ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ТАРИХИ КЕЗЕҢДЕРІ, КӨЗҚАРАСТАР
ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕЛІК ТИІМДІЛІГІ
Орал
қаласы
№34 А.Тайманов атындағы
мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Жунусова Анар
Махсотқызы
"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" деп аталатын
еңбегінде XXI ғасырдағы ұлттық санаға қатысты прагматизм, білімнің
салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы,
сананың ашықтығы сияқты мәселелерді көтерген Елбасы рухани жаңғыру
бойынша таяудағы жылдарда атқарылатын міндеттерге де кеңінен
тоқталды. Соның бірі - қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру
міндеті. Бұл тосыннан көтеріліп отырған мәселе емес. Ол туралы
еліміз тәуелсіздік алғалы бері айтылып келеді. Ал, ресми түрде
Мемлекет басшысы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен "Қазақстан
- 2050" Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге
кірісуіміз керектігін мәлімдеген еді. "Ол кезең де таяп қалды, -
деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында. -
Сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз
керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық
жұмыстарына қазірден бастап кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын
әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек." Осылай деген
Елбасы латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін, бұл қазіргі
заманғы технологиялық ортаның, ақпараттық коммуникацияның,
сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылымды игеру мен білім беру үдерісінің
ерекшеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін баса
айтты. Енді, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдың
аяғына дейін ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа
графикадағы бірыңғай стандарттық нұсқасы қабылданбақ. 2018 жылдан
жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған
оқулықтарды дайындауға кірісеміз. Жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде
белгілі бір уақыт кирилл алфавиті де қатар қолданыла
тұрады.
Елбасымыз осы мақаласында "Жаңа тұрпатты
жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз
жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай" деуінің
мәнісін терең түсінген абзал. Осындағы ұлттық код біздің жаңа
әліпбиімізде көрініс табуы аса қажет. Яғни, бүгінгі жаңа әліпби
ұлттық төл дыбыстарымызбен көрініс тауып, олардың қазақ тілінің
үндесім әуезіне сай дыбысталуымен ерекшеленуі тиіс. Бұл - ұлттық
сананың, ұлттық дыбыстық кодтың белгісі. Ал ұлттық кодқа салынған
жаңа әліпби болашаққа бағдар болады, өміршеңдігін
жоғалтпайды.
Елбасы қазақ әліпбиінің көне
тарихын сонау V-VI ғасырларға жататын
«Орхон-Енисей жазуларынан» бастап талдап, ой сабақтай келе, латын
жазуына көшуді терең түсіндіреді. Одан әрі «Жаңа гуманитарлық
білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аударма
бюросын құру мәселесін қозғайды. Гарвард, Оксфорд, Кембридж,
Сорбонна секілді әлемнің өзге де танымал университеттерінің үздік
оқулықтары негізінде таңдаулы, заманауи 100 оқулықты қазақ тілінде
сөйлететін боламыз. Ойлап қарасаңыз, 100 оқулықтың қазақ тілінде
сөйлеуі – бұл біз үшін үлкен жетістік. Оның сыртында авторлардың
оқулық жазудағы әдіс-тәсілдері, шеберліктері, әдеби-мәдени,
тарихи-философиялық айғақ-дәйектемелері де бізге сөзсіз қажет әрі
төлтума оқулықтарымызды жазуда үлгі-өнеге болатыны
айдан-анық.
Негізі алфавит дегеніміз – аса қуатты, күрделі
саясат. Кезінде Көк Түрік империясы бір ғана бітіг (руна)
әліпбиімен бүкіл бүтін империяны бір тудың астына ұйыстыра алды.
