Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ғылыми-танымдық жоба Тақырыбы «Өмір тірегі- дәрумендер»
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Х.Мұстафина атындағы орта мектеп
Ғылыми-танымдық жоба
Тақырыбы «Өмір тірегі- дәрумендер»
Орындаған: Құмарбекова Айзере
Жауапты: Салыкбаева Ж.С.
ШҚО Зайсан қаласы
2015 жыл
Мазмұны
-
Жоспар............................................................................................................бет
-
Кіріспе бөлім..................................................................................................бет
-
Дәрумендердің шығу тарихы.......................................................................бет
-
Дәрумендердің жіктелуі мен қысқаша сипаттамасы.................................бет
-
Дәруменге ең бай өсімдік – итмұрын..........................................................бет
-
Дәрумен жетіспеушілік.................................................................................бет
-
Қорытынды....................................................................................................бет
-
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі................................................................бет
Жоспар
1.Кіріспе бөлім
2. Негізгі бөлім
2.1 Дәрумендердің шығу тарихы.
2.2 Дәрумендердің жіктелуі мен қысқаша сипаттамасы.
2.3 Дәруменге ең бай өсімдік – итмұрын.
2.4 Дәруменжетіспеушілік .
3.Қорытынды бөлім
Кіріспе бөлім
Біз, ес білгелі дәрумендер туралы естіп келеміз. Пайдаланып келеміз. Жалпы, осы сөздің айтыла бастағанына жүз отыз жылдан астам уақыт өтіп кетіпті.1880 жылы орыс ғалымы Н.И.Лукин табиғи азық-түліктерде өмірге өте қажетті заттардың екендігін табады. Міне, латынның «вита»- өмір деген сөзі осыдан шықса керек-ті.
Көптеген саяхатшылардың өлімін зерттеушілер дәрумен жетіспеушіліктен болды деп қарастырады. Ал,қазақтарда дәрумен жетіспеген ауруды «қырқұлақ» деп атағаны мәлім.Айталық, дәрумен өте көп мөлшерде керек те емес,күніне төрт-бес миллиграмм болса жетіп жатыр.Бірақ бүгінгі таңда бізде осы аз ғана дәруменнің өзі ағзада болмағандықтан жиі аурулар мен тез шаршау кездесіп жүр.Мысалы: балаларды алсақ, олар көп жұмыс істеген сайын көп күш-жігерді қажет етеді. Ал, ересектерде бұл одан да көп.
Сонымен, дәрумендердің пайдасына келейік: бойын өсіргісі келетін балаға А дәрумені бар тағамдарды көбірек жеуі керек. Және А дәруменімен аллергияны емдеуге болады екен. Сондай-ақ, көздің жақсы көруін жақсартады. Ал, В дәрумені В1,В2,В6,В12 деген түрлерге бөлінсе, бұлардың әрқайсысының өзіне тән қасиеттері бар. Мысалы В1дәрумені ми және жүректің қызметін жақсартады. В2(рибофлавин) ми мен қан тамырларының қалыпты жұмыс істеуіне қажетті. В1,В12 иммунитетті қалыптастырады. Егер бұл дәрумендер ағзада жетіспесе,адам әлсізденіп,енжар тартып, тәбеті кеміп, басы айналатын болады. С дәрумені көбінесе жараның тез жазылуына, сынықтың бітуіне көмектеседі. Жоғарыда айтып кеткен қырқұлақ ауруының бірден-бір дауасы- С дәрумені. Д дәрумені сүйекті нығайтады. Бір қызығы бұл дәрумен бізге күн сәулесі арқылы келеді екен. Балалар дәрігерінің бізді күн сәулесі астына көп жіберу керек екенін ескертетіні де осыдан. Бұл арқылы баланы мешел (рахит) болып қалудан сақтай аламыз. Е дәрумені спортшылардың бұлшық еттерін нығайтады. Ал,Ғ дәрумені ағзадағы зат алмасуды жақсартып, қан тамырларының қызметін қалпына келтіреді.Сондай-ақ Н,К,РР деген дәрумендер де бар. Мысалы,Н дәрумені жетіспесе,тері құрғап кетеді немесе қызарып,қышып,тартылады. К дәрумені қанның қалыпты қозғалуын анықтайды.
