Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Кемеңгер елдің көреген басшысы"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
« Кемеңгер елдің көреген басшысы ».
Мақсаты: Елбасының өмір жолы, ерекше қадір-қасиеті, тұлғалық тұғыры, ерен еңбегі туралы түсінік беру, Елбасының өмірі мен еңбегін үлгі тұту, елжандылыққа, отан сүйгіштікке, азаматтыққа баулу; ел болашағын ойлайтын, халқы үшін қызмет ететін, ұлттық сана-сезімі жоғары, саяси-құқықтық мәдениеті қалыптасқан тұлға тәрбиелеу;
Көрнекілігі: Елбасы кітаптары, Елбасы туралы жазылған кітаптар, слайдтар, суреттер.
Барысы:
І. Әнұран: «Менің Қазақстаным» орындалады.
1-жүргізуші: Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз! Ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт аңсап өткен киелі сөз! Осы тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарымыз қаншама?! Олар елдің қамы, жердің қамы үшін қан төкті. Нар тұлғалы батыр бабаларымыздың арқасында «Тәуелсіздік» атты бақытты қолымызға қондыра білдік, осы киелі сөздің мағынасын ұғына білдік. Сондай оқиғаның соңғысы – «Желтоқсан оқиғасы». «Елім, жерім» деп қыршынынан қиылып, құрбан болған боздақтарымыздың есімдері сан ғасырлық тарихы бар еліміздің тарихынан, санасынан ұмытылмақ емес. Міне осындай ұлтжанды, батыр азаматтарымыздың арқасында 1991 жылдан бастап тәуелсіз, бейбіт елміз. Тәуелсіз ел болған соң сол елдің тізгінін ұстар, болашаққа бастар басшысы болуы керек. Біздің бүгінгі шарамыз елдің елдігін, халқының қамын ойлаған еліміздің алғашқы президенті, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады.
2-жүргізуші: « Кемеңгер елдің көреген басшысы » көрмесіне библиографиялық шолу жасау: Кітапханашы Анар Жайсқайынқызы.
ІІ. Елбасының өмірдерегі.
1-жүргізуші: Алдымен, елбасымыздың өмірдеректеріне тоқталып өтелік.
1- оқушы.
Балалық шағы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында өмірге келді..
Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді.Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.
Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды.
Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты.
Бірде Әбіш үйге арнайы жер аударылған балқарлар отбасын ертіп келді. Назарбаевтар отбасы оларды шаңырағына паналатты, жұмысқа тұруына көмектесті. Ал Әбіш Назарбаев балқарлармен тез тіл табысып, олардың тілін үйреніп алды.
Көп ұлт мекендеген Шамалған тұрғындарының бәрі де сөйтті. Ешкім ұлтқа бөлінген жоқ. Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.
2-оқушы:
Жасөспірім шағы
Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.
Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ. Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды.
Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Өйткені, ол отбасындағы үлкен ұл еді.
Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.
Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.
Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Ол өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – Сарамен алғашқы кездесуі.Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.
Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды.
3 - оқушы:
Кемел кезеңдер
Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.
Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды.
Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті.
4 - оқушы:
Кемел кезеңдер
КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды.
Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз айнымас басшысының еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының қайта қабылданған Конституциялық заңы негізінде 2010 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) мәртебесі берілді.
ІІІ. Көрініс: (Әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонның жабылуы, еліміздің, елбасымыздың жетістіктерінің бірі.)
2-жүргізуші: КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы млн га жер бөлініп, Семей ядорлық полигоны ашылды. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын ол жер астына жасала бастады.
1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы әсіресе мол болғаны рас. Бұл аймақтағы аурулардың есеп қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек қан-тамыр, жүйке және психикалық аурулар күрт өсті.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды.
Семей ядролық полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 есе көп болды.
(Оқылып жатқанда оқушылар қолдарына лозунглармен шығады. Ағашқа бір-екі оқушы шүберектер байлайды).
1-жүргізуші: Әлемдегі ең ірі полигонның бірін жабу туралы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы мен әлемдегі 4-ші ядролық қару-жарақ қоймасын жою туралы тарихи шешім қабылдаған Қазақстанның қадамы әлемді ядролық қарудан азат етуде ілгерілеудің жарқын үлгісі болып табылады. Барша халықтар мен мемлекет басшыларының саяси еркі болған жағдайда мұндай таңдау жасауға мүмкіндік бар екеніне кәміл сенуге болады.
Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні-1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады.
2-жүргізуші: Бүгінде Президент Назарбаевтың бастамасымен 29-тамыз халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді.
1-жүргізуші: «Жан шуағы» атты шағын жыр жинағынан елбасы перзенттік тілегін халқына былайша жеткізеді.
Сарсенбаев Нұрсұлтан:
Тәуелсізбін! Бар ма мұң?
Тәләйлі болсын талғамым!
Өркені өссін қазақтың,
Осы – менің арманым!
Күн тұрғанда тұратын,
Жұрты сайран құратын
Қала болсын Астана,
Осы – менің мұратым!
О, Ақорда, Ақ шатыр,
Ұлысыма бақ шатыр.
Баянды болсын азаттық,
Осы – менің мақсатым!
Халқым - менің тірегім,
Құрбан жаным, жүрегім!
Атымыз озсын бәйгеде,
Осы – менің тілегім.
ІІІ. 2- жүргізуші: Елбасының бастамасымен астанамыз болып 1998 жылы Астана қаласы бекітілді. Қаланың бүгінгідей көрсе көз тоймайтын сұлу келбеті, әлемді сүйсіндірген керемет көріністері- елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізген жетістігіміз.
Серикқалиева Ақбота:
Астана – қазағымның бас қаласы,
Арқада бой көтерген жас қаласы.
Көшірген Астананы орталыққа
Елбасы Нұрсұлтанның бастамасы.
Утемисова Аяулым:
Төбемнен төңкергендей қара түнді,
Түлетті тәуелсіздік қанатымды.
Елбасы арқасында ел жаңарып,
Арқаға Астанадай қала тұрды.
Ежелде елтұтқалар ел орнатқан,
Ұласқан ұрпағына олар мақтан,
Елбасы – қасиетті, аталы сөз,
Мазмұны, мағынасы терең жатқан.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында
Тұлғасы Елбасының жеке дара!
Кітапханашы Анар Жасқайынқызы: «Тәуелсіздік перзентінің тілегі» айдары. Балалар шарамызды қорытындылау үшін шаттық шеңберін құрайық. (Оқушылар тәуелсіз елге арнап тілек айтап шығады.)
1- жүгізуші: Ән: «Үшқоңыр»
Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, елі аман, жұрты тыныш болсын, ел басқарған Елбасымыз аман болсын! Еліміздің болашағы, жас ұрпақ сендердің қолдарыңда. Сондықтан елдің, халықтың қамын ойлайтын азамат болыңдар дегім келеді. Бүгінгі шарамызды Елбасының мынадай сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе шын жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет, елдің де, жердің де иесі екеніңді ұмытпа».