даласын қанға бояды. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде Тәуке ханның ірі қолбасшылық, реформаторлық қасиеттері айқын көрінеді. Ішкі әскери - стратегиялық саясатта Тәуке хан қазақ даласында шайқастың бірнеше тактикасын ойлап тауып, жаудың қарулы күштері мен жасақтарын әлсіретіп барып, ойсырата соққы беруді дағдыға айналдырды. Қазақ әскері негізінде Шыңғыс хан құрған әскери басқаруды қайта жандандырды. Орда хандары, батырлар, белгілі дінбасылар мен қазақ билерінен тұратын әскери кеңес құрды. Әскерде қатаң тәртіп орнатылды. Әскерде басшылық ету он басы, жүз басы, мың басы болып қалыптасты. Мың басыға, Тәуке ханның ұсынысымен, «Билер кеңесі» аса ерлік көрсеткен ақылгөй батырларды бекіткен. Бас қолбасшылық Тәуке ханның қолында болды. Тәуке ханның әскерінің жалпы саны соғыс жылдарында 80 мың сарбазға жетіп отырған. Ал бейбіт өмір сүрген кезеңде, қысқы мерзімдерде хан ордасында, негізінен 500 – 1000-ға жуық тұрақты жасақтар ғана болған. Олардың негізгі функциялары хан ордасын ішкі бүлікшіліктен қорғау және ханның қауіпсіздігін сақтаумен шектеліп отырған [11].

Тәуке хан әскердің соғысу қабілетінің күшті болуына ерекше назар аударған. Соғыс өнерінің әр саласынан хабары бар адамдар жауынгерлерді арнайы дайындықтан өткізуді мақсат еткен. Дайындық барысында жауынгерлер ат үстінен садақпен оқ ату, аттан аударып түсіру, арқан тастау сияқты соғыс өнерін жетік меңгеретін болған.

Сыртқы саясатта Тәуке хан ең әуелі жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру мақсатында көрші мемлекеттермен қатынасты нығайтты. Ең алдымен, Тәуке хан діні бар, тілі жақын көрші орналасқан Бұқарамен дипломатиялық қатынастарды биік дәрежеге көтерді. Екі ел арасындағы қақтығыстар, негізінен, бір-бірінің керуендерін тонаудан болып тұрды. Тәуке хан өзінің арнайы жарғысымен қазақ жерінен өткен Бұқара елінің керуен, саудагерлерін тонауға тыйым салды. Бұдан былай ондай әрекеттер болған жағдайда кінәлі адамдар қатаң түрде жазаға тартылатын болды. Бұқарада Тәуке ханның бұл қадамдары жылы қабылданды, қазақ еліне жасалынып жатқан шабуылдар пышақ кескендей тоқтатылды. Бірақ Тәуке ханның Бұқара басшыларын жоңғар шапқыншылығына қарсы бірге күреске шақыруы ешқандай қолдау таппады, не болса соғыстың артын бағу саясатын көздеген еді.

