Пән:Қазақстан
тарихы
Сабақ
тақырыбы: Көшпелілікті зерттеу
тарихы
Сабақ
түрі: жаңа білімді
меңгерту
Сабақтың
мақсаты:
Білімділік:
Көшпелі қоғамның өзіне
тән белгілерін, шаруашылық, сауда, кәсіптік ерекшеліктерін
көрсету. Әлеуметтік-саяси дамуын түсіндіру. Ежелгі көшпелілерде
мемлекеттік қоғамдық құрылым болғандығын, ондағы басқару жүйесі мен
әскери істің дамуы жетілдіріп отырылғанын
түсіндіру.
Дамытушылық: Білім алушылардың саяси
ойлау, еркін сөйлеу қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Білім алушыларды
еліміздің өткен тарихына құрметпен қарауға, отансүйгіштікке
тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі:
карта ,
слайд
Негізгі
әдебиет: Қаз. тарихы-
Ә.Төлеубаев,Ж.Қасымбаев, М.Қойгелдиев,Е.Қалиева, Т.Далаева;
Қаз.тар. Х.К.Ермуханова «Шың»
Пәнаралық
байланыс:
география
Сабақтың
барысы:
І. Ұйымдастыру
кезеңі: Білім алушылармен
сәлемдесу, түгендеу, сегіту сәті
ІІ. Мақсат
қою:
ІІІ. Жаңа
сабақ:
Көшпелілік — көшпелі
халықтардың тарихи қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесі,
шаруашылық-мәдени типі.
Көшпелілер
туралы түсінік алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д.
V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф
тайпаларының тұрмысынмадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін
басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары
сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі
таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман
қасиеттерінен ада болып көрінді.
Сонымен қатар
көшпелілер туралы нашар түсініктер сол ерте заманда-ақ қалыптасты.
Көне Қытайда "көшпелілер жабайы, мәдениеттің қас жауы" деген
түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды "тағы-жабайылардың
тұқымы, өркениеттің жауы" деп есептеді.
XVIII—XIX
ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп
отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын "әділетті, теңдікті
қоғам" десе, Фергюсон, Адам Смит: "Көшпелілерде мүлік теңсіздігі,
әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды", — деген. Ал
философ Кант:
"Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің
өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды"
деген тұжырым жасайды. Атақты
философ Ф.
Гегель: "Көшпелілерде
әлеуметтікқарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ", — деп
есептеген.
XX ғасырдағы Еуропа
ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әр түрлі болғанымен,
бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды.
Мысалы,Рацель, Гумплювич, Торнвальд,
Тойнби деген ғалымдар: "Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға
қабілетсіз, олар мемлекетті,
басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана
үйренді" деген тұжырымдар айтты. Олардың және бұл ғалымдардың жолын
қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше:
"Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын
қоғам, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай
алмайтын қоғам,
болашағы жоқ қоғам".
Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап
зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес
тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндіккөзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда,
көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А. П. Чулюіиников деген
зерттеуші: "Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек
рулық қауым болды", — десе, П. Кушнер: "Көшпелілерде "рулық
мемлекет", феодализмнің бастапқы нышандары
ғана пайдаболды", — дейді.
XX ғасырдың
30-жылдары С.П.Толстов пен Б.Я.Владимирцевтің көшпелі қоғам туралы пікірлері
60-жылдардың соңына дейін әр
түрлі нұсқада қайталанып, дамытылып келді. С. П. Толстовтың пікірі
бойынша: "Көшпелілер отырықшы халықтар сияқты алдымен құлиеленушілік, содан соң феодалдық
қоғамды басынан өткізді. Бірақ көшпелілердің құлиеленушілік қоғамы
әскери құлиеленушілік демократия немесе патриархаттық монархия түрінде құрылды".
"Көшпелілердегі меншіктің негізі жер ме, мал ма?" деген мәселенің төңірегінде
пікірталас жүрді. Бір топ ғалымдар:
"Көшпелілерде рулық қоғам қалдықтарымен араласқан феодалдық қоғам болды және феодалдық
меншіктің жерге қатысты негізін жерге жеке меншік құрады", — дегенді айтты. Екінші бір топ
зерттеушілер: "Еуразия көшпелілері патриархалдық-феодалдық
қоғамда өмір сүрді, осы таптық қоғамдағы меншіктің негізгі түрі
малға қатысты жеке меншік болды, ал жер
рулық қауымның ортақ иелігінде болды",
—деген пікірдіұстанды.
Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта
(табиғат)
және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша,
далалы, шөлейтті,шөлді,
таулы аймақтарды жайлаған халықтарда
табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан.
Осындай халықтардың бірі — қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты
игерудің бірден-бір жолы мал
шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға
икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін
көрсеткен.
XX ғасырдың
30-жылдарынан бастап
тоталитарлық жүйе идеологтары көшпелілікке қарсы шыға бастады.