Шығысты Маньчжуриядан батысы Еділге дейінгі 10000 шақырым, оңтүстік
шығысы Ұлы Қытай қорғанынан, Гималай, Гансу, Хан Тәңірінен,
Солтүстігі Лена бойындағы Түнеліне (Якутия) дейін 8000 шақырымды
құрайтын алып аймақтағы екі диалектіде сөйлейтін бүкіл түркілерді
бір ғана алфавитке жүгіндірді. Сол алып империяның қуаты, рухы
түркі халықтарын XXI ғасырға алып келді. Демек, біздің қолданғалы
отырған халықаралық латын әліпбиі Қазақстан халықтарын ұйыстыратын
бірден-бір қару және қуатты саясат болмақ.
Жалпы, егемен ел болғалы латын
қарпіне көшу жайы үнемі айтылып, күні бүгінге дейін қаншама
талқылауларда сан-алуан ұсыныстар беріліп, әлі бір тоқтамға келе
алмай жүрген өзекті мәселенің бірі еді. Президент Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан халқы Ассамблеясының 2006 жылғы XII сессиясында сөйлеген
сөзінде де латын әліпбиі туралы әңгіме өрбіткен болатын. Онда:
"Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге
қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде
телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан
да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де
кездейсоқ емес. Көршілер, атап айтқанда, өзбектер, түркмендер,
әзербайжандар, тағы басқалар бірден бізден әлдеқайда бұрын латын
жазуына көшіп алды. Бұл саяси әрекеттің салдары еді. Біз де
қатардан қалмауға тырысып, ә дегеннен әрекетке көшкенімізді
(Ә.Қайдар) айттық. Бірақ Елбасы асықпады. Оң-солымызды сарапқа
салып, латын жазуына көшкен көрші республикаларды да әлемде болып
жатқан сан алуан жаңалық, жасампаздықтың бәрін зерделеп, барлық
салада бәсекелестікке қабілет қарымымызды шыңдап, сабырмен санаға
салмақ сала отырып 2012 жылы бір рет, енді міне, 2017 жылы екінші
рет Қазақстанның рухани байлық көзін ашуға да мүмкіндік туып
отырғанын баяндады. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар
жасауы тиіс.", - деген еді Ұлт Көшбасшысы. Ал, арада алты жыл
өткеннен кейін Елбасы тағы да бұл тақырыпқа қайта оралып, "2025
жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді", - деп нақтылап айтуы еліміз
жұртшылығының көптен күтіп жүрген көңіл түкпіріндегі күпті ойы
еді.
Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің
көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Көршілер,
атап айтқанда, өзбектер, түркмендер, әзербайжандар, тағы басқалар
бірден бізден әлдеқайда бұрын латын жазуына көшіп алды. Бұл саяси
әрекеттің салдары еді. Біз де қатардан қалмауға тырысып, ә дегеннен
әрекетке көшкенімізді (Ә.Қайдар) айттық. Бірақ Елбасы асықпады.
Оң-солымызды сарапқа салып, латын жазуына көшкен көрші
республикаларды да әлемде болып жатқан сан алуан жаңалық,
жасампаздықтың бәрін зерделеп, барлық салада бәсекелестікке қабілет
қарымымызды шыңдап, сабырмен санаға салмақ сала отырып 2012 жылы
бір рет, енді міне, 2017 жылы екінші рет Қазақстанның рухани байлық
көзін ашуға да мүмкіндік туып отырғанын баяндады.
- Бір ғасырда емес, бас-аяғы он бес жылда үш рет
әліпби ауыстырған елміз. Араб, латын, кириллица жазулары осыған
айғақ. Біздің ұлтымыз қандай әліпби болсада тез үйреніп, тез
сауаттанды. Осындай өмірді бастан кешкен халқымыздың көңілінде енді
қанша жыл созылар екен бұл өзгеріс деген күдік те бар екенін
сеземіз. Бір ақиқат - ортақ жазу арқылы кириллица тұсындағы
кемшіліктерден арылып, түркі әлемінің тұтастығына жол ашылар еді.
Бұл - үлкен табыс.
Латын жазуы жас ұрпақ үшін қажет. Бұлардың
аталарының болашақты ойлап жасаған сауаттылық әлеміндегі қалдырар
әдемі олжасы. Мұны тез үйренудің алуан жолдары
бар.
