Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Жамбыл облысы қайта құру жылдарында
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
6.5. Қайта құру жылдарындағы облыс өмiрi
Кеңес өкіметі өзінің жетпіс жылдан астам өмір сүруінің соңғы жылдарындағы қайта құру саясаты ел өміріне, қоғамымызға жаңа леп алып келді. 1985 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы болып Михайл Сергеевич Горбачев сайланғаннан кейiн қайта құру басталды. Елде жариялылық пен демократияның лебi естi. Бiрақ, Бас хатшының Қазақстанға қырын қарайтыны байқалды. Кей басшылар қуғын-сүргiнге ұшырады. Жамбыл облысының азаматы, 1978 жылдың сәуiр айында Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығынан Шымкент обкомының бірінші хатшылығына келген Жамбыл облысының Меркі өңірінің перзенті Асанбай Асқаров 1985 жылдың шiлдесiнде орнынан босатылып, кейiннен сотталды.
Алматы қаласында болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейiн қазақ кадрларына дұрыс қарамау бұрынғыдан да күшейдi. Арқауы өсекпен өрiлiп, қалқаны жаладан қаланған тапсырыспен түрлi мақалалар басылып, аты аталғандар қудаланды.
Жағдайлар күрделене түстi. Желтоқсан оқиғасына қатысқан бiртоп Жамбылдық студенттер оқудан шығарылды. Соның iшiнде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан Қайрат Рысқұлбеков жазасыз жапа шекті.
Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетiнiң Саяси Бюросының Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты арнайы қаулысында “Қазақ ұлтшылдығы” деген айып тағылып, оған бiржақты баға берiлдi. Демонстрацияға қатысқандардың тағдыры ауыр болды. Соған жауапты дегендер де жаза алды. Жалпы, партия қатарынан 55, комсомол қатарынан 758 адам шығарылды. Бұл сол кез үшін қатаң жаза саналатын. Сондай-ақ 210 коммунист партиялық, 1164 БЛКЖО мүшесі комсомолдық жаза алды. Бұдан басқа 707 адам әкімшілік жолымен жазаланып, 1400 адамға тәртіп қорғау огандары тарапынан қатаң жаза қолданды, 99 адам сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілді [202, 7]. Жамбыл облысынан 10, Оңтүстік Қазақстан облысынан 10, Қызылорда облысынан 4 адам сотталып, соның ішінде, “Желтоқсан” қозғалысының тең төрағасы Қали Қамбаровтың айтуынша Қызылорда облысының Арал ауданынан Мырзағұл Әбдіғұлов, Жамбыл облысының Жамбыл ауданынан Жамбыл Тайжұманов соңғы күнге дейін ақталмаған болды.
Соңғы кездерi “тоқырау” кезеңi деп аталып жүрген кезде Оңтүстiк өңiрiндегi басқа облыстарда да елдiң экономикасын арттыру саласындағы жұмыстарды облыстық партия комитеттерi тікелей басқарды және оның басында кездейсоқ адамдар емес, негiзiнен iстiң көзiн бiлетiн, ұйымдастыра алатын адамдардың отырғандары белгiлi. Мысалға алатын болсақ, Жамбыл облысында партия ұйымын 1972-жылға дейiн Мұқатай Жұрмұхамедов басқарса, 1983 жылдың 25-ақпанына дейiн Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов, 1988 жылдың 9-желтоқсанына дейiн Ануар Хамзаұлы Жақыпов басқарды. Ал облыстық атқару комитетiнде 1975 жылдың сәуiрiнен 1986 жылдың қазан айына дейiн С.Аққозиев, 1988 жылдың мамырына дейiн С.А.Медведев, 1990 жылдың сәуiрiне дейiн Ю.А.Ключков отырды.
ХХ ғасырдың 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында Коммунистiк партияның iргетасы шайқалып, халық алдындағы беделi түсiп бара жатты. 1990 жылы социал-демократиялық партия құрылды. “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты, “Азат”, “Желтоқсан” т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Халқымыздың ернiн кезертiп, еңсесiн езген, көңiлiн күйзелтiп, кеудесiн жаныштаған желтоқсандағы сұрапыл нәубет аз ғана уақыт iшiнде әр қырынан сараланып, әдiлеттi бағасын ала бастады.