Міне, дәрумендердің біздің өміріміздегі алатын орнының қандай дәрежеде екендігін жоғарыда аталған мысалдардан сезіне отырып,біз тамақтанудың маңыздылығын,өсіп келе жатқан ағзамыздың саулығын, кез келген ауруға қарсы тұра алу қабілетін күшейту мақсатында дәрумендерді күнделікті өмірде пайдалануымыз қажет.
2.1 Дәрумендердің шығу тарихы.
XIX ғасырдың аяғында Оңтүстік Шығыс Азияда тұратын халықтардың арасында «бери-бери» деген ерекше ауру тарады.Аурудың белгісі адамның аяғы өзінікі емес сияқты істен шығады,ауырған адам аяғының ұшымен жүруге тырысады,өкшесі жерге тиіп кетсе қатты ауырсынады.Бұдан әрі әбден жүдейді,адамның еті мен терісі ғана қалады. Бұл жағдайға жеткен адам пәрменді емдеу болмаса оңала алмайды.
Бұл ауру Жапония,Қытай,Индонезияда бұрыннан белгілі болатын.19 ғасырдың аяғында ол жаппай індетке айналғандықтан, Голландия үкіметі аурудың себебін анықтау үшін Ява аралдарындағы колониясына арнайы комиссия жіберуге мәжбүр болды.Тропиканың өсімдік әлеміне байлығына қарамастан ол кезде жергілікті халықтың кедей бөлігі күніне бірер уыс күрішті ғана тамақ ететін.Олар қызыл күріш дейтін қабығынан аршылмаған күріш жеген кезде ешқандай ауру болмайтын.Кейін келе бу диірмені пайда болып, қабығы аршылған ақ күрішпен тамақтана бастағанда, «бери-бери» ауруы көбейіп кетті.Алайда бізге айтуға оңай,бадырайып көрініп тұрған бұл екі жағдайға ол кезде назар аударған ешкім болмады.Бұл жағдайға Яваға келген комиссия да назар аудармады.
Ол кезде микробиологияның дами бастаған кезі болатын.Келген комиссия аралдан бактерияның жаңа бір түрін тапты да,індетке кінәлі сол деп,қалың папканы салақұлаш есептер мен баяндамаларға нығыздап алып тайып тұрды.Алайда комиссияның бір мүшесі Эйкман деген жас әскери дәрігер серіктеріне ілеспей аралда қалып қойды.Ол комиссия қорытындысына сеніңкіремегендіктен ауру сырын тереңірек зерттеуге бел байлады.Жас дәрігер тауықтарға тәжірибелер жасап,күріштің қабыршағының шипалық қасиеті бар екендігін анықтады.Алайда ол уақыт ауруды туғызатын микробтар жөнінде ұғым бір кездегі дінге сенетіндерді дәрменсіз еткен «құдайдың құдіреті» сияқты халықтың басын шырмап алатын мезгіл болатын.Осы түсініктен әрі аса алмаған Эйкман қолында дайын тұрған дәлелді ғылыми дерекпен дұрыс қорытынды жасай алмай қателесіп кетті. Оның ойынша, ақталған күріш тұқымында белгісіз бір улы зат бар.