1694 жылы Тәуке хан Түркістанда Феодор Скибин, Матвей Трошихин деген орыс елшілерін сән-салтанатпен қабылдап, қазақ елінің әскери күшін көрсете отырып, келіссөз соңында оларға батыл түрде: «Түрік сұлтандарының немесе Қызылбас (Парсы) шахының менен, Тәуке ханнан несі артық? Олар да мен сияқты ғой», - деп сөз қайтарған екен. Бір сөзбен айтқанда, ол қазақ елінің сол кездің өзінде барлық елдермен тең құқықтық жағдайда болуын талап еткен, отарлық саясаттың қандай түріне де үзілді-кесілді қарсы тұрған. Тіпті қазақ пен орыс халықтарының арасында қақтығыстар болып қалған жағдайдың өзінде, өз халқының ұлттық ар-намысын аяққа бастырмауға тырысқан. Осыған бір дәлел, 1709 жылы Ресейде Кондратий Булавиннің туының астында болған мыңдаған орыс қазақтары I Петрдің жазаға тарту саясатынан қашып, Дон өзенінен өткен соң, қазақ даласына қарай бет алады. Бұлардың көбісі баукеспе қарақшылар, орыс өкіметінің заңы алдында жауапқа тартылуы қажет, бірақ қолға түспей, қашып кеткен қауіпті қылмыскерлер тобы болған. Бұл қарақшылар Еділ мен Жайық өңірінде қоныс теуіп отырған қазақ халқына қырғидай тиеді. Қазақ елінің қонысын ғана тартып ала қоймай, бейбіт өмір сүріп отырған қазақтарға қарсы хайуандық, бассыздық, зорлық-зомбылық әрекеттер жасайды. Мылтықпен қаруланған орыс казактары көшпелі елдің өміріне ойран салады, еркін даланы қанға бояйды. Мұндай әрекеттерді естіген Тәуке хан тез арада «Билер кеңесін» шақырып, орыс қашқындарының бассыздық әрекеттерін тыю мақсатында Әбілқайыр сұлтан мен Бөгенбай батырды 30 мың сарбазбен жорыққа аттандырады [12]. Бұл жасақ өзінің алдына қойған мақсатын ойдағыдай орындайды. Көп шығынға ұшырамай, қысқа мерзім ішінде бассыздық жасаған қарақшыларды күл-талқан етеді. Қалған аз ғана құрамы Еділ өзенінің арғы жағына өтіп, әрең дегенде қашып құтылады. Осының нәтижесінде, қазақ елінің Ресей жағындағы шекарасы ондаған жылдарға дейін берік болып тұрған.

Тәуке хан билікке келісіменен-ақ елді бірлікте, берекеде ұстау үшін басымдылықты сұлтандарға емес, билерге берді. Себебі, ол кезде төре арасы тату емес еді.

Олардың қай-қайсысы да хандық жолында қара бастарын ойлаудан әрі аса алмайды бірі орға, бірі сорға тартса елде алауыздық одан әрі өршитінін білді. Тәуке хан осы жайтты ескере отырып ықпалды билерге сүйенеді. Олар Ұлы жүз дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан - Төле би Әлібекұлы, орта жүз Арғын тайпасынан шыққан - Қазыбек би Келдібекұлы, кіші жүз Самарқан әмірі Жалаңтөс Баһадүрдің немересі, Әлімұлы тайпасының Төртқара тайпасынан шыққан - Әйтеке би Байбекұлы, Қырғыздардан Көкім би, Қарақалпақтан шыққан Сасық би, Әнет бабаларға арқа сүйеді. Бұл туралы өз жазбаларында Н.И.Гродеков: «Тәуке ханның тұсында жеті би, жеті істі бітірген қызметкерлер жиналысы» деп жазады [13]. Тәуке хан тұсында билер кеңесінің күшейгендігі соншалықты олар жүз, тайпа, ру билеушілер болды. Екіншіден, хан билігін нығайтып тұрақтандыру үшін, өзге сұлтандар арасындағы тартысты жою үшін қажет болды. Қазақ қоғамының ханы өз халқының қамқоршысы болу қажет және барлық қауым мүшелері бас иіп тыңдау қажет болды. Сонымен әскери қолбасшы және соғыс немесе бейбітшілік жариялауды хан шешті, хан көрші мемлекеттермен қарым-қатынас орнатып, сыртқы саясат жүргізуге байланысты құқығы болды.

Тәуке ханға қолдау көрсеткен билерді бірі Қазыбек би болды, ол қанды өлімге тыйым салуды жақтады «Қанға қан, жанға-жан» дейтін тоқтамды барынша жеңілдетіп, құн төлеу сияқты жаза түрін «Жеті жарғыға» енгізуге тырысты [14]. Жыл сайын Ташкент түбіндегі Күлтөбеде үш жүздің басын қосып құрылтай өткізіп, шонжарлар мен билерден құралған «хандық кеңес» пен «билер кеңесінің» беделін одан ары қарай арттырып отырған Тәуке хан болды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес болатын» деген сөз осыдан қалған болса керек.