"Адам табиғатты өзгертуші құдіретті күш" деген қағиданы басшылыққа
алған коммунистік идеологияның өкілдері көшпелі мал шаруашылығымен
айналысып келген халықтарды
жаппай отырықшылыққа айналдыру қажеттігіндәлелдеп бақты. Ал осы қате көзқарастан қазақ халқы 30-жылдары қатты күйзеліске ұшырап,
жаппай қырылып, көпшілігі елден ауып кетуге мәжбүр болғандығы
белгілі.
XX ғасырдың
60—70-жылдарынан бастап
жекелеген ғалымдар көшпеліліктің географиялық-экологиялық себептерін
қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік
дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, "адамзаттық өркениеттің сара
жолынан адасу" емес, керісінше, шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше даму түрі.
Олардың пікірі бойынша: "Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті
табиғатта өз шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс
көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау
қажеттілігі туған, сөйтіп
жылжымалы өмір салты қалыптаскан".
Көшпелі халықтар, оның
ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген
тарихшы Л.Н.Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың
тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев:
"Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени
ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл
атқарады" деп санады. Оның ойынша, "бүкіл тарихи үдеріс
географиялық, биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді". Л.Н. Гумилевтің
осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді.
Археолог К.Ақышевтың
пікірі бойынша, Қазақстан жерінде көшпелі мал шаруашылығының
қалыптаса бастауы қола дәуірінің соңы, темір дәуірінің басына, яғни
б.з.д. IX—VII ғасырларға жатады. Осы кезден бастап, Орталық, Батыс
Қазақстан жерінде меридиан бойымен көшу, ал Шығыс Қазақстан мен
Жетісуда қыста жазықтар мен қар аз түсетін таулардың қойнауын
қыстап, жазда биік таулы жайлауларға көшу қалыптасқан. Оңтүстік
Қазақстан аймағында ерте заманнан-ақ көшпелі, жартылай көшпелі,
отырықшы шаруашылық пен тұрмыс орын алған.
Өткен ғасырдың
60—70-жылдарынан бастап қазақ көшпелі қоғамы жөнінде қазақстандық
ғалымдардың еңбектері шыға бастады. Бұл ретте С.Зимаиовтың
"Қазақтардың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы",
В.Ф. Шахматовтың "Қазақтың жайылымдық көшпелі қоғамы", С.
Толыбековтің "XVII—XX ғасырдың басындағы қазақтардың көшпелі
қоғамы", Д.Кішібековтің "Көшпелі қоғам: шығуы, дамуы, құлдырауы",
Н. Масановтың "Қазақтардың көшпелі өркениеті", т.б. еңбектері жарық
көрді.
Осы ғалымдардың
пікірінше, көшпелі жұрттар өз бетімен таптық қоғамның ең алғашқы
сатысына жетеді, ал олардың өрі қарай дамуы отырықшы халықтардың
ықпалымен ғана іске асады. Көшпелі қоғам — бұл даму болашағы
шектеулі қоғам.
Кейінгі кезде көшпелі
қоғамның ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы мәдени,
әлеуметтік-саяси оңды жақтары, артықшылықтары мойындалып келеді.
Көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы заңды құбылыс,
шаруашылықтың, мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше бір түрі
екендігін көпшілік ғалымдар мойындай
бастады.
Көшпелілік
бірден пайда болмаған. Оның пайда болуының, дамуының
өзіндік заңдылықтары,
себептері бар. Малшылықтың алғашқы түрі
— үй маңында мал өсіру болды. Ал
"Көшпелі мал
шаруашылығы қалай пайда болды?" деген мәселеде әр түрлі пікір
бар. Кейбір ғалымдар:
"Отырықшы малшылық біртіндеп дамып, мал басы өседі. Мал басы өскен
сайын жайылымды кеңіту, жайылым ауыстырып отыру қажеттілігі туады. Бұрынғы отырықшы
малшылар біртіндеп жайылым ауыстырып, жылжып көшуге мәжбүр болады.
Сөйтіп, көшпелілік қалыптасты", — дейді. Ал енді бір зерттеушілер
бұл жағдайды қола дәуірінің
соңындағы климат жағдайының өзгеруімен —Еуразия даласындағы қатты құрғақшылықтың басталуымен
түсіндіреді. Көшпелі қоғам тарихын зерттеуші ғалымдар басқа да
көптеген себептер бар дейді.
Олар: малбасының өсуі, ерте темір
дәуірінің басында
бақташының атқа мінуі, біртіндеп жылқыны мініске үйретіп,
алдымен, сүйек ауыздықты, содан соң қола, кейініректе темір
ауыздықты, одан үзеңгіні, ертоқымды пайдалануы көшпелі мал
шаруашылығының дамуына, ғасырлар бойғы мал бағудың тәжірибесінің қалыптасуына негіз
болды. Көшпелілік тек шаруашылықты жүргізудің түрі ғана емес,
бұл тұрмыс-тіршіліктің де түрі.