1497 жылдың жазғы ыстық күнінде Португалияның астанасы Лиссабон қаласының тұрғындары Васко де Гамма деген кісінің басшылығымен кемелер эскадрасын қиын да алыс сапарға шығарып салды.Үндістанға жол табу үшін Эскадра кемелері Африканың батыс жағалауын түгелдей жүзіп өтіп, «Қайырымды Надежда» (Добрая Надежда ) мүсінін айналып, Үнді мұхитына шығу керек болатын.Эскадра құрамында төрт жабдықталған кеме трюмдерінде тұздалған тағамдарға, өсімдік майына толы дөңкиген күбірлер, қап-қап ақ ұндар мен жармалар иін тіресіп тұр.Ысталған балық,қант,қатқан нан төбе-төбе үйіліп жатыр.Тамағы тоқтықтан күші тасыған жас теңізшілер шексіз Атлант мұхитының үстінде ешнәрсе ойламай күндерінм өткізіп келеді.Дәмді тамақ,күнделікті үйреншікті жұмыс жақын арада жаңа жерді көріп тамашалау үміті екі жылдық сапарға еркімен бел байлаған теңізшілерді қанағаттандырып шаттыққа бөлейді...
Алайда Эскадра кемелерге бөтен жердің табиғат байлығын сықа толтырып Отанына оралғанда, жағаға 168 теңізшінің 58-і ғана шықты, қалғандарының сүйегі түгелдей теңіз түбінде қалады. – Олар қайда?— деген туыстарының сұрақтарына –Қырқұлақ—деген жалғыз ауыз сөз ғана қайтарылды.
Қырқұлақ (Цинга) ол кезде теңізшілердің ең қауіпті ауруы болатын,ауру миллиондаған адамның өмірін жойды. Мысалы, 1519 жылы алғаш рет жер шарын айнала жүзіп шыққан Магелланның командасынан 110 күннің ішінде 40 адам цингадан шейіт болды. Осы аурудан орыстың поляр зерттеушісі Георгий Седов қайтыс болды.
Адамда бұл аурудың сырын көп уақыт бойы таба алмады.Тек 19 ғасырдың аяғында орыс дәрігері Николай Иванович Лунин бір ерекше тәжірибе қойды.Ғалым екі торға екі ақ тышқандар орналастырды.Бір тордағы тышқандарды нағыз мал сүтімен, екінші тордағы тышқандарды жасанды сүтпен тамақтандырды.
Жасанды сүттің құрамында тышқан ағзасына қажетті май,ақуыз, қант,тұз, су жеткілікті болатын.Тағам әрі дәмді және сіңімді.Жасанды сүттің тышқандарға ұнағаны көрініп тұр,олар бір-бірін итеріп, таласа-тармаса ішеді,тіпті тағы да сұрайтын сияқты.Алайда жасанды сүт ішкен әлгі тышқандар біраз күннен кейін ауыра бастады.Қозғалыстары баяулап,бір орында мүлгіп отыра беретінді шығарды.Жүндері үрпиіп,көздері бозарып кетті.Енді біраз күнде тышқандардың өліктері бақ түбіндегі қабірден орын тепті.Тор босап қалды.
Ал нағыз сүт ішкен тышқандардың біреуі өлген жоқ. Сөйтіп, алғаш рет сүт құрамында ағзаның тіршілігіне өте қажетті бір белгісіз дәруменді ашудағы алғашқы қадам болды.Оның құрамында удың күшін жоятын басқа зат бар,яғни ақталмаған күріш жеген адамдарда қабыршақтағы зат дән құрамындағы улы заттың күшін жояды да адам ауырмайды.Теориялық жағынан Эйкманның бұл қорытындысында ешқандай қателік жоқ сияқты.Ал «бери-бери» ауруымен күрестегі тәжірибелік мәнінің күштілігі сондай қиыр шетте жүрген қарапайым дәрігерге Нобель сыйлығы берілді. Сонда Эйкманның қатесі қайсы?— дейсіз ғой. Оның қатесі, күріш қабыршағында дәруменнің бар екендігін дәлелдей алмағанында.Сөйтіп, бұл дәруменді ашу жолындағы екінші қадам болды.