1708 жылы ақпанда І Петр жарлығымен Бий және Қатын өзендерінің маңына қорған салу туралы жарлығы шығып, 1709 жылы Бие Катунский бекінісі пайда болды. Жоңғарлар ол бекіністі жойғанымен, Ресейге шамасы келмей, қазақтарды оңай олжа көріп, бас салды. Сондықтан, тарихта 1710 жылы Қарақұмда бүкіл қазақтың Құрылтайы өткені мәлім. Бұл Құрылтайды әдебиеттерде Арал маңы Қарақұмында өтті деп көрсетеді. Біз бұған толықтай келіспейміз. Оған бірнеше дәлеліміз бар:

Біріншіден, жоңғарлар Жетісу жерін түгел дерлік жаулап, Түркістанды басып алуға дайындалып жатты. Осы кезде шашырап жатқан қазақтардың басын жылдам әрі жақын жерге қосу керек болды. Ал, Арал маңы Қарақұмына баратын жол тым ұзақ еді.

Екіншіден, жоңғарлардың шапқыншылығы негізінен Оңтүстікке бағытталған болатын. Арал мағындағы Қарақұм дейтін болсақ, ол логикалық қисынға да тура келмейді.

Үшіншіден, Арал Қарақұмына жиналу үшін айлық уақыт кететін еді. Біз ол кезде уақыттан ұтылар едік.

Төртіншіден, жиын Арал маңы Қарақұмында өтетін болса, «қазақтар жиын өткізіп алсын» деп жоңғарлар күтпейтін де еді. Ал, мұның зардабы өте ауыр болатыны анық еді.

Ал біз, жоғарыдағы мәліметтерді сараптай келе, бұл жиынды Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты «Қарақұм» ауылдық округіндегі Қарақұм төбеде өткен деп есептейміз. Бұл пікірді өзінің «Шежірелі Оңтүстік» атты еңбегінде алғаш көтерген еліміздің белгілі профессоры Сәбит Жолдасов болды [15].

Қорыта келе, Қазақ хандығы Тәуке ханның тұсында ішкі саяси тұрақтылық үшін дала билеушілеріне сүйенген, саяси институттар қалыптасқан және нығаюы бағытындағы оқиғалардан тұрған. Тәуке ханның өмірден өтуі биліктегі жіктелу, жүздердегі билер емес, келте хандардың билеуі хандықтағы орталықтанған биліктің пайда болуына алып келді.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. А.И. Левшин: Описание киргиз-казачик или кайсакских орд степей СПБ 1832 III бөлім 169-170 беттер.

  2. З. Қинаятұлы: «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» - Астана, 2004. 249 б

  3. Н.Я.Бичурин: «Собрание сведений о нородах обитовших в средней Азии в деревния времена» - Алматы Т.1.С- 234

  4. «Материали по казахскому праву» - Алматы Изд. АН Каз ССР, 1948,-С-21

  5. //Егемен Қазақстан, 1998, 10 желтоқсан.

  6. Қазанқап Байболұлы. Төле бидің тарихы. Қазақ әдебиеті. - 4 қаңтар. 1991ж.

  7. К. Мамырұлы. Қазақ тарихы. Алматы, «Ғылым», 1995, 67- бет.

  8. «Материали по казахскому праву» - Алматы Изд. АН Каз ССР, 1948, -С-202

  9. Салық Зиманов. «Жеті жарғы Ахмет Йассауи кесенесінің ішкі жарына жазылған» //Аңыз адам. № 24(60) Желтоқсан, 2012. 9-бет.

  10. Моисеев В.А. Джунгарское ханство в XVIII веке. Барнаул, 1998. С.27-28.

  11. // Егемен Қазақстан, 1998, 10 желтоқсан.

  12. Сәкен Өзбекұлы. «Тәуке хан және Жеті жарғы» // Егемен Қазақстан. 1998,10 желтоқсан.

  13. «Материали по казахскому праву» – Алматы Изд. АН Каз ССР, 1948,-С-24

  14. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. «Қазақ хандығының тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. 2011-183- бет.

  15. Сәбит Жолдасов. «Шежірелі - Оңтүстік» - А, 1999 . 76-77- беттер.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!