Сонау V-VI ғасырлардан бері қарай қазақ даласында
ата-бабаларымыз көне жазудың неше түрін пайдаланып келгені мәлім.
Тіпті түркілердің аталған көне ғасырлардың өзінде-ақ өз жазуы
болғаны шындық. Оның бер жағында қазақ даласы 900 жылдан аса уақыт
бойы араб жазуын қолданып келген.
Қазірде біздің елімізде латын жазуына көшуге
байланысты барлық мүмкіндіктер, қажетті алғышарттар жасалған деп
айтуға болады. Өйткені, бұл мәселені Халықаралық "Қазақ тілі"
қоғамы, республикамыздың зиялы қауым өкілдері, тілтанушы,
саясаттанушы ғалымдарымыз бен ғылым-білім саласының мамандары 1990
жылдардан бері келелі әңгіменің өзегі етіп келеді. Аталған
Халықаралық қоғамның негізін қалаған белгілі тілші ғалым, Қазақстан
Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдар
ағамыздың латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының арнайы үлгісін
де жасап, мерзімді баспасөз арқылы ел назарына ұсынғаны жадымызда.
Соған іле-шала үн қосып, қазақ фонетикасының бүге-шігесін түгел
зерттеп, оның заңдылықтарын ашып, соған лайықты әліпби үлгісін
жасаған – Әлімхан Жүнісбек. Ол ұсынған латын жазуы көңілге қонымды
болғанын атап айтқан жөн. Сол кездердегі және қазіргі ресми
талқылауларда, әрине, қарсы пікір айтушылар да болмай қалған жоқ.
Бірақ халықтың басым көпшілігінің жаңа латын әліпбиіне көшуді
қолдайтыны ашық байқалды. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат
құралдарында латын жазуына орай көптеген ұтымды ұсыныстар айтылып,
нақтылы іс-шаралар белгілеу жолдары, дәлелді ойлар мен пайдалы
пікірлер мейлінше жеткілікті жазылды. Өйткені, қазіргі заманның
соңғы технологиялық жетістіктері, барлық ақпараттық-коммуникативтік
байланыс құралдарының желісі латын әліпбиіне негізделгеніне
ел-жұрттың көзі жетті. Бүгінде халықаралық ұялы байланыс
жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі
де латын жазуымен ел тұрғындарының күнделікті тұрмысына еріксіз
енді. Бұл өскелең өмірдің қажеттілігі мен биік талабынан туындап
отырған жағдай екені әмбеге аян. Осы аталған жайттардың бәрі
елімізде латын қарпіне көшудің алғышарттары жасалғанын
көрсетеді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінде өткен латын графикасына көшу мәселелеріне арналған
басқосуда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ресми
өкілінің былай дегені бар: "2007 жылдан бері осы мәселе бойынша
жинақталған сұрақтардың жауабын таптық. Қазір түркітілдес
мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ғалымдарын шқырып, комиссия
құру керек деп жиі айтылып жүр. Тіл білімі институты шетел
тәжірибесінің оң-солын зерделеп шықты. Бізге осы тәжірибені
пайдалану керек, себебі басқа ұлттың ғалымы бізге әліпби жасап бере
алмайды." Отандық тілтанушыларға әліпби таңдауға басымдық берілуі
тиіс деп ойлаймын. Әліпбиді тіл мамандары жасайды. Алфавит жасауды
идеологиямен, саясатпен, экономикамен байланыстырудың қажеті жоқ.
Әліпби ұлттық мәселелердің бәрін шешпейді. Дегенмен, тіл мәселесін
шешкен соң, қалған шаруалар өздері-ақ реттеледі. Сондықтан, қазіргі
кезеңде бұл - таза лингвистикалық проблема.
Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор
Дандай Ысқақовтың мына сөзінің де жаны бар. "Меніңше, түркі тілдес
халықтардың әліпбиін ескерген жөн, - дейді ол. - 90-шы жылдарға
дейін біз, мәселен, өзбектермен, түрікмен, әзірбайжандармен де
еркін сөйлесіп, жазуларын еркін оқи алатын едік. Қазір олардың
жазуын онша оқи алмаймыз. 1924 жылға дейін бір халық болдық, еркін
түсіністік. Қазір түркі халықтары бөлініп кеткендіктен,
бір-бірімізден алшақтап бара жатырмыз. Жаһандану дәуірінде
ағылшынға ауып кетпей, түркілердің ортақ әліпбиін сақтап қалған
жөн. Жоқ сөздерді бір-бірімізден алайық. Рухани жаңғырудың бір жолы
- осы. Кезінде түркітілдес алты елдің 34 әріптен тұратын ортақ
әліпбиін жасағанбыз. Екі таңбаны қосып немесе алып тастауға болады.
Сонда, бір-біріміздің еңбектерімізді еркін оқи аламыз. Алдымен
қазақ сөздерін, одан кейін түркі сөздерін, содан кейін ғана ағылшын
сөздерін алу керек. Түркі тілдес елдер - біздің
таянышымыз".
Қалай дегенде де, әліпби ауыстырарда ана
тіліміздің жалынды жанашыры болған ұлт руханиятының көшбасшысы,
тілтанушы-реформатор, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының:
"...Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың
жинағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл
келсе, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер
құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы
болмақшы...", деген басты талабын есте берік ұстанғанымыз абзал.
Өйткені, қазіргі кезеңде латын әліпбиі ұлы ағартушы ескерткен өз
заманындағы өнер құралдарына (қазіргі кезеңде
"ақпараттық-технология құралдары" деп ұғуыңызға болады - Б.С.)
орнатуға ыңғайлы келіп тұр.
Ең бастысы - қазақ халқының бірлігін қалыптастыру
үшін мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру қажет. Өйткені ана сүті
бой да, ой да өсіреді. Бұл көптілділік белең алған бүгінгі таңда
бала алдымен ана тілінде білім алуы керек деген ұстанымды күшейтуді
білдіреді. Қазір "бес тіл білуіміз керек, көп тіл білуіміз керек"
деп ұрандаудамыз. Бұл арқылы жекелеген адамдар өскенімен, ұлт
өспейтіні белгілі.
Осы орайда алдыңғы кезекте латынға көшудің, яғни
ортақ тілді түркілік негізде әліпби жасау мәселесі шешілсе дейміз.
Бұл әлемдік ақпараттық кеңістікке шығудан бөлек, қазақ елінің түрік
әлемімен жақындасуының, бірігуінің негізі болар еді. Әлемді дендеп
келе жатқан жаһандану аранына жұтылып кетпес үшін де түркі
халықтарын біріктіретін күш, ортақ қазынасы - тілі арқылы бір тудың
астына біріктіруге күш салу керектігін білдіреді. Сондықтан бүгінде
түркі жұрты түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарап
отыр.
Ана тілі ар үшін, тіршілік үшін қажет. Ал тұрған
еліңнің, яғни мемлекеттің тілі бірлік үшін керек.
Аннотация
Бұл мақалада Елбасының рухани жаңғыру бойынша
таяудағы жылдарда атқарылатын міндеттерге, соның ішінде, қазақ
тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндетін қойғандығы жөнінде
айтылады. Елбасы латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін, бұл
қазіргі заманғы технологиялық ортаның, ақпараттық коммуникацияның,
сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылымды игеру мен білім беру үдерісінің
ерекшеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін баса
айтқан.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Сартқожаұлы Қ. Бұқаралық сананы өзгертуге
арналған бағдар. - //Мәдениет №10. – 11-12 б.
2. Сейтбекова А. Жаңа әліпби – болашаққа бағдар.
- //Мәдениет №10-2017. – 9-10 б.
3. Сманов Б. Рухани жаңғыру – басымдық негізі. -
//Ақиқат №8-2017ж. – 4-8 беттер