Алғашқы дәруменді ашу құрметіне поляк ғалымы Казимир Функ ие болды.Ол күріш құрамынан Эйкман айтқан удың күшін жоятын затты бөліп алуға кірісті.1911 жылы күріш қабықшасынан болар-болмас мөлдір, кристалл зат бөліп алды. Ол затты бери-бери ауруымен ауырған көгершіндерге беріп еді,олар жазылып кетті.Алайда Функ күріш құрамынан улы заттың өзін таба алмады.Бұдан кейінкөп ізденіп,сарыла ойлаған ғалымға кенеттен бір ой келді.Ол күріш құрамынан улы зат табылмады,яғни ол жоқ болуы мүмкін. Егер олай болса, бери-бери ауруы жаңадан табылған кристалл заттың жетіспеуінен болады. Эврика! Міне, осылайша жаңалық ашылды.Функ өзі тапқан кристалл затқа «витамин» деген ат берді.Сөйтіп, алғаш В витамині ашылды.
«Вита»латын тілінде «өмір», «амин»-«белок» деген мағына береді,яғни «өмір белогы» деген сөз.Бұдан кейін ғалымдар әр түрлі азық заттарынан жаңа витаминдерді таба бастады.Барлық витаминдер латын әліпбиінің бас әрпімен белгіленеді. Мысалға А,В,С,Д,Е,Р,К тағы басқа.Ғалымдар осы дәрумендердің әрқайсысының жеткіліксіздігінен қандай ауру туатындығын да анықтады. Мысалы қырқұлақ ауруы С дәруменінің жетіспеуінен пайда болады. Ал ол дәрумен тек өсімдікте ғана кездеседі.
2.2 Дәрумендердің жіктелуі мен қысқаша сипаттамасы
Дәрумен адам мен жануарлардың тіршілігіне ,олардың ағзаларындағы зат алмасудың бірқалыпты болуы үшін аз мөлшерде өте қажетті биологиялық белсенді органикалық қоспалар.Дәрумендердің көпшілігі ферменттердің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.Ағзада үздіксіз жүріп жататаын химиялық реакциялар, мысалы, мал азығының ыдырап, қорытылуы,фементтердің қызметіне байланысты.Тағамның құрамында дәрумендер жеткіліксіз болса,адам әртүрлі ауруға шалдығады. Ал, дәрумендерді шамадан тыс көп қабылдау ағзаның улануына әкеліп соқтырады.Ол, көбінесе, жас балаларда жиі кездеседі. Қазір барлық дәрумендерді суда еритін дәрумендер,майда еритін дәрумендер және дәрумен тектес заттар деп бөледі.
Дәрумендердің жіктелуі мен қысқаша сипаттамасының кестесі
Бұрынғы атауы |
Жаңа номенклатуралық атауы |
Физиологиялық ролі
|
Негізгі көздері |
Ересек адамның тәул.нормасы |
||
Суда еритін дәрумендер
|
||||||
С дәрумені |
Аскорбин қышқылы |
Ағзаның қышқылдану-қайта қалпына келу процестері
|
Көкөніс,жеміс-жидек дақылдары |
70-100мг |
||
В1 дәрумені |
Тиамин |
Зат алмасу (көміртектің) процесін жақсартады |
Сыра ашытқысы,ірі тартылған ұннан пісірілген нан, қарақұмық, сұлы жармалары |
1,5-2мг |
||
В2 дәрумені |
Рибофлавин |
Биологиялық тотығу процесін жақсартады (сутек тасымалдану) |
Ет және сүт тағамдары, көкөністер |
2-2,5мг |
||
В6 дәрумені |
Пиридоксин |
Амин қышқылдарының алмасуын жақсартады |