Ол жылдары бүкiл елдегi сияқты оңтүстiк облыстарда қайта құру жұмыстары одан әрi жалғаса бердi. Осы қайта құру iсiн одан әрi жалғасты. Бұл жылдары Жамбыл облысында да қайта құру жүрiп жатты.
Қайта құрудың жүруi барысында Мәскеудегi орталық органдардың билiктерi барған сайын әлсiреп, ендi одақтас республикалардың құқылары күшейе бердi. Республикамызда сол бір аса бiр дүрбелең жағдайда, 1991 жылдың мамыр айының соңында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы, КСРО Президентi М.С.Горбачев Алматыда болып, бiрқатар шаруашылықтар жұмысымен танысып қайтты. Осыдан кейiн көп кешiкпей 1991 жылғы тамыздағы Төтенше жағдай жөнiндегi мемлекеттiк төңкерiс актiсi құлағаннан кейiн басқа да республикалардағы сияқты Қазақстан Компартиясының төтенше съезi өтiп, Компартияны таратты. Оның мүлкi мемлекет қарауына өттi. Барлық билiк Кеңестерге берiлдi. 1991 жылдың 1-шi желтоқсанында Н.Ә.Назарбаев бүкiлхалықтық дауыс беру арқылы Қазақстанның тұңғыш президентi болып сайланды.
1991 жылдың 16-желтоқсан күнi Қазақстан өзiнiң тәуелсiздiгiн жариялады. Бұл сан ғасырлар бойы қайран ата-бабаларымыздың аңсаған асыл арманы еді. Сол арман орындалды.
Кеңес Одағының ыдырауының қарсаңында, 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында бүкіл елде халық шаруашылығының дамуында кейбiр қиындықтар орын алды. Реформалар бiрден ойдағыдай жүре қоймады. Бағаның жiберiлiп, ақшаның құнсыздануы кейбiр күтпеген жайларға әкелдi. Біртіндеп өндірістер арасындағы ондаған жылдар бойы қалыптасқан байланыстар үзіле бастады.
Облыста бүкіл еліміздегі өндіріс орындарындағы сияқты ауыл шаруашылығы, әсiресе мал шаруашылығы кейбiр келеңсiз жайлардың алдында тұрды. 1990 жылы мал басы шамамен 80-жылдардың екiншi жартысындағы дәрежесiнде болды. Мысалға алатын болсақ, 1990 жылы Қазақстанда 36.222 мың қой мен ешкi, 9.818 мың iрi қара, 1.618,8 мың жылқы, 142 мың түйе болса, Жамбыл облысында тиiсiнше 3.531,2 мың қой мен ешкі, 309,1 мың ірі қара, 96,6 мың жылқы, 8,6 мың бас түйе болды [203]. Олай болса, осы мал санын жоғалтпай ұстап тұру қажеттiгiн түсiну керек едi. Бiрақ, өкiнiшке орай, кейiнгi жағдай көрсеткендей, шаруашылықты жүргiзу жолын түсiнбеушiлердiң салдарынан, келеңсiз жайлар орын алып, ойлағандай болмай шықты. Ғасырымыздың соңғы онжылдығының басында елiмiзде мал басы бiртiндеп қысқаруы орын алды.
Осы кезде бұрын айтылмай келген жайлар айтылды. Елiмiздiң халық шаруашылығының дамуына көңіл бөліп, ондағы жұмыс істейтіндердің жағдайын ойламай келгендігі айтыла бастады, Шынына келгенде, адамдардың денсаулығына әсер етiп жатқан көптеген жайлар оңтүстiк өңiрiнде қатты байқалып отырды. Сондықтан кейiнгi жылдары елiмiзде экология мәселесiне ерекше көңiл бөлiндi.
Халқымыздың сонау заманнан берi табиғатпен етене араласып, бiте қайнасып өмiр сүргенi белгiлi. Сол заманның өзiнде олар табиғатты жоймай, аялап қараған. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жабайы аңдар мен жануарлардың 250-ге жуық, құстардың 800-дей түрi мекендеген екен. Ғасырдың соңында аңдар мен жануарлардан 150-ге, құстардан 300-ге тарта түрi ғана қалыпты.