Тіршіліктің көзі мал
болған халық оның өнімдерін пайдалануды да үйренеді. Етін, сүтін
тамаққа, терісін, жүнін киімге, үй тұрмысына, тіпті сүйегі мен
мүйізін де қажетіне жаратты.
Көшпелі тұрмыс қалыптасуы барысында, алдымен, сүйретпелердің, одан
соң арбаның шығуының да маңызы зор. Көшпелілер баспанасының алғашқы
түрі арба үстіне орнатылған
басқалқа, қос, күрке.
Бара-бара көшпелілер көшіқонға ыңғайлы кереге, уық, шаңырақты киіз
үйді ойлап тапты. Көшпелілердің ыдысы да көшуге ыңғайлы, сынбайтын,
икемді материалдан — ағаш,
теріден жасалды.
Көшпелілікке өтуден
бұрын мал шаруашылығы бірнеше өтпелі түрді: үй
маңындағымалшылық,
алысқа ұзамайтын бақташылық, жайлау бақташылығын басынан
кешірді.
Құдықтың шығуы да сол
2-мыңжылдықтың соңы, 1-мыңжылдықтың бас
кезі.
Көші-қон үшін
дөңгелекті көліктің шығуының мөні зор. Дөңгелекті көлік суреттері
қола дәуірінің тасқа салынған сурет-таңбаларында
кездеседі. Алтайда зерттелген Бесінші Пазырық корғанынан күймелі арба
және жүк таситын үлкен арба табылған. Бұл — сақ дәуірінің көлігі. Сақ дәуіріндегі
алғашқы арбалар бір дәртелі болған, кейінірек екі дәртелі арба
пайда болады.
Көшпелілік басталған
б.з.д. 1-мыңжылдықтан б.з. 1-мыңжылдығының ортасына дейінгі
аралықта малшы тайпалар алдымен шөл далалардағы
сусыз аймақтарды қыстық жайылым ретінде игерді. Содан соң көшудің
меридиандық, жоғары-төмен, шеңберлік, ендік түрлерін игерді.
Шеңберлік немесе айналмалы көшпелілік дегеніміз — белгілі бір
шеңбермен, ортадағы су көзінен алыстамай, айнала көшіп-қонып отыру.
Әдетте, бұл көшпелілік малды құдықтан немесе көлден суаратын малшы тайпалар тәжірибесінде
болған. Ендік көшпелілік — батыстан шығысқа, одан соң шығыстан батысқа
көшіп-жылжып отыратын көшпеліліктің түрі.
Б.з.д. 1-мыңжылдықтың
ортасына қарай көшпелі шаруашылық иен тұрмыстың жаңа жетістіктері пайда болды. Олар —
темір үзеңгінің шығуы, ағаш ердің таралуы (бұрын тоқым сияқты
жұмсақ ер болған), кереге, уық, шаңырағы бар киіз
үйдің шығуы, т.б. Осы
кезде, мөлшермен V—VI ғасырларда, көшпелі мал шаруашылығы өзінің
дамуының ең жоғары деңгейіне көтерілді. Зерттеулерге карағанда,
осыдан кейін де 1000 жылға таяу уақыт көшпелілер саяси билікте басымдығын көрсетті. Олар бүкіл Азия, Еуропаның
жартысында, Солтүстік Африкада өзінің билігін жүргізді.
Олар Еуразия континентіндегі бүкіл
саяси жағдайды уысында ұстады, сауданы, керуен жолдарын бақылап
отырды. Мүның бәрі олардың әскери күшінің мықтылығына байланысты
болды.
V—VI ғасырларда
басталған көшпеліліктің "алтын заманы" XV—XVI ғасырларда қайта
құлдырай бастады. Мылтықтың шығуы
көшпелілердің соғыстағы басымдылығын әлсіретті. Ендігі жерде
көшпелілер шөлді далалы аймақтарда өзімен-өзі оқшауланып, отырықшы
елдерге әсері әлсіреді.[1]
ІҮ.
Бекіту:
1.Көшпелі қоғам
жөніндегі XVII-XIXғасырлардағы пікірлер қандай
болды?
2.Көшпелілердің
қоғамдық құрылысы жөнінде кеңес тарихшыларының пікңрлері қандай?
3.Көшпеліліктің шығуының экологиялық, географиялық себептері
қандай?
4.Көшпелілікті
зерттеген қазақстандық ғалымдар кімдер, олардың қандай еңбектері
бар?
5.
Көшпелі өркениет қай
кезден басталады?
6.Мал шаруашылығы дамуынының қандай кезеңдерін білесіңдер?
7.Көшпелі мал шаруашылығының қандай түрлері бар? Көшпелі мал
шаруашылығының пайда болуына не себеп
болды?
Ү.Қорытынды: бағалау,
рефлексия
ҮІ. Үйге
тапсырма: §19 оқу, мазмұнын
айту
Оқытушы________________
Әдіскер
_________
Директордың оқу-ісі
жөніндегі орынбасары ____________________