Мал еті,балық,сүт,ірі қара малдың бауыры, ашытқылар, өсімдік өнімдері |
2-3мг |
||
В12 дәрумені |
Цианкобаламин |
Нуклейн қышқылы, холин,креатин түзілу процестерін жақсартады |
Малдың бауыры,бүйрегі,балық тағамдары(бауыры,уылдырығы) |
0,005-0,01мг |
||
РР дәрумені |
Никотинамид (никотинқ қышқылы) |
Биологиялық қышқылдану процесін жақсартады. |
Ет,сүт тағамдары,ашытқы, бұршақ, бидай ұны. |
5-2мг |
Бұрынғы атауы |
Жаңа номенклату ралық атауы |
Физиологиялық ролі
|
Негізгі көздері |
Ересек адамның тәул.нормасы |
||
Майда еритін дәрумендер
|
||||||
А дәрумені |
Ретинол |
Көру қабілетін жақсы сақтау,ағзаның бірқалыпты өсуін жақсартады. |
Сүт тағамдары,сары май,бауыр,балық майы мен уылдырығы, жұмыртқаның сарысы,уызы,өсімдіктерде каротиноид пигменттері түрінде кездеседі. |
1,5-2,5мг |
||
Д дәрумені |
Кальцеферол |
Ағзада гармонға ұқсас затқа айналады ,кальций,фосфор тұздарын сіңіруге қатысады. |
Адамның тері қабатында ультракүлгін сәулелердің әсерінен пайда болады. Тунец,сетінке т.б. балықтардың майында жиналады. Өсімдік тағамдарында мүлде болмайды
|
Жас балаларға берілетін мөлшері 0,02-0,04мг
|
||
Е дәрумені |
Токоферол |
Бұлшық еттердің және жыныс бездерінің қызметін жақсартады.
|
Өсімдік майы,жаңғақ,бұршақ пен жүгері тұқымдары, көкөністер |
Дәл анықталмаған |
||
К дәрумені |
Фоллохинон |
Қанның ұю процестерін жақсартады. |
Өсімдіктер(әсіресе, жасыл жапырақтары), малдың бауыры
|
2мг
|
Дәрумен тектес заттар
Бұрынғы атауы |
Жаңа номенклату ралық атауы |
Физиологиялық ролі
|
Негізгі көздері |
Ересек адамның тәул.нормасы |
В15 дәрумені |
Пангама қышқылы
|
Оттек жеткіліксіз болғанда |
Ет,сүт тағамдары,ашытқы,бұршақ,бидай ұны |
15-25 |
Р дәрумені |
Биофлавоноидтер |
Жіңішке қан тамырларының беріктігін арттырып,қызметін қалыпқа түсіріп отыратын биологиялық заттар тобы.Бұл С дәруменімен қосылғанда аса тиімді |
Шай (көк шай),лимон,итмұрын, құрма, қарақат,жүзім,өрік |
50-100мг |
Дәрумендердің үй жануарлары үшін де маңызы зор.Мал азығында дәрумендер жеткіліксіз болса,малдың өнімі төмендейді.Олар жүдеп,әртүрлі ауруға шалдығады. Мал азығында А,Д,Е,К дәрумендері жеткілікті мөлшерде болуы керек.Мысалы: А дәрумені жетіспеген жағдайда сиыр не бие көз ауруына шалдығады,сүті кемиді,сондай-ақ олар қысыр қалуы,іш тастауы мүмкін.Малға қажетті дәрумендер балауса шөпте,жоңышқада,сүрлеген шөптерде,т.б. болады.Қыста авитаминозға шалдыққан, т.б.түрлі жағдайлармен жүдеген малға дәрумен концентраттарын, сәбіз, балық майы,т.б.дәруменге бай азық беру керек.Мал азығындағы дәрумендердің мөлшерін көбейту үшін арнайы дәрумендік препараттар мен құрғақ ашытқылар шығарылады.
2.3 Дәруменге ең бай өсімдік-итмұрын.
