Абай атындағы Республикалық
мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен
әдебиетін тереңдетіп оқытатын орта
мектеп-интернат
Қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі: Нурлыбекова Калима
Каппасовна
М. Әуезовтің «Абай жолы»
роман-эпопеясындағы фразеологизмдердің қолданылу
ерекшеліктері
М. Әуезовтің «Абай жолы»
романында әдеби тілдегі әсірелеу, көркемдеу тәсілінің ішінде
фразеологизмдердің алатын орны ерекше, олар айтайын деген ойға
айырықша әр, мәнерлілік, шығарма тіліне көрікпен қатар ұтымды
мазмұн, ұлттық колорит береді. Халық тілінің қазынасына барлау
жасап, көзін табу, қажетіне жарату-жазушының шеберлігін
танытады.
М. Әуезов «Абай жолы»
роман-эпопеясында кейіпкерлердің психологиялық сезім күйін
суреттеуде жұмсалатын фразеологизмдерді орынды қолданған. Кейіс,
реніш, кек, ызы қуаныш, шаттық тәрізді көңіл жайды дәл де терең
бейнелейтін фразеологизмдер роман-эпопеяда баршылық.
Фразеологизмдердің кейіпкерлердің психологиялық болмысын
бейнелейтін түрлері де мол. Осыған орай, роман-эпопеядағы сезім
күйді фразеологизмдерді төмендегідей топтарға бөліп қарастыруға
болады.
Көңіл күйді аңғартатын
фразеологизмдер
Бұл топтағы фразеологизмдер
кейіпкер көңіліндегі әр сәттегі өзгерістерді мен құбылыстарды
аңдатады. Мысалы, «-Рас!-деп, Тоғжан қызара түсіп, көзін төмендетті
де,-Сізді мен бір көрдім. Көш жөнекей көрдім... байқадыңыз ба,
білмеймін!
Абай ішінен соншалық ырза боп,
қуана түсіп:
-Тоғжан! Япырмау, жақсы
айттыңыз-ау! Мен сонда: «Тоқташы, Бір сәтке тоқташы!» дей жаздап,
зорға шыдап қалып ем. Көрмей, көрсе де елемей кетті ме деп ем.
Тоғжан, сізді қайтіп ұмытайын!-деп кеп, Абай Тоғжанның әдемі аппақ
қолын ұстады.
Тоғжан қолын тартыңқырап,
ұялды да, ығысып қалды.
Осы кеш екі жасты бір-біріне
соншалық сүйікті, ынтық етті . Екеуі тек жүз көрісуден, сөйлесуден
басқа ешбір бөтен тілек ойламастай. Алғаш көріскендері осы болса
да, көп жайларды айтысты. Шын сағынышты, ынтық жандар боп ұғысты.»
Бұл сөйлемдердегі қызара тусу, зорға шыдау, ынтық ету, жүз көрісу, елемей
кету-кейіпкерлердің
психологиялық толғанысын әсерлі де мәнерлі жеткізе отырып, олардың
мінезіндегі қат-қабат сырларын аша түседі.
Кейіпкер мінездеуге
қолданылған фразеологизмдер
М. Әуезовтің «Абай жолы»
роман-эпопеясында адам образын жасауда қолданылған фразеологиялық
тіркестер молынан кездеседі. М. Әуезов адамның түрлі қасиетін
бағалай көрсететін фразеологизмдерді кейіпкерлер бейнесін
мүсіндеуге жұмсайды. Мысалы, «Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт
ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке
шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:
-Мырза, мынадай сапарыңа кінә
түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді!- деп күйеуінің бетіне
салмақпен қарады. Ұлжан енді тең адаммен мейлінше еркін сөйлескен,
ойшыл түске ауысты. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып,
бір түрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін.
Сөзін дамыта берді.
-Жастықта адамға төсек те, үй
де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа
бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң кішірейе
беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің
келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп суына бастайды екенсің. Осы
көңіл мені жеңгеніне көп болған !-деп, біраз толас етті... Ұзақ
дәурен кешіп келіп бүгін ырзалық айтып аттансаң болады.....Ұзақ
өмірде күйеуінен кешкен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны
іркіп қалды.» Міне, осындай жазушының адамды тануда, портрет жасау
әдісінде халық тіліндегі журек тоқтату, ажарын тауып, нұрға балқу, егде тарту,
кеңейе беру, суына бастау, дәурен кешу, толас
ету сияқты
фразеологизмдерді пайдалануы жазушы тілінің молдығын
танытады.
Көркем туындыдағы сезім қылын
шертерліктей әсер туғызатын айшықты сөздердің қай-қайсысы да көркем
шығарманың жалпы экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық
бояуын әрлендіреді, күшті сезім әсерін туғызады. Ұғымды дәлме-дәл,
жан-жақты бейнелеп жеткізуде фразеологизмдердің осындай
мүмкіншіліктерін жазушы өз шығармасында кейіпкерлердің
психологиялық күйініш. сүйініштерін, ой-әсерлерін, рухани жан
дүниесін нақты да нәзік бейнелеуге таңдап, жалғап
жұмсайды
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы
мысалдардан көріп отырғанымыздай, М. Әуезов шығармаларында
фразеологиялық тіркестердің өте көп қолданылуы жазушының тілдік
қорының өте бай екендігін және оны өз орнымен шебер пайдалана
білетіндігін көрсетеді. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын қай
жағынан зерттесек те оқырманын биік талғам мен талапқа
тәрбиелейді.
Әдебиеттер:
1.М. Әуезов .«Абай жолы»:
Роман- эпопея. Бірінші кітап. Алматы: Жазушы,
2003.
2.М.Әуезов. «Абай жолы»:
Роман-эпопея. Екінші
кітап.Алматы:Жазуш,2003.
3.І.Кеңесбаев.Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі. Алматы::
Ғылым,1977.