Материалдар / Хакім Абайдың қара сөздерінің мәні мен маңызы

Хакім Абайдың қара сөздерінің мәні мен маңызы

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлы Абай данамыздың жүрегінің түбіне терең бойлаған сайын мөлдір бұлақтан су ішкендей боласың, себебі Абай шығармалары – даналық пен ақылдың көзі. Оның ішінде қара сөздерінің мәні мен маңызы зор
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады


Нұр-Сұлтан қаласы Ғ. Қайырбеков атындағы

2 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

Залетаева Айгүл Құрманғазықызы



Хакім Абайдың қара сөздерінің мәні мен маңызы


Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма...


Ұлы Абай данамыздың жүрегінің түбіне терең бойлаған сайын мөлдір бұлақтан су ішкендей боласың, себебі Абай шығармалары – даналық пен ақылдың көзі. Оның ішінде қара сөздерінің мәні мен маңызы зор. Бірінші қара сөзінде өзі айтқандай, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылған ақынның өмірлік тұжырымдары бүгінгі күнгі ұрпақ үшін қойнауы терең қазынаға айналды. Қай қара сөзін оқысаң да ақынның ой түбінде жатқан тұңғиығының тереңдігін, санаңды қозғайтын мағынасын көресің. Ақын бірлік, адамгершілік, ізгілік, білімге деген құштарлық, қазақтың сыртқы келбеті, мінезі, жүріс-тұрысын түзету сынды тақырыптарды қозғау арқылы бір тұтас философиялық түйін жасай отырып, «Толық адам» ілімін дүниеге әкеледі. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек, -деп жырлаған ақынның ойлары он жетінші қара сөзінде жалғасын былай табады: «...Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол». Осы ойлардың өзі-ақ ұлы дананың Адам деген атты қаншалықты бағалайтындығының және толық адамға деген құрметінің куәсі деп білемін. Абай әр қазақтың толық адам болғанын қалады. Сол себепті, ақылды кісі мен ақылсыз кісі (15-сөз), кербез кісі (18-сөз), есті кісі (19-сөз) туралы сөздерінде: «орынды іске қызығу», «өзіңнен өзің есеп ал», «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез деген нәрселермен озбақ» немесе «естілердің айтқан сөзідерін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады» деген ұғымдары арқылы адамды тура жолға жетелейді. Ақынның: «Егер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен»,-дегені адамның алға қойған мақсатының, ұстанған бағытының айқын болу керектігінің кепілі іспетті. Ал, адам бойындағы ақылсыздық, кербездік, ессіздік, құр мақтанға салынуды сынға ала отырып ақын тағы да азып-тозудан, жетесіздерге тән жат мінездерден сақтандырады.

Абай адам баласының тіршілікте өз орнын табуға және өмірінің мәнсіз, мағынасыз өтпеуіне де көп мән берген. Төртінші сөзіндегі: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, бірі-біріне мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», -деген сөздері кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Адасқандарды осы бір ауыз сөзімен-ақ жолға қоюға болады. Ондай адамдар бүгінгі күнде де аз емес. Абай заманынан бірнеше жүздеген жылдарға көш ілігері жүрсек те, қазақтың сол кездегі мінезі қаншалықты өзгерді деген сұрақтың да туындайтыны сондықтан болар.

Абай халқы үшін қаншалықты күйінсе, халқына деген махаббаты да соншалықты ыстық болған. Өз ұлтының кемшілігін тере отырып, ашына жазғандығы - халқының тағдырына бей-жай қарай алмайтындығының белгісі. Өзінің жиырма тоғызыншы сөзінде қазақтың - «Жарлы болсаң, арлы болма», «Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ», «Атың шықпаса жер өрте» сыныды мақалдарын сынға алады. Сынға ала отырып: «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей жаныны қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», «Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой», «Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат?», - деп елді тіленшіліктен, қорлықтан сақтап, маңдай терін төгіп адал еңбек етуге шақырады. Сонымен қатар, жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсете отырып, адам баласын имандылық жолын ұстануға, ғылым-білім үйренуге үндейді.

Ақынды қатты қынжылтатыны қазақтың ғылым, білім, әділет үшін қам жемей тек мал үшін қайғыруы. Бесінші сөзінде: «Мағұлым болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе онымен жауласпақ екен. Егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен...», - деп жас баладай қайғысыз болғысы келетін қазақты әшкерелей отырып, мал үшін алдап-арбап, тіпті әкесімен жауласуға баратын әдетін сынға алады. Ал, отыз үшінші сөзінде: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» -деп өнердің малға қарағанда мәңгілік екендігін және сол өнерді арттыру үшін түзден де өнер іздеу керектігін, өнерді үнемі жетілдіріп отыру керектігін алға тартады.

Ұлы дананың ғылым-білім деген құштарлығы ерекше болғандығы белгілі, сондықтан да екі сөзінің бірінде халықты ғылым мен білімге жетелеп отырған. Білімсіздіктің - адамзаттың қас жауы екендігіне көз жеткізу мақсатында ғылым-білімнің адамға тигізер пайдасы мен мүмкіндіктерін зор ыждахаттықпен зерделеген. Отыз екінші сөзінде: «Әуелі – білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Аның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең Һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рақат хузур хасил (тыныштық, рахатшылық) болады. Сол рақат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенгеннен құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады», -деп адам баласы білімді толық меңгеру үшін не істеу керектігін айқындап береді. Ақынның осы айтқандарын бүгінгі күндерде де басшылыққа алған адамның үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, мағыналы өмір сүретіні сөзсіз.

Отыз сегізінші сөзінде: «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», -деп ғылым-білімге баланы жастай үйір қылып, оған деген махаббатын ояту арқылы адам қатарына қосуға болатындығын өсиет етеді. Бүгінгі дамыған заманда да жас баланы білімге тарту да сол ұлы Абай айтып кеткен жолдармен іске асып жатқандығын мойындамауға шараң жоқ.

Абайдың бірқатар даналық сөздері ғылым-білімге қайшылық келтіретін надандық, мақтаншақтық, көреалмаушылық деген мінездерді шенеуге арналады. Мысалы, жиырма төртінші сөзінде: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз», - деп қазақтың ешбір халыққа ұқсамайтын жаман мінезін бетіне басу арқылы ары қарай осы жолмен жүре берсе, өсіп өнуінің екі талай болатындығын айқындайды. Сонымен қатар: «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» - деген сауал тастау арқылы елдің болашағына да алаңдаушылғын білдіреді. Онысы бекер де емес, қазақтың осы бір мінезінің сарқыншағы бүгінгі күнге дейін ұлттық мүдеміз үшін қайшы келіп жатқан тұстары да жоқ емес. Болашақты жүрекпен көре білген Абайдың бұл әулиелігі – еліміз үшін мәңгілік рухани қазына.

Ұлы дананың ғақлияларын оқыған сайын әр адам өзін жаңа қырынан тани беретіндігі сөзсіз. Себебі Абайға оралған сайын өмірдің мәнін, дүниенің сырын, жүректің қалауын жаңаша ұққандай боласың. Тіпті, адам жасы неғұрлым ұлғайған сайын, соғұрлым Абайды тереңірек түсінеді және әр сөзінің мәні мен мағынасында «Толық адам» болуға жетелейтін жол бар екендігін көреді. Егер де ұлы ақынның «Қара сөздері» әрбір қазақтың жүрегінен орын алса, еліміздің ертеңі жарқын болатындғына сенім мол.


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