Дәруменге ең бай өсімдіктердің біріне саналатын итмұрынды білмейтін адам жоқ десе де болады.Біреулер «дәрумендер қоймасы» деп атаған жемісінің құрамындағы дәрумендерінің санымен сапасы алдына бірде-бір өсімдікті салмайды. Екінші біреулердің итмұрынмен таныстығы басқаша болуы мүмкін. Жол жиегінде, немесе бұталы тоғайда өсіп тұрған бұтаға байқаусызда жалаңаш қолы тиіп кеткен адам, оны ұмытуы мүмкін емес. «Шиповник»деген орысша аты осы өткір тікеніне байланысты қойылған.
Көктемнің аяқ кезінде итмұрынның өркендеріне өте әдемі,хош иісті қызыл гүлдер сән береді. Ол гүлдер бақтарда күнде көріп жүрген раушан гүліне өте ұқсас. Бұған таңдануға болмайды,себебі, екеуі-апалы-сіңлілі туыстар, раушан гүлдері деп аталатын бір туысқа жатады.Итмұрынның гүлдері күнбағыс себеті сияқты күн сәулесіне қарсы қарап бұрылып тұрады.Алайда алыстан көз тартарлық әдемілігіне қарамастан, тікенінен қорқатын құстар алыстау жүргенді дұрыс көреді.
Елімізде итмұрынның немесе жабайы раушанның 90-нан астам түрі кездеседі.Жайылым мен шалғында,өзен жағаларында,орман алаңқайларында итмұрын топтоғайларын жиі кездестіруге болады. Кейбір өзен жағаларында көлемді тоғайлар құратыны да бар.
Жаздың аяқ кезінде гүлдердің орнына қызыл-күлгін жемістер пайда болып өркендері құлпырып шыға келеді. Бұл кезде итмұрын бұталары алыстан көз тартады,құстардың көзінің құрты.Бір ескерте кететін жағдай халық арасында әлгі «жеміске» ботаниктік көзімен қарайтын болсақ,жалған жеміс болып шығады.Оның мәні мынада:нағыз жеміс өсімдік ұрықтанғаннан кейін гүл аналығынан жетіледі.Ал итмұрынның жалған жемісі құмыра сияқтанып гүл тұғырынан жасалған. Пішіні бұршаққа ұқсаған сарғыш түсті реңсіз келетін нағыз жемісі құмыраның ішінде жасырынып жатыр.Сондай-ақ, итмұрын жемісін жемес бұрын түктерден тазарту керек.
Итмұрынның жемістері тамыз,қыркүйек айларында пісіп жетілгенімен қар жауып, алғашқы аяз түскенше бұтақтан шашылмай тұра береді. Суықтың әсерінен жалған жемістің еті жұмсарып,дәмі тәттілене түседі.Бұл кезде ол шымшық,сары торғай сияқты құстарға жем болады. Жұмсағы құстың асқазанында қорытылса,жемісі ішек-қарнын аралап аналық өсімдіктен алыс жерге барып,түсіп қалады.Жемісті құстар ғана емес,қолы жетсе дала тышқандары сияқты кемірушілер де құмарта жейді. Егер бұтақтарының төмен қарай иіліп тұратын тікенектері болмаса, кемірушілердің шабуылынан итмұрын өсімдігі әлдеқашан жер бетінен құрып кеткен болар еді.Бұған көз жеткізу үшін күзде пісіп тұрған итмұрын жемістерін жинап алып, сол итмұрын бұтасының түбіне үйіп қойып, 2-3 күннен кейін қараңызшы! Бұта басындағы жемістер қаз-қалпында тұрады да, жердегі жемістерді түк қалдырмай кемірушілер жеп кетеді.
Итмұрынның жалған жемісі-нағыз дәрумендер қазынасы.Табиғатта С дәруменіне итмұрыннан бай өсімдіктерді кездестіре алмаймыз.Әдетте С дәруменінің мөлшері пайыздың мың бөлігіндей мөлшермен, яғни миллиграмм-пайызбен (мг/% )өлшенеді.