Солардың ішінде облыстың солтүстік өңіріндегі Бетбақталадағы қаптап жүрген ақбөкендердің жайы аянышты болды. Ақбөкен аулауды жедел тоқтату жөнiндегi 1919 жылғы үкiмет шешiмiнен кейiн дала еркесiнiң саны бiртiндеп көбейiп, 1957 жылдан бастап кәсiптiк маңызы бар жануар ретiнде жыл сайын жүйелi түрде аулау ұйымдастырылды. Етi мен мүйiзi экспортқа шығарылды. Кей жылдардағы шектен тыс аулау, iндеттердiң орын алуы олардың санын азайтты. Жалпы, 1955 жылдан 1982 жылға дейiнгi кездiң өзiнде ғана 4 млн. 137 мыңы ауланыпты. Ал 1991-1993 жылдардағы ақбөкеннiң тұяғы тиетiн барлық аймақта қан сасыған өлiктер жатты. Бiр килосы кейінгі кездерде дүниежүзiлiк саудада 750 долларға бағаланатын мүйiзi оларға сор болып жабысты. Бұл сайын далаға сән беретiн, дала ажарын ашатын найзадай мүйiздерi күн сәулесiне шағылысатын ақбөкендердi елеске айналдырды.
Адамзат баласының денсаулығы үшiн ғарышқа зымырандарды ұшырудың да көптеген зияны бар екендiгi жөнiнде соңғы жылдары көп жазылып жатыр. Рас, тұңғыш қазақ ғарышкерi Тоқтар Әбубәкiровтың 1991 жылдың 2-қазанында Қызылорда өңiрiнде ғарышқа ұшқанын мақтаныш етемiз. Талғат Мұсабаевтың да бiрнеше рет ғарышта болғанына қуанамыз. Өйткенi бұл ұшулар келешекте қаншама ғылыми жетiстiктер әкеледi. Бiрақ ол жерден зымырандар ұшуының салдарынан жылына 30-35 мың тонна улы заттар тарайтыны жасырын емес. Ғарыш алаңдары солтүстiктен оңтүстiкке қарай 85, батыстан шығысқа қарай 125 километрге созылған. Бұл жерден 2002 жылға дейiн-ақ 1.200-дей ғарыш аппараты, 1.186 континентаралық баллистикалық зымыран аспанға жiберiлiптi. Осынша жылдар iшiнде олардың сәтсiздiкке ұшырағандары қаншама. Айналып келгенде осылардың бәрi оңтүстік өңірі халқының бір бөлігінің денсаулығына зиян.
Еліміздегі сияқты, облыста экологиялық жағдайлардың таяу уақыт iшiнде шешiле қоймайтыны белгiлі болып отыр. Су тапшылығы ерекше сезiлуде. Елiмiздiң географиялық картасына қарайықшы. Бiз үшiн өте қажет 800 километрi бiздiң елiмiздегi жалпы ұзындығы 1.186 километрлiк Шу өзенi мен 453 километрi республикамыздағы 661 километрлiк Талас Қырғызстаннан басталады. Қазақ диқандары әрбiр тамшы суды алтынға балайтын науқан кезiнде қырғыздар тауларынан бастау алатын транс-шекаралық өзендердi бұғалақтап, бекiтiп қоюды әдетке айналдырған. Мұның бәрі бізді қатты ойландыратын жай. Осы жайлардың барлығы бiздiң алдымызға көршi елдермен бiрлесе отырып шешетiн күрделi мәселелердi қойып отыр. Шудың ірілі-ұсақты 80 саласы бар деп аталса ол аз емес. Ол бүгінгі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысының қанша жерін алып жатқан өзен [204]. Соңғы кездері Шу өзені Жамбыл облысының қаншама жерін басып өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданының солтүстігіндегі шаруашылықтарды басып өтіп жатса, кезінде ол одан әрі жүре отырып Арал теңізіне баратын Сырдария өзеніне барып құйған екен.
Сол сияқты табиғатты қорғау мәселесiнде де талай қиындықтардың тұрғаны белгiлi. Әрине, табиғат пен тыныс-тiршiлiгiмiздi бөлiп қараудың мүмкiн еместiгi белгiлi. Олай болса, оған тек қана жанашырлықпен қарауымыз керек. Ол осында өмiр сүрiп отырған әрқайсымыздың перзенттiк борышымыз екендiгiнде дау жоқ.