Мысалға бір затта 50-100 мг/% С дәрумені кездесетін болса,жоғары дәруменді (дәруменге бай) зат деп бағаланады.Беггер итмұрынның жалған жемісіндегі С дәруменін әлгіндегідей өлшеммен өлшегенде- 17,800 мг/ % болған, мұны 17,8 % деп жай пайызбен көрсеткен әлдеқайда ыңғайлы.
Ресейде ертеден бері итмұрын жемісін тістен ағатын қанды тоқтатуға пайдаланған. XVI - XVII ғасырларда орыс патшалары Орынбор жазығына итмұрын жинау үшін арнайы экспедиция жіберіп тұрған. Алайда итмұрын жемісінің қырқұлақ ауруын жазып жіберетін қасиетін көп уақытқа дейін ескермей келді. Тек 1931 жылы неміс ғалымы Ф.Ган итмұрын жемісінің қырқұлақ ауруын жазатын қасиетін дәлелдейтін еңбегі жарық көргеннен кейін ғана дәрігерлер назар аудара бастады. Бұдан 2 жыл өткеннен кейін 35 грамм итмұрыннан, 6 грамм таза С дәруменін бөліп алды. Бұдан әрі итмұрынның атағы әлемге тарап кете барды.
XVI - XVII ғасырлардағы орыстар итмұрынның гүлін жараны емдеу үшін суға салып езіп, оны матаға сіңдіріп алатын. Жара ұлғайып немесе гангренаға айналып кетпеуі үшін сол итмұрынның шипалы суымен жараның айналасын сүртіп, жуып тұратын болған.Кейін келе бұл емдеу әдістері ұмыт бола бастады. Өткен ғасырдың орта шенінде витаминология ғылымы дами бастаған кезде,ғалымдар қайтадан орыстың халықтық медицинасын еске алды. Сөйтіп, С дәруменінің жарақатты жазатын тамаша қасиеті белгілі болды.Тамаша итмұрын өсімдігі адам баласына көмекке келіп, халық игілігіне айналды.
Итмұрын жөнінде ұмыт болып бара жатқан халық даналығынан шыққан емдеу жолын айта кетуді жөн көрдім. Итмұрынның өркенінің бетінде жәндіктердің кеміруінен сүйел сияқты бүртіктер пайда болады. Грузия халқы ерте заманнан бері сол сүйелден қайнатпа жасап, балалардың іш өтуін тоқтаттырыпты. Сүйелдің құрамында 70 пайыз танин заты бар. Ішкізер алдында сүйелді сүтпен араластырады. Бұл кезде танин сүт құрамындағы белокпен әрекеттеседі де,өзінің бырыстыратын қасиетінен айырылады. Ол ағзаға ешқандай зиян тигізбестен барады, ферменттің әсерінен таниннің белокпен байланысы үзіледі де,қайтадан бырыстырғыш қасиетіне ие болады. Бұл жерде таниннің бұл қасиеті ауруды жазуға әсерін тигізеді. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл процесті халықтық медицинаның әлдеқашан білетіндігіне таңданбасқа бола ма?
2.4 Дәрумен жетіспеушілік.