Қайта құру жылдарында сезілген кейбір қиындықтар Кеңес өкіметі тарағаннан соң ауыр жайларға алып келді. Өнеркәсіп салаларындағы бүрынғы экономикалық байланыстар ыдырады. Мысалы, өзара келiсiмдер бола тұрып кезінде Ресей мен Украина Қазақстанға кокс жiберудi тоқтатты. Соның салдарынан Жамбыл фосфор өндiрiсi зардап шегiп, минералды тыңайтқыштар шығаруды қысқартты. Бұл сонау заманнан бері басынан қаншама оқиғаларды бастан кешірген халқымыздың болашаққа сенiммен қарауының нәтижесі болатын.
Облыс өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығындағы сияқты мәдениет саласында да кейбiр қиындықтар болғанымен бұрынғы жұмыс одан әрi жалғаса бердi. Халыққа білім беру саласында жұмыс ешбір тоқтаусыз одан әрі жалғасып жатты. 1988-1989 оқу жылында Жамбыл облысында 439 мектепте 229.300 оқушы, 8 арнаулы оқу орнында 9.600, ал 3 жоғары оқу орнында 15.400 студент оқыды.
“Кеңес өкiметi жылдарында қазақ халқы үшiн ешқандай жақсы жайлар болмады, Коммунистiк партия халқымызға ештеңе бермедi” десек, онда бiздiң тарихымызға жасаған қиянатымыз екендiгi сөзсiз. Оның үстiне, сол жетiстiктердi бүгiнгi өмiрiмiздiң өзi көрсетiп отырған жоқ па. Бiр кездерi бүгiнгiмен салыстырғанда шағын ғана қалалары бар, негiзiнен көшпелi мал шаруашылығымен айналысатын халқымыз бiрнеше онжылдықтың iшiнде гүлденiп шыға келдi. Қала iшiндегi түзу көшелер, олардың бойындағы төбесi көк тiреген, бiрiнен бiрi асып түсетiн зәулiм ғимараттар, кең де әдемi көшелерiмен ары-берi зулап өтiп жатқан машиналар, троллейбустар, трамвайлар, орталықтардағы халықтың бос кезiнде демалатын саябақтар, түрлi мәдениет үйлерi. Оларды айтпағанда, жырақтағы бiр шопанның үйi үшiн кейде тас жол салынып, мiндеттi түрде жоғары вольтты электр жүйелерi тартылды.
Халық арасындағы сауаттылық дәрежесi ше. Қазiргi кезде басқа елдерден келiп жатқан адамдармен өзiмiздi бiр сәтке салыстырып қарасаңыз халқымыздың бiлiм деңгейiнiң, ой өрiсiнiң, мәдениеттiлiгiнiң қаншалықты жоғары екенiн байқар едi. Осындай жетiстiктер Кеңес өкiметiнiң кезiнде болды емес пе.
Халықтың денсаулығын сақтау ісіне де ерекше көңіл бөлінді. 1985 жылы облыста денсаулық сақтау жүйесінде 1.743 білімді дәрігерлер және 6.487 арнаулы білімділер жұмыс істеді. Облыста әр 10 мың тұрғынға орта есеппен 11,7 дәрігерден келсе, қалада 28,2 дәрігерден келді. Облыс қалалары мен ауылдарында 82 аурухана жұмыс істеп, онда 10.300 орын болды. Жалпы, 112 амбулаториялық-поликлиникалық мекемелер, 18 санитарлық эпидемиологиялық станция, 92 дәріхана жұмыс істеді [23, 43].
Ал ең басты жетiстiк – халқымыздың тәуелсiздiкке жеткендiгi. Кез келген ел үшін, кез келген адамүшін тәуелсіздіктен артық нәрсе бар ма! Әрине, жоқ. Қаншама ата-бабаларымыз тек сол үшін, “Тәуелсіздік” деген бір ауыз сөзге сиып кететін жай үшін ғасырлар бойы күрескен жоқ па! Егер Кеңес өкiметi орнап, 1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасын құрып, кейiнiрек, 1924 жылы оған негізінен қазақтар тұратын оңтүстiк облыстарын қоспағанда, 1936 жылы оны одақтас республикаға айналдырмағанда бүгiн бiз тәуелсiз ел болар ма едiк.
Рас, Кеңес өкiметi жылдарында патшалық Ресейдiң аз ұлттарға жасайтын саясаты одан әрi көп жағдайда жалғасты. Дегенмен, Кеңес өкiметi қазақ халқына өзiнiң территориялық бiрлестiгiн құруға жағдай жасады. Осының өзi Кеңес өкiметiнiң, Коммунистiк партияның бiздiң халқымызға жасаған бiр жақсы iсi.