Авитаминоз- күнделікті ішетін тағамда дәрумендердің жетіспеуінен, олардың бойға сіңуінің бұзылуынан не дәрумен синтездерінің тежелуінен туатын аурулар.Егер адам үнемі дәрумені аз, бірыңғай тағамдармен (консервіленген,кептірілген,рафинадталған) тамақтанса,ағзаға негізінен көмірсулар (қант,т.б.)түсіп,белок пен майлар аз түссе,ал көкөніс пен жемістер мүлдем болмаса дәрумен жетіспеушілік дамиды.Сондай-ақ, азық-түлік дұрыс сақталмаса немесе олардан сапасыз тағам дайындалса,азық-түлік құрамындағы дәрумендер бұзылады. Мысалы: құрамында никотин қышқылы (РР дәрумені) аз дәнді дақылдармен ғана қоректену пеллагра ауруына,ал қауызы алынған күрішпен және өте ұнтақталған бидай ұнынан жасалған нанмен ғана тамақтану бери-бери сырқатына әкелуі мүмкін.Тағамда дәрумендердің жеткіліксіз болуы,адам ағзасын әлсіретеді. Мұндай жағдайды гиповитаминоз деп атайды. Оған ауа-райының қолайсыз жағдайы, ауасыз лас жерде ұзақ уақыт жұмыс істеу, сондай-ақ гастрит, асқазан ісігі,гельминтоз, лямблиоз, т.б.аурулар себеп болады.Дәрумендер жетіспеушілік болғанда ағзада зат алмасу процесі бұзылып,оның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті нашарлайды. Сондай-ақ, адамның көңіл-күйі күйзеліске ұшырағанда,ауа-райының құбылмалы кезеңдерінде, болашақ аналардың жүктілігі не сәбиін емізу т.б. жағдайларда ағзада дәрумен жетіспеушілік артады.Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып,арнаулы дәрумендер қабылдап, көкөніс пен жемістерді көбірек пайдалану қажет.Дәрумен жетіспеушілік және гиповитаминоз жануарларда да болады. Мал авитаминозбен көбінесе, көктемге салым ауырады. Соның салдарынын аналық мал қысыр қалады,төлі нашар өседі. Мысалы: В дәрумені жетіспеген жағдайда құстар полиневритпен,шошқа пеллаграмен ауырады. Д дәрумені жетіспесе, төл қатпа болады.Ірі қара мал сүйек ауруына шалдығады.
3.Қорытынды
Тағамдық өнімдердегі дәрумендерді сақтау жолдары
Тағамдық заттарды дұрыс сақтамау және өңдеу кезінде құрамындағы дәрумендер бұзылады.Тағамдық өнімдерді жоғары температурада өңдегенде С дәрумені жойылып,В тобындағы дәрумендердің мөлшері азаяды.Тағамның құрамындағы дәрумендерді сақтау үшіні төменгі температурада, тоңазытып барып сүрмелеу әдісін қолданады. Бұл кезде тағамдық өнімдер 0-4 градус температура аралығында өңделеді. Азық-түлік өнімдерін тез арада тоңазыту кезінде олардың құрамындағы дәрумендер толығымен сақталады.
Азық-түлік өнімдерін күнге кептірген икезде де олардың құрамындағы дәрумендер азаяды. Тұздау кезінде дәрумендер сақталады. Дәрумендерді сақтау үшін эмаль, шыны ыдыстарды пайдаланады.
Дәрумендер- адамның барлық жасында да ағзасына өте қажетті заттар. Дәрумендер туралы мынандай өлең де жазылған екен.
Витаминдер тірегін-
А,В,С,Д,Е - деп аласың.
Жетіспесе бірі оның
Ауырып сен қаласың.
А-сы қажет көзіңе,
В- жүйкені тоғайтар.
С-дан микроб безінер,
Д-сүйекті нығайтар.
Витаминдер тұрағы ,
Түрлі тағам құрамы.
Сөзімді қорытындылай келе, әрбір адам «ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде» деген халық нақылын үнемі жадында ұстаса екен деймін.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қ.Сыбанбеков «Биология ғажаптары» Алматы. Қайнар.1993 жыл. «Өмір тірегі-витаминдер». 107-113 беттер
2.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 2 том. Алматы.1999 жыл. Ә.Сәрсенов. «Витамин», «Витамин жетіспеушілік». 580-581 беттер
3. Физиология «Медицина» 1982 жыл Витамины. 222-232 беттер.
4. Витаминдер С.І Мырзақұлова «Валеология.Психология.Өзіндік таным» журналы. N1. 2007 жыл
5. Л.Бөкейханқызы. «Витаминдер» .Дала мен қала газеті N11.2005 жыл.